Соңғы абыз

0
188 қаралды

Ұзын аққан Сарысуды,
Өзің жайлап, жағала
Жүйрік пенен жорғаңды
Өзің мініп бағала, –
деп Қазақтың жері менен байлығын тек қазақ иеленсе екен деп зар қаққан қазақтың да­ласы­ның тасы қазақ баласының жейдесіне түйме болып қадалсын (Әлихан Бөкейханұлы сөзі) дегенді армандаған, әдебиеттегі зар за­ман ағымының басында тұрған, атақты Тұрсынбек Кәкішев «Шортанбай – ұлы дарын, шындықты деңгейінде айтып, зарлап кеткен қоғам қайраткері , ІРІ ИДЕОЛОГ» деп баға берген, академик Серік Қирабаев «Халық трагедиясын көзімен көрді. Солардың сөзін сөйледі, арман – мұңын жырлады. Шортанбай өлеңдерін халық жанына жақын қабылдады. Қанша уақыт өтсе де ұмытылмай келе жатқаны сондықтан» деп атап көрсеткен, Мұхтар Мағауин «жаңа ұрпақты мәңгүрт кейпінде тәрбиелеуді мақсат тұтқан ресми саясат Шортанбай шығармаларын жарыққа шығаруға тыйым салды» деп тайға таңба басқандай етіп көрсеткен ұлы Шортанбай жыраудың осы Арқа топырағында дүние есігін ашқанша, міне, 200 жыл.
Өткен ғасырда-ақ өзінің терең фило­со­фия­лық көзқарасымен де, еркіндікті аңсаған асау жырымен де түркі әлеміне қатты әсер еткен Шортанбай мұрасы XX ғасырда сан дауға түсіп, бар ғұмырын жіктеп айтатын ке­шегі ауылдағы дуалы ауыз қариялардан өмір жолы толық жазылып та алынбады.
Ақынның нағашы жұрты Есмағанбет қа­риядан бір кезде Ғабиден Мұстафин ғана жазып алғанын Ескең қария да, оның баласы Әбдісадық та үнемі айтып келді. Бұл түбегейлі ойды жеткізуші Жұматай Құтжантегі екенін де айта кетелік.
Шортанбай туралы алғаш мәліметті 14-18 жасында оның атқосшысы болған Әбеу ақса­қал, Көпжан Бәйменұлы берсе, кейінде Ес­кей жыршыдан, толғауларын айтқаны үшін жиырма жылға жуық ғұмырын саяси лагерьде өткізген Анарбектен, тоқсанға келіп көз жұм­ған Қази акыннан алған едік. Жыраудың «Ағы­бай батыр» дастанын 1953 жылы Досбер­ген­­нің Калиы әкем Жүніске жаздырса, «Қа­ра­ке­сек» дастаны атақты Маясар ақыннан алынды.
Күні бүгінге дейін қожаның бәрі Қаратау­дан деген сарынмен оның туған жері туралы да жаңсақ пікір қалыптасқан. Шортанбайдың анасы кім екенін, нағашысының атын біле бермейтін, әкесі Қанай туралы еш дерегі жоқ адамдардың жаңсак пікірі жұртты шатасты­рады.
XVII ғасырда Шұбыртпалы руы Арқаға қоныстана алмай, Сыр бойын мекен етіп жүр­генде Шортанбайдын бабалары сол рудан қыз алысып, араласып бірге көшіп жүрген. Ақынның әкесі Қанай Арқадағы Айыртауды (Ақадыр маңы) мекен өтіп, Сарым ішіндегі Нақып қожаның қызы Шүкіманға үйленеді. Нақып — осы деректерді айтушы Есмағанбет карияның үлкен әкесі. Нақып қожаның үлкен кызы Гүлімжан Кәрсөн Бидайтегі Базарға тұрмысқа шыққан. Гүлімжан акылды да өткір адам болған. Онан күйеуі Базар да ығып отырады екен.
Базар:
Хан алдына барғанда
Хан таппаған мінімді.
Би алдына барғанда
Би таппаған мінімді.
Гүлімжанның алдында
Кермей-ақ қой күнімді, —
деген. Гүлімжанның мазары Босаға станса­сына жақын. Бәйбішенің өзі ұстаған кебеже, сандықтарының беті мазардың мандайшасына қондырылған. Шортанбайдың әкесі Қанай осы маңдағы — бүгінде Қанай бұлағы атан— жерге бұлақ суын бұрып, егін салған. Егін ары­ғының ізі әлі сайрап жатыр. Осы мәліметті алғаш айтқан Шортанбай үшін 18 жыл түр­ме­де отырған Анарбек жыршы — Базардың немересі. Базар — Шортанбайдың әкесі Қанаймен туған бажа.
Қанайдан Шүкіман төрт-бес жыл ішінде екі қыз туады. Сол шақта Қанайдың әкесі дүниеден қайтып, бір себептермен інісі Қаратау жаққа көшіп кетеді де, жалғыз үй қалған Қанай қайын жұрты Нақыптың ауылына қоныс аударып, қалған ғұмырын Нұра бойында өткізеді. Келер жылы, яғни 1818 жылы көктемде осы нағашысының ауы­лында (казіргі Жалпақсаз кыстағы) болашақ жазба әдебиеттің көшбасшысы — Шортанбай ақын дүниеге келген. Шортанбай жырау туған үй 1985 жылға дейін бұзудан аман еді. Осы жерде, сол үйде Тиышбай ақсақал ұзак жылдар мал бағып отырды. Бала жасынан ел ішіндегі ақын, шежіреші шешендерді естіп өскен Шортанбайдың өнерге деген құмар­лығы ерте оянған. Ол Бесатаның болашақ иелері — Жанғұтты, Дүйсенбай билермен жастайынан араласып өссе, Абылай, Кене­сары, ағасы Саржанның ерлігі туралы ерте­гідей әңгімелермен көкірегі ашылып, Ресейге қараған елінің мұңын ерте таныған.
Болашақ ақын бала кезінен бірер шумақ өлең тастап жіберуге шебер болған. Есмаған­бет қарияның айтуына қарағанда, Шортанбай бозбала шағында Жанғұтты ауылының жо­ғалған түйесін іздесіп, Аюлының Ақсай де­ген жерінің бас жағында атын оттатып отыр­са ке­рек. Қолды болған түйені сол ауыл­дың ұры­лары байқамай үстіне айдап келеді. Сол жерде Шортанбай алғаш рет «Бала зарын» айтқан екен. Бозбала ақынның сол «Ба­ла за­ры» кейінде сан өзгеріске ұшырағаны даусыз.
Сауатын ауыл мектебі молласы Ыбы­райым­нан ашқан Шортекең кейін Шаяндағы медресені тәмамдап, онан Бұхар оқуын бі­тіріп, 17 жасында, шамасы 1895 жылы елге біржола оралады. Шешендігімен де, білім­ділігімен де көзге түскен Шортанбайды Жа­ман­тай, Құсбек төрелер, әрі әкесімен немере, Құнанбайды аға сұлтан сайлатқан атақты Күдері қожа шақыртып, Қарқаралыға барады. 1852 жылы Қарқаралыда Құнанбай Өскен­байұлы аға сұлтандыққа сайланарда сол әйгілі жиынға Күдері кожа да кұрметті бидің бірі ретінде қатысады. Жиын ұзаққа созылып, билердің сөзі әр қилы шығып, Құнанбайды сайлау-сайламасы екіұдай дау туғызыпты. Сонда Күдері кожа Орта жүздің барлық билеріне арнап былай деп басалқы айтады:
Атаңнан артық, тусаң ту ұстарсың,
Ез болсаң тезегіңді уыстарсың.
Біріңді бірің түртіп не қыласың,
Түсің бір иісі қазақ туысқансың.
Құнанбай Орта жүздің тұзы емес пе,
Көнеден арнасы бір із емес пе.
Қарадан хан болса да реті бар,
Салмаңдар қу кеңірдек, қыл өңешке.
Су екеш су ағар да жүйесімен,
Жарасар көштің сәні түйесімен.
Кімің бар Құнанбайдан озып туған,
Айырма елді нағыз иесінен.
Арғымақ қанша шапса айырылмаған,
Қиыннан жол табады дарын адам.
Сыртынан алтын сары, мыс та сары,
Жақсыны жарымжандық танымаған, —
деп өлеңдетіп келіп, әрі карай тақпақтай жөнеліпті.
Тұз болмаса ет бұзылады,
Дін болмаса ниет бұзылады.
Ел — ерімен көркем,
Жер — көгімен көркем.
Ақылы асқанды хан тұт,
Білімі асқанды пір тұт.
Жақсыңды қадірле,
Жаманыңды тәрбиеле.
Арбаға тоқпақ көргенді жекпе,
Соқпақ көргенді жек, —
деп, «әңгімені төлдете бермей, төрелі сөздің түйініне келіңдер» деген екен.
Сонда Орта жүздін билері су сепкендей сап тынып: «Қожеке, аруағыңнан айналайын, кешіріңіз», – деп бәрі орындарынан тұрып, Күдері қожанын колын алыпты. Сөйтіп, Күдері қожаның алдына келіп, жүгініп отырып: «Алла тағала пайғамбарлықты сіздерге берген. Сіз оның ұрпағысыз. Ба­та­ңызды беріп, мандайымнан бір сипаңызшы», – деп Шортанбай да колын жайған екен. Міне, осы жерде ол біраз жылдай тұрады. Арканың сөз өнері мектебіндей болған Қарқаралыда сан жүйрікпен кездесіп, шын­дала түседі. Міне, дәл осы қалада жас Шор­танбайдың тарлан акын Орынбаймен айтысы өтеді.
Осы тұс бала жасынан бірге өскен достары Дүйсенбай мен Жанғұттының Кенесары колына біржола қосылып та кеткен шағы еді. Орыс ұлығы қалқитып «Хансымақ» сайлап койған Кұсбек пен Жамантайдың қолында еш билік жок, халқына көмектесер дәрмені аз екеніне көзі жете түскен Шортанбай Кене­сарыға тілеулес болып, Айыртауда ол Орта жүздің ханы сайланғанында барып қатынас­қанын Анарбек жыршы бізге жеткізген.
Ортауда Кенесары хан көтерген,
Орта жүз соңына ерген тым ертеден.
Бесата баласынан Жанғұтты бар.
Бәйсейіт, Дүйсенбай мен Есбай, Қара
Бір қол боп көрінетін жеке-дара, —
дейтін Шортанбай сөзі сақталған.
Ресей империясы отаршыл саясатының негізгі бағыты қазақ халкын шөлге ығыстыра отырып, қазақ жерін біржолата иемдену екеніне көзі жете бастаған ақын Кенесары хан­ның ұлт-азаттық қозғалысына тілеулесі де жақтасы болып шықкан. Ұлытауда Кенеса­рыны бүкіл ел ақ киізге салып хан көтергенде, бұл жолы Бесатаны бастап барған Керней Бәй­сейіт­тің тобы ішінде Шортанбай Жан­ғұтты, Дүйсенбайлармен бірге екенін Қази ақын 1980 жылы баса айтқан. Ақын сол жолы:
Ұлары шулап Ұлытау,
Орыс, қазақ қылған дау.
Алаша хан, Жошы хан.
Қазақтың басы қосылған.
Жалаңаш шапқан ер жігіт
Қолдаса Құдай келер сау,—
деп басталатын толғау айтқан екен. Бұл жырды тоқсанға келген Қази ақсақал бізге толық жеткізе алмады.
Тәуелсіздік үшін Кенесары бастаған ұлы шайқастың шын жақтаушысы болса да, Шортанбай да, Құнанбай да онын қолына анық косылмай, әлде бір себептермен, не сол қозғалыстың кажеті үшін Қарқаралыда кала берген.
Шортанбайдың Кенесарыға тілеулес екені, әрине, сезілмей қалған жок. Бұл жағдай Құсбек пен екеуінің сан рет кездесіп калуына, араларынын ашыла түсуіне себеп болған. Оның үстіне, Кенесары қолының сарбазы, түрмеден кашып шыққан Керней Тықыны үйіне жасырғаны да білініп қалады. Ояздық қалада енді қалып мән шықпасына көзі жет­кен соң, ол 1850 жылы шамасында Нұра бойындағы елге біржола оралады.
Бір уақыт жан-жақтан жау қыспағында қалған Кенесары ханның да Арқа жерінен еріксіз сырғып, түстік жаққа ауған шағы еді. Кенесарымен тілеулес Бәйсейітте, Дүйсенбай да осы тұста елге қайтқан еді. Кенесары ханның соңғы шайқасына дейін бұл Арқа жұртынан ханмен бірге Ағыбай батыр, Жан­ғұт­ты би, Шөмішбай батырлардың соңынан ерген ауылдар болатын.
Арқасын орыс оязына сүйеген Құсбекпен араздасып келген Шортанбайды нағашы жұртымен бірге әуелде Бәйсейіт пен Дүй­сен­бай қамкорлығына алған. Бәйсейіт Құнанбай катарлас та, Дүйсенбай Жанғұтты­дан 3-4 жас үлкен екен. Кенесары хан дү­ниеден өткен сон бір жылдан кейін Арқаға ақынның бала кезден бірге өскен досы Жанғұтты да оралады. Бұл кезде дін оқуын тауыса тәмамдаған, бірақ бала кезінен өлеңге аңсары ерекше ауып, ірілі-ұсакты сан ақынмен қағысып қалып жүрген Шортанбай өнерге біржола бет бұрған еді. Бұл жөнінде Бәкірулы Зекен қария қызықты жағдай айтады. Отызға жаңа іліккен Шортекең жолаушылап келе жатып, Аюлы­мен жалғасқан көлденең қырдағы оба басында ат шалдырып отырып қалғып кетсе, жарқырай киінген адам түстес екі кісі келіп, жыршылық етуіне аян беріп кеткен деседі екен бүрынғы өткен үлкендер.
Кенесары хан жеңіліп, халі ауырлай түскен осы шақта Шортанбайдың замана зары туралы сан толғаулары туғаны еш күмән келтірмейді.
Арқадан дәурен кеткен соң,
Куғындап орыс жеткен соң,
Тіпті шал жоқ, қазағым
Түсті барып торына, —
деген шумактар көтерілістен кейінгі торығу кезеңінде тууы дау тудырмаса керек.
Акынның өзі де осы елдің бір қызына үйленген, баласы Аязбайды Жанғұттының Қасенінің қызына, Алдабергенін Есбайдың немересіне үйлендіріп, қызы Бәтішті Бөрлібай Акпанбайға тұрмысқа ұзаткан. Ал жалғыз қарындасы Қалаулыны кезінде Кәрсөн — Қозыбак Бейсен дегенге берген еді. Одан туған Кәрібек күйші белсенділердің қолынан қаза тапқан.
Қасен кызына үйленген Аязбай әкесінен бұрынырак 70 жылдардың орта шенінде қаза болған. Онан зұлмат заманнан өтіп бізге жеткен тұқым жоқ.
Қызы Бәтіште ер бала тұрмаған. Одан қалған жалғыз қыз Ұлбаланы Балта Әлікейдің інісі Тұяқ алған. Онан туған Кенже 1943 жылы осы Ақсу-Аюлыда Әлкеев Изатбектің үйінде дүние салды. Ер бала тұрмаған Бәтіш Ақпанбайдың ағасы Ертісбайдың баласы Құлшықты нәрестесінен бауырына салып бала еткен. Құлшық ұрпағы бүгінгі күнде өзін Шортанбай жиені санайды. Шортанбайдың Алдабергені 1927 жылдары шамасында белсенділер зорлығына шыдай алмай түстік жаққа кетіп қалғанда, 1931 жылы нағашылары Есмағанбеттің үйіне келіп, бір ай жатып қош айтысқан. Қиын-қыстау кезенде елден кетуге мәжбүр болған Алдабергеннен тараған ұрпағы бар-жоғынан еш хабар жок.
XIX ғасырдың екінші жартысы патшаның отаршылдық саясаты шығандаған кезі еді. Қазақ халкын жер бетінен көшіру амалы тек жерін тартып алып, шөлге қуып тастау емес, оны мәдениетінен, дінінен аластап, басы­байлы крепостнойы ету де еді. Міне, осы саясатты жылдамдату үшім қазақты алдап-арбау, күштеу, зорлау жолын қатар қолданып, шоқындыру саясатын да тезірек жүзеге асыруға көшті.
Елдің болашағын ойлаған адамдар бұл саясатқа қарсы тұрды, халыкты ата-бабасы­ның дінінде, ислам жолында сақтап қалу үшін күрес жүргізді. Тобықтыда Құнанбай Қарқара­лыда мешіт салдырса, Бесатада Бәйсейіт, Көпбайлар осы іске мұрындық болды.
1855-1857 жылдар шамасында Жанғұтты би Аюлы тауының батыс жағындағы Қойкөл өзеніне таяу тұстан мешіт салдырды. Бұл кезде ақындығымен де, діни-философиялық көзқарасымен де елге әйгілі болған Шортан­бай досы Жанғұттының өтініші бойынша осы мешітте жыл жарымдай уақыт имамдық етіп, бала оқытады. Табиғатынан сөз өнерін қуған, жыраулық дәстүрді мықтап ұстанған Шор­тан­бай онан кейінгі уакытта имамдығын жалғастыра бермеді деп ешкім сөккен емес. Міне, осы тұста, бір жағы Куандықты, екінші жағы Тарақтыны аралап журген Шөже акын сөз өнерін жарыстырып. сынасып көрмекке Шортанбайды іздестіріп келеді. Шөженің осы сапарында Тарақты Сапаққа, Қара биге, Бөдеге айтқандарын біз «Заман» газетінде 1992 жылы жарияладық.
Шөже мен Шортанбайдың ақындық өнер жарысы Жанғұтты бидің ауылында өтеді. Дала көкжалындай адуын Шөже мір оғындай сөзін қадай айтса да, Шортанбай жеке бастың мүддесі, бақталастығы емес, ел мұңын, туған халқы қамын көлденең тосып, Шөжені сөзбен буа береді. Асау болса да ақылды Шөже бұған ден қойып, екі ақын рухани табысып тарайды. Бұған Шөженің:
Шортеке, ел сыйлаған пірім едің,
Сенімен айтысуға тұрып едім.
Басқадай қу соқыр деп кемсітпедің,
Басқа ақын тап өзіңдей ірі ме еді.
Осымен мен сөзімді тоқтатайын,
Алланың сөзін айтып, ғаділет жол,
Алды-артты бірдей орап жібермедің, —
дегені дәлел. Шортанбай — Шөже, Орынбай сияқты айтысты негізгі максаты тұтқан ақын емес, ол жыраулық дәстүрді ұстана отырып, жазба әдебиеттің есігін ашқан алғашқының бірі, не нақ өзі. Бірақ реті келген жерде айтыстан қашпаған әрі өзі тұстас ақындармен тең түсіп, өзінің терең пәлсапалы ойымен шоқтығы асып көрініп отырған.
Шортанбайдың Бесата ішінде Елемес ақынмен жұмбақ айтысы аса қызғылықты. Сол сияқты өзінің замандасы әрі құрдасы Асан Бұғымен арасындағы айтысы да бір ғана қақтығыс емес, құрбылардың арасындағы қалжың ретінде талай жылдарға созылған жағдай. Шортанбайдан кейін талай өмір сүрген Асан Бұғы «Ей, қу сөз-ай, жеңем деген далбаспен Шортанбайға тілім тиіп кетті-ау!» —деп сан өкінгенін Қази акын да, Анарбек жыршы да ескертіп айтып отыратын. Асан Бұғының осы өнірде 40 жылдарға дейін болған немересі Әбуқарин де оның сол өкінішін ел құлағына қалдырған.
Кенесары хан қазаға ұшырағаннан кейін уақытша тыншыған Ұлы Даланы, кешегі асқақ Алтын орда елін көруге патша тұқымы кұмар-ақ еді. Соның бірі — ұлы князь Владимир 1867 жылы Омбыға жетіп, Қазақ даласына сапар шекті. Жоғарғы жақтың ерекше үкімімен оның алдында қазақ бар жақсысын жайып, жайсаң азаматтарын көрсетуге тиісті болды. Сол жақсы-жайсаңнын бірі болып Құнанбай тобымен Шортанбай да барған. Сол жолы қазақтын бар жақсы-жайсаңын суретке де түсірген. Одан құралған альбомдар 1917 жыл төңкерісіне дейін сакталғаны белгілі.
Шортанбайдың князь Владимирге барған сапарын бізге жеткізуші Қази ақын «Шортан­бай патшазадаға Құнанбаймен бірге барыпты. Сый-сияпат көріпті» дей келіп, Шортекең Ертістің бойына сыңсып мұжық қоныстанып жатқанын көріп:
Ертістің бойы ен жайлау,
Көшіме түсті бір байлау.
Алғанын мұжық аз дейді,
Жер қосып тағы жаз дейді.
Келіп де қапты төресі,
Жоқ шығар бізге бересі, —
деп налып та, түңіліп те оралған екен дейді. Осы сапарға Шортанбай Құнанбай ауылынан аттанған. Ақынның ойға толы жырын катты сыйлаған Құнанбай оны өз ауылында жиі қонақ еткен. Міне, бұл жағдай бала Абайға катты әсер еткені дау тудырмаса керек. 1864 жылы Есбай асына қатысқан Шортанбаймен еш ақын айтыспаған. Бұл оны елдің құрметтеу белгісі еді деседі үлкендер. Сол аста ат жары­сы бас бәйгесін аты озса да Орта жүз өзі ал­май, қонақтарға берген екен. Бұл жөнінде Шортанбайдың:
Жанғұтты бас бәйгені өзі берген,
Екіншіні жетелеп Кәдір келген.
Орта жүз «той біздікі, алмаймыз» деп,
Үлгі еткен өнегені былайға елге, —
дегенін Ескей жыршыдан алған едік.
Шортанбай — 1868 жылғы Ереже бойын­ша жерінен біржола айырылған қазақ халкы­ның ендігі болашағы қатерлі екенін де жақсы түсініп, ашына үн қатқан ақын:
Кетейін десе алды тар.
Турайын десе көпір бар.
Қазақтың ұлы қамалды, —
деп, жерінен айырыла бастаған елінің барар жер, басар тауы қалмағанына қамықса:
Билік кетті басыңнан,
Қорлық көрдің жасыңнан, —
деп те елі үшін егіледі.
Шортанбай — ел мұнын жырлап қана қоймай, ол өмірді түзеу үшін өз жолын ұсынып, күресе де білген қайраткер. Бір кезде отаршылдық саясатқа қарсы:
Жалаңаш мін де, жауға шап,
Қатын-бала қамы үшін, —
деп тікелей көтеріліске шакырған акын бірте-бірте енді елді сақтап қалу — қазақы коғамды сақтап қалумен тікелей байланысты екеніне көзі жетіп, хан билігі жойылса да, жұртты бірлікке, бірлік арқылы қазақ мәдениеті мен қазақы өмірді қорғау үшін ақсақалдықты қорғауға үндеген.
Бүкіл қазақ жұртының жерден ада қалуынан қауіптенген ақын елді отырықшы болып, жерге иелік етіп калуға шақыра отырып, өз басы жеке үлгісін көрсеткен. 1873-1874 жылдары Нұра өзенінің Қойкөлмен қиылысынан бірер шақырым төменгі жерден су диірмені салдырып, тоған бөгеп, егін­ші­лікке елді баулыған.
Міне, осы тұста алпысты алқымдап қал­ған Шортанбай Ойыл, Қостанай, Қызыл­жар, Кереку, Семей, Жетісу, Шу өңірін аралап, ел мұнын жырлап, насихатын айтудан бір танбаған. Оның 1881 жылғы Семей сапары да осының бірі еді. Барарында да, қайтарында да Қаркаралыға соғып, Құнанбай ауылында болады. Ауылға күншілік жол қалғанда түнде далаға түнеген екен, сонда дүниеден қайтары туралы аян беріліпті дейді қариялар. Аязбай тоғанындағы өз үйіне жете алмаған ақын әрі досы, әрі құрдасы Жанғұттының үйінде болашақты болжаған жырын айта отырып, дүниеден көшеді.
Шортанбай Жақсы Жәкеңе өзін нағашы Ыбырайымның мазары іргесіне жерлеуін тап­сырып, ертең ертемен Жәкең қабірінің басына келсе, рухы бұл маңнан кетіп бара жатканының куәсі боларын да айтыпты.
Ақын қабірі басына әзірше мазар сал­мауын, оны бүлдіріп тастар заман да болаты­нын, кейінгі ұрпактар тұсында ғана рухы көтерілетінін, сол ұрпақтар қабірін қамқор­лық­қа аларын ескертіп кеткен екен.
Шортанбай досының бар айтқанын кезі көрген Жақсы Жәкең келер жылы Меккеге қажылық сапарға шығып, сонда — Меккеде дүниеден қайтқан. Жанғұтты әрі досы, әрі құрдасы Шортанбай қазасын оның отбасы, бала-шағасына былай деп естірткенін Анарбек жыршыдан алған едік:
Алланың бір мекені Түртағы еді,
Шортанбай әулиенің ұрпағы еді.
Мұңдасқа бала жастан бірге өскен —
Жақсыға жол үстінде ажал келді.
Елі мен жерінің мұңын жырлап, қолынан келгенінше қамқоры болған ақын рухы көтерілер заман да, оның ойлы, ырысты мұ­ра­­сын дәріптер ұрпақ та дүниеге енді кел­гендей. Ұлы ақынның арманы орындала бергей.
Қазақ халқының басына туған қасіретті заманда, шұрайлы жерін, су көздерін тартып алып, малын суаруға келген қазақты аңша қуып атқан заманда, сол қорлыққа шыдамаған қазақ шоқынсын, қарсы келгені, мойынұсын­бағаны қырылсын деген пәрмен түскен заманда, осы сұмдыққа өлең – жырларымен атойлап қарсы шыққан Шортанбай жырау есімін халық мәңгі есінде сақтайды.

Кәмел Жүністегі,
жазушы, Құрмет орденінің иегері.

Пікір қосу