Жұмбақ жан

1
339 қаралды

Кемесіз ерлер кешер өткелменен,
Үстіне ұшқын түспес өрт келгенмен.
Төбені құдай баста биік қылған,
Кемітпес ешкім шауып кетпенменен!
Нартай ақын

Біреумен сырласқың келгенде тезірек ол адаммен кездесіп, тілдесуге асығасың. Санаңда сайраған сұрақтарға тек сол жан ғана жауап бере алатындай көрінетін кездер болады. Ал ол жан жалғанды сен келмей тұрып тәрк еткен болса онымен тілдесемін дегенің ақымақтық болар еді. Ара-тұра сіздің де көңіліңізде осындай бір тосын күй төбе көтере бастаса ешкімге тіс жармастан, ішіңізге бүгіңіз. Сол бір күй шыдатпай бара жатса оған себеп болған жанның өзіне барып сыр ақтарарсыз. Егер «ақымақ» болғыңыз келмесе. Тірілерге қарағанда өлілер сырға берік болады деседі. Әйтсе де біз «өлі» деп айтып отырғанымыздың өзі заты өлілер қауымында болғанымен, асылында мәңгі тірі адамдар екен. Тірілермен қатар, бақилықтардың арасынан біз тек солармен ғана сырласамыз…
Тәкен Әлімқұлов өзінің «Жұм­бақ жанында»: «Қыры қыруар, сыры қиын Абай өз тұсына ғана жұм­бақ болмай, осы заманға да сы­баға қалдырып кеткен… Өз за­ма­нынан озған ойшыл жан бола­шақ қауымнан дәмеленгенде, тілдің таңбасынан жүректің те­рең­дігін артық көреді. Тоқсан ауыз сөз­дің тобықтай түйінінің оңай та­былмайтынын сыршыл да шын­шыл бейнемен жеткізеді. Абай осындай…», – депті. Ал Тәкен қан­­дай еді?
Біз білетін, анығы шығар­ма­шылығы арқылы тануға тырысқан Тәкен Әлімқұлов көңілімізге өзі жақсы көретін тұмса табиғатының ауасындай таза, бұлағындай тұнық, сол табиғатта бұлқынып өскен тұлпардың көз жанарындай сыр­шыл да мұңлы кейіпте ұшырасты. Ол жазушылыққа өз ұлтының қа­сиетін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіріп кету үшін келгендей. Сон­дықтан да шығармаларында бірде ол бізге Махамбет болып мұң артса, бірде Тәттімбет болып күй тө­геді, ал бірде Ақан боп ашынып, ен­ді бірде Ықылас болып күңі­ре­неді. Тағы бір жерде оның туған жердің табиғатына деген кіршіксіз махаббатының белгісін Қараор­манның қақ төбесінде ұшып жүрген қаршығаның қанатынан байқап қаламыз. Қаратау етегінде жайылып жүрген жылқылар да көз алдымызға Тәкеннің арманын әкеледі. Қобыз бен домбырадан төгіліп жататын қоңыр саз да жазу­шының жанына маза тап­тырмаған көкірек күмбіріндей.
Тәкен Әлімқұловтың қазақ ұлт­тық өнеріндегі кесек тұлғалар жай­лы жазған әңгімелері мен та­рихи тақырыптағы шы­ғар­ма­лары­ның орны өз алдына бір төбе. Осы туындыларында ол ұлттық музыка, халықтық күй өнерін, қыс – қыс­тау, жаз – жайлаудағы қазақтың қа­нына әбден сіңіп кеткен мінезі мен сол мінезі барынша көрініс табар көкпар ойынының жанды бей­несін мүсіндеп кетіпті. Бәйгеге тү­сер тұлпардың сынын Жансү­гіров­тен кейін жеріне жеткізе су­реттеген де Тәкен болатын.
Ұлы суреткерді білетіндер оның өзі күй қасиетін терең се­зін­ген күйші болғандығын айтады. «Са­рыжайлау», «Көк қаршыға», «Қа­ра қобыз», «Телқоңыр», «Жиен­­дік» атты әңгімелері қалам­гер­дің халықтық күй өнеріне қой­ған ескерткіші.
«Сарыжайлау», «Көк қаршыға», «Қа­ра қобыз» әңгімелері бір-біріне ұқсас. Оларды ұқсастырып тұрған шы­ғарманың желісі емес, Тәттім­бет, Ақан мен Ықылас сынды та­рихи тұлғалардың тағдыр-талайы. Жазу­шы осы үш әңгімесінде даңқ­ты тұлғалардың көкірегінде бу­лы­ғып жатқан аңсары арқылы бүтін бір ұлттың тұншыққан арманын баян етеді.
Сарыжайлау – Қарқаралыны кие­лі домбырасымен тербеген Тәт­тімбет Қазанғапұлының жер ор­тасына келіп, қажыған сәтінде шы­ғарған шоқтығы биік күй тө­ресі. Мұндағы негізгі түйін – Са­ры­қыз бен Сарыжайлау. Бұл екеуі де Тәттімбеттің көзінен ұшқан ар­ма­ны. Өзі сүйген Сарықызға қо­сы­ла алмай кетсе, ал өмірінің ең ға­жап сәттері өткен Сарыжайлауды дуан­басы Құсбек ақ патшаның әс­керіне бекет керек деген же­леу­мен тартып алады. «…Енді бақса, қо­сыла алмай, арманды қылған Са­рықыз да, Сарықыздың күйігіне ар­налған қападар күй де сонау Са­рыжайлаудай мәңгілік емес екен».
Шау тарта бастаған шағында бел­гісіз дертке шалдыққанын бай­қа­ған Тәттімбет Қарашоқы-Қо­с­о­баның басына шығып алып, бі­р­ауық өткен өмірін көз алдына әке­леді. Бұл жерге ол серуен құру үшін ғана келмепті. Өзі туралы ел­дің айтқан ғайбат сөздерінен ау­лақтану үшін жанына сая із­де­генде тапқан мекені бала­лығының куә­сі болған осы төбе болатын. Ел-жұрттан аулақтанған Тәттімбет тіршілік қызығын армансыз кеш­кен жері Сарыжайлауды еске ал­ғанда қиялына қанат бітіп, шалқар ша­быты қайта оянғандай еді. Өмір-бақи арылмас қайғы-қасірет пен ішқұсталыққа душар еткен де сол Сарыжайлау болғанымен боз далаға деген сартап сағынышы күй­ші домбырасының қос шана­ғы­нан күмбірлей ағылып түсіпті. Тәт­тімбеттің «Сарыжайлауы» дү­ние­ге осылай келіпті.
Әңгіменің соңғы тұсына қарай Тәт­тімбет пен Тәкен көз алдымыз­ға бір адам боп елестейді. Бейне бір толғана-толғана таусылып бара жат­қан жазушы Тәттімбеттің сау­сақтарының арасынан сыңғырлай шыққан күй болып төгіліп кеткен­дей.
Жазушының Ақан сері өмі­рін­дегі жарқ етіп жанып-сөнген соң­ғы үмітін қаламына арқау еткен туын­дысы – «Көк қаршыға». Көк қа­р­шыға – өмірінің соңғы жыл­дары елсізге лаққан Ақан серінің ең соңғы арманы. Ел-жұрттан ау­лақ­танып жүрген серінің көзі шал­ған Көк қаршыға оның есіне баяғы Көк­жендетті түсіреді. Қайыру бер­мей, қашып кеткен Көкжендетіне арнап Ақан ән де шығарған. Сері­лік құрып, тіршіліктің бар қызы­ғын азаттыққа балаған Ақан үшін тағдырдың жіберген соңғы сыйы – Қараорманды паналаған жабайы қар­шыға еді. Сарыарқаның сансыз кө­лінен Қамысақтыны таңдаған се­рінің жанындағы жалғыз серігі – мылқау баласы Ыбан ғана. Құ­ла­гер, Қараторғай, Көкжетдеттен айы­рылған Ақан Көк қаршығаны көр­генде сөнген үміті қайта жан­ған­дай күй кешеді. Енді оның есіл-дерті қайткенде де Көк қар­шы­ғаны қолға түсіру. Ақанның есі­не Атығай-Қарауылға болыстық құ­рып, дәуірлеп тұрған төре Тінә қыс­та қонаққа шақырғанда оның он екі жасар шалдуар баласының қолынан көрген асыранды қазы түседі. Ақан сері елден аулақтанып, елсізді пана еткенімен одан ел-жұр­ты әсте аулақтанбапты. Бақса аты аңыз болып тараған серіні өнерді кие тұтқан халық әлі де пір санайды екен. Жолай жолыққан Шорақазы солардың бірі болатын. Ажары тайып, әбден қажыған Ақанды көргенде танымай қалған ол серінің кім екенін білгенде оған астындағы ақбозын беріп, өзі ағасы Шауқардың атына мінгеседі. Көк қаршығаны асықпай қолға түсірген Ақан оны қайыру бермей, қашып кеткен баяғы қаршы­ға­сының атымен «Көкжендет» деп атайды. Сайын дала төсінде Көк­жендетін қолға үйретіп жүріп, үзеңгіжолдасы Тінә бастаған бір топ кісіге жолығады. Көк қаршыға­ның тырнақалдысының қызығын бірге көруге бейіл танытқан оларға Ақан сері қарсылық білдірмеген. Бірақ ол Көк қаршығаның ажалы қарсы алдында тұрған болыс Тінә­дан боларын дәл осы кезде білген жоқ. Тінәға салса Атығай-Қа­рауыл­дың қаңғырып жүрген серісі Ақанды өз ауылына көшіріп алуға бар. Егер солай жасайтын болса күллі Орта жүзге атағы жайылар еді. Тінә мен аярлық ұғымы – егіз ұғым. Ол атағы аңыз боп тараған Ақанды жарылқағанымен, күні ертең оның ел-жұртын сүліктей со­рарын сұңғыла сері іштей пайым­дайды. Сол үшін де оның бұл ұсынысына көнбей қойған.
Ақан өткен өмірін ой елегінен өт­кізгенде жалпақ жұрты есіне тү­се­ді. Енді бірде кербез Ақтоқ­ты­ны ойлайды. Дүниенің құбылмалы еке­нін аңғарады. Сондай сәттерде оның жанына жалау болар жалғыз медет – саятшылық. «…Ақан ай­на­ға қарайды. Көңіл хошына қа­рай өзгеріп тұратын көзінің жа­нары қоюланып, ажары енгенін аңғарады. Сүйір сақалы да сүйкімді сыңайда. Әнеугі күнгі жүрекке тікендей қадалатын қисық-қыңыр ақ шаш мүлдем жоқ. «Уа, тоба! – дейді Ақан. – Жалғанның қызығы құс салу екен ғой. Қалай түлеп кеткенмін?!». Серінің бұл бақытын да Тінә болыс көп көргендей інісін жіберіп, қаршығаны сұратады. Ауылына ояз келгелі жатқанын, са­хараның қызығын оған көрсет­пек ләзімдігін айтады. Ұлыққа жа­­ғынуды ар санаған Ақан қаршы­ға­ны бермей жібереді. Бірақ бо­лыс­тың тілемсек інісі Қанафия қар­шығаны тұғырда тұрған жері­нен ұрлап әкетеді. Ал Ақан сері оның артынан барғанда Тінәнің үйін­де түтінге тұншығып өлген Көк қаршығаның үстінен түсерін дәл осы сәтте ойлаған жоқ еді.
Тәкен қаламынан туған Ықы­ластың күйі Тәттімбет пен Ақан күйі­нен әсте алшақ емес. Бұл үшеуі де старшын, болыстың оз­быр­лығынан ғазиз бастарының қа­дірі қашқан мұңлықтар. Бо-лыс­­тың өктемдігі Тәттімбетті мекенінен айырса, Ақанның соң-ғы қызығын көп көрді, ал Ықы-лас­тың ұлын ешбір себепсіз түрмеге тоғытты. Болыс біреу емес, үш түрлі аймақты уысында ұста­ған үшеу. Үшеу болғанымен олар да бір-бірінің аузынан түсіп қал­ғандай. Ақан ашынғанда: «Төре-қараға қор болған қайран елім-ай!», – деп көзінің жасы бірге шы­ғып еді. Ал Ықыластың кө­кі­ре­гіндегі запыран Қара қобызынан тө­гі­ліп, күңіренген күйге ұласып­ты.
Тәкеннің осы сарында жазыл­ған шығармалары оқырманға сон­шалық табиғи әсер сыйлайды. Оның күйшілері де табиғи. Тәт­тім­бет, Ықылас, Сүгірлердің еш­қан­дай нотасыз-ақ күй шығар­ға-нын бәріміз білгенімізбен, оның қалай өмірге келгенін санамызға сыйдыра аламыз деп айту екінің бірінің қолынан келмесі анық. Ал Тәкен киелі күйдің дүниеге келер тұсының әрбір сәтін, домбыра іше­гінен төгіліп жатқан әр ырғақты қарапайым оқырманға соншалық­ты шынайы суреттейді. Күйшінің көңіл түкпіріндегі қуаныш-қай­ғы­сын өз басынан өткізгендей әсерлі жеткізеді. Оның халықтық күйді қаншалықты жақсы көргені, жақ­сы көріп қана қоймай, терең тү­сін­гені шығармаларынан анық бай­қалады. Тәкен киелі күй өнері күйшінің көңіл-күйінен туатынын меңзейді. Күйдің нотасы күйшінің көкірегінде жазыларын осылай паш етеді.
Тәкен күйді қаншалық жақсы көр­се, жылқыны да соншалық жақ­­сы көрген. «Көкпар», «Тұл­пар­дың тағдыры», «Телқоңыр», та­ғы да басқа әңгімелері осыған дәлел. Бұл үш әңгімеге де ортақ тұс бар. Мұнда оқырман күйші тағ­ды­ры­нан бөлек, жылқы тағдырына куә болады.
Иесінің білместігінен мертігіп өлген Торалаяқтың жайы «Тұл­пар­дың тағдырында» суреттелген. Қа­ратаудың теріскейіндегі кірме Ма­қының дүбірлі тойына келген Әжібек жүйрік тұлпарынан дәл осы жиында айырыламын деп ойла­ған жоқ еді. Ал Торалаяқтың мерт болуына бәсекелесі Тілештің де септігі тиері үш ұйықтаса түсіне кір­меген. Аттың жайын Әжібекке қарағанда жақсырақ білетін Тілеш­ке Торалаяқтай жүйрік тұл­пардың тағдыры оншалық маңыз­ды емес. Ол үшін өз жүйрігі Көк­қасқаның бірінші болып келгені тиімді. Сол үшін де ол той иесі Ма­қыға «аттарды шамасыз алысқа ай­даймыз» дегізіп, қиянатқа бар­ды. Жарыстың ұзаққа созыларына сеніп қалған Әжібек Торалаяқты өз қолымен жарға жықты. Өзі ұзақ­­тан шауып оралған атты қа­пы­рық тамға қамап, мертіктіріп өл­тірді. «…Әжібек Торалаяқтың ба­сын кесіп әкеле жатты. Өзіне са­ғын­ышты сезім болмаса да, әл­де­кімдерден естігеніне еліктеген еді. Көкқасқа тіксіне қарап, ар­тын­ша кісінеп қоя берді. Тілештің тұла бойы шымырлап кетті».
«Телқоңырдағы» құрбандыққа ша­лынған қызыл құлынның тағ­дыры да осыған ұқсас. Сайып кел­­­­генде, екеуінің мерт болуына се­беп болған – білместік. Жылқы­ның басқа жануарлардан айырма­шы­лығы – бабында. Оған да сәбидің күтіміндей күтім керектігін аттың жайын білетіндер айтып жатады. Ал қызыл құлынның құр­бан болуына Сүгір күйшінің біл­мес­тігі себеп болған еді. Ол әкесі са­парлап кеткенде қонаққа екі құлынның бірі – қызыл құлынды қиды. Қоңыр құлынның сынын өзінше жоғары бағалаған ол қызыл құлынның қасиетін түсінбей, обал қылған болатын. Әкесі сапардан орал­ған соң ұлының қателігіне сан соғады.
Қызыл құлынның тағдырына шын күйінген – енесі көк бие мен егіз­дей қатар өскен қоңыр құлын. Се­рігінен айырылып, жүдей бас­та­ған қоңыр құлынды көк биеге те­лігенде әуелде оны жатырқаған жануар Сүгірдің домбырасынан тө­гілген күй әуенінен кейін барып қа­на иеді. Бұл Тәкеннің күй құді­ре­ті мен жылқы тағдырын ұштас­ты­рып жазған әңгімесі. Екі биені тел емген қоңыр құлынды аяған Сү­гір күйші «Телқоңырын» өмірге осылай әкелген-ді.
«Көкпар» әңгімесінде де айқын көзге көрінбегенімен, көкпар соңын­да тұяғы тышқанның ініне кіріп мерт болған торы дөненнің тағдыры оқырманның көңіліне аяныш сезімін ұялатады. Көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ қа­зақ еместей. Елге білдіртпегенімен, Тарбан да сол көп қазақтың бірі. Ол бірақ көкпардан қорқады. Қан­ша қорыққанымен, көкпарда өл­ген әкесіндей шабандоз болмаға­ны­на іштей өкінеді. Қызыл аңсап отыр­ған балаларының тамағын тойдыру үшін көк серкені пышаққа іліп жатып, оның аңсары басқа жаққа ауа береді. Ғұмырында көк­пар ұстап көрмеген Тарбан көк серкенің сирағын кесіп, торы дөненге өңгеріп, оңашада көкпар тартқысы келген. Дала халқының даладай мінезіне оқырман осы әң­гімеде тағы да бір рет куә бола­ды. Алдына өңгерілген көк серкені кез келген аттылының көзі шалса көк­пар қылып кетерін Тарбан бұл кезде ойлаған жоқ. Оның өзі де көкпарға қызыққандығы сонша, ал­дындағы көк серкеге қарап, ат үс­тінде насаттанумен болды. Қар­сы алдынан шыққан екі аттылыны да елемейтін еді егер әлгілер мұ­ның тақымындағы көк серкеге жа­быса жөнелмегенінде. Ауыл ішін­де осылайша ойламаған жер­ден көкпар тартыс басталады. Та­қы­мындағы көк серкеден айыры­лып қалуы Тарбанның көкпарға епсіздігінен еді. Әрі бір де бір рет көкпар тартып көрмеген ол үшін мына тосын жағдай бірте-бірте желікке айнала бастаған. Соңында көк серкені қайтсе де қайта қолға тү­сіріп, үйіне жеткізу үшін астын­да­ғы жүйрік атын Әмірбекке бере­ді. Көкпарда оза шауып келе жа­т­қан торы дөнен оқыстан мерт бол­ғанда Әмірбек өзінің бурыл бес­тісін Тарбанға мінгізеді. Ал үйі­не қайтар жолда «ер-тұрманын өң­геріп келе жатқан Тарбанның құлағына кешкі ауада әлдеқайдан жұлқысқан шабандоздардың дауы­сы естіліп жатты. Тарбанның көңі­ліне қызығу, жабығу сезімі қатар ұялады…».
Тәкен Әлімқұловтың сайын да­ла төсін мекен еткен қазақтың қа­сиеті мен қасіретін паш еткен шоқ­тығы биік әңгімелерінің қата­рына «Қараой» мен «Қаралы қы­зық­ты» еркін жатқызар едік. Қа­раой – Исатайдан айырылған Махамбет батырдың пана тұтқан соңғы мекені. Оның жанына медет тұ­тар ендігі сенері – ел көзінен та­са­дағы құла түз. Осы жерді сая­ла­ған жалғыз үй – Махамбеттің қа­ра шаңырағы. Халыққа бас бо­лып үйренген ол халықтан бөлініп кеткісі келмейді. Сол үшін де бейіл­дес елмен астарластырушы боп жүр­ген Ықыласқа үміт артады. Жаңаберген би мен бір топ қараны Махамбет шаңырағына бастап келген Ықылас өзімен бірге сұм ажалды да әкеле жатқанын хас ба­тыр білген жоқ. Ал әрбір еңісінде та­лай-талай аңызды бүркемелеп жат­қан Қараой жазығы болса Ықыластың сатқындығын әсте жа­сырып қалмапты.
Жазушының «Қаралы қызығы» да аты айтып тұрғандай траге­дия­лық желіге құрылған әңгіме. Бірақ ол жердегі трагедияның өзі қазақ­тың намысқа қаншалық берік халық екенін дәлелдейді. Оқиға фер­ма меңгерушісі Мітісбектің ба­ласының дүниеге келуіне орай бер­ген көкпарда орын алады. Мітісбектің онша ұнатпайтын ада­мы – Керімберді. Әкесін арыз жа­зып ұстатып жіберген Керімбер­ді бейнесі сол кездегі он жасар ба­ла­ның санасында біржола сақта­лып қалған. Оның көңіліндегі осы бір кек көкпарда шығады. Сандал­көктей жүйрікпен көкпарды үйіне алып қашқан Керімбердінің он үш жасар ұлы Бортай болатын. Берген көкпарының қызығын қашырғанға ызаланған Мітісбек әкесіндей Керімбердіні қамшымен сабайды. Ел-жұртқа масқара болғанына шыдай алмаған Керімберді сол түні-ақ намыстан көз жұмады.
Тәкен Әлімқұлов шығарма­шы­лығына үңіле қараған оқырман қаламгер кейіпкерлерінің өмірдің өзі­нен алынғанын байқар еді. Сон­дықтан да оның туындылары өмір­дің өзіндей шынайы, өнердің өзін­дей таза иірімдерімен ден қой­ған оқушысын одан әрі баурай тү­седі.

***
«Кем талант – мүмкіндігінше, шын талант – қалағанынша жаза­ды», – депті Асқар Сүлейменов. Жазу­­шының «Ақбоз ат» рома­нын­да әрбір жерден бой көрсетіп қа­лар публицистикасы кейінгі, әсі­ре­се, өнер мен қазақы тақырып­тарда жазылған шығармаларында бай­қал­майды. Бұл туындылар, бәлкім, қазақтың салт-санасы мен өнерін же­тік білген, сүйген, сүйсінген су­рет­кердің жүрегінен төгіліп жа­та­тындығынан болса керек. Құдай дарытқан туа бітті дарыны да оған қазақ­тың мінезі мен өнерін терең­нен толғауға мүмкіндік беріпті.

***
«Көркем әдебиет деген – ең әуелі жанды сөз, тек қана сыртқы емес, ішкі сөз. Адам жанын қозғай алар құдірет болмаса, төрт аяғын тең басқан өлеңнен де, сағымдай құлпырған қара сөзден де пайда жоқ», – депті Ғабит Мүсірепов. Тә­кен сөзге сүйінгеннен гөрі сыйы­нып қараған жазушы. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері» жайында әдеби сын тұрғысынан әділ сөзін айтқан да осы Тәкен Әлімқұлов болатын. Бұл сана­мыз­дың төріне аңыз боп орнаған қос тұлғаны тұғырынан әсте аласарт­пап­ты. Тиісінше, сөзге соншалық­ты кірпияздықпен қараған заңғар жазушының да ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғаса берер өз аңызы барын көр­­сетсе керек.

Нұрлыайым Батыр.

1 пікір

  1. Т.Әлімқұлов — шын талант, қалағанынша жазды. Жазушының қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар жайындағы әңгімелерінің өзі бір әлем, қазақ руханиятының баға жетпес байлығы. Күні кешегі кеңестік қоғам қазақ халқын мәңгүрттендіру жолына итермелеп, алдап-арбап алып бара жатқан кездің өзінде өткен тарихтың ұлы тұлғаларының ғажайып образын суреттеу арқылы сананы селт еткізіп отырған тұлғаға тағзым. Халқым қалғып кетпесін деп қалам ұстаған тұлғаның туғанына да жүз жыл толыпты.

Пікір қосу