Сәулелі әлем

0
88 қаралды

Қазақ қаламгерлері ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, көпшілік оқырманға ұсынып келеді. Олардың бірі – ақын-жазушылар, журналистер болса, екіншісі – жан сырын қағаз бетіне түсіріп, туған жер, өскен орта, өз ғұмыры туралы деректі және мемуарлық шығармалар жазып жүрген әдебиетке жақын жандар.

Соңғы қатардағы қаламгерлер қатарында Сәуле Әбдіхалыққызы Рысбаеваның есімін атауға болады. Соңғы он шақты жылдың көлемінде көпшілікке таныла бастаған автор осы уақыт аралығында төрт бірдей кітабын оқырманға ұсыныпты. «Ара­мыздасың, Абдолла!» атты кітабында белгілі тележурналист, Әлихан Бө­кей­ханов атындағы сыйлықтың лау­реаты, Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшесі Абдолла-Алтый Сүлей­мен­нің очерк, эссе, рецензия, телесценарий, әңгімелерімен бірге ол туралы естеліктер мен арнауларды топтастырған (2005). Бұл кітаптың бір ерекшелігі – мұнда бір мұқабамен қос кітап берілген. Яғни С.Әбдіхалыққызының «Мәңгілік сағынышым» атты деректі романы қоса беріліпті. Алғашқысы 22 баспа табақ, екіншісі 23 табақ болатын екі кітаптың да бас кейіпкерлері ортақ. Сондықтан 45 баспа табақтан тұратын кітапты «егіз кітап» деп атауға негіз бар. Бұл кітаптың басты жаңалығы осында болса керек. Қос ғашықтың асыл сезімдерін шынайы бейнелеген егіз кітаптың қосақталып жүруі оқыр­ман үшін тиімді болғаны да жасырын емес. Абдолла мен Сәуленің арасындағы кіршіксіз махаббат жөнінде сыр шерткен лирикасы басым деректі романға ұлттық әде­биет­те махаббаттың жыршысы ре­тінде танылған Ә.Нұршайықовтың оң пікір беруі авторға шығармашылық шабыт сыйлаған тәрізді. Осылайша бұл қатар кейінгі жылдары автордың «Сағындым, сағым жылдарым…» (2010), «Жұмақ мекен, талбесігім – Тасбұлақ» (2013), «Сағыныш екен сол бір шақ» (2015) тәрізді кітаптарымен толықты. Аталған кітаптардың оқи­ғалары біріне-бірі жалғасып жататын­дықтан оларды жеке дара сөз ету мүмкін емес.
Төрт кітапты оқып шыққанда, олардың арасын жалғап тұрған бір өзекті байқауға болады. Үшеуіне де негіз болған – махаббат. Ол – туған жерге, ата-анаға, сүйген жарға деген шексіз де шетсіз сүйіспеншілік пен сағыныш. Осы мәселелер автор ойын айшықтап, оның алдына қойған мақсаттарын нақтылай түскен. Бұл туындылардың бәріне ортақ әдіс – мемуарлық сипат пен эпистолярлық дүниелерді молынан пайдалану. Жазушы кейіпкерлерін ұзақтан іздеп, қиялмен сомдап әуре сарсаңға түспеген. Оның кейіпкер­лерінің бәрі – өзіне етене жақын, қасында жақын жүрген жандар. Сондықтан да оқиғалары нанымды, көңілге қонымды. Аталған кітаптар­дың барлығының орталық кейіпкер­лері бір болғандықтан біз кітаптардың хронологиясы бойынша емес, оқи­ғалар жүйесі бойынша сөз еткенді жөн санадық. Себебі кейін жазылған «Сағындым, сағым жылдарым…» ме­муарлық романы бас кейіпкердің өскен ортасы мен балалық шағынан хабар береді. Ендеше сол туындыларға үңіліп көрелік.
«Сағындым, сағым жылдарым…» атты кітабының жанры көрсетілмеген. Автордың өмірдеректерінен алынған­дықтан бұл туындыны мемуарлық шығармалар қатарына қосуға негіз бар. Кітаптың мазмұнын «Балалық шаққа саяхат», «Шауып кетіп барады құлын күнім», «Еліктей ерке күндер-ай!», «Жастық шағым – жасыл ба­ғым» тәрізді бөлімдер құрайды. Әр бөлімдегі оқиғаларда белгілі уақыт аралығы қамтылған.
Бірінші жақтан баяндалған оқи­ғалардың негізгі орталық кейіпкері – жазушының өзі. Бас кейіпкер 5-6 жасынан бергі оқиғалардың бәрін тізбектемей, өзінің есінде ұзақ сақ­талып қалған, өмірінен үлкен орын алған негізгі-негізгі оқиғаларды іріктеп алған. Ішінара негізгі кейіп­кер­дің өмір белестерін толықтыру мақсатында лирикалық шегініс жасайды. Осындай шегініс­тің бірі – ата-аналарының өскен ортасы, олар­дың тағдыр-тауқыметіне қатысты оқиғалар.
Негізгі оқиғалар Жетісудағы Талды, Тұйықбұлақ, Тасбұлақ, Иірсу, Қарқара, Сарыбастау тәрізді ауылды мекендер мен Алматы қаласында, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында өтеді. Кіндік қаны тамған туған жер кім-кімге де жұмақ мекен екені белгілі. Әдебиеттің арғы-бергі тарихында қолына қалам ұстаған қаламгерлердің барлығы дерлік киелі мекендеріне бар жылы сөздерін арнағаны анық. С.Әбдіхалыққызы үшін де Талды тауы, Талды өзені, Талды жазығы, Талды ауылы, Қайқы асуы тәрізді мекендердің сондай қымбат екені түсінікті. Автордың жетістігі – туған жердің тамылжыған табиғаты мен түгін тартсаң майы шығатын шұрайын жалаң суреттемей, сай-саласы төрт түлікке толы қайна­ған тіршіліктің көзі ретінде нанымды суреттеуі. Бұл кітапта бүгінгі тәуелсіз­д­ігіміздің оңайшылықпен келмегені, бүгінгі бақытты өмірге жету жо­лын­да ата-әже, әке-шешелеріміз­дің жан­кешті ерлік жасағаны наным­ды­ бей­неленген. Қарапайым малшы мен сауыншы отбасында тәрбиеленген баланың көргені мен көңілге түйгені бір дәуірдің сырын ұқтырардай. Рысбайұлы Әбдіхалық пен Сатыл­ғанқызы Ілімхан аналары­мыздың басынан өткерген тағдыр тауқыметі жекелеген жандардың емес, жүз­дердің, мыңдардың өмірінен хабар берері хақ. Шығармада 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезін­дегі, ХХ ғасырдың жиырмасын­шы жыл­да­рындағы ашаршылық пен отызыншы жылдардағы жаппай қудалауда көрші қытай еліне үдере көшкен қазақтың бірсыпырасы ел іргесі бекіп, жер кеңіген заманда ата қонысқа жете алмай арманда қалуы – Әзихан кейуана бейнесіне жинақ­талған. Ал ата қонысқа жеткенмен жалғыз қалған Әзихан анасы мен анасының бауырына салған қызы Сейілханнан бір хабар ала алмай, бар ғұмыры сарғайған сағынышпен өт­кен жан­ның сағынышқа толы жырла­ры мен жоқтаулары («Жайлау», «Қыс­­тау», «Анамды жоқтауым», «Апам­ның атақонысы туралы айтқаны», «Ақ некелі жарыма») бір­дің емес, көптің жан жарасы. 1916 жылғы Албан көтерілісі ретінде та­рихта қалған ұлт-азаттық көтерілісінің негізгі ұйым­дастыру­шыларының бірі – Ұзақ батырдың тікелей ұрпағы Сәуле апамыздың бабасынан дарыған тектілігі қолына қару ұстатпаса да, қалам ұстатқан екен.
Құдай қосқан қосағы Абдолла туралы «Мәңгілік сағынышым» ро­манында: «Мен жазушы емеспін. Мен әншейін арыстай азаматын жоқтаған, әрі жоқтап өтетін қазақтың қарапайым қара қызымын», – дейді автор. Иә, төртінші мүшелінде қай­тыс болған белгілі тележурналист Абдолла-Алтыйдың қара шаңырағын түтетіп, ұлын ұяға, қызын қияға қон­дырған жанның сүйген жарына деген сағыныштары қырық жылға жуық сақталған сарғайған хаттардан мен мұндалайды. Алғашқы танысқан күндерден бастап бір-бірінен жы­рақта жүріп, ыстық сезімдерін бір-біріне хат арқылы танытып, бір-бі­ріне жеткенше асығатын қос ға­­шық­тың бір-бірінен мезгілсіз көз жа­зып қалуы да өкінішті. Сәуленің бұл шығармасын Ә.Нұршайықовтың: «Қазақта өз әйелі туралы кітап жазғандар бірен-саран бар. Ал өз күй­еуі туралы роман жазған әйелдер не­кен-саяқ. Бұл үшін еркектер қауы­мы Сізге алғыс айтуы керек!», – деп бағалауы да осыдан болса керек.
Романның негізгі оқиғасы бас кейіпкердің әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дайындық курсына түскен күндерінен басталады. Мектеп бітіргеніне үш-төрт жыл болған қыздың бойжетіп бұлаң қағар сәтінде Абдолламен кездесуі, олардың алғаш кездескен сәттен іштеріне махаббат отының түсуі, қос ғашықтың сезім арпалы­сымен өткен «махаббат, қызық мол жылдары» – бәрі де қызыққа толы студенттік өмірдің бір көрінісі. Ауыл шаруашылық жұмысында жүрсе де, студенттердің құрылыс отрядында барса да, іс-сапармен шалғайға кетсе де бір сәт хат жазуды тоқтатпаған кейіпкерлердің көңіл-күй сезімдері, сарғайған сағынышқа толы хаттары, махаббаттың алауы шарпыған сәттері, қос ғашықтың бір-бірінен көз жазып қалуы, қайғының қара бұлты үйірілуі, болған іске болаттай бекуі – бәрі де сол хаттар арқылы айшықталған.
Ә.Нұршайықовтың: «Кітабыңыз­дың бас жағындағы (бірінші бөліміндегі) авторлардың аттарын, естеліктерін шолып шықтым да бірден романды оқуға кірістім. Ал­ғашқы махаббат, сағыныш сезімдері, туған жер табиғаты, ауыл кештері керемет қызықты да көркем сурет­телген екен. Қара сөз емес лирикалық поэзия деуге боларлық. Қазір ро­маныңыздың бас жағын ғана оқып жатырмын. Оқи отырып Сіздің кітабыңыз мазмұны, мәнері, сезімді дәріптеу, өмір оқиғаларының ауқым­дылығы жағынан Сіз кішкене қыз кезіңізде тәнті болған менің кітабым­нан әлдеқайда күштірек-ау деп ойлап отырмын. Риза болып отырмын», – деген пікіріне сүйенетін болсақ, кезінде бұл «лирикалық поэзия» деп бағаланған роман.
Романның негізгі ерекшелігі – эпистолярлық сипатында. Автор негізгі кейіпкерлердің хаттары мен күнделік жазбаларын негізгі оқиғаға сол қалпында сынамалап енгізіп отырған. Абдолланың Ақ Сәулесіне жазған хаттарымен бірге мұнда туған-туыстарға жазған хаттар оқиғаның шынайылығына қызмет етсе, хат­тарда көрсетілген мекен-жай, жыл, ай мезгілдері мен нақты күндер шы­ғар­маның деректілігін арттырып тұр.
«Арамыздасың, Абдолла» деген кітаптың аты айтып тұрғандай, Абдолла-Алтый Сүлеймен қашан да арамызда. Осы кітапқа енген Аб­долла-Алтыйдың туындылары, өмірі мен шығармашылығы туралы жа­зылған естелік-эсселер оның екінші өмірі ғұмырлы бола­тын­дығының айғағы.
«Жұмақ мекен, талбесігім – Тас­бұлақ» деректі романына автор­дың балалық балдәурені өткен Талды, Тұйықбұлақ, Тасбұлақ тәрізді ауыл тұрғындарының жанкешті тірлігі мен өнегелі өмірлері арқау болған.
Ата-ана, туған-туысқа арнап шағын жанрдан бастап кең құлашты романға дейін жазылған шығармалар бар, ал ұстаздары туралы жеке кітап жазатындар некен-саяқ. С.Әбдіха­лық­­қызы 2013 жылы мектеп бітірген­деріне 40 жыл толғанда «Сағыныш екен сол бір шақ» атты кітабын Талап (Жаңақорған ауданы) пен Қарқара­дағы (Райымбек ауданы) сыныптас­тарына сыйға тартты. Бұл кітапты бірі Жетісуда, екіншісі Сыр бойында жүріп шәкірттерін әдебиетті сүюге баулыған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, Мәскеуде өткен мұғалімдердің Бүкілодақтық III-сьезінің делегаттары, оқу-ісінің үздіктері өзінің ұстазы Тұрсынхан Шәлдибекова мен жары Абдолла-Алтыйдың ұстазы Зинабдин Шерма­ғамбетовке арнап жазыпты. Ұлттық әдебиетте өз ұстаздары туралы үл­кенді-кішілі туындылар жазғандар бар ғой, ал сүйген жарының сүйікті ұстазы туралы жазу екінің бірінің қолынан келмесі анық.
Әкесі Әбдіхалыққа «Ешка», мек­тептегі мұғалімдеріне «Ерболдың қарындасы», ауылдастарына «Әбді­халықтың қасқыр қызы», Абдоллаға «Ақ Сәуле», қайын жұртына «Ақ ке­лін», сыныптастарына «Қазақ әйелінің эталоны» атанған кейіп­кердің өмір белестері біз өмір сүріп отырған қоғамның бар-болмысын көз алдымызға елестетеді. Жоғарыда аталған шығармалар соны­сымен де бағалы.

Гүлжаһан ОРДА,
М.О.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
бас ғылыми қызметкері, филология
ғылымының докторы.

Пікір қосу