Алаш мұраты: қазақ пен қырғызға ортақ
12.01.2018
1983
0

Қайрат САҚ,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ профессоры, филология ғылымының кандидаты


Өткен жылы Қазақ елі Алашорда үкіметі мен «Алаш» партиясының құрылғанына 100 жыл толуына байланысты мерейтойлық іс-шараларды кең көлемде жүзеге асырды. Облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында Халықаралық ғылыми конференциялар, ғылыми-тәжірибелік семинарлар мен дөңгелек үстелдер, түрлі жанрдағы шығармашылық жиындар мен жүздесулер, ақындар айтысы мен мүшайралар, пікірталас клубтарының жарыстары ұйымдастырылып, Алаш қайраткерлерінің Орталық Азия халықтарының азаттығы жолындағы күреске толы өмірбаяндары мен шығармашылық мол мұраларын халық жадында жаңғырту бағытында қыруар іс тындырылды. Кино, театр туындылар мен теле-радио бағдарламалары, деректі және көркем фильмдер дайындалып, түрлі жанрдағы мамандандырылған көрмелер ұйымдастырылды. …ХХ ғасыр басында Ресей им­пе­рия­сының бодандығындағы қазақ-қыр­ғыз халқының тарихи тағдыры қыл кө­пірдің үстінде тұрды. Жойылып кету қау­пі төнген қысылтаяң уақытта қазақ­тың оқыған зиялылары туыстас түрік халықтарының ортақ тағдырын ойлап қана қоймай, қапастан аман алып қалу қам-қаракетін де жасады. Сөзіміздің жаны бар екеніне көз жеткізу үшін деректерге жүгінген жөн болар.
Алашорда үкіметі мен «Алаш» пар­тиясының құрылуы – 1905 жылы атақты Қарқаралыдағы Қоянды жәрмеңкесінде патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы 14500 адам қол қойған әйгілі құ­зырхаттан (пети­циядан) бастау ала­тын, тарихта Алаш қозғалысы деген атпен мә­лім, қазақ зиялыларының ерен күре­сінің жемісі. Сол құ­зырхаттың бір та­лабы бойынша 8 жыл дайындықтан кейін 1913 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Қазақ» газеті, шын мә­нінде, «халық­тың көзі, құлағы һәм тілі» (Ахмет Бай­тұр­сынұлы) қызметін адал атқарып, Алашорда үкіметі мен «Алаш» партиясының құрылуына ұйытқы болды десек, тарихи шындық салтанат құрған болар еді. Алаштың ойшыл ақыны Шә­кәрім Құдай­бер­діұлы «Қа­зақ» газетінде жарияланған өлеңінде:
«Дүниеге келді бізден бір талапты ұл,
Ержетсе бар қазақтың басшысы бұл.
Бөгеттен ауру-сырқау аман сақтап,
А,құдай, құтты, өмірлі, бақытты қыл!
Үмітті Орынбордан бала туды,
Қолына жарық сәуле ала туды.
Мақсаты қараңғыда жүрген халқын,
Ойлайды тура жолға қаратуды.
Күтіп ем туа ма деп көзім сүзіп,
Бұл кезде кетіп едім күдер үзіп,
Хабарын «Уақыттан» білгеннен соң
Тірілді өлген үміт қаным қызып.
Көп қайғы болды бүгін ұмытылғандай,
Бейнеттен бір зор ауыр құтылғандай,
Жақындап жан шығарға шөлдегенде
Құмартқан сусын бейне жұтылғандай.
Қайғысыз жас жігіттей бола қалдым,
Бір тамшы қарлығаштың суындай ғып.
Алуға жылдық «Қазақ» ақша салдым,
Табармын шамам келсе тағы жолдас,
Қам қылмай, қартайдым деп жатып болмас.
Үмітті жаңа туған жас баланы
Ағайын қырғыз-қазақ түгел қолдас!
Ойлама газет бізге не керек деп,
Газетсіз ел жаны жоқ өлгенге есеп.
Көл болар көп түкірсе деген қане
Кетпей ме бір тоқтыны қасқыр да жеп?..», –
деп жырлағандай, «Қазақ» газетінің Алаш үшін тарихи құндылығы орасан зор болғанын алаш­танушы-ғалымдар айрықша жоғары бағалайды.
Шәкәрім ақын: «Үмітті жаңа туған жас баланы Ағайын қырғыз-қазақ түгел қолдас!» – деп бекер өлеңіне қоспағаны айтпаса да түсінікті. Осыдан-ақ «Қазақ» газетінің қазақ халқының ғана емес, қырғыз туғандар­дың да қамын қатар ой­лаған басылым болғанын аңдау қиынға соқпаса керек. Оған аталмыш ап­талықта жарияланған алаштың ар­дақты азаматы Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ! (Босқан қырғыз бауыр­ла­рыма арнадым)» деген шағын ха­бар­ла­масы айқын дәлел бола алады. 1916 жыл­ғы патшалық Ресей монар­хия­сы­ның қол астындағы бұратана ха­лық­тардың жастарын қара жұмысқа алу туралы әйгілі «25 июнь» жарлығына қар­сы ұйымдастырылған ұлт-азаттық кө­терілісінен кейін үркін­шілікке ұшыраған қырғыз халқының тағдыр тауқыметін кішкене де болса жеңілдету мақсатында қам-қарекет жасағанын баяндайтынжарияланымды қырғыз туысқандар үшін құнды бол­ғандықтан тұтас келтіргенді жөн көріп отырмыз:
«Оқушыларға мағлұм, «Оян қазақ!» атты өлең кітабымды ескі үкімет шам кө­ріп, «Қазақ оянып кетеді» деп қор­қып, 1911 жылы мені судқа берді, сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым. «Оян, қазақ!» халық арасына тарамасын деп, үкімет хакім салды. Сонан кейін қолға түспеген 1000 дана «Оян, қазақ!» алты жылдан бері бір орында жасырынып жатыр еді. Енді, құдайға шүкір, азаттық таңы атты, ескі үкімет мүрдем кетті, шағымшы «бауыр­ларымыздың да» көзі жоғалды.
Жауыз үкіметтің жауыздығымен был­тырғы «25 июнь» жарлығы тақы­рыпты қазақ халқы қан жыла­ды, бәрі­міз­ден ар­тығырақ қырғыз бауырларымыз қыр­ғынға ұшырады. Күні бүгіне шейін сол қырғыз бауырларымыздан көп ел Қытай жерінде бос­қын­дықта, ашар­шылықта, қырғында. Жас балаларын бір шелек бидайға, бір тоятын тамаққа сатып, қатын-қыздарын бір қойдың пұлына айырбастап, естиярлары мойындарына дорба салып, тіленші болып кеткендігі мағлұм болып тұр.
Сондықтан сақтаулы мың дана «Оян, қазақ­тың!» ақшасын әлгі бос­қында жүрген жетім-жесірлердің пай­дасына бағыштадым. Бұрынғы қақы 20 тиын еді, енді пұлы мынандай қайырлы іске жұмсалатын болған соң, алушы­ларға бағасы 50 тиын болсын деп мөл­шерледім. Почта қақы – кітап басы 2 тиын. Скидка жоқ. Бір кісіге 50 кітап­тан кем сатылмайды. Ақшасын төменгі адрес бойынша күні бұрын жіберу керек. Бұлай деуімнің себебі тезірек өтіп, ақшасын ашаршылықтағы бей­шара­ларға тезірек тапсырылсын деген. Мың дана кітап тез сатылса, сонан өнген 500 сом ша­малы ақша, көп пұл бол­маса да, ел-жұрт, жер-су, мал-мүл­кінен айыры­лып, бұл күнде бір тілім нанға зар болып тұрған сорлыларға аз да болса, қорек болар еді. Бұл бейшара бауырларымызды ескеру, өлімнен-қырғыннан құтқару алаш азаматының адамшылық борышы!
«Оян, қазақты!» жоғары шартпен алдыруға талабы бар, сорлы болған бауыр­ларына жаны ашыған азаматтар мынау адрестегі Жұмағали Тілеулиннен алдырсын. Адресі: г.Петропавловск, Акмола обл., Уездная больница, фельд­шеру Джумагалию Тлеулину».
Қазақ пен қырғыздың қамын қатар күйттеген «Қазақ» газетінде «Ішкі ха­бар­лар» айдарымен «Босқан қырғыз­дар­ға 200 мың» деген тақырыппен хабар-ошар жарияланған:
«Қазақтың» өткен нөмерінде жа­зы­лып еді, Әлихан Мұхамеджанға (Ты­ныш­баев) телеграм соқты, босқын қыр­ғыздар үшін қазынадан 200мың сом жәрдем сұраңдар деп. Мұхаметжаннан Әлиханға жауап телеграм келді: «200 мың сом алатын болдық» деп. Мұха­мет­­жан телеграмында айтады: «Бұл 200 мың да ешнәрсеболатын емес. Қыр­ғыз­дардың халі нашар, сорлыларға басы аман алаштың азаматы қараса көрсін», – деген ақпа­ратты кешегі де, бүгінгі де көзі қарақты оқырман тебіренбей оқуы мүмкін емес.
ХХ ғасыр басындағы аласапыран за­манда ақиқаттың айнасы бола білген «Қа­зақ» газеті қырғыз бауырлардың басына түскен қиямет қайымды жеңіл­дету мақсатында қалт жібермей, бақы­лауда ұстап, көзіқарақты оқырманды нақты деректермен ақпараттандырып отырған. Оған мына жарияланымдар айқын дәлел:
«Жетісу қамы үшін 15 июльде Орын­бор арқылы Жетісу комиссары Мұ­хаметжан Тыныш­байұғлы Петроград кетті. Мұхаметжан үкіметке Жетісу облысының хал-жайын доклад қылып, 25 июнь жарлығы тақырыпты бүлін­ші­лікке қазынадан жәрдем сұрамақ. Сөй­тіп бірін-бірі қырғынға ұшыратқан һәм бұл күнге шейін бір-біріне кек сақтап, іштеріне қан қатқан екі жұртты татулас­тыру қамына кіріспек».
Газеттің бір санында қатар жария­ланған замет­каның екіншісі «Қырғыз-қазақ шығыны» деп аталады. Онда мы­надай құнды деректер келті­ріледі:
«Мұхаметжан Тынышбайұғылының жи­наған мағлұматынша Қытай жеріне (Құлжа һәм Қашқар өлкелеріне)босқан қырғыз-қазақтыңсаны 164 мың адам екен. Сонан үстіміздегі июльдің біріне шейін қалғаны 83 мың, жеріне қайтқаны 69 мың, Қытай жерінде қалғаны 12 мың екен. Біз бұрын қырғынға ұшыраған жалғыз қырғыз деп жүруші едік, Мұха­мет­жанның айтуынша, Жаркент уезін­дегі албандардың (Ұлы жүз) босқыны, қыр­ғыны қыр­ғыздардан кем емес екен.
Алаштың азаматы! Тағы да құлақ­тарыңа саламыз, қырғыз-қазақ бауыр­ларыңды ұмытпа».
Қырғыз халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейін үркіншілікке ұшырауынан туған тауқыметті жеңілдету мәселесі 1916 жылдың 21-26 шілде ара­лығында Орынборда өткен жалпы қа­зақ съезінде де қаралыпты. Туысқан қырғыз халқының басына түскен ауыр қасіретті жеңілдету мәселесі сьездің күн тәртібіне енуінің өзі нені байқатады? Әрине түбі бір туысқанға деген Қазақ елі­нің кең қолтық қамқорлығын тап­жылтпай танытады. Үй-күйсіз, арып-ашып, босқан қырғыздардың ауыр халін түрік дүниесіне хабарлап қана қою­мен шектелмей, шынайы жана­шыр­лықтың хас үлгісін көрсеткен «Қа­зақ» газетінде жарияланған көсемсөз туын­дылары деректілігімен құнды…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір