Қазақстан және АҚШ: Әріптестік нығаймақ

0
43 қаралды

16 қаңтар күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үш күндік сапармен Америка Құрама Штаттарына барды. Ресми сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сонымен қатар АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен кездесті. Қарсы алу рәсімінен соң, Қазақстан Президенті Н.Назарбаев қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Қазақстан мен АҚШ арасында қалыптасқан қаты­нас­тарға жоғары баға берген АҚШ Президенті Дональд Трамп: «Сіздің осында келгеніңізге қуаныш­тымын. Барша жұрт Сізге зор құрметпен қарайды. Екі ел арасында мықты қа­рым-қатынас жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағ­дайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау – зор мәртебе. Сіз еліңіз үшін шынында да іргелі істер атқардыңыз», – де­ді.
Нұсұлтан Назарбаев ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Дональд Трампқа алғыс айтып: «Сізді президенттік қызметіңіздің бір жылдығымен және экономикадағы зор жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына АҚШ-тың саяси қолдау көрсетуін біздің ел жоғары бағалайды. 26 жыл бойы Қазақстан АҚШ-пен достық қарым-қатынасты берік ұстанып келеді. Бүгінгі сапар сол серіктестіктің дәлелі болып саналады», – деді.
Бұдан кейін АҚШ Пре­зи­денті До­нальд Трамп екі ел ара­сындағы кеңейтілген страте­гиялық әріп­тес­тікті талқылау үшін Қазақстан Рес­публикасы­ның Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевты Ақ үйде қа­былдады.
Президенттер арасындағы әң­гіме бұдан әрі қорғаныс және қауіп­сіздік пен экономика са­ла­ларындағы ынтымақтастық жайын­да жалғасты.
Президент Д.Трамп 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің сайланған мүшесі ре­тінде Қазақстанның жаһандық көш­басшылығын атап өтіп, 1992 жы­лы ядролық арсеналынан бас тарт­қанын, химиялық қарудың таратылуы мен қол­да­нылуына жол бермеу шарасын қолдағанын жоғары бағалады. Екі ел бас­шылары Корей Халық Демо­кратиялық Республикасы­ның ядролық және зымырандық бағдарламалары мен жаппай қырып жою қаруларының заң­сыз таралуын айыптады. Со­нымен қатар, ядролық байыту тех­нологияларының таралу қау­пін азайтуға бағытталған
МА­ГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің Қазақстанда ашыл­уын құптады.
АҚШ-тың Оңтүстік Азия жө­ніндегі стратегиясын қолдауда Қазақстанның берік бейілдігіне ри­за болған АҚШ Президенті
Д.Трамп Ауғанстанға тұрақты ло­гистикалық жәрдем беру мен гу­манитарлық көмекті күшейтуге қос­қан үлесі үшін Президент
Н.Назарбаевқа ризашылық білдір­ді.
Кездесуде екі ел басшылары ау­ған еліндегі ел бас­шы­­лығының күш-жігері ар­қа­сын­да жүзеге асатын бейбіт про­цес қана Ауғанстанда тұрақтылық пен қауіпсіздік орната алатынын растады.
Сондай-ақ, осы кездесуде екі ел президенттері Сирияға қатыс­ты шиеленістің оң шешім табуы­на БҰҰ қолдауымен Женева бей­біт процесі аясындағы дипло­ма­тиялық бастамаларды құпта­ды.
Қазақстан мен АҚШ арасын­да­ғы қорғаныс және қауіпсіздік шаралары туралы келіссөзде екі көш­басшы ҚР Қорғаныс ми­нистр­лігі мен АҚШ Қорғаныс ми­нистрлігі арасындағы әскери ынтымақтастықтың төртінші бес­жылдық жоспарына қол қойыл­ғанын мәлімдеді. Және ин­тернет арқылы жасалатын электронды коммерция мен қыл­мысқа қарсы жаһандық ын­тымақтастыққа негіз болатын ки­берқылмыстар туралы кон­вен­цияға Қазақстанның қы­зығушылығын зерделеуге дайын екенін жеткізді.
Екі ел арасындағы эко­н­о­микалық ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына сенім біл­дір­ген кездесу барысында ҚР Пре­зи­денті Н.Назарбаев Қазақстан эко­номикасындағы АҚШ-тың же­текші инвестор екенін айы­рық­ша атап өтсе, Президент
Д.Трамп Қазақстанның әртарап­тандырылған экономиканы да­мыту жөніндегі өршіл жос­парын құптап, АҚШ қаржылық даму институттарының Қазақстанға инвестиция салуға мүдделі екенін айтты.
Сонымен қатар,
Н.Назарбаевты «Астана» халықаралық қаржы ор­­­­талығы орналасатын «ЕХРО -2017» көрмесінің табысты өтуімен құт­тық­тады.
Ресми сапар аясында ҚР Пре­зиденті Н.Назарбаев «Ше­телдік жеке инвестициялар жө­ніндегі корпорация» (OPIC) мем­лекттік агенттігінің пре­зи­денті Рэй Уошбернмен кездесіп, инвестиция саласындағы қа­ты­настарды арттырудың өзара тиім­ділігін атап өтті. Р. Уошберн өз кезегінде «ЭКСПО–2017» көр­­месінен алған әсерімен бөлі­сіп, Қазақстанның «Kazakh
Invest» компаниясымен ынты­мақтастыққа қол қойылатынын айтты.
Сонымен қатар, Мемлекет бас­шысы АҚШ-тың энергетика министрі Рик Перримен және АҚШ іскер топтар өкілдерімен кездесті.
Кездесуде Қазақстан
Пре­зи­денті – Америка Қазақстан эко­но­микасына салынған тіке­лей ин­вестициялардың көлемі бойын­ша екінші орында. Тәуел­сіздік жылдары ішінде сіздердің компанияларыңыз тарапынан Қа­зақстанға 50 миллиард дол­лар­дан астам инвестиция құйыл­ды. Өткен жылы екі ел арасын­дағы тауар айналымы 2 миллиард долларға жетті. Біздің елде энер­ге­тика, көлік, инновация, меди­ци­на және басқа да салаларда Аме­рика капиталының қатысуы­мен 500-ден аса компания табыс­ты жұмыс істеп келеді. Ірі се­рік­тес­теріміздің қатарында «Шев­­­­рон», «Эксон Мобил», «Дже­нерал Электрик», «Хэл­ли­бёртон» және басқа да компания­лар бар, дей келе елімізде АҚШ-ты қосқанда 62 елдің азаматтары үшін визасыз режим енгізілгенін, кәсіпкерлік саладағы заңна­малардың жетілгенін, экономи­калық, индустриялық аймақтарда қажетті инфрақұрылым мен жеңіл­діктер көзделгенін атап өтті.
Еліміздегі цифрлы техноло­гияларды дамытуға деген талпы­ныстар мен жасыл экономика, агроөнеркәсіп саласындағы қол­ға алынған іргелі істерді атап, АҚШ кәсіпкерлерін осы сала­ларда да бірлескен жобаларды жүзеге асыру ісіне шақырды.
АҚШ-тың іскер топтар өкіл­дері Қазақстанмен эко­номи­ка­лық ынтымақтастықты кеңейтуге зор қызығушылық танытты.
Сондай-ақ, Елбасының АҚШ-қа сапары барасында Мем­­лекеттік әуе кемелеріне аэро­навигациялық қызмет көр­сет­кені үшін ақы алмау туралы, ҚР аумағы арқылы өтетін ком­мерциялық теміржол транзитін қамтамасыз ету, халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы үкіметаралық келісім жасалды.
Ақорда таратқан мәліметке сәй­кес Президент Н.Назарбаев Ақ үйдегі кездесуден соң 18 қаң­тар күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сінде ядролық қарусыздану бойын­ша жиынға төрағалық етті. Ал 19-23 қаңтар аралығында АҚШ Конгресс Кітапханасы мен Нью-Йорк қаласындағы көпші­лік кітапханаға Қазақстан жайын­да кітап тапсырылып,
Қа­зақстан әдебиеті мен мәдениет орталығы ашылады деп жоспар­ланған. Оған Қазақстан Респуб­ликасының АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қазыханов, ҚР-ның Нью-Йорк қа­ласындағы Бас консулы Жәнібек Әбдірашев, АҚШ Конг­ресс Кітапханасы мен Нью-Йорк көпшілік кітапханасының Бас директоры Энтони Маркс қаты­са­ды деп күтілуде.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.