Алтын сүзген Әмірқұл…
12.01.2018
3304
2

Қазақ тарихында алтын туралы көп жазылды.
Ат басындай алтынмен саудаласқан әңгімені Абылай хан заманындағы жазбалардан білеміз. Терең қылып жер қазған әр адамда алтын тауып қалам-ау деген дәме болатыны рас шығар?! Қазақ хандығы тұсындағы алтын саудасы – үлкен зерттеуді қажет ететін тақырып.

Біз бертіндегі ашаршылық, одан кейінгі соғыс жылдарындағы қазақтардың арасынан алтын өндірісін меңгеріп, ел есінде қал­ған «дала геологы» – Әмірқұл ақ­­­сақал туралы айтпақпыз… Байынқол – Орталық Тянь-Ша­ньнің ең үлкен және ұзын сайы. Ол Хантәңірі шыңынан бастау алып, сонау Қаратоған ауылына дейін алпыс шақырымды құрай­ды. Міне, осы Аспантау етегіндегі Байынқол өзенінің арынды ағы­сы алтынды құшағына қысқандай жа­татын. О кезде ел дүбірлі еді. Қа­лың жұрт 1916 жылы арғы бет­ке, яғни Қытайға өткен-ді. Елдегі Алаш жұрты 1932 жылғы ашар­шы­лықтан аман қалса да, тігерге тұя­ғы жоқ, жанбағыс көзіне ай­налған малынан айырылған еді. Жаз мезгілінде еңбекке жарамды де­лінген адамдар отбасымен Байын­қолға көшіп барып, өзен­нен алтын сүзетін. Әмірқұл Бүр­лі­баев та отбасын асырау мақ­са­тында Байынқолдан көшіп ба­ра­ды. Сөйтіп, ел таңның аты­сы­мен-ақ алтын шаю үшін өзен жа­ғалап кететін. Түс кезінде өзен­де жұмыс істеу мүмкін емес-тін. Күн жылынып, таулардағы мұз­дықтар еріп, асау Байынқол өзе­ні арнасынан асып кетуші еді. Ба­ла-шаға, еркек-әйел демей, күн­дегі қайталанатын іс-әрекет ал­тын шаю болса да, еркек атау­лысының ас-ауқат қамымен – тау-тас, орман-тоғайды аралау, аң­ға шығу күнделікті әдеті. О кез­дегі Байынқолда таутеке, арқар, елік, марал дегеніңіз көп болатын. Мыл­тық асынып, ертелі-кеш биік құзарларда аң аулап, сауық са­лып жүретін еркектерде уақыт қай­дан болсын?! Күндегі қайтала­натын жұмыс – өзеннен алтын шайып, өкіметке өткізу. Сол үшін аң­шылыққа ебі бар жігіттер мыл­тық асынып, тау-тас аралап жүр­генше елік, таутекелерге қақпан құру – уақыт жағынан пайдалы іс. Әмірқұл ағамыз – аңға икемі бар, тау-таста еркін жүретін, мер­гендігі елге мәлім кісі. Жыңғыл, аршасы жоқ күнгей беттегі қара құзға қақпан құрады. Құрылған қақ­панға таутеке ме, әлде елік пе, тіпті арқар түсе ме, әйтеуір не түс­се де, бала-шағаға ырыздығы еді. Әмірқұл ақсақал қырықтан асса да, жас жігіттей қия бетке жа­зықта жүргендей еркін шыға­тынға ұқсайды. Ол жанындағы жас серіктестен біраз озып кетеді. Кеше құрған қақпанына асығып бара жатқаны түсінікті. Қақпан­да­ғы олжаны бірінші боп көріп, тезірек үйге алып қайту керек. Ол кезде қақпандағы олжаға асық­қанымен, болашақ ұрпаққа ырыс боларын, миллиондап табыс алып келетінін Әмірқұл бабамыз біл­меген еді. Екеуі ентігіп құз асып барғанда, аң түспек түгілі, қақпанның орнын сипап қалады. Аңшы олжа болар аң етіне емес, сайманын жоғалтқанына қын­жылады. Бірақ, қақпан аңды қап­қаны белгілі… Оның қазығы әлсіз бе екен, бәлки оған түскен аң өте мықты болған шығар, әй­теуір оны түп-орнымен сүйреп кетіпті. Әмірқұл аңшы серігіне: «Олжасы құрып кетсін, қақпанды тауып алайық!» – деп іздеуге кірі­седі. Қорым тастардан із арқылы іздеу мүмкін емес. Себебі, ізі қалатындай қара топырақ емес, таудан аққан кесек тастардан ешбір белгі байқалмады. Бұл кесек-кесек тастардан қос аңшы сырғып кете жаздап, әупірімдеп бір беткейді бағындырады. Жауын-шашын секілді түрлі жағ­дайлардан (геологияда бұны эрозия және коррозиялық про­цесс дейді) таулар мүжіліп, әлгі тастар өзекпен төмен қарай ағып­ты. Таудан домалаған тастардан сүрініп-қабынып әрең келе жат­қанда Әмірқұл Бүрлібаев көлемі қазақ үйдей көк тасты көреді. Түбі көктемде еріген қар мен мұз­дан, кейін жаңбыр суы топырағын езіп жібергенін байқайды. Өзен­нен алтын шайып, сары тасқа көзі үйренген әккі маман Әмірқұл атамыз көк тасқа жақындап еді, ке­лесі беті сап-сары, кей жері жыл­тыраған, бұрын көрмеген та­сы екен. Оқу оқып, білім жи­ма­са да дала тарланы – Әмірқұл бұның бекер дүние емес екенін сезеді. Тез арада Октябрь совхо­зын­дағы (қазіргі Нарынқол ауы­лы) Өкімет өкілдеріне хабар бе­реді. Содан, Мәскеуден келген са­қа маман зерттеу нәтижесі бойын­ша Ә.Бүрлібаев тапқан көк тас – диабаз, ал ішкі сары тас – кәдімгі алтын алатын пиритті кварц екенін айғақтайды. Өкімет шұғыл түрде геологиялық экспе­диция құрып, сол қия бетке бар­лау жасатады. Нарынқолдың оқы­маған қазағы – Әмірқұл тап­қан тастың түп-тамыры, бүгін­дері дүрілдеп тұрған «Жарқұлақ кварцты» алтын кені еді!..
1938 жылы табылған бұл кен қыр­қыншы жылдардан бастап өн­діріс орнына айналады. Сұра­пыл соғыс басталғанда, кен зерт­теп, жер қазушылардың жұмысы қыза түсті. Себебі, соғысқа мол қар­жы-қаражат қажет боп, Жо­ғарыдан жұмысты үдеткен үстіне, үдете түсу тапсырмасы беріледі. Сөйтіп, Әмірқұл ағамыз сол шах­таға жауапты маман боп сайла­нады. Соғысқа барғысы келме­гендер осы Жарқұлақ кен орнына жұмысқа броньмен қабылданып, бір ажалдан аман қалған екен. Сол кезде үлкендер: «Әмірқұл алтын таппағанда соғысқа кетіп, өліп кетуші едік!..», – деп те ай­тып отыратын. Бердібек Соқ­пақ­баевтың «Өлгендер қайтып келмейді» повесінде осы Жар­құлақ кені жан-жақты суреттеледі. Жазушы кәмелет жасына толмай жатып таудан қаппен кен тасы­ғаны туралы жазған еді.
Міне, оқымаса да қиын-қыс­тау заманда елге де, Отанына да жәрдемі тиген осындай асылда­ры­мыз болған. Қырқыншы жыл­дары басталған алтын өндірісі тың игеруге дейін, яғни 1954 жыл­ға дейін жалғасты. Тау-кен са­ласы дамымай тұрғанда, қол­мен қазып, таудың құзар басында бақандай он бес жыл жұмыс істеу қиынның қиыны екені анық. Елу бесінші жылдан бастап, тоқ­са­ныншы жылға дейін бұл алтын кеніне ешкім тиіспеген еді. Баяғы бір ізбен жүріп, қазған жолды кейін бульдозермен кеңейтіп, кө­лемді жол салынады. Одан бері де тау-кен саласымен айналыса­тын мекемелер алтынын қазып күнін көрді. Соңғы жылдары қа­зақ кәсіпкерлері өз иелігіне алып, заманауи жолмен алтын өндіру­де…
Айтпағымыз – игілігіне жара­тып отырған компанияның осы алтын кені қалай табылды, кім бірін­ші боп ашты деген сауалдарға жауап іздесе. Заң бойынша «бірін­ші ашқан» деген атқа ие бол­масы белгілі, әрине. Десек те, кен орынды тапқан адам ретінде, оған сыйақы тағайындалуына да болар еді. Біз Әмірқұл ақсақалдың ұрпақтарымен кеңесе келе осын­дай тарихи еңбектің бар еке­ніне көзіміз жетті. Ұрпақтары алтын сұрамаса да, сол алтын шыққан үшінші штольныйға (шахта) Әмір­құл Бүрлібаевтың аты берілсе деп армандайды. Осынау адал азаматтар қара күш пен маң­дай тердің арқасында артына қан­­шама байлық қалдырып үлгерді! Солардың қадір-қасие­тіне жетсек қой, шіркін!..

Ерқанат ТӘУКЕБАЙ,
гео­лог.

Алматы облысы,
Райымбек ауданы,
Сарыбастау ауылы.

ПІКІРЛЕР2
Мақсат 12.01.2018 | 22:18

Ассалаумағалейкүм Ереке геолог деп жүрсек,азулы журналист екенсізғой жарайсың 👍👍👍

Аноним 17.06.2021 | 22:39

Қазір сол алтын кен игерілмей қалды ма не болды?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір