Жел тербейді ақжелең желкенімді

1
101 қаралды

Қуатбек Тұрданов


Апат
Долы толқын жағадан ап жағаны
Адуынмен аласұрып ағады.
Көбік шашып, адам түгіл көкті де
Қазан құрлы төңкермесе жарады!

Қара дүлей кеңге салып салмағын,
Жандәрменде жапырардай жан жағын.
Екіленген екпіні бар, есі жоқ,
Қарай гөрші абжыландай арбауын!

Сарыуайым сарсаңға сап пендені,
Екіленді, екпіндеді, ерледі!
Жолыққанды жотасына өңгеріп,
Сүрінгенді су түбіне жерледі!

Қара тасқын асып-тасып арнадан,
Қолы жеткен жерді жайпап, жалмаған.
Кетті талай үміттерді сөндіріп,
Ойран етті ошақ отын маздаған.
Долы толқын өршеленді, өкірді,
Белден асты, бетегеден секірді.
Жар құлатты, қарғып ақты өткелден,
Талғамастан жесір менен жетімді.

…Топан судан келгендейін бір хабар
Жылым-жылым жылап ақты жылғалар.
Құдіретін көрем десең Құдайдың,
Күреңіткен Күнге қара, қырға бар.

Алапат күш қайда асығып барады?
Жасқа толды талайлардың жанары.
Бар болған соң пендесі үшін берері,
Болады екен Алланың да алары,
Қарсы тұрар жоқ ешкімнің амалы.

Пенделік
Пенделікпен болмасқа үйір басым,
Дәметеміз білсек те бұйырмасын.
Көңілімнің төрінде үкілеген,
Құбылжыған, құтырған құйын басым.

Қарамаймыз парқына бар мен жоқтың,
Тары кірмес түсіне қарны тоқтың.
Кей пенденің жүгірген шабысына,
Тар болып тұр арасы жер мен көктің.

Аласым да біреуге, жоқ бересім,
Сұрамаймыз білсек те жоқ демесін.
Қылмыс істеп жатамыз кейде амалсыз,
Көрсетпестен сұрап ап бірдеңесін.

Күйінесің артынан, өкінесің,
Тоқтат деумен балаңа жекіресің.
Ойлап тұрып тәртіпке шақыруды,
Сол баланың басынан секіресің.
Біреулер жүр сөз етіп сыртымыздан,
Ұят болып жүр дейміз жұртымыздан.
Жеңілдеуді ойлаумен сыпсыңдаймыз,
Құтылардай іштегі құртымыздан.

Болғандайын керіліп көркі көктің,
Аспанға да сатыңды көпір еттің
Дәруменін ішкенмен ішірткі етіп,
Жазылмай жүр кеселі көкіректің .

Өткелек
Табан асты тайғақтау,
Ат сүрінсе құлайсың.
Айналаңда айғақ жау,
Құлаған соң қурайсың.

Достан таба көресің,
Дұшпаныңнан іштарлық.
Түсірер ойдың өресін,
Табылмай пенде құптарлық.

Атаның көзі тапталып,
Ананың тілі күрмелді.
Өзгенің әні жатталып,
Өз әніміз сүрленді.

Суық тиіп сұрқыңа,
Тәуелсіздік тәу етер,
Бағынбастан ырқыңа,
Жақыныңды жау етер.

Үмітің мен арманың,
Адастырар сүрлеуін.
Жасық шыққан жалған үн,
Шеше алмай жүр күрмеуін.

Қашып келем асыға,
Айналада жау мығым.
Шығармай тұр басына,
Тауым жасап таулығын.

Самарқау күн әндетіп,
Мұңданып тұр айнала.
Меңіреу күн меңдетіп,
Аңсарымда-айдала.

Бұла бұлттар аунайды,
Қарт Алатау төсінде.
Запы күндер заулайды
Ілестірмей көшіне.

Өлеңім-еркем
Жеті түнде жел тербеп желегімді,
Өбектеумен келемін өлеңімді,
Алып жүрмін еншіме бұйырғанын,
Тауысқам жоқ мен әлі берерімді.

Қанатымды ұшуға қомдағам жоқ,
Қолтығымнан су бүркіп қолдаған көп.
Ерте туып, менсіз де ерте есейіп
Келешекке аманат жолдаған көп.

Бәйге алмадым түсіп мен аламанға,
Күліп жүрдім қабақпен қарағанға.
Алға озбауын атымның тілегендер,
Қақпайлайды жақындап, жолағанда.

Сөз айтарда сараптап санатыңа ал,
Көпшілікті, өзіңе қаратып ал.
Көңілінен көп жұрттың орын таппай,
Сейілмейді басыңнан қара тұман.

Салқын тиіп замана ызғарынан,
Дерт меңдеп тұр қоғамды қыр жағынан.
Мәрт қазағым, тойғанға тоба етумен,
Тоқмейілсіп көңілін ырза қылған.

Жел тербейді ақжелең желкенімді,
Еске салып кешегі ерке күнді.
Баратқандай болады ой тарылып,
Есіме алсам елестей ертеңімді.

Жанарымның жасынан жақұт құрап,
Көл түбіне кетпеймін батып бірақ.
Өлең кірсе қойныма өгейсімей,
Болар ма едім бұдан да бақыттырақ.

1 пікір

Пікір қосу