«Атыңнан айналайын, азаттығым, Халыққа ұмыттырған азап-мұңын…»
12.01.2018
2902
0

Алматыда «Тәуелсіздікке тарту» атты аламан айтыс өтті

2017 жылдың 29-30 желтоқсан күндері әзелгі әдеттері бойынша кейбір жұрт атпал Алатау мен тәкаппар Тянь-Шанның көкорай шыршаларын қиып әкеліп, әлеміштеп үйінің төріне орнатып, отшашуларын әзірлеп, Жаңа жылды қарсы алу қамына кірісіп жатқанда республиканың әр түкпірінен шақырылған аузынан сөз бораған, көзінен ұшқын шашқан от ауызды, орақ тілді сайыпқыран он сегіз айтыскер Алматыдағы қарт КазГУ-де жыр шашудың көкесін көрсетті.

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, көрнекті ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі дүркін лауреаты Жүрсін Ер­ман­ның басқаруындағы Айтыс ақын­дары мен жыршы, термешілердің Халық­аралық Одағы ұйымдастыр­ған жылдың қорытынды айтысы – «Тәуел­сіздікке тарту» деп аталды. Жыл бойы Қазақстанның әр түк­пі­рін­де «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­масы аясында облыстық әкімдіктер мен тиісті құзырлы орындардың ті­келей қолдауымен жүзеге асып, аса ірі бәйгелер тігілген 17 айтыс ала­ман айтыс өтіпті. Алматыдағы қор­ытынды айтыс – сол аймақтарда оза шауып бәйге алған дүлдүлдердің ақ­тық мәресі болатын. Бұл жолғы жыл­ды қорытындылаған ақтық ала­ман айтыс өнер мен руханияттың, ай­тыстың үлкен жанашырлары, же­ке демеушілердің тікелей қол­дауы­мен жүзеге асты. Бұл жолғы ай­тыстың бас демеушісі болған – «АСТ-Аренда» АҚ-ның Бас дирек­торы, Қазақстанның құрметті құ­ры­лысшысы, белгілі кәсіпкер Құ­сайын Уақбайұлы Омаров мырза жә­не осы өнерді ұдайы қолдап жү­ре­тін меценат Өмірзақ Сәрсенов, со­нымен қатар осы атамұра өнердің өркен жаюына соңғы жылдары қолұ­шын созып келе жатқан «Тас кре­дит» компаниясының басшысы Ду­лат Тастекеев.
Көшін Елбасы бастаған ел бір­лігі мен ұлттық рухты, татулық пен қо­ғамдық өміріміздегі атқарылып жат­қан жарқын істерді жырлаған екі күнге созылған аламан айтысқа жа­ғынан сөз суырып, қазақтың құ­діретті сөзімен ел мерейін тасытқан Ай­бек Қалиев, Серікзат Дүй­сен­ға­зин, Тілеген Әділов, Мұхтар Ния­зов, Еркебұлан Қайназаров, Мақ­сат Аха­нов, Мейірбек Сұл­­танхан, Ас­пан­бек Шұ­ға­таев, Иранғайып Кү­зем­баев, Рүстем Қайыртайұлы, Әсем Ережеқызы, Жансая Му­сина, Қа­лижан Білдәшов, Қазірет Бер­діхан, Шал­қар­бай Ізбасаров, Ершат Қай­­болдин, Марат Ахме­тов, Аруна Ке­рімбекова сын­ды оза шапқан 18 ақын жеребе бойынша сын­ға түсіп, қалың көп­ші­ліктің қошеметіне бө­ленді. Жаңа жылға жаршы бола кел­ген бұл жолғы айтыстың жаңа­­лы­ғы – Айтыс ақындары мен жыр­шы, термешілердің Ха­лықаралық Одағының құрыл­тай­шылары бас жүлдеге қойылған те­мір тұлпардан бөлек, «Айтыстың ақ­таңгері» дейтін ендігі жерде дәс­түрлі түрде беріліп тұратын жоғары дәрежелі қоғамдық сыйлық тағайын­дапты.
Айтыстың беташар сөзінде бар ғұ­мырын осы ұлы өнердің өркен­деуі­не ғұмырын арнап келе жатқан ел ағасы Жүр­сін Ерман: «Бұл дүбірлі додаға елі­міздің ең таңдаулы ақын­дары ша­қырылды. Олар тегіннен тегін ша­қырылып отырған жоқ, жыл бойы Қазақстанның әр ай­ма­ғында ұйымдастырылған айтыстар­дың жеңімпаздары мен жүлдегер­лері. Қай-қайсысы да «сен тұр, мен атайын» жүйріктер. Біздің Тәуелсіз­діктен ар­тық қасиетіміз де, киеміз де жоқ. Ба­балар аңсарын жүзеге асырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы сол ұлы құндылықтың бағасына жетуді аға ұрпақтың да, жас ұр­пақ­тың да санасында сәт жаңғыртып отыруды тегін айтпаса керек. Сол се­бепті біз бұл жолғы қорытынды ай­тысымызды – «Тә­уел­­сіздікке тарту» деп атадық. Ал тұңғыш бе­ріл­гелі отырған «Ай­тыс­тың ақтаң­гері» атағы – киелі өне­ріміздің жаңа­лығы. Өздеріңіз біле­сіздер, Қа­зақстан Халқы Ассам­­блея­сының үл­кен мінбесінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының алдында сөз сөйледім. Сонда Президент «Ай­тысты барынша қолдау керек, жыл соңына қарай не Алматы, не Астана қалаларының бірінде қорытынды айтыс өткізің­дер!», – деп тапсырма берді. Барша Алаш баласына ұран тастаған ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ұлттық код дейтін ұғымға хал­қымыздың осы бір қай­таланбас ұлық өнері айтыс та жатады. Сон­дықтан, театр өнерінің бүгінгі абы­зы Асекең (Асанәлі Әшімов) секілді біртуар­лар осынау киелі өнерді шын жанашырлықпен әр­кез қолдап келеді. Әрине, та­са­да тұрып тас атып жата­тын­дар да жоқ емес, өнер кеңіс­тігі дейтін ұлы майдан! Май­дан даласы ұдайы жаймашуақ бо­лып тұрады дегенді естіген де, көр­­ген де емеспін. Сондықтан, бү­гінгі жыр додасының негізгі қол­дау­шысы мына өздеріңіз секілді халық, одан кейін жекелеген қалталы аза­мат­тар», – дей келе қара өлеңнің қай­мағын қалқып ішкен ақындарды ел­ге таныстырды.
Айтысқа баға берген қазылар ал­­қасының төрағасы – ұлттық өне­рі­міздің даңқты тұлғасы, Қазақ­станның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, сондай-ақ қазылар құрамында – рес­публикалық «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Қа­зақ әдебиеті» газетінің Бас ре­дак­торы Жанарбек Әшімжан, танымал ай­тыс ақындары Серік Қалиев, Дәу­леткерей Кәпұлы, Бауыржан Ха­лиолла болды.
Аламанның алғашқы күнінде то­ғыз жұп ел алдына шығып өз өнер­лерін көрсетті. Бұл күні тіс­қақ­қан сақа ақындармен қатар, айтыс әліп­биін кейінірек меңгерген жас­тар да аянып қалған жоқ. Әрине, ел күткен Айбек Қалиев, Серікзат Дүй­­сенғазин, Мұхтар Ниязов, Мейі­­р­бек Сұлтанхан, Еркебұлан Қай­назар, Тілеген Әділов, Аспанбек Шұ­ғатаев, Мақсат Аханов, Жансая Мусина, Әсем Ережеқызы сынды дүлдүл ақындардың сөз барымтасы көпшілік көңілінен шықты. Ақын­дарымыздың аузынан төгілген төрт аяғын тең басқан шымыр ұйқасқа құрылған өлеңсазда ел бірлігінен бас­тап, ұлттық, рух, тіл мен ділдің, түр­лі діни қайшылықтар мен қоғам­дағы орын алып жатқан әрқилы орын­ды-орынсыз жағдайлар, тұл­ғалар ерлігі, Азат елдің болашағы, Тәуел­сіздік алауын жаққан Жел­тоқ­санның ызғары, Алматы қала­сын­да ел көңілінен шығып жатқан ірілі-ұсақты жобалар, әлеуметтік тауқыметке шыланған тағдырларға дейін бейнелі түрде ғажап жырлан­ды. Сонымен қатар, Мақсат пен Ару­наның, Тілеген мен Әсемнің дәс­түрлі қыз бен жігіт айтыстары бі­раз уақыт ел есінде жүретіні дау­сыз. Ал, аузынан жалын бүркіп, от шаш­қан Айбек, Мұхтар, Рүстем, Шал­қарбай, Еркебұлан, Аспанбек, Мейірбектердің рухты сөздері тасқа басылып, тарихқа қатталып келе­шек ұр­пақ үшін де әлі талай қазы­наға ай­налары даусыз. Мысалы, Мұхтар Ния­зовтың «Ырың-жырың асаба алға шығып, ғылым-білім тасада қа­лып жатыр» дегені талай жайттың бе­тін ашса керек. Ерке­бұлан Қай­назар­дың әз Тәукенің әйгілі Жеті жарғысын бүгінгі дәуір­мен жым­дас­тырып отырып ел мен жердің тағдырын жеті баппен жырлауы тә­мам елдің таңдайын қақтырып, құй­қа теріні шымыр­латпай қойған жоқ.
– Жарғының біріншісі – Жердің дауы,
Жер деген қазақ дейтін елдің жаны.
Шекараның шетіне найза қадап,
Шейіт боп кеткен талай ер ұлдары.
Жарғының тағы бірі – Шындық еді,
Мәселесі барында ұрлық еді.
Ешкімнің ала жібін аттамаған,
Қайран біздің бабалар дүлдүл еді.
Ұрлық қылған адамды ұстап алса,
Қолданылған шарасы сұмдық еді,
Ал бүгінде сөз емес ұрлық деген,
Ұрлығын түнде жасап, күн біледі.
Бір шелек көмір алған әйел көрсе,
Халық жауын көргендей дүрлігеді.
Жарғының тағы бірі – Ұлттың қамы,
Ұлттың қамы дегенің –
жұрттың қамы.
Үш жүзіміз ұлт үшін ұйысқанда,
Сескеніп қала берер, сырттың жауы.
Ал қазір ұлтын емес, құлқынды ойлар,
Көбейтіп алғандаймыз күрт тұлғаны.
Туысты да, досты да сата салар,
Мейірімсіз боп кетті жұрттың бәрі.
Көрінгеннің аузында кетіп жатыр,
Өзімізге бұйырмай ұлттың наны, – де­ген Еркебұлан ақынның жыры дәуір шындығы екеніне еріксіз ила­насың.
Жансаяның жалынды сөздері ке­шегі майдан даласындағы Мән­шүк Мәметованың ерлік-дастанын еске еріксіз түсірді. Иранғайып пен Шал­қарбайдың әзілге құрылған ащы мысқылдары қоғамдағы кейбір жағ­дайлардың жанайқайы секілді әсер қалдырды. Киелі сөздің жа­лы­на қол салған Аруна сынды жасы да, Ақтангер атанған Айбек сынды ха­сы да жаңа жылмен әбігер болып жүрген елдің рухын бір серпілтті. Айтыскерлердің жырларын үзіп-жұл­қып, мәнін кетірмей-ақ қоялық, таяуда бұл айтыс «Қазақстан» ұлт­тық арнасынан толық көрсетіледі, әлеумет сол кезде көзайым бола­ды.
Қысқасы, барша ақын бәйгесіз қал­ған жоқ. Д.Тастекеев тағайын­да­ған стипендия (1 800 000 теңге) ас­таналық Әсем Ережеқызына бұйыр­ды. «Асанәлі Әшімов қоры­ның» төрайымы Бағдат Әшімованың ар­найы сыйлығы алматылық Рүстем Қайыртайұлына берілді. Үшінші орын­ды үш ақын: ақтөбелік Ершат Қай­болдин, қарағандылық Тілеген Әді­лов, шымкенттік Қалижан Біл­дә­шев иемденсе, екінші орынды аста­на­лық қос жүйрік Мейірбек Сұл­танхан мен Еркебұлан Қайна­заров бөлісті. Бірінші орынды Ақ­жайық­тан келген Жансая Мусина қан­жығасына байлады. Бас бәйге – темір тұлпар мен «Айтыстың ақ­таң­гері» атағын Ахаң мен Жахаңның елінен келген торғайлық дүлдүл:
«Атыңнан айналайын, Азаттығым!
Халыққа ұмыттырған азап-мұңын,
Ақырзаман болғанша, аман сақта!
Қазақтың азаттығын, ғажап күнін!» – деп жырлаған Айбек Қалиев жеңіп алды.

Ақтамберді САДЫҚАН.


Асанәлі ӘШІМОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі:

– Мен өзімнің бар ғұмырымды сарп еткен аса мәртебелі театр өнерінің ғана емес, осынау сан ғасырлық тарихы бар, қазақ халқының алдаспан өнері айтыстың ұзақ жылдардан бергі үлкен жанкүйері, көрерменімін. Бұл ұлы Сүйінбай, Жамбыл, Шашубай, Кенендерден мұра болып қалған ғажайып әлем. Кеңес заманында Көкен, Манап, Тәушен, Айтуған, Әселхандардың сахнадағы жырларына сан мәрте тамсанғанбыз. Осы бір киелі өнердің осы күнге үзілмей аман жетуіне өзінің күш-жігерін аямаған адамның бірі – Жүрсін інім. Сондықтан бұл айтыс тек Жүрсін Ерманға ғана емес, барша қазаққа керек өнер. Қазақ дәстүрі мен салтынан, әдет-ғұрпынан бас тарта алмайтыны секілді, төл өнерінен де шеттеп қала алмайды. Бүгінгі жылды қортындылау айтысы да өте жоғары деңгейде өтті. Екі адамның алдында суырылып сөз бастаудың өзі үлкен жауапкершілік, осы орайда күндіз-түні тынбай дайындалып, өздерін спортшы секілді бабында ұстап жүрген айтыс ақындарына мен ризамын! Сөз барымтасы, ой жарысы болған соң қоғамдық өмірімізде болып жатқан жетістіктермен қоса, кетеуі кеткен кемшіліктер де айтылмай қалмайды. Ол айтылуы да керек. Ел болған соң, қоғам болған соң бастан-аяқ мінсіз болу мүмкін емес. Айтыста кемшілікті айтады, сын айтылады. «Сын түзелмей, мін түзелмейді». Дарынды, талантты адамдар көнеді. Мінімізді бетке басып, сынайтын адамдар – нағыз айтыс ақындары. Айтыс болғаннан кейін, әзіл-қалжың, сын болуы шарт. Сондықтан бұл өнер – халықтық өнер. Бұл бүтін бір театр деп қарауға да болады, айтысты келешекте театр етіп ашылуы да ғажап емес. Кешелі-бері болған айтыстардың барлығын қазылар құрамы мұқият қарады, тыңдады, електен өткізді. Ақындарымыздың да әзірлігі көңіл қуантады. Дүниеде өнерді бағалаудан артық ауыр міндет жоқ. Бұл жариялық өнер болғандықтан қазылардың шешіміне белгілі мөлшерде халық та әсер етпей қоймайды. Біз, ұзақ талқыладық, ақыры қара қылды қақ жарып, әділ шешімді жасадық қой деп ойлаймын. Бұл шешім барша жұрттың көңілінен шықты.


Айбек Қалиев «Айтыстың ақтаңгері»
сыйлығының лауреаты, бас жүлдегер:

– Айтыстың атанғанда Ақтаңгері,
Қабырғалы қазақтың мақтанды елі.
Аллам өзі жеткізді дәрежеге,
Білмеймін баптан ба еді, бақтан ба еді.
Есенқұл, Ерікпенен Әзімбектей,
Марқұмның жайлы болсын, жатқан жері…
От ауызды Ораздай оғланымның,
Ор болып қалушы еді шапқан жері.
Міне, солар айтыстың Ақтангері!
Аманжол, Мэлс, Серік, Мұхамеджан,
Айтыстың қазыналы тапқан кені!
Балғынбек, Дәулеткерей, Бекарыстар,
Айтыстың жүлде бермес ақпан белі,
Міне, солар айтыстың Ақтангері!
Мен үшін ел көрсеткен ықыластың,
Болмайды патша отырған тақтан кемі!


Серікзат ДҮЙСЕНҒАЗИН,
айтыскер ақын:

– «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы” ұйымдастырған “Тәуелсіздікке тарту” атты 2017 жылдың қорытынды айтысы да тариx қойнауына кетті. Ұлт мәдениетінің талбесігі болған Алматы қаласының өнерсүйер жұртшылығы ескі жылды шыршамен емес, алдаспан өнер айтыспен шығарып салды. Бұл да бір ұлт мәдениетінің жеңісі болды.
Хош, сонымен бұл айтыстың келешекте айта жүрер бір-екі жарқын тұсына тоқталмақпын. Алдымен, талай жыл елдің көкейінде жүрген жайт – Айбек Қалиевтің еңбегі еленіп, «Айтыстың ақтангері» екендігі ресми түрде мойындалып, куәлігі берілді. Бұл – әбден лайықты марапат деп білемін.
Екіншіден, айтыстағы ізбасарларымыздың алдыңғы буынға деген ілтипаты жүректі толқытты. Бірінші күнгі айтыста Еркебұлан Қайназардың ұстазы Айбекті аспандатып, жол бергеніне немесе Иранғайып Күзембаевтің маған деген шынайы құрметіне ел қошеметтеп қол соқты. Болар елдің ұлдары осылай болса керек.
Финалда Айбекпен айтысқан Рүстем Қайыртайұлының да інілік ірілігіне тәнті болдым. Ағасын алқалап Алатаудың өр биігіне шығарды.
Қарағандыдан қар боратып келген Тілеген Әділов замандасым Әсем Ережеқызы, Жансая Мусина қарындастарымен қандай жарасымды айтысты. Өз басым келер жылдан бастап домбыраны аздау тартып, қаламды көбірек ұстасам деп шештім. Айтыс саxнасынан көрінбей жатсам жазба өлеңнің жалынына шарпылып жүр деп есептерсіздер. Айтыс үшін қырық жыл арпалысқан алтынжал арыстаным Жүрсін ағам да аман болсын!


Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
Қазақ радиосының Алматы филиалының басшысы, ақын:

– Айбек шын бағасын алды. Қазақы ғұрыпты дәріптеп, жөн мен жолдан жаңылмаған Еркебұлан мен Рүстем де өте сауатты айтыстың үлгісін көрсетті. Мейірбектің тапқырлығына дау жоқ. «Бір кем дүние…» дегендей айтыскерлер 90 жылдық мерейтойлары дүрілдеп өткен қазақ әдебиетінің қайталанбас құбылыстары – Зейноллла Қабдоловтың, Рахманқұл Бердібаевтың, осы айтыстың бірден бір жанашыры болған Тұрсынбек Кәкішевтің есімдері мен еңбектері бір ақынның аузынан айтылмады. Бұл айтыс ҚазҰУ қалашығында өтіп жатқандықтан алыптар жайлы бір ауыз сөз айтылғаны жөн еді.
Ал айтысты Алматыда қорытындылап, көрерменге жыр сыйлаған Айтыскерлер одағының еңбегін еселеп айтуымыз керек.


Жарқын СӘЛЕНҰЛЫ, журналист:

– Әр айтыстың өз ерекшелігі болады, көрер­мен талғамы мен деңгейіне сай ой түйеді. Бұл айтыстан менің түйгенім (қысқаша) мынау:
Біріншіден, алғаш рет «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық» одағының атынан «Айтыстың ақтаңгері» атағы, төсбелгісі мен куәлігі берілді. Әділетті түрде берілді. Негізі, халық өзі берген атақ пен марапаттың беделі мен салмағы зор болады. Демек, бүгінгі күн – айтыс тарихының жаңа бетін ашып, тың тарауын жазып, тарих қойнауына кетті.
Екіншіден, тұңғыш тағайындалған марапатты осы айтыстың бүгінгі ардагері Айбек Қалиевтің алуы – айтыссүйер әлеуметтің, халықтың тара­пынан әділ бағасын алуы.
Үшіншіден, Еркебұлан Қайназаров пен Рүс­тем Қайыртайұлының айтыстары (бір-бірімен емес өзге ақындармен айтысы) мазмұндық, көр­кемдік жағынан деңгейі жоғары айтыс болды. Әсі­ресе, ішкі мәдениеті мен адамгершілігі мол аза­маттардың Айбек сынды алдыңғы буын ағасын ар­дақтап, төрге шығуына «баспалдақ» болуы – былайғы көп ақынға үлгі-өнеге.
Төртіншіден, қазіргі айтыстың ақберені Мейір­бек Сұлтанханның қарсыластарын қапыда сөз­ден ұстап, сүріндіре отырып түйреп тастауы – айтыс табиғатын керемет ашты.
Бесіншіден, бірқатар айтыскерлердің дайын­дығы мен ізденісінің аздығы, кітап оқымайтыны, газет-журнал ақтармайтыны аракідік сезіліп қал­ды.
Алтыншыдан, қайсыбір ақындар қайталауға ұры­нып (бұрынғы айтқандарын қайта айту), әріп­тестерінің ойын барымталау (өзгенің айт­қанын өзінікі етіп айту) көрініс тауып қалып жат­ты. Оны тіпті университеттің студенті де, қа­зылар алқасының мүшесі де біліп отыр. Ең қы­зығы, мен әлеуметтік желіге тікелей эфир тара­тып отырғанда ана ақын бастап өрген ойдың түйі­нін мына жақта отырған көрермен маған жа­зып үлгірді. Бұл, әрине, өте ыңғайсыз жағ­дай.
Қысқасы, әр айтысты жеке-жеке талдап, ар­тықшылығын асырып, кемшілігін ашып ай­тып, сынды түземейінше, айтыстың осы деңгейін сақтап, одан ары дамыту мүмкін емес. Ол үшін әр айтысқа бір тұрақты әділқазы, сауатты да ба­тыл сыншы керек. Ол әр айтысты бақылап отыруы тиіс. Алайда, әр айтыс сайын үн қатып, кем­шіліктерін сәл сынға алсаң, «ер-тоқымын бауырына алып» сүлкіні түсіп, табанда дұшпан боп кететіндер де жоқ емес. Сондықтан, ішкі мә­дениетімізге күзет қоя білген абзал…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір