Кешіріммен көкжиегің кеңиді, кешірімнен тас жүрек те ериді…
12.01.2018
1552
0

Ибрагим ИСА


Құстар
Қанаты бардың бәрі де құсқа жатпайды,
Құс десек бәрін,
дүние құсқа қаптайды.
Ара да құс боп,
сона да құс боп кетеді,
Маса да құс деп адамдар онда оттайды.

Ұшады бәрі,
бәрінде қанат болғасын,
Көбелек құс боп,
инелік құс боп самғасын.
Қанаты бардың бәрін де құсқа баласақ,
Құс болсын бәрі,
шыбын, шіркей де қалмасын.

Адамдар баста қалайша бөлген арасын,
Таппады ма әлде құстармен олар жарасым.
Олар да кейде ақымақ адамдар сынды,
Құстарға сәл-сәл келтіріп қойған жобасын.

Ойына қарап,
бойына қарап бөлген бе,
Құс болмаған соң шыбын-шіркейлер шерменде.
Көзіңе кейде елестейді екен майдалар,
Жер басып жүрген майда адамдарды көргенде.

Таң атса екен
Таң атпайды, шіркін-ай, неге ертерек,
Күн шықпайды күлімдеп, неге еркелеп.
Қараңғылық бүркейді неге сонша,
Бұл дүниеде, онсыз да көлеңке көп.

Таң атқаны – тіршілік оянғаны,
Неге мынау дүние қараңғы әлі!
Неге ертерек оятпай отырсыз деп,
Қарап тұрған сияқты маған бәрі.

Таң атқаны – өмірдің басталғаны,
Құс күлкісі ғажап қой аспандағы.
Адамзаттың бейнесі қандай әсем,
Жарық дүние есігін ашқандағы.

Қандай әсем шашылған күн шуағы,
Жарық күн ғой көңілдің шамшырағы.
Өлең болып қағазға түсіп жатыр,
Жалт-жұлт еткен ойымның тамшылары.

Араша
Кешегі сор – бүгін бақ,
Көңіл шіркін тойғасын.
Жүретұғын шырылдап,
Ей, араша, қайдасың?!

Қашсаң дағы әйелден,
Қашсаң дағы баладан.
Қашсаң дағы сен елден,
Қаша алмайсың жаладан.

Қайтем миды ашытып,
Көңіліңді күй тұнған,
Жала сені шошытып,
Оятады ұйқыңнан.

Жала боп па ертеде,
Тату боп па бар адам?
Өмірдегі бар пәле,
Болып жатыр жаладан.

Қанша кегін алғанмен,
Жолын іздеп жанжалдың.
Сырты бүтін болғанмен,
Іші түтін кей жанның.

Иіскеместі иіскеп,
Жемейтінді жейді олар.
Бір-біріңе тиіс деп,
Үгіттейді кейде олар.

Сосын әлгі жаласын,
Жібереді желдетіп,
Арашаға барасың,
Көздің жасын көлдетіп.

Жан-жағыңа қарасаң,
Жала жүрер жаныңда.
Арқа сүйер – арашаң,
Қиналған бір шағыңда.

Шындық деген байқасаң,
Арашаның Анасы.
Сол Анасы әрқашан,
Шырылдайды, қарашы.

Қорғанышың – араша,
Адвокатың – араша.
Күйіп кете бересің,
Сол араша болмаса.

Қолдайтын ақ тілеуді,
Арашаға айт алғыс.
Мүмкін, ертең біреуді,
Арашалап қайтармыз.

Кешегі сор – бүгін бақ,
Жала – сұмның ермегі.
Жүретұғын шырылдап,
Ей, араша, кел бері!

Кешірім
Әңгіменің айтар болсақ ашығын,
Кешірімнің жалғыз аты – кешірім.
Көнермесе екен мәңгі осы ұғым,
Өзгермесе екен мәңгі осы ұғым.

Кешірімнің ұмытпа әсте есімін,
Кешірімнің қатты жаппа есігін.
Маужыраған қандай жақсы, шіркін-ай,
Кешірімнің тербеп жатып бесігін.

Айтпасақ та құран сүйіп, нан ұстап,
Қасиетті кешірім
Бара жатыр қазір бізден алыстап.
«Келсе алдыңа,
атаң құнын кеш» дегенді ұмыттық.
Осынау бір жылуы мол ұғымды
Қазір мүлдем суыттық.

Жүрегіңді жақсылыққа суарып,
Кешірімнің іргесінде
Имандылық тұр анық.
Ал бүгінде кешірімнің өң-түсі,
Бара жатыр қуарып.

«Кешірдім» деп қағып қойып арқаңнан,
Құшағына қысқан жан,
Жақыныңнан жақын болып кететін,
Ақылыңа ақыл қонып кететін.
Кешірімсіз, кекшілдер,
Қатып, болып кететін.

Сол кешірім бұл күнде,
Әкеден де безіп жүр.
Анадан да безіп жүр,
Баладан да безіп жүр.
Данадан да безіп жүр,

Қаладан да безіп жүр.
Даладан да безіп жүр.
Олар қазір қатыгездер есігін
Тықылдатып кезіп жүр.

Десең дағы қанша қымтап, жасырдым,
Келбетінде кешірім жоқ ғасырдың.
Анда-санда қуанамыз жылт етсе,
Сол кешірім сынығындай асылдың.

Кей кешірім шындықтан да еңселі,
Кешірім де ақылыңның өлшемі.
Ең бір қымбат қазынаң мен байлығың,
Ұрпағыңа бер соны.

Әр нәрсенің өз шегі бар, мөлшері,
Мейірімді екен ғой деп ел сені,
Кейде қорлап кетеді.

Шын адами қасиетіңді еңселі,
Кешірім де мөлдіреген сезім бұл.
Кешірсең де кешірмесең… өзің біл,
Мың кешірім жасасаң да ақымақ пен наданға.
Одан сенің көтерілмес бағаң да,
Одан ешбір келетұғын пайда жоқ.
Қоғамға да, адамға.

Ақымақ пен надан бәрін бүлдіріп,
«Кешірші» деп өп-өтірік түр күліп.
Бірақ оның жүрегінің түбінде,
Саған деген зымиян ой тұр бұғып.

Бұндайды сен кешір, мейлің кешірме,
Таста оны көңіліңнен өшір де.
Сонда сенің кір қалмайды ішіңде,
Сонда сенің түзеледі көшің де.

Кешіріммен көкжиегің кеңиді,
Кешірімнен тас жүрек те ериді.
Кешіріммен оятасың өмірді,
Кешіріммен байытасың сен үйді.
Кешірімді көбейгенде,
Кешірімсіз – кемиді.
Жүрегіңе жүрсең оны қорған қып,
Кешірім де – мол байлық.
Ал, кешірім жүрген жерде
Жоғалады жалғандық.

Ажыраған жоқпын әлі ақылдан,
Сонау жылдар қойнауынан шақырған
кезім еді
кешірімін әлдилеп бір отырған,
Кешірмейді түсінігі соқыр жан.
Түсінігің жетпей қалса,
Түсіндіре алмасам,
Кешір, мені, оқырман!

Адамзатқа арнау
Ойламаңдар екен ғой деп ақырғы үн,
Көптігінен емес шығар ақылдың.
Дүниедегі бүкіл адамзатты мен,
Келіп отыр сырласуға шақырғым.

Тұрса дағы таңың атып, күн шығып,
Кең дүниеде жүргендейміз тұншығып.
Біз сағынып күткен талай сарылып,
Тым тарылып бара жатыр тіршілік.

Жылдар өтті, ғасыр өтті, өтті, өтті,
Талай күз бен талай көктем кеп кетті.
Талай бізді қорғап жүрген ең қымбат,
Жарық дүние қалай бізді шеттетті.

Қиындықпен күресуге күш керек,
Жанымызды жатыр заман тістелеп.
Кеудеңізде жүрген жалғыз жүрегің,
Бүтін емес, қазір мүлдем үш бөлек.

Сойқан болып жатса дағы басқа елде,
Оған жанын қинамайды еш пенде.
Не болады мынау жарық дүние,
Бәріміздің жарығымыз өшкенде.

Артықпыз деп тіршіліктің күшінен,
Жер-Ананы тепкілейміз төсінен.
Ертең бізге қымбат сонда несімен,
Қалып қойсақ тыныштықтың көшінен.

Жүре-жүре үйренесің дозаққа,
Дейтін еді, бет түзедік со жаққа.
Бұзық өмір сіңіп кетті алаңсыз,
Қызық өмір аңсап жүрген қазаққа.

Ел еңсесі қамауда тұр, ашпадық,
Алаяқтар кетті мүлдем мастанып.
Енді қалай қуанады қам көңіл,
Енді қалай қуанады аш халық.

Ақылдылар жүрсе дағы алаңдап,
Имандары тоналған ел не болмақ.
Жер деген бұл құрлықтағы
Қашып кеткен рухтары,
Надандардың әні сынды,
Адамдардың суық бәрі.

Жер қалайша жер болады Адамсыз,
Ел қалайша ел болады Адамсыз.
Жер адамсыз неге керек,
Адам жерсіз неге керек.
Түсіндіріп беріңізші маған Сіз.

Әлі мүлдем бұзылмаған санасы,
Ей, Адамзат баласы!
Аяғыңнан астына емес,
Жан-жағыңа қарашы.
Шырқын бұзу үшін жарық дүниенің,
Құлқын ғана – таласы.

Жүр ғой бәрін көңіл сезіп, көз көріп,
Табиғаттың кетті түрі өзгеріп.
Аңыздағы ақырзаман,
Қалды қалай тез келіп.
Ақылдылар ақырғы адам,
Ақымаққа қойдық қазір сөз беріп.
Сауысқанды алдық қазір жеңге ғып,
Қу түлкіні алдық қазір жезде ғып.
Сұрақ көп те,
Жауап берер жоқ адам,
Аш адамды тыңдамайды тоқ адам.
Тоқшылығың тұрып қалды табанда,
Жоқшылығың түспей қойды жағадан.

Ата-баба мұрасынан жоқ түк те,
Бәрін сатып біттік те.
Сатылмаған ештеңе де қалмады,
Тоғышарлар барлығын да жалмады.
Ешкімді ешкім сағынбайды,
Жымындаған дозақ оты.
Жақындады – сол қайғы,

Болса дағы шамалы,
Жақсылыққа күлімдеген жанары,
Әлі мүлдем бүлінбеген балағы,
Сүрінбеген адамдар бар саналы,
Бүгін бар да, ертең жоқ.
Соның бәрі осы жердің қонағы,

Алды-артын түгендер.
Ей, еңсесі тік Елдер,
Мынау жарық дүниенің.
Қоқыстарын күреңдер!
Көрмесін де естімесін.
Соқырлар мен кереңдер.
Жазалансыз ең бір ауыр жазамен,
Адамзаттың несібесін жегендер!

Таң алдындағы ән
Өткен күннің қалмапты көбі есімде,
Ойлап көрсем бәрі де елес бүгін.
Бала кезім бұлыңғыр,
Тек есімде
Таң алдында бір нәзік ән естідім.

Тағы жүздім уақыттың кемесінде,
Көп жәй естен шығатын емес бүгін.
Жігіт шағым ап-айқын,
Бәрі есімде
Таң алдында бір әнді тағы естідім.

Біраз жүздім уақыттың кемесінде,
Түсінгендер сенімсіз демес мұның.
Түндер бойы жыр жазам.
Сенесің бе,
Содан бері таңғы әнді көп естідім.

Мен де өзімше өмірге жол құрадым,
Жақсы әуенге жүрегім мәңгі мекен,
Бала кезден естіген сол бір әнім
Аналардың аяулы әлдиі екен.

Төңбекшідім,
Шаттыққа толды маңым,
Махаббаттың алауы тиді ме екен.
Жігіт шақта естіген сол бір әнім
Ғашықтардың аяулы «гимні» екен.

Қасиетін ұғындым дала, қырдың,
Сездім және бақыттың бар екенін.
Еститінім қазіргі
Жаңа білдім
Үзілмейтін тіршілік әні екенін.

Түйілгенде кететін төгіп-төгіп,
Шабытым — бұлт,
Жырымды жаңбыр етем.
Өлең маған,
Мен оған серік болып,
Әнді күтем,
Аяулы таңды күтем!

Әке сөзі
немесе айтылмаған жауап
«Ойлан балам,
Әлі де ойлан балам,
Түбі өкінер алды-артын ойланбаған.
Келер күнін,
Ертеңгі ырыздығын
Ой – електен өткізбей қойған ба адам,
Ойлан балам,
Тағы бір ойлан балам!
Тілімді алсаң, қайтадан көшіп келгін,
Алматының несін сол несіп көрдің.
Енді ие бол осы үйге,
Ғұмырым қалды,
Арнасындай осынау есік, төрдің.

Көп ойладым,
Өзіңді көп сынадым.
Туған жерден қымбат жер жоқ, шырағым.
Орындасаң осы бір аманатты,
Бар жиғанымды өзіңе тапсырамын».

Дегізді де:
«Қайтқаның дұрыс-ау балам!,
Алып кетті сұм ажал құрсаулаған.
Сонда бір сөз шықпады көмейімнен,
Шумақ-шумақ сан рет жыр саулаған.

Айта алмадым:
Отыңыз өшпейді деп.
Айта алмадым;
Ұлыңыз көшпейді деп.
Айта алмадым,
Ештеңе дей алмадым.
Қаны жүріп тұрғанда,
Өшпей жүрек.

Мүмкін босаң,
Немесе тым қаттымын.
Өз жүрегімді отырмын тыңдап бүгін.
Түсінемін,
Әкенің орны бөлек,
Білем, және, туған жер қымбаттығын.

Бақытыма қалдым-ау кеш үлгіріп
Дей алмаймын,
Демеймін кесілді үміт.
Астанаға қыз емес, қызық емес,
Келдім қайран өлеңнің көшін қуып.

Көз
Бұрын қалай білмегем,
Бұрын қалай сезбегем.
Бұрын қалай байқамай жазып жүргем өзге өлең.
Адалдық пен шындықты жазу керек болса егер,
Адалдық пен шындығың екен ғой тек көз деген.

Иә, достым, менімен бұл жөнінен егеспе,
Қалай десең, олай де.
Көзде қулық жоқ әсте.
Қос жанарың бәрін де қабылдайды сол күйі,
Демек өзің ойлашы;
Ол адалдығы емес пе.

Бір зат жайлы сан адам,
Сан ой айтар сөз құрап,
Бірдей көріп қабылдар бәріндағы көз бірақ,
Ештеңеге ешқашан болмайды көз кінәлі,
Көз — адалдық айнасы,
Көз — тазалық,
Көз — бұлақ.

Бұзылатын ой менен
Бұзылатын сөз ғана.
(Бұны ойлап миыңды бостан босқа қозғама)
Өсе келе адамдар кете барар өзгеріп,
Сәби қалпы қалатын,
Өзгермейтін көз ғана.

Қонақ қайда?
Табысымды жүргем жоқ санап пайда,
Қонақ қайда.
Келетін қонақ қайда?
Әлде біздің пәтердің иесінің
Азулы иті арсылдап жолатпай ма?

Қонақ қайда сыйымды ескеретін,
Қонақ қайда бас тартып,
Төс беретін.
Әлде іздеп барғанда жоқ болдым ба,
Әдетім бар кейде үйге кеш келетін.

Мейлі, тіпті сеніңіз,
Сенбеңіздер,
Шын қуанып қаламын келген ізге.
Біреу кіріп келер деп отырамыз,
Жалтақтаумен жадаулау бөлмемізде.
Танымайтын да келсін,
Танитын да.
Қонақ келсе тыныштық бар ұйқымда.
Тек бізде емес бұл дәстүр,
Жазулы әлі
Сонау ата-бабамыз тарихында.

Көрсетейін дегендей шыдамдарын,
Бәлдене ме біреулер,
Біле алмадым.
Бір арманым —
қазаным оттан түспей,
Қонақ күтіп отыру —
бір арманым.

Қарттар
Біздің қарттар тектен-тек отырмаған,
Олар тарих,
Олар жыр, оқылмаған.
Тарқатарда тарауын бір дастанның,
Дейді саған:
«Берірек отыр, балам».

Еске алғандай жастығын қайран асыл.
Сөйлер сөзге бір саңылау іздегендей
Маңғаздана бір шолып айналасын,
Деп сұрайды:
«Шырағым, қай баласың?»

Ыңқыл-сыңқыл қарттықты елеместен,
«Пәленшенің ұрпағы сен емес пе ең?»
Дейді-дағы біртіндеп әкеледі
Оқиғаны кетпейтін нелер естен.

Естіп қалсын дегендей мен тіріде,
Айта берер қарамай ентігіне.
Аракідік мегзейді ошақ жақты,
Ұршық ұстап отырған кемпіріне.

Сөздер айтса егерде шын аталы,
Ұқпай қалдың,
Қысылма,
Сұра тағы.
Кейде сені бір сөзбен жадыратып,
Кейде сені бір сөзбен жылытады.

Сен білмейтін сырлар көп, асықпағын.
Өзіңді де, қартты да жасытпағын.
Көз алдыңда тұрады
Әңгіме емес,
Көп суреттің қойғандай шашып бәрін.

Ілікпеген әлі де жыр-қаламға,
Біз білмейтін сыр көп-ау бұл ғаламда.
Айхай, шіркін, не жетсін,
Қарттарың боп,
Сол қарттарды бір ауық тыңдағанға.
Бүгін мен ертең
Сәтсіздікке бүгінде кезіксек те талай біз,
Ал ертеңге тек қана жақсы үмітпен қараймыз.

Аяқтауға бір істі жетпей қалса келте күн
Ойлайсың ғой бітер деп еске түсіп ертеңің.

Жетем деген жеріңе жете алмасаң…
Жол ұзақ,
Қона жүргің келеді келер күннен қарыз ап.

Жатқан науқас төсекте әлі кетіп кем-кемдеп,
Үміттеніп қояды, «жазылармын ертең» деп.

Ойда жоқта досыңмен сөзге келіп қалдың ба?
Келісерміз, ертеңім бар дейсің ғой алдымда.

Сүйгеніңнен хат келмей зарықтырса, сарғайтып,
Ертеңің бар және де өзіңді өзің алдайтын.

Ертең қымбат екен ғой, (түсін мейлің, түсінбе),
Өле-өлгенше өзіңді емексіту үшін де.

Туған күнгі сөз
Қаншама қуаныстық, өкпеледік,
Қанша рет арман-сырды шерткен едік.
Десек те өзің туған бір күніңе
Кетесің, бір күндері жетпей өліп.

Мықты боп қанша ұрғанмен құр төсіңді,
Өмірің тез бітетін білте сынды.
Қалай да кетерсің хақ бұл жалғаннан
Іше алмай туған күнгі бір тосыңды.

Тағдырың бермесе де басқа мұңды,
Өткізбей жүрсек-дағы босқа күнді.
Әйтеуір көре алмасың анық бір күн
Жиналған туған күнге достарыңды.

Іздескен бақытың боп қарсы алардай.
Қызық көп бұл дүниеде қансонардай.
Десек те кететінің анық бір күн,
Өзіңнің туған күніңде ән сала алмай.

Достарым, айтыңдаршы, серіктерім,
Кімдерге хабар айтып келіпті өлім.
Сондықтан өзім туған бір күніме
Жете алмай кететінім анық менің.

Сен мені, мүмкін, іздерсің…
Сен менен күдер үз мейлің,
Мен сені, жаным, іздеймін.

Сары дала, ақ жолдардан да,
Белгісіз вокзалдардан да,

Елдегі ну егістерден де,
Соңғы бір рейстерден де,

Аққулар көштерінен де,
Жаңа жыл кештерінен де,

Қара орман арасынан да,
Теңіздің жағасынан да,

Ақ түтек ақпандардан да,
Құз қия, шатқалдардан да,

Өзге елден, дала, белден де,
Кез-келген кемелерден де.

Мен сені, жаным іздеймін,
Әйтеуір күдер үзбеймін.

Сен мені, сонда, іздерсің:
Басыңнан бақ ұшқанда бір,
Қайғымен табысқанда бір,

Жете алмай алдағы арманға,
Егіліп жалғыз қалғанда.

Көңілсіз би кештерінде,
Сүреңсіз күй кешкеніңде.

Тәтті ұйқың бұзылғанда бір,
Жас денең қызынғанда бір.

Аймалап құшқан қолдар да,
Өзіңе дұшпан болғанда,

Пәктігің бүлінгенде бір,
Бәрінен түңілгенде бір

Сен мені, мүмкін, іздерсің…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір