Біз бір отау едік
12.01.2018
1043
0

Иә, біз жарасымды Отау едік. Желпіністі жастық көңіліміздің керегесі бүгінгі «Дидар» гәзеті «Коммунизм туы» болып тұрған сонау 1958 жылы керіле бастады да, жеделдете уығы шаншылып, шаңырағы көтерілді. Редакция хатшылары алқасының (секретариатының) әдеби қызметкері менің «Тарғын» орта мектебінде бірге оқыған досым – фотограф Тоқан Берғалиев, ауылдас жолдасым, Алматыда оқыған суретші-мүсінші Талаптан Иманбаев үшеумізге екі жылдан соң Рамазан Сағымбеков, Уаһап Қыдырханов қосылды. Редакция ұжымын жас журналшылармен толықтыруды, нығайтуды көздеген редакторымыз Бейсенғали Тәйкіманов Алматыдағы әріптестерімен сөйлесіп, келісіп, Қазақ радиокомитетінен Рамазанды (қарағандылық), «Лениншіл жас» гәзеті редакциясынан Уаһапты (зайсандық) бізге ауыстырып алды. Екеуі де дипломды, тәжірибелі журналшы екен. Рамазан жауапты хатшы, Уаһап Мәдениет және тұрмыс бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Уаһап келе сала «Әдебиет үйірмесін» ұйымдастырып, гәзет оқырмандары арасындағы талапты жас ақын-жазушылармен байланыс орнатты.

Жас мөлшеріміз қарайлас болған соң қалжыңымыз жарасып, мен Ра­ма­занды «Жауапсыз хатшы», «Сұлу», ал Уаһапты «Шырайлым», Тоқанды «Ве­ликий лектор», Талаптанды «Та­пай» деп атап жүрдім. Мамандығы бух­галтер Тоқан ауылшаруашылық, өнер­кәсіп экономикасы, ішкі-сырт­қы саясат мәселелерін талдап әң­гі­ме­легенде сол тақырыптарға мақала жа­зып жүрген ғалым авторларым­ыз­ды таңдандыратын. Сөйтсек, ол өзі тө­тесінен көп ізденіп, көп оқиды екен. Тиісті бөлімдерімізге белсене жәр­демдесіп жүрді.
Талаптан атақты мүсінші Хакім­жан Наурызбаевтың шәкірті еді. Об­лыстың еңбек ардагерлерінің бір­не­шеуінің кеуде мүсінін жасады. Ұлан ауданының «Тарғын» орта мек­тебіне кезінде сонда оқыған, Ұлы Отан соғысында Совет Одағының Ба­тыры атағы беріліп, 22 жасында қа­за тапқан Ізғұтты Құрманбайұлы Ай­тықовтың мүсінін тарту етті.
1960 жылы Алматыдан бізге тә­жірибе жинақтау мерзіміне уақытша қыз­метке Мұрат Қашқарбаев деген жі­гіт келді де, ақырында редак­ция­ның Еңбекші хаттары бөлімінде әде­би қызметкер болып тұрақтап қал­ды.
Сөйтіп, алтауымыздың Отауы­мыз ішкі-сыртқы тірлік-тіршілігі бір шат-шадыман шаңыраққа айналды. Не сенбі, не жексенбі күндері бәріміз ба­ла-шағамызбен кезек-кезекпен бас қосуды дәстүрге айналдырдық. Әң­гімеміз, әзіл-күлкіміз бір арнада то­ғысып, келіншектеріміз абы­сын­дай, балаларымыз ағайындардай бо­лып, қымбат сәттеріміз көбейе бер­ді.
Алайда, көп ұзамай Уаһапты Ал­ма­ты қайта шақырып әкетті. Әуелі Қа­зақ радиосы бас редакторының орын­басары қызметін атқарды да, кейінірек «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») гәзеті ре­дакциясына ауысып, ауыл шаруа­шылығы бөлімінің меңгерушісі бол­ды. Республика радиокомитеті Му­зы­калық бас редакциясының бас ре­дакторы болып Рамазан да Ал­ма­тыға кетті. 1966 жылдың қаңтар айын­да мен де Алматыға көшіп, «Қа­­зақ әдебиеті» гәзетінің редак­ция­сына орналастым.
Айтпақшы, мен «шырайлым» деп ат қойған Уаһаптың әдеби тілі тіп­ті шырайлы, шұрайлы екен. Қай тақырыпты алса да сөз, сөйлемдері өлең­дей өріліп, тілдің майы төгіліп тұ­рады. Тақырыптың табиғатына қа­рай мақал-мәтелдерді шебер қол­данады. Орысы басым өлкеде өскен біз­ге таңсық аталы сөздер, атаулар, то­сын теңеулерге бай. Ол тұста біз­дің кітапханаларда, кітап сатылатын дүкендерде, мысалы: Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ға­биден Мұстафин сынды әйгілі жазу­шыларымыздың да кітаптары бо­ла бермейтін. Кейін тарихи хис­саларды, қазақ әдебиетінің шоқ­тық­ты шығармаларын оқи бастағанымда Уаһаптың тіл көркемдігінің төркіні қайда екенін білдім.
Уаһаптың араб тілін еркін оқып, жа­затынына да кейін куә болдым. 1990 жылдың көктемі. Жазушылар одағы Көркем аударма және әдеби бай­ланыс Бас редакциясының төра­ғасы едім. «Жазушы» баспасының жос­парынан «Құран Кәрімнің қа­зақша аудармасы. Аударушы Уаһап Қыдырханұлы» деген нысан көзіме түсті де, телефон шалдым. Рас екен. Түркиядан Халифа Алтай ағамыздың мәтіндік (жолма-жол) тәржімасының қол­жазбасы келіпті. Соған қолқабыс жасап, шығартпақ болып жоспарға қо­сыпты. Ал жоғарғы жақ «өзіміз аударуымыз керек» депті. Тәр­жіма­шы табылмапты да, ақыры Уаһапқа тоқтапты. «Жазушы» – одақтың құ­зы­рындағы баспа. Біз дереу комиссия құрдық. Аудару КСРО Жазушылар одағының мүшесі Қыдырханұлы Уаһапқа жүктелді. Ғылыми кеңесші – араб тілінің маманы, ғылым кан­ди­­даты Болат Көмеков. Қаулы қа­былданды. «Жазушы» баспасына хат жа­­зылды. Сөйтіп, «Құран Кәрім» 1991 жылы 200.000 дана болып ба­сы­лып шықты. Қуана қолға алып, қы­­зыға көз жүгіртсем – бір «жаңа­лы­ғы» бар. «Аударғандар: Рәтбек қа­жы Нысанбайұлы, Уаһап Қы­дыр­ханұлы» деп тұр! Уаһаптың аударма қол­жазбасын оқығанбыз, талқы­ла­ғанбыз, ал қажының төбесін де, бір жапырақ қағазын да көрген емеспіз. Уаһапқа телефон шалып:
– Оу, жолдас, Құранның ау­дар­ма­шысы сен ғана едің ғой, қосалқы ав­тор қайдан пайда болды? – дей­мін.
– Оны, енді сен сұрама. Мен айт­пайын…
– Сонда Құранның тең жарты­сын Рәтбек қажы аударған болды ғой? Өйтпесе оның аты-жөні неге се­нің төбеңде тұр?
– Оны да сұрама. Алда-жалда біл­гің келіп бара жатса баспаның директоры Қалдарбекке, әйтпесе, одан жоғарыға шық.
Сұрастыра келе қасиетті Құран төңірегінде болған біраз қисынсыз «хикаяттарды» естідім. «Жоғарғы жақтан» жасалған көпе-көрінеу зорлыққа ызам келді. Аудармашыға тағы да тіл қаттым.
– Қайтесің соны, жақсы атақты сол-ақ алсын. Маған оның жолдан қо­сылғаны да, аты-жөнінің алда тұр­ғаны да намыс емес, Алланың бір сөзі болса да, діннен дүбәра болып қал­ған қазақтың құлағына жеткені табыс, – деп, баяғы қойдан қоңыр­лы­ғынан танбады.
Қашанда сорақылық бір бас­тал­са, тоқтауы қиын. Ол – әлімсақтан мә­лім жәйт. Бір танысымның үйінде «Кто есть кто?!» деген кітапты көріп, ау­дарыстырып қарап отырсам – Рәтбек қажымыз ол жинаққа құран­ды қазақ тіліне тұңғыш аударушы деп, жалғыз өзі енгізіліпті. Ол аз десем, ертеңінде «Вечерний Алматы» гә­зетіндегі сұхбатында қажекем өз ау­зымен «Құранды бірінші рет мен ау­дардым» депті. Гәзет редак­ция­сы­мен хабарласып, сұхбатшы тілшіге Құран­ды қазақшалау қашан, қалай ұйым­дастырылғанын, заңды аудар­ма­шы белгілі жазушы Уаһап Қыдыр­хан­ұлы екенін түсіндірдім, Уаһаптың телефонын беріп, өзінен сұрауын өтіндім. «Рәтбек қажы жалған сөйле­генін қойсын, Құдайдан қорық­сын» дедім. Сірә, ол әрекетімнің әсері бол­ды-ау, бір аптадан кейін гәзет Рәтбектің ауызына: «Құранды Уаһап Қыдырханұлы екеуіміз аударғанбыз» дегенді салыпты. Уәйда!.. Мүфтидің дауысы онымен де бәсеңдеген жоқ. Аттай он екі жыл бойы елдің ішінде де, сыртта да: «Құранды өзім аудар­дым» деп, жар салып жүрді. Ал, Уаһап осы жылдар бойы өзінің адал еңбегін арашалаумен не теледидарға шыққан, не газетте көрінген жоқ. «Ме­нің бұл аудармам – ең әуелі Жа­рат­қанның мені жарылқауы. Сонан кейін өзіме-өзім жүктеген пары­зым­ды шама-шарқымша орындағаным» деп, қанағат тұтты…
Әрине, жалғыз адамның небары бір жарым жылда жанталасып жа­са­ған ісінде кем-кетік болмады деп еш­кім айта алмайды. Уаһап он екі жыл бойы басқа тілдердегі тәржіма, тәп­сірлермен салыстырып, бала­ма­ларды бір қалыпқа түсіріп, мәтін-маз­мұнын ашып, жетілдіре берді. Осы қайта қаралған нұсқа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ма­құлдауымен 2002 жылы «Дәуір» бас­пасынан: «Құран Кәрім. Қазақша ма­ғына және түсінігі. Аударған – Уаһап қажы Қыдырханұлы. Қазақ­стан Республикасының мәртебелі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа сыйы. Сату­ға болмайды» делініп, 7000 дана таралыммен басылып шығарылды. Сол жылы Ресейдің, Қазанның, Қыр­ғыз­станның Бас мүфтилері, мұ­сыл­ман елдерінің Алматыда тіркел­ген елші­ліктерінің өкілдері, басқа да діни ғұламалар қатысқан (Нұр-Мүбарак университетінде) халықара­лық ғылыми-тәжірибелік ауқымды кон­ференция өткізілді. Аударма маз­мұндық, стильдік, тілдік, грамма­ти­калық сауаттылық жағынан са­рап­­талды. Мақұлданды, мақ­талды.
Естіген құлақта жазық жоқ. Құран­ның жаңа басылымында өзі­нің аты-жөні жоқ екенін көрген Рәтбек қажы: «Менің авторлық хұ­қы­ғымды қалпына келтірсін! Ке­ші­рім сұрасын, айып төлесін!», – деп сот­қа барыпты. Сонысын естісімен Уаһаппен хабарласып, менің Рәт­бек­ке жазған талап хатым барын, содан көшірме ала баруды ұсындым. «Болмай бара жатса көрермін, сот те­рісбаққыза қоймас», – деді. Иә, судья істі қарамас бұрын Рәтбекті шақырып, екеуі сөйлескен соң, мүф­тиекең арызын қайтып алыпты. Судья Уаһаппен де алдын-ала әң­гімелесіп, шындықты анықтаса ке­рек, бірақ УаҺап маған оның да ег­ж­ей-тегжейін айтқан емес.
«Ай толғанын білмейді, жігіт бол­ғанын білмейді» деген жақсы сөз бар. Сол рас, – деді ұстазы Әзағаң (Әзіл­хан Нұршайықов) Уаһаптың жасы 70-ке толған кештегі жиында. – Уаһап дүниежүзілік тарихи еңбек етсе де, соның мәнісін әлі де түсініп алайын деп жүрген жоқ. Орасан еш­теңе тындырып тастамағандай қара­пайым қалпында. Өзінің тәбиғи «Бетегеден биік, жусаннан аласа» қал­пынан ауған жоқ. «Мен Құранды аудардым» деп телевизорға шық­пайды, радиода сөйлемейді, гәзетке жазбайды. Кішілік деген осы… Орыс халқы мұсылман емес. Бірақ Саблу­ков, Крачковский аудармалары ар­қылы Құранның мазмұнымен бізден әлдеқайда бұрын танысты. Осы еңбегі үшін Крачковский 1951 жылы КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығын алды. Біздің Саблуковымыз да, Крач­ковскийіміз де – Уаһап Қы­дыр­ханұлы… Ал біз мұсылманбыз. Амал қанша…» («Әйгілі Әзаға». Естеліктер жинағы. 514-516 беттер).
Дін – адам жанының әміршісі дейміз. Дінсіз адамды діңсіз жапы­рақ­қа, дымсыз топыраққа теңейміз. 300 жыл бодандық, 70 жыл құдайсыз­дық біздің сана-сезімімізді торлап еді, солайша діңкелеген дініміз тәуел­сіздікпен бірге қайта оралды дей­міз. Өз басым тәуелсіздікті жа­рия­лай сала тамам қазақты мешітке жиып алып, ауыздарына иман сал­ғанды білмеймін. Сонда ол қадамның тәуелсіздіктің таңсәрісінде 250 мың қазақтың қолына тиген, 7 мыңын кейін Елбасының өзі сыйға тартқан Құран Кәрімнің осы аудармасымен басталғанын кім жоқ дей алды?.. Ой­пырым-ау, аса сауапты, аса жауап­ты, аса қасиетті осы қызмет сол тәуелсіздіктің 25 жылдығында да еш­кімнің аузына іліккен жоқ. Уахап мұны айтпайды. Ол өз еңбегі үшін Аллаға бұлданатын, адамға бұлдай­тын қазақ емес. Сонда бұл істің мән-жайын басталу-аяқталуына қа­нық мен айтсам, несі айып? Мұны ең әуелі азаматтық борышым, сонан соң қадірлі қаламдасымның алдын­да­ғы парызым деп білдім.
Менің басқа да айтарым бар. Мә­селен, Құранның сәл кейінде Ре­­сейдің бір қаласында көп тара­лым­мен басылып, сауда мүлкіне ай­нал­дырылғанын, екінші басылым­дағы «Сатуға болмайды» делінген тұжырымның ескерусіз қал­дырыл­ғанын естідім де, көрдім де. Бірақ тәптіштегім келмейді, – ақшаның соңы­­­нан ерген «ар-ұят» арашаны керек етпейді…
Қазақ әдебиетінің қазіргі бір ақсақалы Уаһап Қыдырханұлының көркем дүниелері: «Шаңқай түс», «Таң нұры», «Тасқайнат», «Алтын ай»,«Сағыныш саздары», «Әттең, Алтай-Марқакөл», «Өз елім – өзе­гім», «Алтай әуендері» және басқа туын­ды-жинақтары кезінде әдеби сын­нан жоғары баға алған. Жазушы, журналшы, ақын, тарихшы, ше­жі­реші, этнограф, дінтанушылығымен бірге ол диаспоратанудың негізін қалаған зерделі зерттеуші. Біртұтас қазақтың қабырғасын қақыратқан ХIХ ғасырдан басталған замана зар­дабы, сыртқа сырғып, жер-әлемге ша­шылып кеткен қазақтардың тари­хы, тағдыры, тауқыметі, шежірелері кең де нақты шертілген туынды­лары­нан басқа, өзі Бас редактор бол­ған халықаралық «Шалқар» гәзе­тінің бетінде қанша шер, шежіре жа­тыр?!. Қанша көркем болса да, кеңестік баспасөз беттеріндегі ме­р­зімдік сипаты болған жазбаларын қоспағанның өзінде, таңдама­лары­ның алты томын жинақтапты. Оған демеуші іздеп жатқан тағы ол жоқ. Тіпті, өз облысы ұйымдастырған «Ал­тай-Ертіс» сериясы бойынша шығарамыз деп облыс сұрап алған бір томы ізім-қайым әлі жоқ.
Ізі кете қоймаған 2017 жылдың 23 желтоқсанында 85 жасқа толған тол­ған Уахаңа енді екі мүшел тілей отырып, мақаламның тақырыбына оралайын. Иә, біз бір Отау едік. Алматыға тұрақтаған үшеуіміз алты қанат Отауымызды он екі қанатқа жеткіздік десем болар. Уаһап пен Рамазан бұрыннан білген, бірге жұ­мыс істеген тарлан ақындар: Тұман­бай Молдағалиевпен, Қадыр Мыр­за­лиевпен, Сағи Жиенбаевпен, Сә­­кен Иманасовпен табыстық, – қа­ламдас достар болдық. Өскемен­дегі Тоқан мен Талаптан бірде дема­луға, бірде іс-сапармен келіп, шұр­қырасып жүрдік, Мұрат көшіп те келген.
…Қуаныш-қызығы мол уақыт бізге де мөлшерін өлшетпей өтіп жат­ты. Әлі де өтіп жатыр. Алайда, Ал­тай мен Алатауға ортақ болған Отауымызда бүгінде Уахаң екеуіміз ғана бармыз: алдағы ғұмырымыз Алланың қолында.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір