Бостандық пен Алаш ұраны
29.12.2017
4396
0

1917 жылы ақпан төңкерісін қазақ зиялылары үлкен тарихи оқиғаға балады. Ахмет Мәметов «Алашқа салем» («Қазақ», 1917ж. 17 наурыз) өлеңінде:
Иіліп сәлем бердім бүгін, алаш,
Алдағы өзгеріске күтін, алаш…
…Ал қазір халық күшті алды, алаш,
Бұрынғы қыспа таяқ қалды, алаш…
Ақ алаш, азат алаш, даңқты алаш! –
деп осындай шаттық лебізін білдірсе, Сәбит Дөнентаев «Азаттық күні» («Қазақ», 1917 ж. 12 сәуір) өлеңінде «А, Құдай, ұзағынан жаза көр деп Іркіліп көзге жастың келген күні» деп алашының көптен күткен арманының орын­далғандығын қуанышпен жырлайды.
1917 жылы ақпан төңкерісі жеңіске жетіп, уақытша үкімет орнағанда саясаттан алыстап, оңашаланып кеткен Шәкәрім де осы жайт­тар­ға өз көңілін білдіреді. Осы 1917 жылғы ақ­пан төңкерісінің жеңісі жұртына бостандық әкел­ді деп ойлаған ақын «Бостандық таңы ат­ты», «Бостандық туы жарқырап» сияқты өлең­дерін жазады. Бұл өлеңдерінде де ақын­ның ертеңгі күннен күтер үміті зор. «Бос­тан­дық туы жарқырап» өлеңінде елінің келе­шегіне алаңдаған ақын:
…Еркін тиіп қонысы,
Кеңір ме екен өрісі.
Не болады орысы,
Соны ойлайық бағалап… –
деп жер мәселесіне қатысты түйткіл ойларын да жайып салып, алысқа көз тастайды.
Қалай болғанда да осы азаттықтың таңы ақынға күдік ұялатады.
Бұл еркіндік тым-ақ жас.
Бір қалыпты тұра алмас,
Кейде айығып, кейде мас, –
Бостандықты жағалап.
Мұндағы «жас еркіндік» деп отырғаны уа­­қытша үкімет еді. Оның «кейде айығып, кей­­де мас» болып «бостандықты жағалаған» тү­рінен шошыған ақын оған толық сенім арт­пай, алысты болжай білетін көрегендігін бай­қатады. Бұл тарап та «Мезгілсіз ерте туған таң­нан қорқам» деп Ғұмар Қараш та сенім­сіздік танытқан еді. Расында да осы үкіметтің «бір қалыпты тұра алмағанын» тарихтың өзі де көрсетіп берді емес пе?!
Ұлт тағдырына қатысты осы ірі оқиғаны Мағ­жан Жұмабаев та шығармаларына арқау етті. Бұл тарапта ақынның «Бостандық» деп ата­­латын өлеңіне зер салсақ, мұнда ақын ал­­дымен 1918 жылға дейінгі оқиға көз тастайды.
Жер жүзін қан басқанда,
Көбігі шығып аспанға…
Қызыл қанға мас болып,
Жүрегі қара тас болып,
Айырылып естен адамзат… –
деп бірінші дүниежүзілік соғыстың өршіген кезеңін осылайша сипаттап алады да, әрі қарай ізгілік ұмыт болып, жауыздық тамырын жайып бара жатқанда келген 1917 жылғы ақпан төңкерісіне айрықша мән береді.
…Көк есігі ашылды,
Жұмақ нұры шашылды.
Келді ұшып бостандық,–
деп қуана жырға қосып, ұшып келген бос­тан­дықты жүзі ғарыш нұрлы, сөзі кәусар жі­бек, әдемі, алмас қанатты етіп суреттейді. Одан әрі «Аппақ нұрға оранып, Ақырын ғана дем алып, Құрметпенен тұрысты. Сәуле көр­мей, шек­кен зар, Аш-жалаңаш сорлылар Қуа­ныс­ты, күлісті» деп ақын ақпан төңкерісін жаса­ған большевиктер партиясының құрмет­пенен ақырын ғана орныға бастаған келбе­ті­мен қоса, сол бостандықты халықтың қалай қар­сы алғанын да шынайы таныстырып өтеді. «Тез жалындап суынған, Жұмақтан да қуыл­ған, Адамзат бір әуреде» деп бірінші дүние­жүзі­­­­лік соғыс тұсындағы бірде жеңіп, бірде жеңі­ліп әуре болып жатқан Ресей мемлекетін на­зарға алып қана қоймай, Уақытша үкіметтің то­сынан келген бостандыққа «есін жиып күй­леніп, әбден бойы үйреніп алғаннан соң», қай­тадан ескі әуеніне басқанына ақын на­разылық танытады:
Баяғысын бастады,
Ұжданды былай тастады,
Бостандықта жоқ жұмыс.
Зар еңіреді талай жас,
Сел боп ақты қызыл қан,
Өтірік, талау, өлтіріс.
Әрі қарай бостандықтың арқасында «ші­рік жүрек сасықтардың» айы оңынан туып, олар­­дың арманы орындалып жатқанына ыза­ланған ақын «қыбырлаған қоңыздар, қорсыл­да­ған доңыздарды» енді тіпті «көктен келген» бостандыққа «тілін, қолын тигізді» деп сөгеді, жауыздықтың өршігенін қаламайды. Сонда бұл өлеңдегі ақынның «қыбырлаған қоңыздар, қорсылдаған доңыздар» деп отырғаны кімдер? Бұл жөнінде Ж.Аймауытовтың «Мағжанның өсiп келе жатқан бостандық тамырына Сiбiрдi ал­ған патшашыл жандарал Колчак балта шап­ты. Патша заманының қара күнi қайта ту­ды. Казак-орыс атамандары Сiбiрдегi қазақ да­ласын шарлап, қазақтың басына әңгiртаяқ орнатты. Мағжан көрiне түсiп жоқ болып бара жатқан бостандықты жырлады» деген пікірі мен «1918 жылы Сібірде реакция дәуірінде жа­­зылған» деген автордың өз ескертпесінің сәй­кестік танытуы осы өлеңнің сырын тез ұғу­ға мүмкіндік әкеледі. Яғни, осы деректерге сүйенсек, ақынның «қыбырлаған қоңыздар, қорсылдаған доңыздары» патшашыл жандарал Колчак, казак-орыс атамандары болып шығады. Алайда, ақынның «баяғысын бастады» дегенімен қоса, «Ізгі елшісі жұмақтың, Қа­­сиетті қонақтың Ақ қанатын кірледі» деп қынжылып қана қоймай, қыбырлаған қоңыз­дар мен қорсылдаған доңыздарға «тілегің бол­ды – қуан, күл» деп ашуға булығуы Қазан төңкерісінің жеңіске жетуін меңзеп тұрғандай көрінеді.
Бостандық – ізгі періште
Кетпекке ұшып ғарышқа
Ақ қанатын қомдап тұр, –
деп өлеңін түйіндеуінде де үлкен мән жатыр.
Ұлт жоқтаушысы Нарманбет ақынның да 1917 жылдан бастап жазған өлеңдері басқа са­­­рынға ауыса бастайды. Яғни, осы жылғы та­­рихи құбылыстар да ақын назарынан тыс қал­­мады. Бұл кездерді жырлаған «Тілекті хақ­тың берген күн», «Құрылтайға барғанда», «Ұран» сияқты өлеңдерінің бәрінде Нар­ман­беттің шынайы тілегі, келер күннен күтер үмі­ті сезілетіні анық. «Тілекті хақтың берген күн» өлеңінде «Әлемді жұтқан айдаһар Мерт бо­лып бүгін өлген күн» деп патшаның тақтан түс­кеніне шаттанған ақынның зор қуанышы бай­қалса, «Құрылтайға барғанда» өлеңінде «Алаштап қарақшыдан өткізейік!» деп ұран­дап, «Алашорда» сайлауының дұрыс өтуіне ізгі ниетін аңғартады. Осындай қарқынмен жазылған «Ұран» өлеңінде «Ұйықтап жатқан алашты Оятуға қозғалық!» деп, барша қазақты бірлікке шақыра отырып, «кел, ұйқыдан тұра­лық» деп қозғау тастайды. Сөйтіп, ақын «…Ор­­тамыздан бек сайлап, Ынтымақпен көп сай­­лап, Қарақшыдан озалық!» деп «қарақ­шы­ны» тағы да еске алып өтеді. «Алаштап қарақшыдан өткізейік!» немесе «…Қарақ­шыөдан озалық!» дегендегі ақынның «қарақ­шы» деп отырғаны қазақ жерін тонаған келімөсек­терді мегзесе керек. Жалпы, Нарманбет алаш қозғалысына қатысты ел ішіндегі түрлі саяси мәселелерде өз ойын ашық білді­ріп отырды.
Ақпан төңкерісін қуанышпен қарсы алған ақындардың бірі Ғұмар Қараш та «Күн туды, алаш, күн туды» деп еліне ұран тастап, «Алаш аза­маттарына» («Ұран», 1917, №6) өлеңімен жас­тарды рухтандарып отырды. Ұлт зиялы­ларының ісіне бар ықыласымен қолдау көр­сет­­кен ақын ел-жұртының да оларға «Қол со­­­ғып қошеметтеп» қостағанын қалайды. «Күн туды» өлеңінде де «Алаш» деп ұран ша­қы­рып…» деп қазақ азаматтарын елін қор­ғау­ға үндеп қана қоймай, оларға сенім артады.
Осы жылдары Алашорда үкіметіне үлкен үміт­­пен қараған Ғұмар Қараштың «Неден қор­қам?», «Саған не болды?», «Көреміз бе?», «Өтер ме екен?», «Келер ме екен?» сияқтыөлең­дер жазып, тақырыптарының бірыңғай сауал­дарға құрылуының өзі тегін емес еді. «Не­ден қор­қам?»өлеңінде ақынның сол уа­қыт­­тағы тарихи құбылыстарға деген көз­қара­сы тұс­палды түрде сипатталады. Қоғамдағы жаңа саясатқа көндіге алмағандығын ішке бүкпей, сыртқа шығарған ақын «Құрылған аяқ асты аудан» не үшін қорқатынын да ашық айтып, «алты басты аждаһадан» елін сақтандырғысы келеді. «Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам…» деген өлең жолдарынан ақынның ел-жұр­ты­ның ертеңін ойлаған салмақты ойлары жат­қаны анық. Ал «Саған не болды?» өлеңінде сол кездері көпшілік қауымның не «Алашқа», не большевиктер партиясына қосыларын білмей адасқанын көріп қынжылса, «Өтер ме екен?» өлеңінде ұлт зиялыларының ел мүддесі жолындағы армандарының орындалуын тілейді. «Келер ме екен?» өлеңінде де ұлт жолында өздерін құрбан етуге дайын алаш аза­мат­тарының ұлы ісін дәріптеуді өзіне парыз деп санайды. Мұнда ақын «сарғайып сағын­дырып қолға түскен» Алашорда үкіметінің құнын білуге шақырып қана қоймай, сол «асылдан» айырылып қалмауын уағыздайды. «Көреміз бе?» деген өлеңінде де «Алаш» атты орда құрып шалқығанын» көріп, қазақтың азат ел болуын аңсаған ақын арманы арқау етіледі. Сонымен, қазақ елінің өз алдына же­ке мемлекет болуын қалаған Ғұмар Қараш ұлтының болашағы үшін Алашорда үкіметінің ғұмырлы болуын тілейді.
Елінің азаттығын аңсаған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, әсіресе, 1917 жылдарда жаз­ған өлеңдерінде ерекше серпіліс, көңілінің қуа­нышы анық сезіліп жатады. Патша тағы­нан құлағанда отаршылдық езгіде қалған қалың елінің еңсесі көтеріледі деп қуанған зиялы қауымының ішінде Сұлтанмахмұт та болды. «Сарыарқа» газетінде жарық көрген «Са­рыарқаның жаңбыры» (1917,10 қазан) деген өлеңінде 1917 жылғы ақпан төңкерісін қурап жатқан меңіреу далаға жан бітіріп, елі­нің көсегесін көгерткен жаңбырға теңейді.
Ақпан төңкерісінен кейін елінің толық азат­тығына қол жеткізу үшін алаш қайрат­кер­лері Алаш партиясын құрып, батыл қи­мыл-әрекет жасауға кірісе бастаған кезінде Сұлтанмахмұт «Сарыарқа» газетінде «Алаш ұраны» (1917ж. 21 қараша) атты өлеңін жариялайды. Яғни, 1917 жылдың 20 наурызында Петроградтан жолдаған Әлихан, Мұстафа, Міржақыптың «Алаш ұраны» атты мақала­сын­дағы: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңел­дік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Не­ше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қор­лықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті…» («Қазақ», 1917 ж. 12 сәуір) деген алаш қайраткерлерінің зор қуанышы Сұлтанмахмұт өлеңінде де жалғасын табады.
Расында да «Алаш» партиясының саясатына зор үмітпен қараған ақынның бірі С.То­райғыровтың «Алаш ұраны» сол уақыттарда Алашорданың гимніне айналды. Ақынның әр топтаманы «Алаш туы астында» деп бастап, соңын «Жасасын, Алаш, жасасын!» деген ұранымен аяқтап отыруы өлең рухының биіктігін асқақтата түседі. Бес топтамадан тұ­ратын бұл өлеңнің алғашқы бөлімінде қа­зақ­қа құлдық қамытын кигізген отаршылдық­тың шынайы келбетімен таныстыра отырып, сол залым патшаның құлағанына шексіз қуа­нышын жеткізеді. Екінші топтамада «…Заң жасайтын орынға, Жұртпен бірге барамыз! Қа­тардан орын аламыз!» деп Алаш партиясынан бөлек, ел мәселесін шешетін үлкен құрыл­тайларда өз мүддесін өзі қорғай алатын қазақтың да орны болды деп жүрегі жарыла шаттанады ақын. Ал үшінші топтамада алашты көркейту үшін жанын құрбан етуге де даярларды паш етсе, төртінші топтамада «…Не жақсылық, не қайғы, көрсек бірге көрдік біз!» деп алаш үшін өлуге дайын жандардың ауыз­біршілігін қалайды. Соңғы топтамада ақын:
Алаш туы астында
Күн сөнгенше сөнбейміз!
Енді ешкімнің алашты
Қорлығына бермейміз!
…Өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманаға жеттік біз,
Жасайды алаш, өлмейміз!
Жасасын алаш, жасасын! –
деп алаш қайраткерлерінің қазақтың өз алдына жеке ел болу идеясын қолдайды. Сол заман ақиқатын көз алдымызға анық елестеткен бұл өлеңнің ең өзекті түйіні десек те болады. Жалпы, ақын «Алаш туы астында» жи­­налған қазақ зиялыларының көксеген асыл мұратын қолдап қана қоймай, олардың ең жанашыр тілекшісі бола білді.
Ұлт зиялыларының бірі Бейімбет Майлин «Алашордаға» («Сарыарқа», 1918 ж. 3 шілде) өлеңінде «…Жарық сәуле ендіретін қазаққа Мәң­гі жылдар жасасын қазақ Алаш ордасы!» деп Алашорда үкіметінің қазаққа жарық сәуле әкелетініне халқын сендіреді. Өйткені ақын сол кездегі қай жолды таңдарын білмей, дағдарған жұртына осылай жөн сілтеуді өзіне парыз санаған тәрізді. Сондай-ақ Алашорда­ның ғұмырлы болуын тілеп қана қоймай, одан үлкен үміт күтетінін де жасырмайды.
Алаш қайраткерлерінің бірі Жүсіпбек Аймуытовтың «Абай» журналында басылған «Ұран» (1918, №1), «Әскер марсельезасы» (1918, №6) сияқты өлеңдері де қазақ халқының азат­тық, тәуелсіздік жолындағы күресінің ұра­нына айналды. Патша құлағаннан кейінгі үмітін Алашордаға артқаны байқалады. «Ұра­ным, қорғаным, сен Алаш!» деп жалынды рухпен жазылған «Ұран» өлеңінде ұлтының бо­лашағы үшін елін күресуге шақырып, азат­­тық идеясын көтереді. «Әскер марсельезасы» өлеңі де бүкіл алаш жұртының маршы іспеттес болды.«Алаштың ақ туын Қолға ұс­тап ақырып, «Алаш» деп шапқанда Жауға ой­ран саламыз» деп ұлт мүддесі жолында жа­нын қиюға дайын ер ұландардың қайсар мі­незін таныта түседі. Ең бастысы Жүсіпбек Ай­мауытовтың «Жасасын, сақтасын Алаштың ордасын» деп Алладан Алашорда үкіметінің мызғымас беріктігін тілегені қазақ жастарына рух беріп, шабыттандырған еді.
Түйіндей келгенде, ел дегенде еміренетін алашшыл ақындарымыз қай тақырыпты сөз етсе де ұлтының тағдырын бір сәтте болса есі­нен шығарған емес.

Күнімжан Әбдіқалық,
ҚазМемқыз ПУ доценті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір