Апбаз Қаражігітұлы
29.12.2017
2242
0

Тағы бір аяулы әріптесімізден айрылдық. Белгілі жазушы Апбаз Қаражігітов 95 жасқа қараған шағында өмірден озды. Ол 1923 жылы 15 наурызда қазіргі Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Сарысу ауылында туған. Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген (1953). Ауылында колхозшы, колхоз есепшісі, мектептерде мұғалім, мектеп директоры,
1942-1943 ж.ж. қызыл армия қатарында болған. 1970-1984 ж.ж. Қарағанды Облыстық газетінде тілші, Жезқазған Облыстық газетінде бөлім меңгерушісі, 1984-1990 ж.ж. Жезқазған Балалар театрының әдеби меңгерушісі, 1990-1998 ж.ж. Қазақстан Жазушылар одағы Жезқазған облыстық бөлімшесінің Жауапты хатшысы қызметтерін атқарған.
Алғашқы өлеңдері облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде (1956) жарияланған. «Жетім», «Тас жарған емен» поэма, балладалары жарық көрген (1958). «Ақмоншақ» (1976), «Шақпақ» (1978), «Әке дауысы» (1982), «Майқоңыр» (1988), «Қайран шеше» (1991), «Абыздар биігі» (2001), «Жанайқай» атты прозалық кітаптардың авторы. Драматургия саласында «Баубек», «Сәкеннің атылуы», «Махаббат азабы», «Қияндағы жалғыз үй» пьесалары Жезқазғандағы С.Қожамқұлов атындағы сазды драма театрында қойылып жүр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған (2003). Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.
Өмірінің соңғы күніне дейін қаламын жанына серік еткен, ақ көңіл, ақжарма азамат, асыл аға, Жезқазған – Ұлытау өңіріндегі сан буын қаламгерлердің ұстазы болған Апбаз Қаражігітовтың жарқын бейнесі оқырмандарының көңілінде ұзақ сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы.


Елінің ағасы, тұлпардың тағасы…

Апбаз аға Қаражігітов Жезқазған – Ұлытау өңі­рінің топ бастаған серкесі, елінің еркесі еді. Ғасырмен құрдас, жақсымен сырлас, ақ самалдай аңқылдаған аға болатын. Әдебиетке ақын болып келген Апекең сәбидей таза, бекзат болмысты адам еді. Жезді өлкенің рухани шараларының басы-қасынан табылатын. Қазақстан Жазушылар ода­ғының Облыстық бөлімшесін ұзақ жыл басқарды. Жүрсін Ерман, Ғалым Жайлыбай бастаған ақындарды шәкіртім деп жетістіктеріне мәз болып қуанып жүретін. Сонау жылы Сәкен ағасының сүйегін іздеп экспедиция құрамында Магаданға барып қайтқанын жыр қылып айтушы еді.
Артында ондаған прозалық кітаптары, дра­малық шығармалары қалды. Апекеңді жақсы көрген елі – жұрты, оқырмандары қалды.
…Кешелі – бері Жезқазғанда жауын құйып тұр екен. Желтоқсанның соңында табиғат мұндай мінез көрсетпейтін еді.
Әлде туған өңірі Апекеңмен қоштасып жатыр ма?
Жаныңыз жәннатта болсын, асыл аға!

Әлихан Байменов.


Қаламгерлерге қомқор еді

Апбаз аға Жезқазған өңіріндегі қалам ұстаған аза­маттарға ұдайы қамқор болып, облыстық басылым беттеріне олардың алғашқы туындылары­ның жарық көруіне, елге танылуына себепші болды. Абыз ақсақал әдебиеттің проза жанрымен қа­тар бірнеше пьеса жазып, ғұмырнамалық-публицис­ти­калық шығармаларға да қалам тартты. Апбаз ағаның топырағы торқа болғай. Ол кісінің жарқын бейнесі жүрегімізде ұзақ сақталады!

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ.


