«Жүректегі жазулар…»

0
181 қаралды

«Өлеңім – өмірбаяным» жинағының беташарында:
Баласы Шөте бидің Аңсабаймын,
Қазақта қара өлеңге жан салмаймын.
Жасымнан қисса-дастан жаттап өстім,
Апталап, айлап айтсам, шаршамаймын.
Деп өткен ақындықпен арғы затым,
Әкем де атаныпты кезінде ақын.
Солардың сарқылмаған сарқытындай,
Баласы Сандыбайдың Дүйсен атым,
– деп жырлағанындай, «Тектіден текті туа­ды, тектілік тұқым қуады» деген тәм­сіл бар емес пе, Бекбол болыс, Шөте би­дің ұрпағы – Дүйсен Сандыбайұлы туралы аз-кем сөз қозғасақ…
Оқырманға таныстыра кетсек, Аңсабаев Дүйсен Сандыбайұлы – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік Университетінің доценті, бірнеше жыр жинақ­тарының, өзі еңбектенген ғылым саласы бойынша жүзге жуық ғылыми мақалалардың авторы.
2011 жылы Алматы облысының сол кездегі әкімі Аңсар Тұрсынханұлы Мұсахановтың қолдауымен «Жүректегі жазулар» атты жыр жинағы жарық көрді. Дүйсен Аңсабаевтың «Жүректегі жазулары» – руна жазуларындай құпия емес, ойы тұнық, айтары айқын. Өмір өзеннің бірде арқырай асыға, бірде жайылып жаймен ағатын мінезіндей. Бірде асқақ, бірде мамыражай ақын көңілі өмірден көрген түйгенін таразылап:
Тастайын да жан жеген нала-мұңды,
Тау бұзатын табайын талабымды.
Күйкі тірлік, күншілдік құрып кетсін,
Бері әперші, сүйген жар, қаламымды, –
деп аңқылдап ақтарылған, жұрттың бәрін дос көрген қайран көңілдің кейбір кездерін лирикалық қаһарманның көкейкесті күйін бебеулеткен, шабыт көрігінде, шындықты айту үшін суырылып шыққан шымыр шумақтар…
2012 жылы «Қызылжардың қыраны» атты прозалық шығармасы, 2016 жылы «Балаларға базарлық» өлеңдер жинағы, 2017 жылы «Асқар тау – әке, Айдын көл – ана» атты өмірбаяндық, деректі кітабы оқырмандарының қолына тиді. Ақын құрастырған Кербұлақ ауданының айтулы азаматтары туралы «Қызылжардың қыраны» атты салмақты кітап Астанадан жарық көрді. «Балаларға базарлық», «Киелі Күреңбелім» жыр жинақтары да оқырманын қуантатын дүние.
Өзі туған Киелі Күреңбел мен Кербұлақ өңірі туралы жазған «Қоянкөз», «Сарыөзек», «Киелі Күреңбелім», «Батыр бабаларға – ақ тілеу», «Туған жер», «Қоғалым» атты мәтінін жазған әндер көпшілік сахнада шырқалып жүр.
Әнге өлең жазу – өзіндік қиындығы, ережесі, ерекшелігі бар өнер. Сазгерлер ақындарды таңдаған. Нұрғиса мен Мұқағалидың ұлылығынан «Саржайлау» туған. Дүйсен Сандыбайұлы да әнге сөз жазды, аз жазса да саз жазды. ЖМУ әнұранын, «Студенттердің қоштасу әнін», «Облыстық спорт мектебінің әнін», «Қоянкөз», «Сарыөзек-әнім», «Құтты болсын қазағым», «Нағашым» тағы басқа әндердің мәтіндерін өмірге әкелді.
Талдықорғандағы басты университетте «Ілияс ізбасарлары» әдеби-бірлестігінің жетекшісі Дүйсен Сандыбайұлы өлең әлемінің есігін аттап кірген студент-жастардың басын құрап, үлкен поэзия кештерін, апталықтарын ұйымдастырып жүрген еңбегінің өзі жеке тақырып. Одан бөлек, «Орта мектепте лирикалық шығармаларды оқыту», «Шығыс әдебиеті» атты оқулықтары тасқа басылып, І.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінің студенттері асқан қызығушылықпен оқып келе жатқан зерттеу еңбектерінің қатарында екенін де айта кету парыз.
Д.Сандыбайұлының ұлағатты ұстаздығы, өлең әлеміндегі өзіндік қолтаңбасы – бізді осы мақаланы жазуға, сол арқылы ақын әрі ұстазға деген ризалық көңілімізді білдіруге құлшындырды. Мақсатымыз – еліміздің әр өңірінде өлең әлеміне адалдық танытып жүрген адамдардың бар екенін насихаттау…

Сайлау Қожағұлов.
Талдықорған қаласы.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.