Өңімде – Төле, түсімде – төбе

0
85 қаралды

Қытай, Моңғолия, Түркия, сынды елдерді мекендеген қазақтарды білмедім, «Кеңестер одағы» дейтін елдің қанатында болған 15 одақтас республиканың тұрғындары өз тарихи Отанынан шетте жүргенін сезінген жоқ. Өйткені, барлық ұлт бір елдің құрамында болды. Ешкімді, еш жерде ұлтына қарай шеттету болмады деп нық айта алмаспыз, дегенмен әр ұлттың өзіндік бет-бейне, ерекшеліктерін сақтауға барлық мүмкіндіктері болды. Мысалы, өзім туып-өскен Қарақалпақстанды алайық.

Кеңестік кезеңде Қарақал­пақ­стан­ның халқы бір миллионның ай­наласында еді. Сексенінші жыл­дарда Өзбекстан және Қара­қал­пақстан халық ақыны Ибрайым Юсуповтың республиканың мил­лионыншы тұрғыны туғанына бай­­ланысты жазған өлеңін оқы­ғаным анық есімде.
Сол миллионның отыз пайызы қа­рақалпақтар, отыз пайызы қа­зақ­тар, отыз пайызы өзбектер, қалған отыз пайызы өзге ұлт өкілдері екен­дігі туралы айтылатын. Өзбекті біл­медім, қазақтар туралы мәлімет шын­дыққа өте-мөте жанасады. Ел­дің оңтүстігіндегі төрт аудан: Әму­да­рия, Беруни, Төрткүл, Еллікқа­ла­да негізінен қазақтар мен өзбектер тұрды. Солтүстіктегі Тоқтакөпір ау­данының тұрғындары дерлік то­лығымен қазақтар болатын. Қалған аудандарда да қандастарымыздың қарасы қалың-тұғын. Біз тұрған Беру­ни ауданындағы Ахунбабаев, «Өз­бекстанның 40 жылдығы», Абай, Жданов, Қызылқала сов­хоз­дарында тек қазақ мектептері бол­ды. Елді мекендерде азшылықты құ­райтын қарақалпақ, өзбек, түрік­пен ұлтының өкілдері қазақ мек­теп­терінде оқыды. Қазақша таза сөй­лейтін.
Өзбекстан егемендігін алғаннан кейін ғана мектептерде өзбек сы­нып­тары ашылып, олар бірте-бірте ара­лас мектептерге айнала бастады. Қа­зақтардың атажұртқа көшу үде­рісі басталғаннан бері өзбек сы­нып­тарының үлес салмағы артты. Ке­лешекте қазақ сыныптары жа­бы­лып қалмауына ешкім кепілдік бере ал­майды. Тоқсаныншы жылдарда қазақ мектептерінің саны 600 болса, бү­гінде 300-ге жетпей қалды.
Әлі есімде кітап дүкендерінде Қа­зақстаннан шыққан кітаптарды тү­гел табуға болатын. Қазақ тіліндегі бар­лық мерзімді басылымдарға жа­зылатынбыз. Тек қазақ телеха­бар­ла­рын көру мүмкіндігі болмады де­ме­сеңіз, Қазақстанда өмір сүріп жат­қандардан айырмашылығымыз дер­лік жоқ еді. Керісінше, мұнда­ғы­дай орыс, неміс, т.б. ұлт өкілдері аз, тіпті мүлде болмағандықтан, тіл, ұлт­тық салт-дәстүр дегендеріңіз та­за қазақы қалпында сақталған-ды.
Елдеріміз егемендігін алғаннан кейін жағдай өзгерді. Қазақстанмен әде­би, мәдени байланыстар тоқта­ды. Баспасөз құралдарынан мүлде қол үзіп қалдық. Қазақ мектептерін­де­гі оқу бағдарламалары да өзгерді. Қа­зақстан Республикасы Білім жә­не ғылым министрлігі бекіткен жал­пы орта мектептерде білім беру бағ­дарламалары Өзбекстанда қол­даныстан шығып қалды. Сон­дық­тан, Ташкенттегі қазақ тілінде кі­тап­тар шығаратын «Асыл мұра» бас­пасында қазақ мектептері үшін оқу­лықтар дайындала бастады. Мә­селен, «Өзбекстан тарихы», «Геог­ра­фия», өзге де пән оқулықтары өз­­бек­ тілінен қазақшаға аударылды. Қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің оқулықтары да Өзбекстанның ұлт­тық идеологиясы талаптары не­гі­зінде дайындалды. «Қазақ әде­биеті» пәні оқулығы мен хрестоматиясына қазақ әдебиетінің классиктері және Өзбекстаннан шыққан көптеген қазақ қаламгерлерінің шығарма­лары мектеп оқулықтарына енді. Мә­­селен, менің шығармаларым өз­­бек еліндегі қазақ мектептерінің оқу­­лықтарына енген. Әңгіме сол елде тұратын қандастарымызға Қа­зақстан жөніндегі мәліметтердің шектелуінде. Бұл жастардың бірте-бірте өзбек ұлтымен ассими­лия­циялануына алып келеді. Біз елі­міз­дегі көптеген бауырларымыздың орыстанып кеткендігіне қынжылып жүре­міз. Ал тілі қазақ болғанымен қа­нына өзбек елінің идеологиясын сіңір­ген, тарихын біліп, мента­ли­теті­не еліктеген, әнұранын шырқап, мүд­десін ұлықтаған ұрпақтың тағ­дыры ойлантады.
Міне, осындай мәселелер 1994 жы­лы Сарыағашқа қоныстанып Өз­бекстан Республикалық Қазақ ұлт­тық мәдени орталығында жұмыс іс­теген жылдарымда алдымнан шық­­ты. Ташкент қаласында қазақ­тың бірнеше мәдени ошағы бар. Олар: Қазақстанның Өзбек­стан­дағы елшілігі, республикалық Қа­зақ ұлттық мәдени орталығы, «Нұрлы жол» газеті, Низами атын­дағы педагогика институтындағы қазақ тілі және әдебиеті бөлімі. Бұған «Асыл мұра» баспасы мен Өз­бекстан теледидарындағы «Ди­дар» бағдарламасын қосыңыз. Таш­кент қаласының өзінде 40 мыңнан астам қазақтар тұратынын айта ке­тейін. Олардың басым көпшілігі бұл мекемелердің жұмысына қызы­ға бермейді. Ташкент қазақтары тек орыс және өзбек мектептерінде оқы­ған. Қай-қайсысы да қазақша­дан гөрі өзбекшеңізді таза сөйлейді. Ділі де өзбектеніңкіреген…
1989 жылы Өзбекстандағы Қа­зақ ұлттық мәдени орталығының не­гізін қалаған Артықбай Үкі­баев­тан соң, 1995 жылы бұл орталық тө­­ра­­ға­лығына Тұрсымат Халбаев сай­ланды. Ол кісі Ташкент облы­сы­ның Піскент ауданында партия ко­митетінің бірінші хатшысы, ау­дан әкімі болған, орталық төрағасы сын­ды қоғамдық міндет жүктелген кез­­де Ташкент облыстық Еңбек жә­­­не әлеуметтік қорғау басқар­ма­сының бастығы қызметін атқарып жүр­ген аса тәжірибелі әрі ел ішіндегі бе­делі зор азамат еді. Қарақалпақстан Рес­публикалық, Науайы, Жызақ, Сырдария, Ташкент облыстық, қа­лалық қазақ ұлттық мәдени орта­лық­тарымен тығыз байланыс орна­тыл­ды. Қазақстан елшілігімен бір­­­лесе отырып талай жұмыстар ат­қарылды. «Нұрлы жол» газеті, «Ди­дар» телебағдарламасы, «Асыл мұ­ра» баспасының Өзбекстан қ­а­зақтарының хал-ахуалын сәуле­лен­діру, жетістіктерін әйгілеу, дарынды аза­маттарын айқындап, шығар­ма­ла­рын насихаттау бабындағы мүм­кін­діктерін кеңінен пайдалануға мән берілді. Төлеген Айбергенов сынды қайталанбас дарын иесінің 60 жылдығы бүкіл Өзбекстан кө­лемінде атап өтілді. Дүниежүзі қа­зақ­тары қауымдастығымен байла­ныс нығайды. Қауымдастық ұйым­­­дас­тырған құрылтайшылар басқа да іс-шараларға қатысумен бірге, кіші Құрылтайлардың бірі Ташкентте өт­кізілді. Онда Өзбекстандағы қа­зақ диаспорасының өз ана тіліндегі ру­хани қажеттіліктерін өтеу, ата­жұртқа қоныс аудару мәселелерін реттеу, жастардың Қазақстанда жо­ғары білім алуына жағдай жасау, қа­зақ мектептерінің жағдайы, көп­теген жұмыстарды жүйелеу, бір ізге түсіру туралы ұсыныстар ортаға тас­талып, талқыланды. Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығы төра­ғасының орынбасары, белгілі жазу­шы-драматург Сұлтанәлі Бал­ға­баев ағамыз осы мәселелер бойынша Таш­кентке жиі ат басын бұратын. Ол кісімен Өзбекстанның түкпір-түк­піріндегі қазақтар тығыз орна­лас­қан елді мекендерді аралап, ел­дің жай-күйімен танысқанбыз. Көп қазақтың шаңырағында қона жа­тып, қандастарымыздың тағдыр-та­лайымен танысқанбыз. Облыс­тық, аудандық мәдени орталықтар атқарып жатқан жұмыс барысын мәністегенбіз.
Қазақстаннан тым құрығанда бір басылым жетуі үшін халықара­лық «Қазақ елі» газетінің редакторы, бел­гілі сыншы Бақыт Сарбалаев мені осы газеттің Өзбекстандағы мен­шікті тілшісі етіп бекіткен. Ал­ма­тыдан жеткен газеттерді мерзімі өтіп кетсе де, облыстардағы мәдени ор­талықтарға тарататынмын. Кейде Бақыт ағамыздың өзі Алматыдан га­зет бумаларын көтеріп әкелетін. Ке­ден бекетінен өткізу, ел ішінде алып жүрудің де машақаты аз бол­ған жоқ.
Сол жылдары Қазақстан елшілі­гін­де кеңесші болып істеген Қара­жан Әбіләзімов есімі мен оның ат­қарған игі­лікті істерін атамау мүм­кін емес. Со­лардың бір-екеуіне тоқтала ке­тейін. 1996 жылы екеуміз Науайы об­лы­сына жол тартып, облыс әкі­мінің қабылдауында бол­дық. Сол кезде Әйтеке би бабамыз­дың сүйегі Нұрата ауданы аумағында жатқаны анықталып, қабірдің басын қарайту мәселесі көтерілген. Облыс әкімінің ал­дына барғандағы мақсат – осы іс­ке рұқсат сұрау. Әкім қарсылық біл­дірген жоқ. Әйтеке баба жөнінде ғы­лыми дәйектемелер жасалып, ұсы­ныс енгізілсе, кесене тұрғызуға ке­дергі жоқ екенін айтты. Кесене он­шақты жылдан кейін са­лынды ғой. Дегенмен, сол іс осын­дай әре­кеттің арқасында бастау алды.
Сол жылы Павлодар қаласында «Қа­зақстан және шетелдердегі қа­зақ дисапорасы» деген тақырыпта жиын өтті. Осы конференцияға ар­найы дайындалған баяндамаммен қатысуыма Қаражан аға мұрындық болды. Сонымен бірге қазақ ақын­да­рының 1997 жылғы Мұхтар Әу­е­зов­тың 100 жылдығына орай Алма­ты­да өткен мүшәйраға, 1999 жылы Дү­ние­жүзі қазақтары қауымдастығы Астанада ұйымдастырған ше­т­елдерде тұратын қазақ ақын­дары­ның мүшәйрасына өзбек­стан­дық қаламгерлердің қатысуына жағ­дай жасағанын, жырға деген жа­нашырлық пейілін қалай ұмы­тайық!
Тоқсаныншы жылдардың аяқ ше­нінде қазақтың қайталанбас ақын­дарының бірі Исраил Са­пар­бай Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде қызмет істеді. Қанша жерден ресми қызметте жүргенмен ақынның аты ақын ғой. Исраил аға­мен мәдени іс-шараларда, «Нұр­лы жол» газеті редакциясында, ел­шіліктегі әр кездесуіміз, поэзия, ақын­дық бабында пікір алмасып, ақыл-кеңестерін тыңдау біз үшін үл­кен оқиға еді. Қазақстандағы әде­би үдерістен шеттеу қалып, әсі­ре­се поэзия әлеміндегі жаңалықтардан, әдебиет көшіне жаңадан қосылған жас дарындардың туындыларын оқудан мақұрым боп, «жалғыз шап­қан ат жүйріктің» атағын малданып жүрген біздерге Исраил ағаны жеке иемденіп, емен-жарқын араласқан күндеріміз көп нәрсе берді.
Бірде ағамыз Бостандық ауда­ны­ның орталығы Ғазалкент шаһа­ры­на барып, кітапхана, мектептер­дің жағдайымен танысып қайту жайлы ұсыныс жасады. Орталық кі­тапхананың кітап қорымен ерін­бей танысты. Әсіресе, Қазақстаннан келетін оқулықтардың санына қат­ты қызығушылығын білдірді. Бос­тандық аудандық Қазақ ұлттық мә­дени орталығының төрағасы Мей­манқұл Мырзақұловтың үйін­дегі әңгіме үстінде көп нәрсеге қа­нықты. Жол үстіндегі әңгімелерден, Шымған тауларына тігілген көз жа­нарынан, жүз әлпетінен әлдебір са­ғынышқа толы сырлы сезімдердің із­дерін айқын аңғаруға болатын. Ағамыз Алаш арыстары жайлы та­лай тарихи деректер жатқан Таш­кент мұражайларында қазақ ғалым­дарының жұмыс істеуіне жол ашу мүмкіндіктеріне қол жеткізу мәсе­ле­сіне көп көңіл бөлді. Нәзір Төре­құловтың 100 жылдығына байла­ныс­ты, басқа да қазақ, өзбек қа­­лам­герлері, ғалымдары қатысқан ал­қалы жиындарды Ташкенттің Науайы есімімен аталатын бас кі­тапханасында ұйымдастырды.