ҚАДІРЛІ ҚАЛАМГЕР, АҚЖАРҚЫН АҒА ЕДІ…

Шындық шырақшысы Шымболат Ділде­баев қайтқанда Апбаз ағамызды алға салып барған едік. Жанарынан сорғалаған жас сақа­лын жуып: «Менің жолым еді ғой, ботам-ай…», – деп боздаған еді қайран Апекең.
Әріптес інісі Сайлаухан ақын (Нәкенов) қайт­қанда да қатты қайғырған еді: «Кезек мені­кі еді ғой, бауырым» деп.
Алаштың Ақселеуімен (Сейдімбеков) өте сый­лас еді. «Ақанжан», – деп еркелететін елге кел­генде. Ұлытаудың баурайында күні-түні әң­гіме-дүкен құратын. Ақаң қайтқанда: «Не жаз­дық бұл жалғанға?!» – деп күңіренген еді. Жаңаарқаға жеткенше өксігін баса алмап еді…
Иә, оның өмірдегі туған-туысы, етжақын­да­ры қаламгерлер еді, өнер адамдары еді. Баладай ел­пілдеп, данадай сөз бастап журналистерді жа­нынан қалдырмайтын. Үй шаруасына қыры жоқ ағамыздың төрінен қонақ арылмайтын. Талай ауы­зы уәлі, атақты ақын-жазушылармен Апекең­нің үйінде дәмдес болдық. Қолдарына су құйып, қызмет еттік. Үлгі-өнеге көрдік. Тарих­­қа толы, тағы­лымды әңгімелерге қанық­тық. Ата-бабаның ама­натын естідік. Әдебиеттің құдіретін сезіндік.
Міне, сол тірлік енді сағынышқа айналып барады. Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы Ап­паз ағамыздан айырылып қалдық.
Қадірлі аға, бақұл болыңыз.

Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ,
«Дидар» телеарнасының директоры.
Жезқазған қаласы.


Өз тауының қыраны еді

Жас мөлшеріміз алшақтау болғанымен, Әбекең бәрімізге құрдастай көрінер еді. Ар­қар асығындай шып-шымыр жинақы тұлға­сынан қазақы қалып байқалып тұратын-ды. Көтерімді де, көнтерлі жұмсақ мінезімен өзіне дос тауып алатын тартымына іштей қызыға­тын едім. Мейірімге шөлдегіш мен тәрізді іні­лерін ығына алып қамқоршы боп жүретін Әбекеңе де кезек келіпті. «Тоқсандағы топ жар­ғаным» деуші едім, «жүзге жетпей тоқтап қалма» деп қайрай­тын едім. Қаламы қарымды еді, қағазға түскен сөйлемдері төгілмелі екпінді болатын. Қай шығармасын алсақ та публицистикалық серпінге, романтикалық лепке толы боп, оқырман жүрегіне жылы тиіп жататын-ды. Содан да жазушы Апбаз Қара­жігітовтің роман -повестері әдебиет сүйер қауымның рухани азығы боп өміршеңдігін жоғалтпай келеді. Ұзақ жасаған ол картая білу­дің де үлгісін көрсетті. Кұшағы кең еді, досы тұрмақ қасына да қабақ шытпайтын қайран Әбекеңнің жып-жылы жұмсақ сөзінің өзі жанға дәру еді-ау. Кісінің сыртынан ғайбат айтуға жоқ болатын. Көп нәрсені ішіне сидырып, жарқырап жүретін еді. Кейінгілерге ол ұзақ жасаудың да тағылымын көрсетіп кетті. Нар еді-ау, сабаз. Әріптес інілері біздер ол кісі­ні түрткілегенде: «Жартасқа жас төл құмар келеді, ойнақтап қалыңдар», – деп жұмсақ жымияр еді. Әбекең өз тауының қыраны болды. Етегіне ұлар қонақтаған Ұлытауын жалықпай жырлап өтті. Тау қыраны Әбекең өз бигінде мәңгілік тұғырына қонған екен. Артының жақ­сылығын тілей отырып, Жезқазғандық бауырларға көңіл айтамын. Әбекеңнің әде­биеттегі шалымы жас ұрпаққа жұғысты бол­ғай-ақ. Ғасыр жасаған сұңғыла сүлейдің жасын берсін, жерлестеріне.
Қош, қайран Әбекем! «Мен сенің ағаң­мын, Өмір! Біліп қой» деген сөзді маған енді кім айтады?! Топырағың торқа болсын, асыл аға!

Өмір КӘРІПҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір