Арамызда Сальеризм әлі бар…

0
58 қаралды

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстан Театрлар Ассоциациясының мүшелері мен өнер қайраткерлері, жазушылар Ерлан Біләлдің жағдайына байланысты баспасөз-конференциясын өткізді. Баспасөз-мәслихатына жиналған қауым Ерлан Біләлдің актерлік еңбегі мен театр басшысы ретінде атқарған ісіне баға беріп, орын алған қиын жағдайда азаматқа қолдау білдіретіндерін айтты.

Асхат МАЕМИРОВ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер:
– Бүгін белгілі сахнагер Ерлан Бі­ләлдің жағдайына байланысты ар­найы баспасөз мәслихатын өт­кі­зіп отырмыз. Осыдан бір апта бұрын ға­на театр ұжымы жылды қоры­тын­дылады. Осы жылы өнер ұжы­­мы ауыз толтырып айтатын же­­­­тістіктерге жетті. «Болашаққа бағ­дар: рухани жаң­ғыру» бағдар­ла­ма­сына орай Лон­дон­ға, Жапонияға барды. Қазақ­стан­ның барлық облысын гаст­рольдік са­пар­мен аралап шықты, Елордада есеп бер­ді. Ал мына жағдай ұлттық сах­на өнері ауылына лақтырылған тас, әрине тас түскен жеріне ауыр. Сон­дық­тан өнер саласындағы белгілі тұл­ғаларды жиып Ерлан Біләлдің бол­мысы туралы өзіміздің аза­мат­тық пікірімізді айтуды парыз са­на­дық. Себебі, кез келген қоғам­ның байлығы – адам, тұлға. Қо­­ғамды тұлғалар жасайды. Мұн­дай таланттар ондаған жылда бір туады. Ерлан аға буынның, ар­дақты аналарының ақ батасын ал­ған, замандастары мойындаған, әр актер арман еткен Абай, Сы­рым, Кебек, Қозы, Балуан Шо­лақ, Шәмші, Мұқағали сынды соқ­талы рольдерді ойнаған азамат. Де­мек, ол қазақтың рухани әле­мі­не өз үле­сін аянбай қосып келе жат­қан өнер иесі. Мұндай роль­дер­ді бойын­да адами махаббат, адамгершілік, те­рең­де жатқан азаматтық ұстын бол­маса, оны сезініп, алып шығу қиын. Ерланды біз өте жақсы кө­ре­міз, ол әже тәрбиесін көріп өс­кен, ананың, әкенің тағылымын бойы­на сіңірген азамат. Бүгінгі таңда үл­кен бір отбасының иесі. Сондықтан асығыс сөйлеп, ер аза­маттың сағын сындырмайық!
Ғаламтор бетінде жарияланған пі­кірлерді оқып, ұлттық сананың төмендеп бара жатқанын түсіндім.
…Өмір өтпейді, керісінше өмірден біз кетеміз, ұлт өзінің рухани құн­дылықтарын ары қарай жалғап, насихаттауы керек. Ал біз ғаламтор бетінде комментарий жазуға да, пі­кір айтуға да әбен машықтанып ал­ғанымыз сонша, кім аузына не кел­се, ойына не түссе соның бар­лы­­ғын іркілмей жайып салатын болды.
Бүгінгі жиынға Қазақстан Театр­лар Ассоциациясының пре­зи­ден­ті, өнеріміздің абызы, КСРО Ха­лық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов ағамыз, ҚР Жазу­шылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын-драматург Нұрлан Оразалин, Қазақстан Халық Ассамблеясының мүшесі, Ассоцациямыздың вице-пре­зиденті, Республикалық кәріс теат­рының директоры Любовь НИ, көрнекті жазушы, киносце­на­рист, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Смағұл Елубай, ҚР Мем­лекеттік сыйлығының лауреа­ты, ақын-драматург Иран Ғайып, драматург-жазушы Сұлтанәлі Бал­ғабаев, Астанадағы Жастар
теат­ры­ның режиссері Нұрғанат Жа­қып­бай, белгілі режиссер Ес­мұхан Обаев, сонымен қатар, театр­дың, әдебиет пен өнердің бел­ді өкілдері арнайы қатысып отыр.

Асанәлі ӘШІМОВ,
КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері:
– Қымбатты әріптестер, өнер қай­раткерлері! Бұл театрдың, әсі­ре­се, соңғы екі-үш жылдағы жетіс­тік­тері халықтың көз алдында. Алыс-жақын шетелдерге шығып, ел ішіне гастрольдерге барып, аға буын аманаттап кеткен 90 жылдан астам тарихты арқалап келе жатыр. Мұндай жетістік, ең алдымен, театр ұжымының бірлігі мен бас­шының іскерлігіне байланысты. Қазір та­ғы бір творчестволық бе­лесте тұр­ған, өсу дәуіріне бет алған кезі. Бұ­рынғы ескі көздер соңы­мыз­дан өсіп келе жатқан жастарды баға­лау­­ға шамамыз келеді. Осы театр­дың жоғары дәрежеде жақсы бас­қа­рылып келе жатқанын мақ­­­та­ныш­пен айтқан кездерім болды, ол ойым­нан әлі де айныған жоқпын. Де­генмен, кешегі болған жағдай өте қиын, сүреңсіз, аты жаман… Бірақ Ерланның адал азамат, сегіз қырлы, бір сырлы екенін халық айтады. Осы ұжымдағы барлық кісіден Ерланның адал­ды­ғы жайлы сұрасаңыздар 99 пайызы қол көтерер еді.
Жастар Ерланды қолдап, қор­ғап, жылы сөздерді айтып жатыр. Баяғы соғыс жылдары Отанын сат­қан адамдарды ату жазасына кес­кен. Отанын, елін, сатқан адам бә­рін сатады, жұмыс істеп жүрген ор­нын сатты деген – Отанын сат­ты деген сөз. Сондықтан, мен осы­ны ұйымдастырған адамды сот­қа шақырамын.
Жақсы адамды жібере берсек, жақ­сыны қайдан табамыз? Ерлан – шығармашылықтың адамы, ак­тер. Бұл жалғыз Ерлан емес, бүкіл өнер адамдарына кір жағу. Осында отырған азаматтардың барлығы өнер­ден алыс емес, өнер жолында қай­раткерлікке жеткен тұлғалар. Әр­қайсыңыздың орныңыз бір төбе. Сондықтан жағдайға жіті мән беріп, барынша мұқият бо­лып, азаматтың басын даудан ара­шалауға ұмтылайық. Сіздерді со­ған шақырамын!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы:
– 2018 жыл келеңсіз, жайсыз, ауыр жағдайдан басталды. Өне­ріміз­дің қазіргі абызы, ақсақалы, көш­тің басында отырған – Асекең (Асанәлі Әшімов) осы театрдың бас иесі ретінде өзінің аталы сөзін айт­ты. Мен Ерлан Біләлдің ең ал­ғаш­қы ролінен бастап, театр өне­ріне қосқан әрбір үлесінен ха­­бар­­дармын. Актерлік қабілетінің жыл өткен сайын шыңдалып, ши­рап келе жатқанына қарап қуанып жү­ретін ағаларының бірімін. Көз ал­дымызда өсті, біреудің ала жібін ат­тады дегенді Алтай мен Аты­рау­дың, қыр мен Сырдың арасын­да­ғы театрда қызмет ететін қауым, Құ­дай біледі, естіп көрмеген болар. Ерлан таза, сенгіш, аңғал қалпы­мен осы жайсыз жағдайдың құрба­ны болып отыр. Талант халықтың, ұлттың қазына байлығы. Көптеген ұлы тұлғалардың бейнесін сомд­а­ған, өнерге құбылыс болып келген, театрдағы үлкен ағалардың тәр­бие­сін көрген талантты актердің біз­ді осындай қиындыққа душар етіп отырғаны жанымызға батады. Әрине, заң бар. Заңның алдында бар­лығымыз бірдей жауаптымыз. Бірақ… «ұзында кек, қысқада өш» деп, дәл осылай адам қолынан кел­мейтін аярлық істеу – айуан­дар­дың ғана тіршілігі. Барлығымыз Моцарт пен Сальеридің қалай бол­ғанын білеміз. Демек, арамызда Сальерилер әлі де бар… Олар ең қиын әрекетке барып отыр. Ерлан Біләл директор болған екі жарым жыл­дың ішінде театр ұжымы Лон­донға, Жапонияға барды. Бұл са­парлар барлық тараптан лайықты бағаланды. EXPO кезінде осы театр еліміздегі өнер ордаларының көшбасшысы ретінде бастан-аяқ өнер көрсетті. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткен кезде де өнер ұжымы Таразға түгел көшіп барды. Екі жарым жыл ішінде ат­қарылған осындай жауапты іс­тердің басында Ерлан зыр жүгірді. Астана, Тараз, Алматы арасына үз­бей қатынасып, аянбай жұмыс іс­теді. Талантты сақтау керек, та­лантты қорғау керек, талант әлсіз, сен­гіш келеді. Біз бір жылда тумай­тын, он жылда өмірге келмейтін, жыл­дар бойы қалыптасып, өнері­міз­ге өріс беретін азаматтарды қор­­ғауымыз керек. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдарынан ағын – ақ, қарасын – қара деп жет­кізуді сұраймыз. Қазір интер­нет ешқандай тізгінге көнбейтін, «сен­сация» деп өсектің жетегінде ке­тетін, ұялмай жала жаба бере­тін­дердің ордасына айналып кетті. Сон­дықтан осындай кезеңде жур­на­листердің халыққа ақпаратты байып­пен жеткізгені жөн. Талант­қа ара түсу, өнерге қол ұшын беру ісін­де ылғи да сіздермен біргеміз. Ат­қарған қыруар шаруаны жуып-шайып, Ерланның сағын сынды­рып, жан жүрегін жаныштап ал­майық.

Любовь НИ,
Республикалық Мемлекеттік Кәріс музыкалық комедия театрының директоры:
– Құрметті әріптестер, өнер­паз­дар, қадірменді журналистер! Театр мен кино актер, режиссер­лері­нің еңбегі – ел назарында. 2017 жыл еліміз үшін табысты жыл бол­ды. Айталық, «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты маңыз­ды құжат дүниеге келді. Құдайға тәу­ба, гастрольдік сапармен Анг­лияда, Жапонияда болып, қазақ өне­рін насихаттадық. Осы тұр­ғы­дан келгенде, бүгінгі жиынға кел­ген барлық кісілерге алғыс айта­мын! Шынымды айтайын, біз бір ыңғайсыз жағдайға тап болдық. Мұ­ны анықтайтын арнайы құзыр­лы органдар бар. Өз тарапымнан айтарым Ерлан Біләл – талантты актер, Алаш қамын ойлаған қайсар азамат. Қызмет бабымен біраз жұ­мысты бірге атқардық. Одан жа­ман­дық көрдім деп айта алмас ем. Жаратылысынан шығармашылық адамы нәзік келеді, сондықтан, олар­ды қаралау – оп-оңай. Ерлан Бі­ләлмен болған жағдай – тек өзі­нің ғана емес, тұтас қазақ өнеріне ауыр жағдай. Өнердің өрісін та­рылтпайық! Қайта, оған жағдай жа­­сайық, қамқор болайық!.. Қ­а­зір­гі кездегі ең үлкен нәрсе – бір-бірі­мізге кешірімді болу. Осынау жайт бізді де алаңдатады. Себебі, Ерлан секілді дарынды жоғалтқы­мыз келмейді. Адамның адамгер­ші­лігі біреудің басына іс түскенде көрінеді! Бірігейік, әріптестер!..

Надежда ГОРОБЕЦ,
Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театрының директоры:
– Ерлан Біләл – білікті басшы, та­лантты артист, әділ әріптес, өнерде өзіндік орны бар тұлға. Сон­дықтан, жақсының жақсы­лы­ғын көріп тұрып айтпау – қиянат. Ал, жамандық істеу, аққа қара жағу – әркез оңай! Ал, көпшілік сол оңай­ға жүгіретіні белгілі. Бірақ біз­дің бұқарадан айырмамыз – зия­лылығымызда. Ерланды қорғау ар­қылы өнерді, шығармашылық тұл­ғаны сақтап қалайық, қаңқу сөз­ге, алып-қашпа әңгімеге ер­мейік.

Торғын ТАСЫБЕКОВА, Қазақстанның Халық әртісі:
– Менің осы театрға келгеніме биыл 60 жыл толады екен. Жап-жас қыз кезімде келіп, қазақ өне­рі­нің майталмандары – Сәбира, Шол­пан, Хадиша, Бикен сияқты апа­ларымның ортасында өстім. Мы­на­дай жағдай жанымды күй­зелт­ті… Ерлан да дәл мен секілді біз­дің ортамызға бала кезінде кел­ді. Содан бері көптеген рольдерде ой­нап, өз еңбегінің арқасында ха­лық­қа танылды. Қазақ оны жақсы кө­реді. Еш уақытта біреуіміздің ал­дымыздан көлденең өтіп көрген емес. Ата-ананың тәрбиесін көр­ген, өте текті азамат.
Бүгін театрда үлкендердің қа­тары сиреді. Кезінде қатар жүрген қыз-жігіттердің көбі бүгін орта­мыз­да жоқ. Сол апаларымыз тірі бол­са, қазір осы жерге шығып, қан­дай сөздер айтар еді…
Бүгінде Нүкетай Мышпаева, Сә­лиқа Қожақова, Баян Имашева жә­не мен – осы театрдың аналары се­кілдіміз. Сол аналардың атынан, Ха­лық әртісі ретінде айтарым, бұған тек жеке бір азаматтың ғана ба­сындағы қиындық деп қара­мауы­мыз керек. Қазақ өнерінің ба­сына түскен сын деп білуге тиіс­піз. Болған жайдың мән-жайына те­реңінен үңіліп, байыппен қарау­ды өтінемін. Бұл әдейі жасалған қас­тандық деп ойлаймын. Ерлан мұн­дайға бармайды. Ол өзі өте тәр­биелі, ары таза, жаны нәзік жігіт. Өнерді шын сүйетін жан­кеш­ті адам. Оны арашалап қалуды сұрай­мын!

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, драматург:
– Мен театрда ұзақ жылдар жұ­мыс істедім. Театрдың жағдайын өте жақсы білемін. Сол себепті мен Ерланның еңбегін өте жоғары ба­ғалаймын. Ол осы театрға бас­шы­лыққа келгелі бері көптеген талант­ты жастар сахнаға шығып, жас драматургтер көрініп, жас ре­жис­серлар танылып жүр. Сол жас­тар қазақ сахнасына жаңа леп, жаңа серпіліс әкелгендей болды. Бұл – театр басшысы Ерлан Біләл­дің еңбегінің жемісі. Оның бұдан бөлек, Қазақ өнеріне сіңірген еңбегі аз емес. Сол себепті болған жағ­дай туралы ақылға салып, пара­сатты ой айтуға шақырамын. Не айтсақ та әділін, шынын ай­тайық. Алып-қашпа сөзді желдей ес­кізіп, елді адастырмайық. Қан­дай жағдай болса да тиісті орындар ақ-қарасын өздері ажыратады. Қа­лай болғанда да Қазақ өнеріндегі белді тұлғаны сақтап қалуға тиіс­піз. Біз бұл жерде Ерланның бас­шы­лық қызметін ойламауымыз ке­рек, оның өнердегі орнын баға­лай білуіміз қажет.

Лидия КӘДЕНОВА, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі:
– Ерлан осы театрға жас кезін­де келді. Әке-шешесі баласын қа­лай қорғаса, баласы үшін қалай шы­рылдаса Ерланның ағалары, ап­а­лары, театрдың аға буын өкіл­дері Ерланды қазір солай қорғап, шы­рылдап отыр. Мәселенің ақ-қа­расы ашылмай жатып, жемтікке үй­мелеген құзғынға ұқсап шу­лай­мыз да жатамыз?.. Біз сахнадан ха­лық­ты үлкен мәдениетке ша­қы­рамыз, мына отырған журналистер де халықты жақсыға жетектесе екен. Өзі қиын заманда қазір те­ле­дидарды қосудан қалдық. Көре қал­сақ, төбе шашымыз тік тұрады. Пә­лен пәленді өлтіріп кетіпті, тү­ген түгеннен ажырасыпты, тағы сон­дай ұсақ-түйек, өсек-аяң қап­тап кеткен, бұдан басқа жан се­мір­тетін сүйінші жаңалықтармен елді қуантайық.
Ерлан жас та болса өмірді көр­ген, көп оқыған өте білімді азамат. Театр актерлігі мен кино актерлігін айтпағанның өзінде директорлық қыз­метінде театрды көп жетістік­тер­ге жетеледі.
Ерланның басына түскен жайт­тың жай-жапсары анық­тал­май тұрып жөнсіз шулатпай, әр та­ратқан ақпаратымызға абай бо­лайық. Әрине, заңның алдында бар­лығымыз бірдейміз. Қазір оны ақтап та, даттап та, құтқарып ала ал­маймыз. Бірақ, жылы сөзімізді ай­тып, маңдайынан сипап, қолдау білдірейік. Сондықтан жур­на­лис­тер, әсіресе, телеарнадан жаңалық таратушылар ар жағында біреудің көз жасы, біреудің трагедиясы, бі­реудің драмасы жатқан ақпа­рат­ты сүйінші сұрағандай улатып-шу­латпай әр сөздеріңізді байқап сөй­леп, байқап айтсаңыздар екен…

Күнсұлу ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, актриса:
– Қазір маған сөз сөй­леу өте қиын соғуда. Себебі, жа­ным ауы­рып тұр. Ойымның бәрін тиянақ­тап, әлеу­мет­тік желіде жаз­дым. Буынсыз жерге пышақ ұрған сәтте, елім дейтін ердің арқасына тиген қам­шы­сына арқасын тоса ал­маған қарындастың табылмаға­нына қынжылып тұрған жайым бар. Мен Ғ.Мүсірепов атындағы Қа­зақ мемлекеттік академиялық Ба­лалар мен жасөспірімдер театры мен М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық драма теат­рының мектебінен өткен, оның ыстығы мен суығына төзіп өс­кен кейінгі буын өкілімін. Өнер­ге қасақана қиянат жасалып отыр, ағайын. Осынау оқыс оқиға туралы естігенде, шошыдым, жылағым кел­ді. Екі туып, бір қалғаным емес, түсініңіздер!.. Алайда, мен осы жер­ге шындық іздеп келдім. Ерлан Бі­ләл секілді азаматқа шынымен де жаным ашығандық­тан, ашын­ғандықтан айтып тұр­мын. Іргедегі Ресейде Алла Пугачеваға сондай бір қитұрқы әрекет жасалғанда, Ресей Пре­зиденті В.Путиннің өзі ара­ла­сып, тиып тастаған болатын. Бұл іс­ке араша түсіңіздер! Ерлан аға­мыздың өнер жолын қуған жас­тар­ға жасаған жақсылығы аз емес. Егер бұл жемқорлық болса, онда осын­да отырған барлығымыз жем­қор болғанымыз ғой, сонда?! Өнер­ді өлтіруге жол бермейік! Сіз­дерден сұрайтыным – осы!..

Асхат МАЕМИРОВ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, режиссер:
– Мемлекеттік қызмет істері жә­не сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігінің өкілдері жур­налистерге ешқандай сурет бер­мегенін айтты. Қазір адвокаттар бұл іспен айналысып жатыр. Сурет ең алғаш уатсап желісі арқылы та­раған, қазақша айтқанда суретті түсірген адам оны өзінің таныста­ры­на сүйінші сұрағандай етіп та­рат­­қан. Сол адамды жазалау ке­рек. Бұл істің барлығы осы театр­дың үл­кен сахнаның артында болған жай, ал оны кім ұйымдастырды?.. Ара­мызда шығармашылықта еш­теңе істемесе де, осындай пасық іс­те өте шебер роль ойнайтын адам­дар бар екен, оны біз біл­меппіз…

Пікір қосу