Төле бидің төрелігіндей десек болар ма…

1
207 қаралды

(Сауытбек Абдрахмановтың мақаласына орай)

«Талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын» демекші, Әуезовті тану, әлі де ашылмаған сыр-сипатын зерттеп жария ету, ұрпаққа таныту – кезеңдік мәселе емес. Ол 120 немесе 150 жылмен өлшенетін нәрсе емес. Ол мәңгілік тақырып екенін бұрын да айттық. «Қазақ әдебиеті» газетіне рахмет! «120 жасы өтіп кетті» демей (он­дайды да естігенбіз) Әуезов туралы тың ойларды, тамаша есте­ліктерді толассыз жариялап келеді.

«Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» дегендей, әсіресе, Мұхаңның көзін көрген аға ұрпақтың айтарына елеңдеп отырамыз. «Пәлі, жарайсың бала, деп қолымды алдыдан» ары аспаған, ұлы жазушының адами, пендеуи сипаттарынан ары бармаған ағаларға да бір тағзым. Десек те, Мұхаңның қаламгерлік ше­бер­лігінің біз аңғара бермеген қыр-сырларын, жазушы ретіндегі талант, дарын құпиясын айта білген ағаларға алғысымыз шексіз. Сондай мақалалардың бірі емес-ау, бірегейі – көрнекті қаламгер Сауытбек Абдрахманов­тың «Өркениетті өшірмеген өнер» (2017 ж. №48 «Қазақ әдебиеті») атты мақаласы. Өз басым осы мақаланы оқығанда, қазына тауып алғандай қуандым. Өйткені, көкейдегі дөп басар жауап таба алмай жүрген сұрағыма жауап тапқандай болдым. Мен ғана емес, осы мақаланы зер салып оқыған талай «даукестер» төбе бидің төрелігіндей, Төле бидің кесіміндей тоқтамды үкімін еститін болар. Оған да тоқ­тамаса, ессіз есерлігі болар.
Айтайын дегенім – соңғы уақытты интер­нет­те, тіпті өмірде де Әуезов жайлы оңды-сол­ды салғыласқан қып-қызыл майдан бастал­ғалы қашан. Сондағы айтатындары:
– Абайды Абай еткен Әуезов пе әлде Әуезов­ті Әуезов еткен Абай ма?
– Әуезовті Әуезов еткен не?
– Әуезов Абайдан басқа біреуді (мысалы, Бұхар, Абылай, Кенесары, Махамбет, Жам­был) жазса да осындай даңққа жетер еді ғой.
– Е, онда басқа романы, мысалы, «Өскен өркен» неге осындай даңққа жетпеді, т.б. міне, осы тақылеттес.
Бір қызығы «мылтықсыз майдан» ғалам­тор­да ғана емес, қарапайым оқырман – жұрт­шы­лық арасында да жүріп жатыр. Мынандай оқиғаның тірі куәсі болдым. Бір қонақта осы мәселе сөз бола кетіп, екі қонақ дауласа-дауласа ақыры бір-бірінің жағасына жармасты. Бақсам, екеуінде де Абай мен Мұхтарға жана­шыр­лықтан гөрі рушылдық бәленің иісі аң­қитын сияқты. Осындай өрескелдіктерге сәл болса да тыйым болар ма деп, «Еркін тиді екен деп…» деген мақаламды «Жас алашқа» және интернетке де жібердім. Басқаларға басу айтсам да, өз ішімде де ылғи осы сұрақ жата­тын. Расымен де Әуезовті Әуезов еткен не? Егер ол басқа да дала феномендерінің бірін жазса, олар да Абай секілді әлемдік өлшемдегі тип бола алар ма еді? Менің айтайын дегенім – Құнанбайды тип жасау заңды. Өйткені ол сол замандағы ондаған тіпті жүздеген дала шонжарларының жиынтық бейнесі. Ал Абай жөнінде осылай айта аламыз ба? «Ондаған Абай­лардың» дей аламыз ба? Абайды типтен­діру үшін оған әлемдік өлшеммен ғана қарау керек. Бұл – басқа мәселе. Ал Абдрах­ман­ұлының мақаласынан мен көкейдегі көп сұ­раққа жауап тапқандай болдым. Танымал тұлға, қоғам қайраткерінің қыруар міндет­тері­мен қоса әдебиет әлемін де бір сәт көзінен та­са етпей, оның тыныс-тірлігін, нені қаузап, нені даулап жатқанын біліп, танып отырғанына риза болдым. Тіпті осы мақаланы да сол үшін жазғандай көрінді маған.
