МӨҢКЕ БИ – МҰҒАЛЖАРДА
12.01.2018
5521
2

Ала шұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Әйелі базаршы болады,
Еркегі қазаншы болады, – деп туған хал­қының келешегінің қамын жеп, қауіп ойлаған Мөңке бидің айтып кеткеніне даукес біреу бол­маса ешкім дау айта алмас. Тілдің шұбар­лығы шырқау шегіне жетіп, енді соны түзеудің қамындамыз. Есік-терезені ашып тастап, қап­таған секталар көш түйенің бұйдасына жар­масып, солармен арпалысып жүрміз. Еркек нәсіпті сырттан табушы еді, қатын соны қазан басында ұқсатушы еді, кері кетті. Базаршы қатын – бас, үйкүшік иттей табалдырықты торыған еркек кәкпір ұстап жүр.
Осыны айтқан Мөңке би – Алтын Орда за­манының батыры, Ұлы би Едігенің ұрпағы. Едігеден Нұриддин, онан Уақас, онан Мұсахан, онан Сирақ, онан Қалу, онан Бөлек, онан Айт, онан Тілеу, Тілеуден Мөңке би.
Ұлы тұлғаға әркімнің-ақ бар таласы. Әр­кім-ақ осындай тұлға өз елінен, өзінің топыра­ғынан болса екен дейді. (Қаламы жеткенше қаралап келген орыстар енді Шыңғыс ханды «Чингиз хан славянского происхождение» деп жазғанын оқыдым). Даулы тұлғаның бірі – Едіге батыр. Ақтөбе облысының жерінде Едіге салдырған үйдің орны бар дегенді оқып та, естіп те қалып жүрдік. Сөйтіп жүргенде «Едіге­нің мәңгілік мекені Ақтөбе жақта екен» деген де сөз шықты. Сөйтіп жүргенде «жоқ, Едігенің сүйегі Маңғыстау жақта екен. Моласы, қабірі табылды» деп жазды өткен жолы газеттер. «Жә» дедік. Едігенің бір баласының сол Маң­ғыс­тауда, не Ақтөбе жақта жерленуі әбден мүмкін ғой. «Едігенің пәлен баласының бейіті» деген сөз уақыт өте баласының есімі ұмыт болып «Едігенің бейіті» болып шыға келуін ескермейміз де. Патшаның озбыр отарлық сая­саты, қызыл империяның есті тандырған, жадыны әбден сөндірген амалдарынан кейін енді ғана Тәуелсіздікке қол жетіп, енді ғана өз тарихын, ата-бабасын іздей бастаған жұрт өткенді соқыр сипалап, болжамға да әбден беріліп, талай қателікке барып жатыр. Бүгін­гінің көбі дәлелсіз болжам.
Дұрысын Шоқан Уәлиханов жазып кеткен еді. Академик А.И.Шренкпен бірге болған са­парында Шоқан Уәлиханов: «Ұлытау шыңдарының бірінен маңғыт ордасының негізін салушы Едігенің моласын таптық. Оның моласы – тас үйіндісі. Оның құзыры өзі орналасқан тау қиясының биіктігімен сәтті ұштасып тұр», – деп жазған.
Қазақтың түгел сөзін түп-төркініне жеткізе зерттеген Мәшһүр Жүсіп те Едіге батырдың мүр­де­сі Ұлытаудың шыңына қойылғанын жазған.
Жақсының атағы кетіп, азабы қалар,
Әулиенің әруағы кетіп, мазары қалар, – де­ген екен Мөңке би «Азарсың, жұртым азарсың» деген жырында. Жақсының атын ұмыттырып әруақты қуған заман болды ғой. Мөңке бидің мәңгілік орнын дәл таппағанымыз да сол сұр­қия заман амалының зардабы болар. Дегенмен де… Осы жазғытұрым ақтөбелік Ермек Қарт­жа­нов атты азамат маған телефон соғып, Мөңке бидің Ақтөбе өңірінің топырағында жатқанын жеткізген еді. Жалаң сөз болмасын деп өзім де басқа жұрттан сұрастырып көрдім. Тағы да телефон шалған Ермек Қанат Айтанов деген азаматта нақтырақ дерек барына тоқтал­ды. Қанат:
– Иә, Мөңке бидің көктасы болған, – де­ген­ді кесіп айтты да, бұл туралы қазір жетпіске жақындап қалған Ырысты Қоспанова деген кісімен тілдесуімді ұсынды. Менімен тілдескен Ырыстының сөзі де ширақ, ойы да анық екені көрініп тұрды. Ырысты осы шаңыраққа 1977 жылы келін болып түсіпті. Атасы Байділла өмір бойы қой баққан адам екен. «Тың» дедік, басқа дедік, қазақ даласының құйқасын быт-шыт жыртқан заман болған. Соқаның түреніне кедергі болса қазақтың моласын да айғыздап кете берген тұс. Байділла бірде жыртылған жер­ден үшке бөлініп жатқан тасты тауып, біріне-бірін қиыстырып қараса молаға қойған көктас болып шықты. Бетінде «Мөңке би» де­ген жазу анық оқылған. «Тың» игерушінің соқасы тиіп қираған Мөңке бидің көктасының тарихы мұнымен бітпеген. Гранит тастан істел­ген көктасқа біреулердің көзі түскен. Көрші Көк­пектіде тұратын біреулер келіп, қол диір­мен жасаймыз деп көктасты алып кетіпті. Сөйтіп Мұғалжар ауданының Қожасай деген жерінде үш ғасыр тұрған көктас әлдебіреудің қо­лында кетіпті. Патша заманында Ш.Уәли­хановтың басына қойылған көктасты да біреу диірмен жасауға алған ғой.
Байділла ақсақал осы әңгімені үйіне кел­ген­дерге үнемі айтып отырады екен. «Әсіресе, осы жағдайды ауылдасы Бәдел деген кісі қайта-қайта сұрастырып отырушы еді», – дейді Ырысты Қоспанова. Атасы Байділла 88 жасқа келіп, 1997 жылы дүниеден озыпты. «Бұл туралы кезінде аудандық газет жазған еді», – дейді Ырысты.
Заманның дауылы қанша қатты болса да әулие Мөңке бидің жатқан жерін ел жадынан өшіре алмапты. Сонау Шалқар жағынан кел­ген Күләй есімді кісі Мөңке бидің басына көк­тас қойып кетіпті. Көңілді бәрібір бір сұрақ мазалайды: Көктасты Көкпектіден іздер ме еді? Біреудің шарбағының ішінде не диірмен болып, не бөлек-бөлек жатпасына кім ке­піл?!
Жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар.
Балалары жетім болар,
Әйелдері жесір болар, – деп кеткен екен әу­лие Мөңке би.
Мөңке би көрген жетімі мен жесірі жоқ сол за­ман біз үшін аңыздай. Есімі де аңыз боп жат­қан Мөңке бидің мәңгілік орны да Мұғалжар ауданының Қожасай деген жері екен.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,
жазушы.

ПІКІРЛЕР2
Бөрібай КӘРТЕН 11.10.2018 | 13:24

Мөңке бидің Қожасайда жерленгенін Бәдір Нұғыманов деген ақсақал бізге баяндап берген еді. Сол деректі «Ақтөбе» газетіне «Мөңке би Қожасайда жерленген бе?» деген атаумен жариялап едік…

Жұма-Назар Асанов 05.12.2018 | 08:45

Бұл Кәмел білгіш болса, мықты болса Едігенің обасына неге археологиялық қазба жұмысын жүргізуді ұйымдастырмайды? Әлде, Едіге археологиялық қазба жұмысын жүргізіп, тексеруге татымайтын тұлға ма?
Ал, Ұлытаудағы «Едігенің обасына» келсек, Шоқан: «На вершине этого утеса есть курган, сложенный из плитняка и бута; курган этот, имеющий форму всех оба (по-монгольски-обо) т.е. курганов, воздвигнутых в честь и воспоминание падших или умерших героев, называется Идыгенен обасы; самая гора называется просто Идыге» — дейді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір