Алмас тіл, алтын жүрек, абыз кеуде

0
128 қаралды

Тақырыптың аты неге бұлай?
Сұраққа – сұрақ: Неге бұлай емес?
Туғансыз тура бидей қара қыл­ды қақ жарып отырса, төрені төр­сіз, қараны көрсіз қалдырмай, тө­релігін айтса, кемеңгердей кесіп, шешендей шешіп, көсемдей көсіп сөйлесе, алтын балдағына қан түгілі шаң жұқпаса, Алмас Тіл бол­мағанда кім болады?!. Алаштың ба­ласына көкірегін ашып, Алшын­ның баласын бауырына басып, Адайдың баласына шуағын ша­шып, рудың емес, рухтың сөзін сөй­лесе, үш жүзіміз үш биге бөлін­ген­мен, үш биіміз үш жүзге бөлін­бе­ген халықтың хан жорғадай жү­рі­сін бұзбаса, ақиқаттың жо­лында алқынбай соқса Алтын Жүрек болмағанда кім болады?!.

Ғасырлардың інжу-маржан­да­рын індететін, ғылыми айналымға түсіріп түндететін, ауыз-кеудеден шыққан әңгіме, шежіре, әфсана, қис­са, дастан, қара өлең, айтыс­тар­ды қайта жаңғыртқан, кітап­ха­наларда кірпігі айқаспаған Мәтжан ағай Абыз Кеуде болмағанда кім болады?!.
Филология ғылымының док­торы, профессор Мәтжан Мақ­­­сымұлы Тілеужановтың ті­лінен сорғалаған, қаламынан жор­ғалаған «Халық тағылымы» (Ал­маты, «Рауан», 1996) тағылым мен таным да, тағдыр мен тарих та, өнеге мен өнер де, дәп-дәстүр мен салт-сана да халықта дегенге сая­ды. Сайып қана қоймай, сайып­қы­ран халықтың төл образын ауыз әдебиетіндегі алуан жанрлармен ашып көрсетеді.
«Ел әдебиеті» – (Алматы, «Ана тілі», 1992) шын мәнісіндегі Ел әде­биеті. Сол елдің көкірегіндегі көр­кем жыр, әсем ән, шешендік шиыр­лар, бата сөздер, батырлар жыры, ақындар жыры зерттеушінің қаламына қанат қақтырған.
Әзірейілмен әзілдескендей қа­лам­герлердің қағытпалары, юмор, сатира, сарказм сарындары астары мақпал көрпедей «Астарлы әзілде» (Алматы, «Жазушы», 1978) шиыр­шық атады, жуан мойындарды шын­дықтың шыны аязына ұстай­ды.
«Айтыскер ақынның жады таза болуға тиісті. Ақындық ақпараттар тас­қынына тұншықпасын. Өнер оқығанға емес, тоқығанға қонады. Жамыраған ақпарат айтысты жат­тандылыққа алып келеді. Суырып салмалық қасиет судай тартылады. Айтыс табиғатынан айырылып, айтыс – концерттер көбейеді». Про­фессор Мәтжан Тілеужанов ма­ған осыны көп айтатын. Мен шә­кірттерге көп айтатынмын. Домбыраны доллармен сөйлеткен заманда, домбыраны долларсыз сөй­лету қиын болып тұр. Айтыс­керлер ізденудің орнына, бір-бірінің ізін кесуге шықты. Әлемдік фут­болдағы «договорной матчтар» сияқты «договорной айтыстар» кө­бейді. Сахнада ақындық емес, артистік жүлде алады. Қазылар алқасында Қазыбек бидің төбесі көрінбейді, Қазыбек қайдан кел­сін, Әйтеке мен Төлесі жоқ әділ емес қазыларға. Осының бәрін Мәт­жан ағай құлағыма құйып ке­тіп еді. Аллаға шүкір, ағып кетпе­ге­ніне!
90-жылдардың шамасында профессор Мәтжан Тілеужановтың «Приуралье» газетінде «Настоящая наука не признает авторитетов» де­ген дүбірлі мақаласы шықты. Аты айтып тұрғандай, бұл ғылыми м­а­қала «договорной» докторлық, кандидаттық диссертациялардың тамағының астынан Тайсон болып тиді. Цирктің аттарындай шыр айналған авторлар үйреншікті үй­дегі жорғасынан жаңылды. Ғы­лымдағы ақсақалдық сақалдың ұзын­дығында, шапанның қызыл­ды­ғында емес. Ақсақалдық жасқа қарамай, басқа қарайтын баһадүр дәстүрде. Сақал сыйлағыш болсақ, отызында орда бұзып, Қазақ ми­фо­логиясының атасына айналған Серікбол Қондыбайды сый­лайық.
Тәуелсіздік пен Тілеужанов егіз ұғым. Тілеужанов пен Тәуел­сіз­дік те солай. «Настоящая наука не признает авторитетов» деген ма­қаланы Тәуелсіз Тілеужанов қа­на жаза алады. Тәуелсіз мақа­ланы қазақ газеті емес, орыс газеті ба­сып отыр. Ақсақалдық көрсетті көп газетке. Мәтжан ағайдан сұра­ға­нымда: «Мұндай мақаланы біз­дің газеттер баспайды ғой. Амал­сыз орысша жаздым», – деп еді. Та­ғы бір байқағаным: ағайдың кітапханасында тек қана қазақ автор­лары емес, әлемдік әдебиет­тің машайықтары, ғылыми ойдың өркеші таудай өкілдері тұратын. Жазу столында кір тасындай кітап­тар, шашылған бауырсақтай қағаз, қалам, көздің көзіндей жалпақ көз әйнек жататын.
Сырым батырдың суретін са­лып, төбесіне төренің қалпағын ки­гіз­генде Мәтжан ағай қарсы шық­ты: «Төре қалпақты төре кие­ді. Сырым өзі айтқандай: «Айырдан нар болған, қарадан хан болған». Қазаққа қалпағы емес, Сырымның басы қадірлі», – деп еді. Профессор Тілеужанов рухани және мате­риал­дық қазынаны қатар жинай біл­ді. Халықтың әшекей бұйым­дары, өңіржиек, білезік, сақина, сырға, жүзік, қамшы, домбыра сияқ­ты көненің көзінен мұражай ашып, сол көшпелі мұражайды Ма­роккоға апарды. Аузынан жыр төгілген қазақтың, қолынан дүр төгілетінін дәлелдеді.
Мәтжай ағай дәріс оқығанда қа­ғазға қарамайтын, қағаз Мәтжан ағайға қарайтын. Қамбар батыр болып қарайтын, Біржан-Сара болып қарайтын, Әуезов пен Әбіш Кекілбаев, Мүсірепов пен Мұста­фин болып қарайтын қағаз Мәт­жан ағайға. Ұстаздың ұрысқаны да қызық. Қызық емес, ұрысқаны ұла­ғат: Күркіреп тасынады, сіркі­реп басылады, Жария апайды көр­генде күндей болып ашылады. Психологиялық портрет осы. Тек түсіне біліңіз, портреттің ішіндегі порт­ретті. Ұстаздан дүние қумау­ды, ғылым қууды үйрендік, әлі үй­реніп келеміз. Орыстардың өзі: «Маджан Максимович!» деп ома­қа­сып жататын. Бұл кісіліктің, кі­ші­ліктің, ғылымның алындағы ома­­қасу еді. «Төс айылдың батқа­нын, иесі білмес, ат білер, Аза­мат­тың қадірін, ағайын білмес, жат бі­­лер» деген де деректер бар… Орал­­дағы наурыз, жарықтық Жа­рия апайдың наурыз көжесінен бас­­талатын. Профессор көп шы­ғар, профессордың үйінде наурыз кө­же көп емес. Наурыз көже көп шы­ғар, наурыз көжені кафедраға әке­летін профессор көп емес. Салт-дәстүрді – қағазда қалдыр­май, көпшілікке көрсеткен де про­фессор Тілеужанов болатын.
Елбасы айтқан «Рухани жаң­ғыру» – рухтарда, өмірге қазақ бо­лып келіп, қазақ болып кеткен рух­тарда, өмірге азат болып келіп, азат болып кеткен рухтарда. Рухы пар­лаған Мәңгілік Елдің қатарын­да Мәтжан ағай да бар. Рухы шар­лаған Мәтжан ағайдың қаламында Мәң­гілік Ел де бар.
Қазақ ғылымында енді Мәт­жан­тану басталады. Бұрын басталу ке­рек еді. Игіліктің ерте-кешсіз сүй­гілігі бүгінгі ғылыми кон­фе­рен­ция болсын. Этнопедагогика, эт­нография, далалық билер инс­титуты, демография, тарих, мә­дениет, әдебиет, философия иі­рім­дері Тілеужановты тереңнен тол­ғандырды. Қалыпқа сыймайтын автордың дүниетанымы да қалып­қа сыймайтын. Басына ноқта түс­пеген ғалым, басына ноқта түспе­ген кітаптар жазды. Жаратылысы қандай болса, жазуы сондай еді, жазуы қандай болса, жаратылысы сондай еді. Ақ қағаздың бетін арамдаған жоқ, қағазды мінәжат ететін Қағбасындай көрді. Қазақ ғы­лымына ұлттық сипат дарыт­ты, еркін ойлау стилін қалып­тас­тырды, аналитикалық талдаудың Антлантидасына шәкірттерін шарлата білді. Қара өлеңдерді жа­ғынан төгіп, жатқа айтатын. Ел аузындағы ескі һәм есті сөздерді жи­наттырды, жиналғандарды жи­наққа бергісіздей түптеттірді. Дас­тарханы даладай ғалымның қонағы қотанымен түсетін, ғылымдағы дастарханына ойшылдар Отаны­мен түсетін. Сұқ көздерден қорғап, сұңқардай түлеткен шәкірті ре­тінде Ұлы Ұстазға тап болғаныма тәуба айтамын. «Тасқа салса кетіл­ген, сазға салса жетілген» қаншама тұяқтардан тұлпар шығарды. Кісі­лігіне кісен салдырған жоқ, кісә­пірлерге кісен салатын. Мен Ағай­ды Алатауға ұқсатамын. Абыройлы ба­сы бар Алатауға. Алатаудың ізі­нен бала таулар келеді. Тілеу­жановтың тілегіндей аппақ таулар! Ұстаз бен шәкірттің аталастығы – Аталы сөзде. Атасын сөзден та­ра­татын, Айбоз ғалымның шәкір­ті­нің де Атасы – Сөз, Сөздің Ата­сы. Аталы сөздің, Ақсақал сөздің кіндігінен дүреген дүрлердің туыс­қандығы – турашылдықта. Тура сөзбен турап өтетін Мәтжан ағай­дың маңдайында аз қыртыс болған жоқ. Ағайдың маңдайындағы қыртыс – ақиқаттың қыртысы. Ақи­қаттың аты – Халық. Мәтжан – Халықтың баласы, Мен – Мәтжанның баласымын!

Мэлс ҚОСЫМБАЕВ,
филология ғылымының кандидаты, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Мемлекеттік Дарын сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері.
Ақтау қаласы.

Пікір қосу