Болмаса бір «биікке» шығып алса болды, басқа ғаламшарда өмір сүріп жатқандай-ақ, «Қазақ әдебиеті» газеті әлі шыға ма осы? – деп керенау есінеп отырған ақсақалдарымыз да бар ғой. «Қазақ әдебиетінен» бастамаған, со­ның бауырынан өрмеген қаламгер бар ма өзі? Қайта соның тағдырына алаңдап, аман болса екен, жабылып қалмаса екен деудің ор­нына. Қайтеміз, «өзі болған қыз төркінін танымайды» ғой.
Хош, сонымен «Абай Әуезов жазған соң ғана Абай болды» дегендер Абдрахманұлы мақаласынан мынандай жауап табады:
– Бала Мұхтар басында билігі жоқ халық­тың қандайлық сорлы күйге түсетінін, басқа ел қатарлы дәулетті, сәулетті өмір сүре алмай­ты­нын, о баста бойына бітпеген сатқындық, на­мыссыздық, күншілдік, жағымпаздық дерті жұртты жаппай жайлап бара жатқанын Абай атасының өлеңдерінен оқып білді. Сондықтан да Әуезов басқалардан ерте, басқалардан те­рең толғанған ойшыл феномен болып қалып­тасты.
Демек, Әуезов кітапты жазбай тұрып-ақ оның бойына соншалықты кемеңгерлік, ой­шылдық, көреген суреткерлік, мәйекті, қы­шырлы, тұздықты тіл Абай арқылы қалып­тасып үлгерген. Абайды тану – Мұхтардың оған деген мәңгілік махаббатын, шексіз құрметін тудырды. Тағы да:
– Мұндай ұлы тұлғалар, ғаламат құ­бы­лыстар (көрдіңіз бе, Мұхтар мен Абайды автор ғаламат құбылыс деп отыр) табиғаттың, тарихтың, тағдырдың таң-тамаша қаларлықтай тоғысуымен ғана дүниеге келеді.
Сөз бар ма. Сіз табиғат дейсіз. Ал мен құ­дай­лық құбылыс дер ем. Ұлы Жаратушы
ек­еуін бір топырақта дүниеге келтіріп, бір жердің суын ішкізіп тұрғаны да тегін бе? Бі­рін-бірі ашсын, тапсын, танытсын дегені де… Осын­дай ұлы құбылысты рушылдықтың, жершілдіктің қаңсыған қалтақ таразысына сидырғысы келеді-ау пенделердің. Келесі, «Әуезовті Әуезов еткен не?» – деген сұраққа мақалада бірнеше тоқтамды, дәлелді жауап айтылады.
– Біріншіден, қазақ даласында мыңдаған жылдар бойында қалыптасқан алып ауқымды, алуан бояулы, дәстүрлі әлемнің құрдымға кеткендей драмалық тағдыры, сол алапат трагедияның керней түсуі. Жер бетінен, дүние дидарынан көшпенді өркениеттің біржола көшуі. Бір ұлттың, қазақ деген бақытсыз ха­лық­тың сараланған санасы, даналыққа толы дәстүрлері ай-апта арасында табанға тапталып, былғанып барады. Бұдан былай салтың-санаң тұрмақ халқыңның болу-болмауы екіталай. Біржола… Мәңгіге келмеске кеткелі тұр. Сол әлемді, қазақтың сол сал дәуренін, алтын ғасырын қалай сақтап қалуға болады? Тек сөз кестесімен, қағаз жүзінде ғана сақтап қалуға болатынын Әуезов әбден түсінді.
Иә, солай. Сондықтан екен ғой Абайды таң­дағаны. Күллі тағдыры бір халықтың ға­сыр­лық тарихына татитын кім бар еді ра­сында.
– Екіншіден, Әуезов «Абай жолы» арқылы қазақтың өзін қазаққа танытты. Өзін бұратана, тобыр, надан, сауатсыз сезініп, өзін-өзі қор санауға, құлдық психологияға үйрене бастаған қазақ «Абай жолынан» соң, өзін адамзат қоғамынан кемеліне келген толыққанды өкілі екенін сезініп, өзіне-өзі қайтадан құрметпен қарай бастады.
Тағы да соны пікір. Осыған дейін тек «Әуезов қазақты әлемге танытты» дегенді жиі қайталаумен келдік. Ал Әуезов қазақтың өзін-өзі тануына жол ашқанын айту көрегендік емей немене? Рас-ау, «Абай жолын» оқыған әр қазақтың жүрегінде «біз сахарада мал соңында жүрген жабайы тобырдың емес, бір кезде соншалықты ғажайып өркениеті болған елдің, салт-дәстүрлі текті халықтың ұрпағы екенбіз ғой» деген қуаныш, мақтаныш оянатыны сөзсіз. Қазір өзінің түп-тамыры дала екеніне, қазақ екеніне ұялатын әрбір жетесіз осыны түсінсе ғой.
– Үшіншіден, Әуезов қазақты әлемге танытты. Дала әлемі адамзаттың мәдени арсеналына тұңғыш рет терезесі тең күйде қосылды.
– Төртіншіден, Түркі әлемін танытты. Өзінің өлмес, өшпес эпопеясымен Әуезов адамзаттың көркемдік картасында бұрын-соңды болмаған құрлық – Түркі әлемін ашып берді. Түркі әлеміне деген әлем көзқарасы мен түсінігі төңкеріліп түсті. «Абай жолы» – тек қазақ емес, күллі көшпенділер мәдениетінің, күллі түркі халқының ғажайып панорамасы, ұлы картинасы.
Сонан соң осыған дейін бірде-бір сыншы-ғалым ескере қоймаған, ескерсе де біржақты түсініп келген бір жай бар. Ол – «әлдеқашан ел көшіп кеткен жұртқа кештетіп жеткен жолаушының күл астында сөнуге айналған әлсіз шоқты үрлеп жандырмақ болғанындай» дегенге тек әдеби-көркемдік тұрғыдан ғана қарап, кітап жазуға керек материал жинаудағы көнекөз куәлардың өшіп бара жатқан жадын айтады-ау деп ойлап келгеніміз. Сөйтсек Әуе­зов астарлауы әлдеқайда терең екен. Ол куә­лар­дың жады емес, сөнуге айналған дала өркениетін, көшпенділер мәдениетін айтқан екен.
Абдрахманұлы Американы ашпаса да, өзіне дейін ешкім ескере қоймаған, қалтарыс қалған, бірақ қажет сипаттарды ашып отыр. Мысалы, жылдар бойы мектепте де, жоғары оқу орнында да «Абай жолындағы» әйелдер бейнесін» оқытқанда тек Зере, Ұлжан бей­не­лері сөз етілетін де, Тоғжан бейнесі қалтарыста қала беретін. Ал, шынында, Абайдай адамзат­тың данасын өмір-бақи ғашық еткен Тоғжан­ның қай қасиеті? Тоғжан сипаты – сол дала мәдениеті, көшпенділер өркениетінің алтын ғасырымен бірге кеткен қазақ аруының си­па­ты. Соншалықты нәзік, сұлу, арлы да ақылды, сабырлы, сөзге де шешен дала аруы.
Егер Сауытбек Абдрахманұлы уақытын басқа салаға арнамай, Әуезовті бастан-аяқ қайта зерттеуге арнаса, Әуезовке қатысты осыған дейін айтылған талай сындар мен пікірлер «төңкеріліп» түсіп, әуезовтану әлемінде бұрын беймәлім 7-құрлық ашылар еді. Абдрахманұлына берілген атақ әбден лайықты екен. Сізге көп рахмет!..

Әмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
сыншы.

1 пікір

  1. Тобырлық сананың жеткен жері сол, оған ренжігенмен болмас. Бұған дейін сіз айтқан мәселелерді, Абай мен Əуезов ұлылығын танытқан əдебиеттанушыларымыз бар емес пе? Тегінде, таптаурын болған тақырыпты өзінше өрнекпен айта білу де өнер екені рас…

Пікір қосу