Өзбекстанда біздің елдегі сияқ­ты халықтар Ассамблеясы құрылып, ұлттар мәселесіне саяси реңк беріл­меген. Жоғарыда айтқанымыз­дай, қай ұлт өкілдері болсын, тығыз қо­ныстанған жерлерде ұлттық мәдени орталықтар құрылған. Ташкентте ұлттық мәдени орталықтар үйі бар. Олардың өз театрларын ашуына мүмкіндік жасалған. Өз тілін, салт-дәстүрлерін сақтау, дамыту сол елде жасайтын әр ұлттың өз ішкі мә­селесі. Мемлекеттік мүддеге кел­генде бәріне қойылатын талап бір­дей. Мемлекеттік тіл – өзбек тілін еркін меңгеруге баршасы міндетті жә­не бұл әр ұлттың өз ерекшелік­те­рін сақтауына кедергі келтір­мейді.
Жиырма жылға таяу уақыт ішін­­де Қазақстан мен Өзбекстан ара­сында барша ақпараттық, әдеби, мә­дени, ғылыми байланыстар тоқ­тап қалғанын айттық. 1997 жылы Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шаханов Ташкентте негізін қалаған Орта Азия және Қазақстан халық­тары мәдениеттерінің ассамблеясы да сол құрылған күйі басы бүтін бір шаруа тындырмастан тынды да қалды…
Соңғы жылдары екі ел арасын­дағы саяси қарым-қатынас та ала-құла еді, соңғы кездердегі ауыс-күйістен кейін ресми Ташкент төрт тараппен мүлде жаңаша бай­ла­ныс­тар орнатуға кірісіп кетті. Әсі­ресе, қазақ және қырғыз елде­рімен ор­натқан дипломатиялық, саяси-экономикалық жобалар туысқан ел­дердің болашақ қатынастарының тамырына қан жүгіртетіні даусыз. Екі ел арасындағы достық қарым-қа­тынастардың өзгеше сапада жаң­ғырып жатқанын пайдаланып, сол бай­ланыстарды қайта тіктеу аса маңыз­ды мәселе екендігіне күмән бол­мауы керек.
2018 жыл – Өзбекстанның Қа­зақ­стандағы, 2019 жыл – Қазақ­стан­ның Өзбекстандағы жылы боп жариялануы көкейдегі көп мәселе­нің шешімін табарына жол ашуынан үміттіміз. Қалай десек те, біздің кін­дік қанымыз сол жақта тамды, ба­лалығым – Бируниде, еркелігім – Әмуде, сүрініп-қабынған, жайы­лып-тарылған тағдырымның сәт-сағаттары Тәшкеннің тамылжыған көшелерінде қалды. Ол да бір дәу­рен ғой! Құдайға тәубе, өзімнің тарихи Отаныма, ата-бабамның сүйе­гі жатқан ұлы мекен – Тәуелсіз Қазақ Еліне ерте-жарықта етек-жеңімді жинап, оралдым. Алматыға да, Астанаға да Шымкентке де, Қы­зылордаға да қазық қағып, қараша үйімді тігуге болатын еді, бірақ мен әр перзенті – дара ағаш, сүйетін бар Алаш, суы бал – Сарыағашты таң­да­дым. Асанқайғы атам секілді мен де Қазақстанның барлық жерін аралап келіп керуенімнің көшін ба­зары да, назары да албөтен, бере­кесі тарқамаған ғажайып жерге әке­ліп шөгердім. Құдайға шүкір, осы жерден ұрпақ өсіріп, немере сүйіп отырмын.
…Ал, шекараның арғы бетінде үш жүзге билік айтқан ұлы бабамыз Қарлығаш би атанған Төле ата­мыз­дың кесенесінің төбесі көзіме жиі кө­рінеді. Ал, көзімді жұмсам… тағ­дыры мен тарихы бөлек, қазақтың аяулы жезкиік перзенті Кәкімбек Салықов ұзақ жылдар басқарған Қа­рақалпақ елінде қалған төбе-дөң­дер түсіме жиі енеді де тұра­ды…

Мұрат БЕКЕЙ.
Сарыағаш.

Пікір қосу