Тұлғалық таңдау күші
12.01.2018
1438
0

1. Иран-Ғайып. «Сүйінбай», драмалық эпос.
Поэтикалық драматургия жан­рын­да Иранбек Оразбаев тұлғалық портреттер галереясын жасады. Ұлт жадынан өшпейтін, дәстүрлі дүние­таным арқылы өсер ұрпаққа өнеге боларлық аңыздық, мифтік және тарихи тұлғалар бейнесін жаңғыртып сахналауда Иранбек ағамыз өз биігін ертерек бағындырған арқалы ақын. Ақын маңдайына бұйырған Мемлекет­тік сыйлық, «Платиналы Тарлан», Ха­лы­қаралық «Алаш» әдеби сыйлық­тары, көп томдық шығармалары – оның құнарлы еңбегінің несібесі. Аты­рау қаласында 21-24 мамырда Рес­публикалық Театрлар Фестивалі қазақ өлеңінде бітімі бөлек ірі ақын­ның 70 жылдығына арналып, Махам­бет атындағы Атырау облыстық драма театры «Сүйінбай» атты драмалық туындысын алғаш рет сахналады. Аты­рау – бір драматургтың фестивалін өткізуде көш бастап келе жатқан шаһар. Әкімі – ақынын алаламай іздейтін, өнер мен әдебиетті кие тұтқан Нұрлан Ноғаев. Елбасының рухани жаңғыру туралы идеясы барша қазақтың отаншылдық мүддесін танытады: «Туған жерге, оның мә­де­ниеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен ат салысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністері­нің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі».
19 шілдеде Халықаралық «ЭКС­ПО-2017» көрмесі аясында бұл спек­такльді астаналық қауым көрді. Қою­шы режиссер – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Ахманов. Қазақ сөзінің қасиетін, рух қонған жыраулық жаратылыс құдіретін, тектілік нышан аруақ сыйлау мен елдіктің ажырамас егіз ұғым екенін Сүйінбай – Иран­ғайып, қос жыраудың қосарлы синтезі шы­найы көркем сөзге үнемі шөлдеп, қа­талап жүрген, тілі шұбарлы қазіргі қазаққа нөсердей төкті. Атыраулық артистер импровизациялық шабыт күйді, қазаққа тән құндылықтарды залдағы көрерменге қуатты жеткізе алды. Эпостық көш-керуендей тұң­ғиық­та жатқан көркем жадты оятты.
Метафоралық тұспал: драманың басында дүрдараз екі халыққа ашула­нып Ыстықкөл тулайды. Сахнаға Сүйінбай шыққанда айнала жарқырап кетеді, ақын әулиелердің жұмбақ тәжін киген сияқты, бұл деталь театр өнерінде оның талантынан бөлек бітістірушілік миссиясын айқын­дайды.
Сүйінбай бұл айтыста екі елді бітіс­тірген елші бола білді. Хан Кене мен Наурызбайдың қанды қазасынан соң қатты суыған қазақ пен қырғыз арасында «елдестірмек елшіден» де­мек­ші, Сүйінбай абыздық сакральды рөл атқарды. Елшісі жоқ ерегестен соғыс қасіреті туады. Бұл жарық әлем­дегі мәңгілік сценарий, бітпейді де таусылмайды. Ойнала береді. Адамзат құрып кетудің алдында тұрғаны еш жалған емес. Бір-біріне наразы, жау мемлекеттердің ядролық қарулары даяр. Құдай сақтайды, бірақ, түлен түртсе, бір секунд күллі әлемді күл қылар еді. Көрші екі ел ұзақ ұрысса, он­ың түбі күмәнді. Осындай кезде құтқаратын Сүйінбай сияқты дара туған, азуын Айға білеген Сөз иесі, иман мен адамшылықтан аумаған, атаның емес, адамзаттың баласы, ұлттық элита өкілдері. Ақұштап ақын: «Құдай бір халықты өлтірмес үшін ұлы тұлғалар береді», – дейді. Дарын феноменін солай түсіну керек.
Бақсылардың атасы Қорқыт бабасын драмалық жырға қосқан Иран-ғайып бұл драмада нені көксейді, нені айтуды мұрат етті? Автордың айтары айқын: «Уақыт пен тарих деген категория бар. Қате­леспейтін Құдай­дан басқа ешкім жоқ. Сүйінбай – халықтың санасы. Сүйін­бай екі ха­лық­ты өзара татуластырды. Кеше Түр­кия мен Россия арасында өрт шыға жаздап, қатулық пайда болғанда қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі елді тату­ластырды. Хан Кене көп айтылмай келді ғой, ре­жис­сер шеберлікпен енгізді. Оны да жаз­дырып отырған қан, тектік нышан.
Ата салтында мықтыдан бата алу парыз. Жамбыл неліктен Сүйінбайды пір тұтты? Жетісуда өзге ақындар да болды емес пе?! Мырзатай ағамыз бұл өлкеден шыққан 27 ақынды атайды. Неге ол Сүйінбайды таңдады?! Жыр алы­бы атанбас бұрын. Бұл тек дәстүр емес, керемет түйсік, жүрек қалауы. Пір – рухани ұстаз. Шығыс дәстүрінде ақын кемелдікке жету үшін пірдің батасын алу керек. Ескі сөзде: «Пірсіз­дің пірі – шайтан» деген бар. Пірлер Құдайдың сүйген құлдары, иман мен өнер, білім ұстаушылар. Құл Қожа Ахмет Иассауи Арыстанбабты пір тұтуы, Сүлеймен Бақырғанидың өз ұстазы Иассауиді пір тұтуы, Мұхтар Әуезовтің Абайды пір тұтуы, мұның бәрі мирас­қор­лық. Абай 13 жасынан-ақ: «Фи­зули, Шәмси, Сәйхали,
/ Науаи, Сағ­ди, Фирдауси, / Хожа Хафиз – бу һәммәси / Мәдәт бер я шағири фәрияд» деп төрттаған жазып, өз бол­мы­сының конгениальды табиға­тын та­нып, әзелден тым биік самғаған екен.
Жыр көсемі Сүйінбайдан бата алған соң, Жамбыл қуатты тартылыс күші – көктен құйылып тұратын, буырқанған, телегей теңіз шығарма­шы­лық бұла күш жыраулық стихия­ның экстазын әсте сезінбей қалмаған: «Құйындап көкке шапқан мен бір пырақ»; «Ағып бір жатқан селдеймін»; «Бұл жырды мен естігем, / Тағы құлжа үнінен. /…Бұл жырды мен естігем, / Жұлдыздың аққан көгінен». Ақындық санасы жер мен көкті қатар орайды, жаралыс басын сезінген Жамбылдың рухани күйінде ерекше құдіретті энер­гетика айқын. Иран-ғайып өз твор­чествосына тән тұлғалық таң­дауын, пір тұтқан ұстаздарын дәл осы себеп­пен, тектілікті сүюмен таңдап алған десе болар, мұның сыры – рухани жал­ғастық, ұрпақ үні. Иран-Ғайыптың Сүйінбайы өзіне жан туыс, ноқтаға басы сыймаған асау, адуын ақынның бір ипастасы тәрізді сезілуі тегін емес. Мұхтар Әуезов Сүйінбай Аронұлын (1822-1895) «XIX ғасырдағы Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп атаған.
Тегін ұлықтау, өз атасын артық көру, рулық жүйе қазақтың дәстүрлі қоғамында, елдік санасында мызғы­май берік тұрған, әрбір рудың ұранға шыққан жеке-жеке рухани код-сөзі бар. Сүйінбай өзі шыққан шапыраш­тының ұраны Қарасай батыр болса да, рулық санадан асып, исі Алаштың ұлттық ұранын сакральды өлеңмен таңбалап берді: «Бөрі басы – ұраным, / Бөрілі менің байрағым. / Бөрілі байрақ көтерсе, / Қозып кетер қайда­ғым». Көк Бөріні идеал тұтқан түз елінің Тәңірі бар, әр кезеңде жаппай қырғынға ұшыраған геноцидте қазақ халқының тұқымы тұздай құрымай, жарық күнге, келешекке ұрпағы қа­лып, орнында бар оңалып, Тәуелсіз­дікке қарашаңырағы аман жеткені азаттықты өлердей сүйетін тектілігі­нен-бөрілігінен екені даусыз. Тектіні Құдай құлай сүйеді.
Иранбек Әбітайұлы драманың эпикалық тамырын, шежірелі дерегін дөп басқан. Қырғыздан Орман хан, ақ патшадан барып шен алған Қара-Бәйтік, Жантай батыр; қазақтан Тезек төре, Бөлтірік шешен астың алтыншы күні ақындары арқылы өзара құпия күш сынасып отыр. Жекпе-жекке қос ақын шығады, ел намысын қорғайды. Айтыс арқылы тірі тарих атойлап шы­ғады. Айтыс реминисценция түрінде тегіс қамтылған. Сүйінбай бейнесіне неліктен драматургтың таңдауы құлай түскен? «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» театрға бек лайық ұлық дүние екенін дәл таныған көрегендік­тен. Қазақ жырының бір жүйрігі Несіп­бек Айтұлы Сүйінбай Аронұлы­ның туғанына 200 жыл толғанда «Сүйін­бай» атты поэма жазды. Әр­қилы әдеби жанрлар бір тұлғаны сүйіп таңдай берсе, бұл – сол ұлтты рухани өсіретін фактор. Ондай халықтың қа­малы мықты, бауыры бүтін, іргесі сөгіл­мейді, жатқа жұтылмайды.
«Сүйекемменен, мен елден асқақ тұрмын! / Қырғызың да асқақ тұр «Ма­насымен!»», – деп әділін айтты азулы ақын Серік Ақсұңқарұлы «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» атты жырында.
Қатағанның екпіні жер жарғандай, экспрессивті, өктем-озбыр, кеудем­соқ, мақтаншақ, кекесін-сарказм, әр сөзі күпірге ұласты. Қазақта өзін-өзі мақтаған өлімнің басы дейді. Қатаған қызды-қыздымен Сүйінбайдың көзін шұқымаққа ажалды қарғадай жал­баң­дап төніп кеп, дұшпандық зорлық-зомбылық пен қайғылы өлім үшін масайрап, астамшылық буып, этнос­тық межеден асып аруақ қорлайды: «Әскер тартып барғанда, / Өзімдікі болмап па еді, / Қойныңдағы жар­ла­рың. / Атқа мінген жастарың. / Ке­не­сары төреңнің / Басын кесіп алған­мын. / Наурызбайдай бегіңді, / Итіме сүйреп салғанмын. / Заты жаман Сүйін­бай, / Кәне кегіңді алғаның?». Қазақ қаласа ақсүйек, биязы бола бі­леді, шынымен үйіне келген құдайы мейманға таудай өкпесін айтпауға, сый-құрметпен бейбіт шығарып салу­ға бар.
Сүйінбайдың аузымен сол уақытта қазақпен жағаласқан елдер айтылады. Бұл айтыс сол дәуірдің қоғамдық айнасы мен ақиқатын ашады. Сүйін­бай сырбаз ұрымтал тұсты қалт жі­бермей, жанартаудай атылды. Театр – тірі организм. Сүйінбайдың саң­қылдаған дауысынан Тезек төре мен Бөлтірік шешен тіріліп сала берді. Зал­да исі қазақтың арқасы қозды, қопалақтап отыра алмай кеткендер бар. Иран-ғайып ақынның стильіндегі афоризмге тән шаппа-шап, қысқа қайырса да терең мәнді сөз иірімдері тарихи биік образды байыта түседі, домбыра үні мен жырда рух жамалы бар. Сүйінбайдың Қатағанға кезеніп айтқан сөздері – шежіре жанрының қас үлгісі, поэтикалық асқан көркем нұсқасы. Аттай 170 жыл бұрын туған Сүйінбай жырының асқан құдіреті сонда, бұл айтыс қазіргі қоғамда мандытпай жүрген ұсақ-түйек, дүние­қоңыз рушылдықтың кеселінен ірі өлшемдерде кей сәт ұтылып жүрген қан­дастарымызды ұлттық бірлікке шақыратын биік мұраты мен асқақ рухында тұр. Иранбек Оразбаевтың эпостық драмасы театр өнері арқылы аудиторияны, үлкен-кішіні тегіс баурап, жаһандану уақытында ерекше маңызды елдік бірліктің нығая түсуіне бастайды.
2. Сүйінбай: шежіреші және дипломат.
1847 жылы күзде қырғыз манабы Орманхан шешесіне берген асында өт­кен «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» жанр, стиль, көркемдік өлшеммен алса әдеби әлемде теңдесі жоқ шедевр деуге болар. Тарих пен саяси дипломатия, фольклор мен далалық театр элементтері қат-қабат өрілген, ұлттық намысы қозып, дүр­ліккен қалың қауымды аузына қаратып, топ алдында аңдысқан қос жүйрік ақын бақталас екі елдің мұрат-мүддесі үшін қып-қызыл майданға түсіп, бірі ымырасыз жеңіп, бірі оңбай сүрініп, жер қаба құлаған сын сағатта жеңген ер кісіліктің туын жықпай алып шыққаны даусыз. Әлбетте, қа­заққа тән даралық пен мәрттік, жы­раулық қуат мәртебесін биіктеткен сайын найзағайдай атылып, темірді қызған кезде соққан Сүйінбайдың арқасы. Бұл айтыстың лейтмотиві – шежіре, елдік мүдденің күш-құдіреті, қастасқанда көрші қос халықты достыққа шақыру, идеологиялық символ.
Сүйінбай мен Қатағанның айтысы өмірде болмаған, жасанды, фальси­фикация деп айтқан сөзді бірде өз құлағыммен естіп қалдым. Мұншалық алапат текетірес айтыс әншейін қызыл жел сөзге жатуы әсте оңай емес; өйт­кені қос халықтың өкілі айтысқандық­тан бұған өтірік пен әсіренің араласуы мүмкін болмайды. Екі жағында да жалғандықты айыптап, ар сотына са­лып, ақырып құн сұрайтын ұрпақтары тұр. Бұл – ұлтаралық айтыс, ауыл-аймақтың ақындары малданған жай ғана сөз сайыс емес.
Бір деректерде Қатаған кісінің есімі емес, сол ақын шыққан рудың атауы делінген. Қатаған туралы: «Есім Ташкентті алды, Тұрсын ханды өлтірді деген хабарды естіген Түгел бай өзінің ұлы Маңғытты сауға сұра деп Есімге жібереді. Хан болса Түгелдің қалмаққа жорық кезінде Сарыпқұла атты бергеніне, қатағанмен соғыста қолда­ғаны үшін риза болып Тұрсын ханның қыздарының бірін сыйға тартты-мыс: «Эми ошол кан Турсундүн кызынан туулган Мангыттың балда­ры… Сүйор­кул батыр, Казыгул, Эсиркемиш де­ген­дерди тууган. Ошон учүн, энелери Катаган кызы болгондуктан бул үчеенүн уругы Катаган деп аталып калды», – деп жазады тарихшы-ғалым Жамбыл Артыкбаев.
«Қазақтың алауыз халық екенін айта алмады», – деп ашуланды қырғыз Жантай. …Меркелік Өмірзақ ақынмен таныстым. Ол төгіліп тұрған жыршы болып шықты. Оның аузынан Сүйін­бай мен Қатағанның айтысын жазып алған едім. Топырағы кеппей, қазақ­тар­дың ашу-ызасы басылмай тұрғанда Кенесары ханның кегін алған жалғыз ақын – Сүйінбай», – деп жазады Садық Смағұлов.
Қазақ пен қырғыз ежелден бірде қату, бірде тату күн кешкенін ымыра­сыз тарих жасырмас. Шанышқылы Бердіқожа, қаракерей Қабанбай, Көкжал Барақ сияқты қазақ батырла­рының қырғызға қарсы соғысы, т.б. Несіпбек Айтұлы жыр, поэмасында: «Ақ сүйекте ап-айқын боп тұр білем, / Қырғыздардың қылышының таң­басы» («Бас»); «Тарихын Бердекемнің суыртпақтап, / Ақтардым қазақ-қырғыз шежіресін. / Ажалы қырғыз­дардан болғандығын / Білгенде бордай босап езілесің» («Бердіқожа») деп келіп, жауыққан Садыр мен Жайыл сияқты қырғыздар соғыста қолға түс­кен қазақтарды кескілеп, бас сүйекте­рінен таудай оба үйгенін жазады.
Өктем мен күштіге жығылатын адамзат тарихы үшін әлбетте, мұндай соғыс лаңы таңсық емес, үйреншікті жайт. Енесайдан Алатауға көш басын тірегенде қырғызға қазақтан, қырғыз­дан қазаққа сіңген ру-тайпалар бар екені шындық. Қандас екі халыққа алабөтен кетісуге де, өлердей шекісуге де болмас. «Манас» жыры – теңдесі жоқ көркем эпостық байлық. Оның рухани қасиетін Шоқан мен Мұхтар танып, Әбіш аға көсіліп жазып кетті. Көрші қырғыз елі жаңа дәуірде гүл­денсе, рухы жаңғырып көркейсе деген ақ тілек біздің көкейімізде айқын орнаған, әзелде Құдай пейілін кең жаратқан қазаққа тән мәрттік.
Арқа ақындарының ішінде Шө­же­нің орны ерекше, тек қуалап тиісе­тін қазақ дәстүрінде Шортанбай Шөжеге: «Қазақтан атаң қырғыз түбің басқа, / Келгенше таласасың осы жасқа, /Атаң қызыл иттен қырғыз туған / Қай жерде қосыласың осы Алашқа?», – десе, мұндай қағытпаны екі жақ ауыр қабылдамаған, шыбын шаққан құрлы көрмеген, өзара үйрен­шікті қағажу болған. Ал қырғыздың кейінгі жас ақындары интернетті шулатып, айтыс үстінде қазаққа бекер­ден-бекер тісін қайрап, қаралап, ке­ле­келеп жатса, мұның уыты сора­қы…

***
Бұл спектакль поэтикалық-музы­калық болуы себепті актерлер қауы­мына түскен жүк әсте осал емес. Аты­раулық өнер шеберлері сахнада қазақ әлемін жайнатып-ақ жіберді. Расымен рухани мереке, тектілік сарын. Спектакльде арқасы жабысқан қазақ пен қырғыз образы жасанды, жауыр көрінді, екеуі атша тулап, мөңкіп, сөз қағысып сахнаға жиі шы­ғады. Драмалық көріністер өз алдына, ән мен жырды жұртшылық сүйіп тыңдады. Суретшісі – Тимур Қоесов. Композиторы – Бауыржан Ақтаев. Сүйінбайды қос актер – Нұрбек Съез­хан мен Дастан Пышанов лайықты алып шықты. Тезек – Бақытжан Өте­ғалиев, Орман хан – Ержан Жұмат, Бөлтірік шешен – ҚР Мәдениет қайраткері Сәбит Қожабеков, Қара Бәйтік – Әміржан Нұрланұлы. Ал, Қатаған рөліндегі жас актер Асхат Мұсағалиев Иранғайыптың 70 жыл­дық мерейтойына арналған театрлар фестивалінде «Ең үздік ер адам бей­несі» номинациясы бойынша жүлде­гер атанған еді!..

Айгүл Кемелбаева,
жазушы, «Дарын» Мемлекеттік
жастар сыйлығының лауреаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір