Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің тіл шеберлігі

0
74 қаралды

Мұқағали тілге шебер ақын. Оның өлеңдерінің тілі жеңіл, көңілге қонымды, әрі қарапайым. Мұқағали қолданған сөздер мен сөз тіркестерінің мағыналары, қызметтері бір-бірімен жымдасып, біртұтас күйге енеді. Мүмкін сондықтан болар, ақынның өлеңдері өздерінің көркемділігімен, бейнелілігімен, мағына дәлдігімен және эстетикалық жағынан әсерлілігімен ерекшеленіп тұрады.

Мысалға, оның мына бір шумағына көңіл аударалық:
Қарасаздың шыбығын жел тербеген,
Жел тербеген шыбықты мен тербегем.
Ойласамшы сол шыбық терек болып,
Өзегімді бір кезде өртер деген (3,156).
Немесе:
Есіңде ме? Екеуміз де елде едік.
Екеуміз де жоқ нәрсеге шөлдедік.
Ағайынның айтқанына көнбедік.
Ойлап тұрсам, жасаппыз ғой пенделік.
Нені көрдік?! Не бітіріп жөндедік (3,208).
Ол қандай тақырыпқа өлең жазса да, оны қиюын тауып, қисынын келтіріп, жұп-жұмыр етіп шығарады. Біздің ойымызша, оның бірден-бір себебі – ақын әр уақыт өз ойын түсінікті етіп дәл жеткізуге ұмтылады. Бұл аздық етіп жатса, түрлі көріктеуші құралдарды пайдалану арқылы ойын одан да гөрі бейнелі түрде беруге күш жұмсайды. Өйткені, өлең (поэзия) көп ойды аз сөзбен көрікті етіп жеткізудің көрнекті үлгісі.
Ақиық ақын Мұқағалидың бүкіл қыр-сырын жайып салып, оның тіл шеберлігін сөз ету, әрине, оңай шаруа емес. Ол үшін ақынның тіл шеберлігі туралы арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілуге тиісті. Бұл мақалада мен ақынның бірлі-жарым тілдік ерек­шеліктері туралы ғана сөз етпекшімін.
Жай көзбен қарағанда өлең – сөздер мен сөз тіркестерінің қарапайым жиынтығы тәрізді болып көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес. Кез келген сөздер мен сөз тіркестерінің бірлігі өлең бола алмайды. Белгілі бір ма­ғынадағы, белгілі бір поэтикалық қызмет атқаратын бейнелі сөздер мен сөз тіркес­терінің әдемі үйлесімі ғана өлең бола алады. Өлеңді өлең ететін – ақын және оның тіл шеберлігі.
Ақынның, ақын ғана емес, жалпы қолына қалам ұстаған қаламгерлердің барлығының ең басты құралы – сөз және сол сөздердің мағыналары. Сөздер стильдік бояуы бар және стильдік бояуы жоқ қарапайым сөздер болып, ал олардың мағыналары тура және ауыспалы мағына болып бөлінетіндігі көп­шілікке аян. Мұқағали сөздердің осы ерекшеліктерін кеңінен пайдаланған. Әрине, сөздердің өзіндік ерекшеліктерін ғана пайдалану ақын үшін аздық етеді. Сондықтан ол тілде бар метафора, метонимия, синекдоха, эпитет, теңеу, перифраз сияқты т.б. көріктеу құралдарын пайдалану арқылы, сөз тұл­ғаларын, сөз мағыналарын құбылту арқылы айтпақ болған ойын анық, айқын, дәл жеткізіп қана қоймаған, сонымен бірге оны бейнелі, көркем, әдемі етіп жеткізе алған.
Мұқағалидың тіл шеберлігі туралы сөз еткенде ақынның бейнелі сөздері мен айшықты сөз тіркестеріне соқпай кетуге бол­майды. Ол қандай сөздерді қолданса да, оларды қандай сөздермен тіркестірсе де, оған белгілі бір мағыналық, стильдік, көркемдік, эстетикалық жүк арқалатады. Сөз тұлғалары­ның мағыналарын құбылтып қолданады: не олардың мағынасын кеңейтеді, не тарылтады. Сөзді бірде тура мағынада қолданады, бірде ауыспалы мағынада қолданады. Сөйтіп әр сөзге мағыналық, поэтикалық қызмет атқар­тады. Айталық, қызыл сөзі гүл сөзімен тір­кескенде ол тура мағынада қолданылса, ол сөз сөзімен тіркескенде (қызыл сөз – жылтыр, бос сөз) ауыспалы, бейнелі мағынада қол­данып, тыңдаушылардың сезіміне күшті әсер етіп тұрады. Мұқағали шығармаларында жиі кездесетін жүрек, көк, тәтті, шапақ, көктем, күз сияқты толып жатқан басқа сөздер де дәл эстетикалық осындай қызмет атқарады.
Мұқағали айтпақ болған ойын әсерлі етіп жеткізу мақсатында сөз-символдарға да көп барады. Ақын үшін тау – биіктіктің, дала – кеңдіктің, көктем – жастықтың, күз – егделіктің символы. Осы мақсатта ақын жансыз заттарға жанды заттардың қасиеттерін, қимыл-қозғалыстарын беру арқылы (мұны әдеби тілде кейіптеу деп атайды) оларға жан бітіреді. Сөйтіп ойды естен кетпестей етіп бейнелеп береді. Мысалы, ақынның «Тау бір аңыз» деп аталатын өлеңінің мына бір екі шумағын оқып көрелік:
Тау – бір аңыз,
Тау – дастан
Таусылмаған әу бастан.
Тоқтап қалған керуен,
Бір-бірімен жалғасқан.

Бұлттан бұйда тағынып,
Көктен көрпе жамылып,
Таулар жатыр аңырып,
Сапарларын сағынып (3,263).
Мұнда тау – бірде түйе (Бұлттан бұйда тағынып), бірде – адам (Көктен көрпе жамылып), бірде – керуен (Тоқтап қалған керуен).
Мұқағалидың сөз таңдау шеберлігіне де қайран қаласың. Ол сөзді әйтеуір мағынасы келсе болды, ала салмайды: таңдап, талғап, олардың ішінен өзінің ойына сай келетін қажеттілерін ғана алады. Бірінші кезекте айтпақ болған ойын дәл беретін мағыналы, мәнді сөзді таңдайды, екінші кезекте әлгі сөздің бейне (образ) жасаудағы экспрессивтік мәніне, әсерлілігіне қарайды, үшінші кезекте ол сөздің шумақтағы басқа сөздермен үйлесіп, үндесіп, ұйқасып келу жағын да ескереді. Ақынның «Қайран жеңгем» өлеңі­нің алдыңғы екі шумағын ғана келтірейін:
Су сұраса, сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қарғаның валетіндей едірейіп,
Қасыңа мына біреу қайдан келген?

Апырай, суық еді сұрқы неден?!
Адамға қарайды ғой сыртыменен.
Жол көрсеткіш сақшының таяғындай,
Қимылыңды бағып түр мұртыменен (2,24).
Осы шумақтардағы едірей және сұрқы деген сөздерге көңіл аударып көрелік. Едірей сөзінің қоқи, қоқырай, қодырай, күдірей, күжірей, ежәрей деген, сұрық сөзінің бет, жүз, келбет, өң, түр, түс, ажар, көрік, шырай деген синонимдік қатарлары бар. Мұқағали бұл сыңарлардың ешқайсысына тоқталмай едірей, сұрқы сөздерін таңдап алу себебі – бұл сөздер ақынның жасамақ болған бейнесіне (жағымсыз адамның образын жасауға) сай келіп тұр. Оның үстіне «сұрқы неден» деген сөз тіркесі «сыртыменен», «мұртыменен» сөздерімен үндесіп келген. Сөйтіп, көрікті ойды көркем етіп бере білген.
Мұқағали тіліміздегі синонимдерге қандай поэтикалық қызмет атқартса, ондағы антонимдер мен омонимдерге де сондай қызмет атқартады. Әсіресе қарсы мәндес сөздерді (антонимдерді) бір шумақ ішінде жарыстыра қолдану арқылы ақын өзінің өмірге деген философиялық көзқарасын білдірумен бірге, әлгі сөздердің мағыналарын бір-біріне қарсы қою арқылы өз ойын нақтылай, айқындай түскен. Мысалы:
Тұныққа төніп қара да,
Тұнық боп көрін халыққа.
Ақ па екен дүзің, қара ма?
Өзіңді-өзің анықта (1,162).
Болмаса:
Дүниенің ағын да, қарасын да,
Мыңқ етпейсің, қабылдап аласың да.
Қарасымен шамаң жоқ таласуға,
Ей, өмірім, зымырап барасың ба? (3,192).
Айтпақ болған ойын жеріне жеткізе, санаға сіңіре айту мақсатында Мұқағали қолданатын тағы бір тәсіл бар. Ол – бір сөзді бір сөз тіркесін немесе шумақтың бір жолын өлең ішінде бірнеше рет қайталап қолдану тәсілі. Мысалы, қаламгердің «Біреуге» деген өлеңінде:
Сен қандайсың? Сен бе? Сен…
Жыландайсың елге сен,
Жүре алмайсың жөнге сен,
Құрдымдайсың шөлде сен,
Құрымайсың, өлмесең!
Сен сондайсың! Сондайсың!
Барса келмес жолдайсың.
Балшықтағы сордайсың,
Түбінде сен сорлайсың!
Түбінде сен оңбайсың!
Сондайсың сен, сондайсың! (1,283), – деген шумақтар ұшырасады. Осы екі шумақта ғана сен сөзі 10 рет қайталанып қолданылған. «Балқытушы» деген өлеңінде:
Қызыл науамен қызыл от ағып барады.
Қызыл адам жүр, қып-қызыл өңі, жанары.
Қызыл ұшқындар ысқырып қызыл жыландай,
Қызыл қаһарын қызыл адамға жабады, – деген бір ғана шумақта қызыл сөзі 8 рет қайталаныпты. Сондай-ақ, Мұқағалидың «Менен сұра» деген өлеңінің бір шумағында (1,243) осы тіркес 5 рет қайталанса, «Алпысқа келдіңіздер» деген өлеңінің бір шумағында қалдырғам жоқ тіркесі 3 рет қайталанған (1,291). Мұндай қайталанулар ақын өлең­дерінде жиі ұшырасады. Бірақ олар өлеңнің мәнін, сәнін бұзбайды, қайта керісінше оның әрін кіргізіп тұрады.
Мұқағали шығармаларында бір шумақ­тың ішіндегі бір жолды екі рет қайталап қолдану да жиі кездеседі. Мәселен, «Алтай – Атырау» өлеңіндегі:
О, ғажап! Өзіңбісің Көкше деген?!
Тастарын жиған жүктей текшелеген.
Бурабай Оқжетпесті өкшелеген,
О, ғажап! Өзіңбісің Көкше деген?! (2,348), – деген шумақтың бірінші жолы соңында тағы қайталанылады. Осы шумақтың алдында тұрған шумақта да «Аман бол, айналайын мидай далам!» деген бір жол өлең басында бір, аяғында бір – екі рет қайталанып,
сти­льдік қызмет атқарған. Мұқағали шығар­маларында мұндай қайталаулар аз емес.
Мұқағали сөз түрлерін ойната қолдануда да тапқырлық таныта білген ақын. Оның «Ән» деп аталатын өлеңіндегі мына бір шумаққа зейін қоялық:
Жүрегім жетімсіреп қалдау менің,
О, құдірет, әлдебір алдау ма еді?!
Тұлпардың құлынында бұла дауыс,
Тұтқындап жан-жағымнан алды-ау мені (2,78).
Ақын мұнда қимыл атау тұлғасында тұрған алдау (біреуді қулықпен отырғызып кету) етістігі мен -ау демеулігімен тіркесіп келіп, 3-жақта тұрған алды (бір нәрсені қо­лына ұстады) етістіктерін жарыстыра қолдану арқылы оларды ұйқастыра алған. Дәл осы сияқты «Түс» деген өлеңнің «Кенет қайдан пайда болды құйын қуған салт атты, Біреуді атты, ол бишара аяқасты жан тартты» (1,312) деген жолдарында атты деген екі сөз тұр. Сырт­қы тұрпаттары бірдей болғанымен бұлардың тұлғалары да, мағыналары да бөлек-бөлек сөздер. Бірінші атты сөзі – туынды сын есім (аты бар, атқа мінді), екінші атты сөзі – 3-ші жақта жіктеліп тұрған ат етістігі (мыл­тықпен атты). Ақын айтпақ болған ойына ешқандай зиян келтірместен бұл екі сөзді бір-бірімен және оларды екінші жолдың соңында тұрған «жан тартты» сөзімен ұйқастырған.
Әдетте қазақтың қара өлеңдерінің 1,2 және 4-інші жолдарының соңғы сөздері бір-бірімен үйлесіп, үндесіп, ұйқасып келетіндігі белгілі. Мұқағали өлеңдері де сондай. Сонымен бірге, Мұқағали өлеңдерінің
4 жолының басқы (бірінші) сөздері не бірыңғай дауысты дыбыстардан, не бірыңғай дауыссыз дыбыстардан басталып, олар бір-бірімен үндесіп, ұйқасып келеді (4 жолдың бірінші сөздері бірыңғай дауысты дыбыс­тардан басталса, оны ғылыми тілде ассонанс деп атайды). Мысалы:
Арманда, балам, арманда.
Арманға толы жалғанда,
Армансыз, сірә, жан бар ма?
Алданба, балам, алданба!

Арманда, балам, арманда
Қапелімде жауларда,
Ақырғы демің қалғанда,
Айрылып естен танғанда,
Ақырғы рет қарман да,
Арманда, балам, арманда! (2,111).
Немесе:
Өмірге ерте құлаш сермегенмен,
Өзімшіл жас жүректі тербегенмен.
Өсиетсіз, сүйеусіз, самарқау жас,
Өте алмассың өткелсіз көлденеңнен (1,40).
Келтірілген бұл үш шумақтың біріншісі мен екіншісі – А дауыстысынан, үшіншісі – Ө дауыстысынан басталып тұр. Мұндай мәнбілерді 1-ші томның 13, 83, 171 беттері мен 2-ші томның 27, 206, 328 т.б. беттерінен табуға болады.
Шумақтың бірінші сөздері біркелкі дауыссыз дыбыстардан басталса, ол әдетте аллитерация деп аталады.. Мыс.:
Жасыма, көңіл! Жас талап,
Жұмбағың сенің шешілер.
Жүзіңді бақыт аймалап,
Жүректің дертін өшірер (1,67).
Немесе:
Сылдырап бауырында бұлақ аққан,
Сыңсыған ну орманың мүлгіп жатқан.
Сылаңдап өзен суы әзілдесіп,
Сылқылдап әлденеге езу тартқан (1,38). Бірінші шумақтың басқы сөздері Ж дауыс­сызынан басталып тұрса, екінші шумақтың алғашқы сөздері С дауыссызынан басталған. Дәл осылар сияқты 1-ші томның 182-бетін­дегі екі шумақ өлең түгелдей Д-дан басталса, осы томның 186-бетіндегі бір шумақ өлеңнің әр жолы тек қана Қ дыбысынан басталған. Мұндай мысалдарды Мұқағали өлеңдерінен көптеп кездестіруге болады.
Мұқағали өлеңдерінің көпшілігі сырттай да, іштей де ұйқасып тұрады. Біз сырттай ұйқас деп – жоғарыда келтіргеніміздей шумақ жолдарының соңғы және басқы сөздерінің бір-бірімен ұйқасып келетіндігін айтып отырмыз. Ал іштей ұйқас деп – әр жолдағы қатар тұрған сөздердің бірдей дыбыстардан басталуын айтамыз. Мысалы:
Қара тау қара күзді ұнатпайды,
Қарайды, қамқор болып жұбатпайды.
Қарманып, қалжыраған қарақұс кеп,
Қайыңның бұтағына шуақтайды (1,144).

Немесе:
Қарашаның қалықтап желіменен,
Қаздар кетті қоштасып көліменен.
Қайтқан құстың қария қанатына
Қарайды көзін сүртіп жеңіменен (1,179).
Осы екі шумақ өлеңнің барлық жолдары ҚА буындарынан басталып тұр. Оған қоса әр шумақтың үшінші жолдарында қатар тұрған сөздердің бәрі де Қ дыбысынан басталған. Шумақтардағы әр жолдың соңғы сөздерінің түбірлері ұнат, жұбат, шуақ немесе желі, көлі, жеңі болып, ұйқасып тұрғандықтары аз болғандай, оларға қосылған қосымшалар да -пайды, -тайды, -менен болып, ұйқасты одан әрі ширықтыра түскен. Мұндайларды «ақынның тіл шеберлігі» демей басқаша айту мүмкін емес.
Мұқағали өлеңдеріндегі ішкі ұйқасқа тағы бірнеше мысал келтіре кетейін: «Ақ арман, аялдама, алысқа атта» (1,208), «Жоққа жүйрік жетпейді, жеткізбейді» (2,373), «Қас-кірпігің қарлығаштың қанатындай қап-қара» (1,213), «Тынысты тұйық тұман тарылт­қандай» (1157), «Суық соққан самалдан сәл сес­кеніп» (1,30), «Шыңға шығар шыңырау шағымда мен» (2,187) т.б. Мұндай мысалдар Мұқағали шығармаларында көп. Бұл жердегі әңгіме оларды тізіп беруде емес, сөз болып отырған әдістің өлеңге көрік беріп, әуезділік тудырып тұрғандығын айту ғана.
Мұқағали тілінің шеберлік белгілері бұл айтылғандармен ғана шектелмейді. Оның өлең шумақтарының әрбір жолы бір-ақ сөздің немесе бір-ақ сөз тіркесінің қай­таланып келуінен басталатын жерлер көптеп ұшырасады (Бұл тәсіл – ғылым тілінде анафора деп аталынады). Мыс.:
Сенсің – күн: тек мен үшін нұрын шашқан,
Сенсің – сусын: көкірек шөлін басқан.
Сенсің – бақыт: менімен душарласқан,
Сенсің – жар: жүрегімнің сырын ашқан (1,15).
Немесе:
Мен деп ойла самал боп есіп өткен,
Мен деп ойла нөсерді есі кеткен,
Мен деп ойла өзіңді әр күн сайын,
Төсегін сағынышқа бесік еткен (2,60).
Ақынның «Дос болам десең» деп басталатын 21 жолды өлеңінің 13 жолы дос сөзінен басталған.
Бұған керісінше, Мұқағалидың кейбір шумақтарындағы әрбір жолдың соңғы сөздері бір сөздің қайталанып келуімен (эпифора) аяқталатын кездер де болады. Мыс.:
Ала жүрген бақыт пенен сорың бар,
Соқпағы көп сорға лайық жолың бар.
Пайдаланар жарты сағат болса да,
Бақыттыға жан рақат орын бар (1,35).
Немесе:
Боздақтардың желкесін шайнап кетті,
Қалған малды қайтадан айдап кетті.
Қанжығаға байланған қыз-келіншек,
Бозторғайы шырылдап сайрап кетті.
Қас батырдың көзі еді қара жорға,
Қара жаудың астында ойнап кетті (2,101).
Мұндай мәнбілер (фактілер) Мұқағали шы­ғармаларының басқа беттерінде де кездеседі. Олардың қай-қайсысы болса да өлеңге келісті әуез, әдемі үндестік беріп, оның экспрессивтік, эмоциялық бояуын қа­лыңдата түседі.
Қорыта айтқанда, Мұқағали өзінің өлең жолдарының соңғы сөздерін ғана ұйқастырып қоймайды, ол шумақ жолдарының басқы сөздерін де, соңғы сөздерін де, тіпті бір жол ішіндегі қатар тұрған сөздерді де бір-бірімен үндестіріп, ұйқастарып қолданады. Соның нәтижесінде Мұқағали өлеңдері әуезділігі жағынан құлаққа жағымды, айтылуы жағы­нан тілге жеңіл келеді, сөйтіп, тыңдаушылары мен оқырмандарының сезіміне айтарлықтай күшті әсер етеді.
Мұқағали өлеңдері, міне, 60-70 жыл болды халықтың эстетикалық талғам-талабынан шығып, олардың рухани сұраныстарын қанағаттандырып келеді. Сондықтан болар, Қазақстанда «ғасыр ақыны» Мұқағалидың өлеңдерін жатқа айтпайтын адам жоқ. Оның себебі ақын өлеңдерінде көрікті ой да, дауыс ырғағы мен буын, бунақ әуезділігі де, дыбыс үндестігі де тұнып тұрғандығында. Кез келген өлеңінен, оның шумақтарынан Мұқағалиға тән сөз таңдау, сөз қолдану, сөз түрлендіру шеберлігін, олардың үндесіп, үйлесіп келуі мен оқырмандардың сезіміне әсер ету қарымы мен күшін байқау қиынға түспейді.
Пушкин туралы орыстың атақты сазгері П.И.Чайковский: «Пушкин өлеңіне музыка жазудың қажеті жоқ. Оның өлеңдерінің өзі музыка», – деген екен. Осы сөзді Мұқағалиға да қарата айтуға болады. Концерт тыңдауға барсаң да, теледидар мен қазақ радиосының құлағын бұрай қалсаң да, Мұқағалидың сөзіне жазылған неше түрлі әсерлі әндерді тыңдап, жаның рақатқа бөленеді. Бұл ақын өлеңдерінің әуезділігі мен тартымдылығының және тіл шеберлігінің дәлелі болса керек.

Байынқол Қалиұлы,
филология ғылымының докторы, профессор.

Пікір қосу