Сөзінің қыл сыймайды арасына

0
143 қаралды

Тоқтар ӘЛІБЕК,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, ф.ғ.к.


Тәуелсіздік кезінде еліміздің қоғамдық-әлеуметтік, рухани-мәдени өмірінде оң өзгерістер туып, тарихтың «ақтаңдақ» беттері қайта аршыла бастағаны белгілі. Дегенмен ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың алғашқы бөлігінің арасында өмір сүрген халық ақындарының шығармашылығын зерттеудегі кемшін тұстар аз емес. Қабан жырау, Жанақ, Түбек, Кемпірбай, Өске, Құл, Құлмамбет, Майкөт, Қарқабат, Сарбас, Досмағамбет т.б көптеген өрелі ақындар жол-жөнекей, әрі біржақты зерттеліп, әдебиет тарихынан тиісті бағаларын иелене алған жоқ. Солардың бірі – аса дарынды айтыс ақыны, өрелі жыршы Құланаян Құлмамбет. Қазақ айтыс өнерінің тарихы сөз болғанда Құлмамбеттің есімі сырт қалуы мүмкін емес. Оның Түбек, Жанақ, Сүйінбай, Бақтыбай, Майкөт, Жамбыл ақындармен айтыстары сол дәуірдегі қазақ әдебиетінің, мәдениетінің биік белестерінің қатарында қалды.
Ақынның өмірі мен шығарма­ш­ылығына тереңірек мән берген адамға оның маңындағы қалып­тасқан үлкен дәстүрлі ақындық ортаны, дарынды өнерпаздар шо­ғырын аңғаруға болады. Олар­дың қатары Құлмамбеттің ұстаз­дары: Қабан жырау, Шалтабай, үзеңгілестерінен: Мейірман, Қабай жырау, Жүсіпбек, Бөлтірік; ізбасар шәкірттерінен: Асан молда, Кәрбоз, Көдек, Әжек, Рыс­кел­ді, Майлы, Қапез, Әбен, Мақ­сұт, Шарғын, Сәдіқожа, Әбзейіт, Хами, Әсел, Етекбай, Тоқсанбай, Сыпатай, Молдахмет, Маман, Қой­дым, Шөкей (Уәзипа), Шә­ріп­жамал, Әдия, Әдемкүл болып жалғаса береді. Жетісудың оң­түс­тік шығысында туып өсіп, осы өлкеге кеңінен танымал бол­ған бұл ақындар тоталитарлық жүйенің сыңаржақ саясатының салдарынан белгілі тұлғалардың тасасында қалып, есімдері көмес­кіленіп келеді. Атап айтқанда, оты­зыншы жылдардағы науқан­дық саясаттың, асыра сілтеу­ші­лік­тің зардабынан қуғындалып, туған жерден қол үзген Жүсіпбек қожа, Көдек, Әжек, Сәдіқожа, Шарғын, Әсел, Рыскелді, Қой­дым, Әсел, Маман, т.б. ақындар­дың өмірі мен шығармашылығы бүгінге дейін күдіктің көмбесінен аршылмай қалды.
Қапез, Майлы, Әбен, Мақсұт секілді ақындар кеңес қызметіне қанша белсенділік танытса да «37-жылдың» құрығына ілігіп, «халық жауы» деген жаладан жазықсыз жәбір көрді. Кейбірі айдаудан оралмады.Тұтқындал­ғанда қолжазбалары бірге тәр­кі­лен­гендіктен туындылары қолды болып, із-түссіз жоғалып кетті. Олардың көзін көрген қарттар сиреген сайын, ел ішінде аздап айтылып жүрген өлең, жырлары сарқыла бастады.
Осы өңірдің тағы бір топ өнер өкілдері Албан Асан, Қабай жырау, Шалтабай, Бөлтірік, Мейір­ман, Кәрбоз, Хами, Тоқсанбай, Етекбай, Сыпатай, Молдахмет, Шәріпжамал, Шөкей, Әдия си­я­қ­­ты іргелі ақындар мен Шо­ған абыз, Қожбанбет, Қаба, Дәр­кенбай, Диқанбай, Жәмеңке, Ұзақ, Жаңғабыл, Нақысбек, Оразай сынды ондаған би-ше­шендердің ел жадында сақталған мұралары дер кезінде жиналмады. Қолда бар азын-аулақ шығар­малары түрлі әдеби қорларда ұзақ жылдар жатып қалды. Бүгінгі таңда әдебиеттануда жүргізіліп жатқан жаңа бетбұрыс кезеңінде халық әдебиетіндегі «ақ таңдақ­тар­ды» қайта ақтарып, көрсетіл­ген тұлғалар секілді жүздеген өнер иелерін тірілтудің сәті түс­кен сыңайлы.
ХІХ ғасыр әдебиеттінің көр­некті өкілдерінің бірі Құланаян Құлмамбет 1840 жылы қазіргі Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Күрметі ауы­лы­ның маңында дүниеге келді. Балалық балғын шағы тау шат­қалындағы көрікті «Көлсайдың» маңында өтеді. Жасынан халық поэзиясының құдіретін ұғынып, өзі де ақындыққа бой ұрады. Есейген сайын шыңдала түсіп, ақындар айтысына да араласып, талаптанады. Кейін өн бойын өнер буған жас дарын қазақтың сайын даласының төрт бұрышын аралап, ел кезіп, серілік құрады. Түркістан, Сыр, Сарыарқа, Ертіс бойына барып, бағын сынап жыр бәйгесіне қосылады. Бұл пікірге ақынның:
Ертіс бойын жағалап Алматымен,
Сарыарқа бес дуанға
салдым сайран, –
деген өлең жолдары айғақты дәлел болады.
Құлмамбет кезінде Тезек сияқ­ты билік иелерінің алдында өнерін көрсеткенімен, олардың басыбайлы ақыны болған емес. Шабыттанғанда әкімдігін ақын­дығы басып кететін төре маңын­дағы азулы ақындардың арасынан Құлмамбетті бөле жарып, өзі­не тартуы – кездейсоқтық емес. Түптеп кегенде, оның ән­шілік-жыршылық, күйшілік да­рынына, ақындық жолдағы да­ралығына, шынайылығына сүйсінгені анық. Ол ел тізгінін ұстаған Тезек, Батталқазы, Сарыбай, Жүнісбай, т.б. Жетісудағы беделді атқамінерлер мен қырғыз манаптары Шабдан, Бәйтік, Байсалдармен үзеңгілес жүру арқылы алқалы топтарда жыр сайысына түсіп, қанаттас қазақ, қырғыз жұртына өз дарынын танытуға жол ашты.
Құлмамбеттің көп айтыстары мен өлең, жырлары дер кезінде жиналмай, ұмыт болған. Дегенмен, Орталық ғылыми кітапхана­ның сирек қорында «Құлмамбет­тің Шабдан батырға айтқаны»», «Құлмамбеттің Батталқазыға айтқаны», «Құлмамбеттің ақыр­ғы сөзі» секілді аздаған арнау, толғаулары жинақталған. Ақын өмірінің соңғы жылдарында қа­зір­гі Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданындағы, Алатаудың Қазғұрт тауымен ұштасатын тұсындағы «Бел» деген жерде тұра­тын туыстарына қоныс аударады. Кіндігінен жалғыз қыздан өзге ұрпақ өрбімегендіктен, іш­тей құса болған ақын өлең, жыр айтуды мүлдем доғарып, Ташкент, Түркістан, Сыр бойындағы әулие, әмбиелерді зиярат етіп, сопылық жолға түседі. Отбасын сол «Белдегі» ағайындарына қалдырып, 1906 жылдың шамасында туған жер, атамекенін, жал­ғыз қызы Арызхан мен жиен­дерін көріп қайту үшін Жетісуға келеді. Жол бойы сырқаттанып келген Құлмамбет Алматы қала­сының шығысындағы 60 ша­қы­рым­дай жердегі Түр­ген қыс­та­ғын­­да дүние салады. ­«­Ба­т­­­тал­­қа­зыға айтқаны», «Ақыр­ғы сөз» секілді толғаулары осы соңғы сапарда туған. Оның «ақыр­ғы сөзін» тебіренбей оқу мүмкін емес. Ақырғы демі үзілер шақта тіршіліктегі бар саналы ғұмырын ой елегінен өткізіп, артта қалған отбасының тағды­рына алаңдайды, көрудің сәті түспеген жалғыз қызын, жете алмаған туған жері мен елін ар­ман­дайды. Тіпті тілі байланып, қиналып жатқанның өзінде бір де бір адамның атынан жаңыл­май, оның шыққан тегіне дейін дәріптеп жырына қосады. Қызы­на деген сағыныш, ұрпақ жалғас­тыратын ер баланың болмауына байланысты жүрегін мүжіген қайғы-мұң, босқа өткен жалған дүниеге деген күйініш өмірі түге­сіп бара жатқан ақтық сәттерде жыр жолдарына айналып, сыртқа ағылып жатады.
«Ақырғы сөз» – оқиғалы шы­ғар­­ма. Толғауда ақынның жеке ба­сы мен Жетісудың беделді адам­­дары туралы мол деректер қам­тылған. Өмір деректеріне көз салсақ, Құлмамбет түрлі жағ­дай­лар­мен Шымкентке екі рет көшіп, қайтып оралған. Алға­шын­­­д­а бала жасынан кетіп, ХІХ ға­сырдың алпысыншы жылдары өнерде де, өмірде де тауы шағыл­ма­ған жас дарын Жетісуда дәуір­леп тұрған ақындарға қосылып, өз үйірімен қауышады. Бұл кезде жалындаған жастығы мен шал­қыған шабыты сай келген, келе­шегі жарқын, сәулелі шағы еді.
Екінші мәрте, ұрпақсыз­дық­тың зарынан көкірегін запыран басып сансыраған қарт ақын Оң­түстіктегі ағайындарына бой сергітіп қайту үшін көшкен сы­ңай­лы. Құлмамбеттің бұл оралуы – көкейін қайғы-қасірет қа­жа­ған, бойынан жылуы, жүре­гі­­нен жыры қашқан сұңғыла ақын­ның Жетісуға келген соңғы сапары еді.
Құлмамбет туыстары мен жо­ра-жолдастарына табыстар аманатын, орындалмаған арман-мұ­рат­тарын, ішкі қайғы-күйінішін кес­телі сөз өр­нек­те­рі­мен жет­кіз­у­­ге тырысады. Демі үзілер тұс­­та жарық дүниеге қарағанда бақи дүниенің қамы көбірек сөз болып, Алладан иман тілейді. Өмір­дің өткіншілігі, құбыл­ма­лы­­лы­ғы жайында ой қозғап, тура келген ажалға бақ-дәулет араша түсе алмайтынын ескертеді. Қы­зы­ғынан қиындығы мол өмір сүр­леулерін ойға алып, қамы­ғады.
Құланаян Құлмамбет – ХІХ ғасырдың екінші жартысында қа­зақ, қырғызды тегіс аралап, көп­­теген азулы ақындармен жыр бә­се­кесіне қосылған, сан түрлі қа­сиеттерді бойына жинақтаған аса дарынды өнерпаз тұлға. Бірақ бізге жеткен туындыларының дені – айтыстар. Әрине, бұл ақын поэзияның өзге жанрларын жырламады деген сөз емес. Құлмамбет әр кезеңдерде Түбек, Жанақ, Сүйін­бай, Бақтыбай, Майкөт, Қаң­тар­бай, Жамбыл сынды тұл­ғалы ақындар мен қырғыз Қа­лам­­қас, Өзипа, Тұрсынай қыз­дар­мен айтысқан. Өкінішке қар­ай, ұрпақ жетесіне Түбекпен, Май­көтпен, Жамбылмен айтыс­тарының үзінділері мен Қалам­қас, Өзипа, Тұрсынай қыздармен қақтығыстарының жұрнағы ғана жеткен. Ақындар айтыста үстем болу үшін өзіне тән айла-тәсіл­дерді көп қолданған. Құлмамбет­тің айтуынша, айтыста жеңудің үш шарты бар. «Біріншіден, жү­рек­тілік керек. Қай жерде, қандай топта, қандай ақынмен айтыссаң да еш қысылып, қымтырылуға болмайды. Өзіңді өз үйіңде отыр­ғандай еркін ұстауың керек.
Екіншіден, сенің аузыңнан шыққан сөзге әзіл-қалжың араласа жүрсін, сонда ғана қаумала­ған қалың топтың назарын өзіңе аударасың.
Үшіншіден, қарсыласың бұ­рын кіммен айтысып, кіммен қағысқанын, кімді қалай жеңіп, кімнен қалай жеңілгенін жақсы білу керек. Сонда ғана онымен ұстасу жеңіл соғады». Бұл шарттар оның жас ақындарға үйре­тетін негізгі қағидалары болса керек. Құлмамбетті ұстаз тұтқан Бөлтірік ақынның Майкөт, Жамбыл, Үмбетәлілермен қақтығысы­нан, Әжектің Артық, Шәріпжа­мал, Әдия қыздармен ай­­тыс­­тары­нан аға ақын қағи­дала­рының үлгісі көрінгендей. Жеңіс тұтқасы есебінде осы тә­сіл­дерді өзі де үнемі ескеріп отыр­ғанын көруге болады.
Құлмамбеттің Түбекпен айтысы – жас ақын өзін алғаш рет көрсете білген, өлең-сөздің құді­ретін, ақындық даралығын, талант, дарын қуатын танытқан жыр додасы. Үш жүзге аты мәлім, адуынды кәрі қыран Түбек ал­дын­дағы тырнақалды жыр сынағы. Құлмамбет, Түбек, Тезек арасындағы бұл айтыс аяқтал­мағанымен, мазмұнының өткір­лігі мен көркемдік сипаты жағы­нан құнды туынды. Оны ХІХ ға­сырдың алпысыншы жылда­рын­дағы айтыс өнерін дамытуға қосылған зор үлес деп ұғынған орынды.
Айтыс – Тезек төре секілді Жетісуға танымал билік иесінің ордасында, осы өлкеге белгілі ел жақ­сыларының ортасында өтке­німен де мәнді. Айтыскерлер солар­дың сынынан өтіп, сали­қалы бағаларын алды, әрі сол орта арқылы есімдері басқа ал­қалы жиындарға, жалпы қазақ, қырғызға кеңінен тарады. Сол топқа Оңтүстікте аты шыққан Егізақ, Тоғызақ, Шаншар, Егіз­бай, т.б. іргелі ақындар қатысып, өздері үлгі тұтқан әйгілі Түбектің өлең-жырларын үйренді, батасын алды. Жыр бәйгесіне жаңа қосылып, бақ сынап жүрген Құлмамбет сияқты жас өреннің өнердегі тұсауы кесілді.
Құлмамбеттің аса көлемді, мән-маңызы мен көркемдік қа­сиет­тері жағынан ХІХ ғасырдағы ірі ақындар айтысының қай-қайсысымен де бәсекеге түсе ала­тын жыр сайысы – Майкөт Сан­дыбайұлымен өткен айтысы. Жыр додасы 1880 жылы шамасында Бішкек маңындағы Аларча деген жерде, қырғыз манабы Бәйтіктің аулында өтеді. Бұл кез­дері Құлмамбет өмір мен өнердің ащысы-тұщысын бірдей тарта жүріп, талай тартыстарда шы­ныққан азулы ақындардың қата­рында еді. Бұдан бұрын Жанақ, Сүйінбай, Қаламқас, т.б. ақын­дар­мен бақ таласып, атағы қазақ, қырғыз арасын шарлап кеткен болатын. Солто руының шоң манабы Бәйтік Қанаев (1822-1885) (Ел ішінде қара Бәйтік ата­лып кеткен – Т.Ә.) той жасап, оғ­ан Жетісу қазақтарының да бе­­делді азаматтары шақыры­ла­ды.
Құлмамбет пен Майкөт айтысы жөнінде М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Жармұхамедұлы еңбектерінде аталып, тұщымды пікірлер ай­тылған. Дегенмен, заман ағымы мен саяси шектеулер терең зерттеуге мүмкіндік бермегені бай­қа­лады. Сондықтан Кеңес кезе­ңінде бұл шығармаға жанрлық, көркемдік, текстологиялық тұр­ғыда талдаулар жасалған емес.
«Далада домбыра тартқан Май­­көт екен деп, аңдамай ша­қыр­­сам, жүз сомдық ішік киіп, жақ­сы-жайсаңдармен төрде отыр­­ған екен», – дейді ақын Қазан­­қапқа айтқан бір сөзінде. Сөз мәнісінен Құлмамбеттің ілгеріде Майкөт ақынды кездес­тірмегенін болжауға болады. Ал­ғашында әр ақын өз руының артықшылығын мадақтап, қар­сылас жақтың кемшілігін шенегенмен, қыза келе жеке адамдарды дәріптеуге ойысады. Бірақ айтыстың орта шенінен бастап әлеуметтік, діни мәселерге ойысады.
Сол күні ақындар бір-бірін ала алмай, айтыс теке-тіреспен аяқ­талады. Келесі күні айтыс тағ­­­дырын шешкен Бәйтік: «Төрелік мынау болады. Жи­нал­ған жұрттың біреуіңді мақтауы бар, біреуіңді даттауы бар. Екеуің­ді бұл жағынан пара-пар дейміз. Енді бір-бір ауыз өлең тыңдалық», – дейді. Құлмамбет Бәйтік әйелінің сұлулығын Пай­ғам­бар қызына теңеп, Қытайдан бері жерде мұндай ұрғашы көр­мегенін тамсана жырлайды. Әйел затын Пайғамбарға теңегеніне ашуланған манап Майкөтке өзін жамандап жырлауды талап етеді. Майкөт Бәйтіктің жеке басының кемшіліктерін жіпке тізгендей етіп жырлайды. Қазан­қап мәлі­метінше, Құлмамбет: «Қызталақ албан, затымды пайғамбарға теңе­дің», – деп Майкөтке – түйе, Құлмамбетке ат мінгізді. Түйе алған соң Майкөт жеңді.
Ілгергі зерттеушілердің көп­шілігі Құлмамбет пен Майкөт айтысына таптық тұрғыдан қа­рап, біржақты тұжырым жасап келгені мәлім. Олардың пікірін­ше, Майкөт отырықшылықты, кәсіпті, егіншілікті жырласа, Құлмамбет мал-дәулетке, бай­лық-санатқа, өмір қызығына ма­саттанған би-болыс, бай-мыр­заларды дәріптеген. Әрине, бұл заман ағымына байланысты айтылған пайымдар еді. Алайда, бір-бірінен мыңдаған шақырым алшақ жатқан екі елдің гео­-
г­рафиялық жағдайына да көңіл бөлген жөн сияқты. Суы мол, ауа райы ыстық Қаратау, Түркістан, Сыр өңірлері егін салуға ың­ғайлы. Қалаларға жақын болған соң, іргесінен базары үзілмеген. Ежелден отырықшылық тір­ші­лікке бойсынған, сауда-саттыққа икемді, тумысынан жер еміп өс­кен жапсарлас өзбек ағайын­дар­дың да оңтүстік жұртына тигіз­ген ықпалы аз емес. Дегенмен, бұл өлке жайылымдық өріске тар, төрт түлік мал өсіруге қолай­сыз.
Алатау, Еренқабырға, Ұзын­қара (Кетпен қыраттары – Т.Ә.) тауларын қоныстанған Құлмам­бет елінің тұрмысы мүлде басқа. Суы тұнық, шөбі шүйгін, табиға­ты тамылжыған бұл өңір мал өсіруге жайлы. Негізінен, мал ша­руашылығын кәсіп еткендік­тен, бар тіршілік көзі төрт түлік болып табылады. Ақындар осындай тарихи-табиғи алғышарт­тардан алшақ кете алмаған. Қалай дегенде де өз заманының бар болмысын анық, дәл беруге ұмтылысқан. Қай елдің болса да атқаратын кәсібі, қоршаған ортасы, әл-ауқат деңгейінен хабардар етеді. Сондықтан да айтыс барысында әр ақын өз руын, елі мен жерін, байлығын, игі жақсылар­дың жеке басын сөз еткенде, солардың артықшы­лықтарын жеңіс кілті есебінде пайдаланған. Бірінде бар нәрсе екіншісінде жоқ болса, үлкен кемшілік са­налған.
Құлмамбет пен Майкөт айты­сын­дағы өмір шындығы, дәуір келбетінің терең де дәл бей­не­ленуі – шығарманың ішкі маз­-
м­ұны мен көркемдік қасиеттерін аша түскен.
ХІХ ғасырдың екінші жар­ты­сындағы дәуір сипатын, өмір шындығының айқын көрініс­терін дәл суреттеген көркем де кесек туындылардың бірі – Құл­мамбеттің Жамбылмен айтысы. Жамбылдың шығарма­шылық өміріне үлкен өзгеріс әкеліп, ақындық атын аспан­датқан да осы туынды. Өйткені, Құлмамбет есімі Жетісу еліне ерте жайылған, Жамбылға дейін айтысқан ақынды беттетпеген азулы ақын еді. Ілгергі-бергі зерттеулерде бұл шығармалар туралы қалам тартпаған әдебиеттанушы кемде-кем. Олардың ішінен Жамбыл шығармашылығын түбегейлі зерттеген Е.Ысмайылов, С.Бегалин, С.Садырбаев, М.Жолдасбеков сынды ғалымдардың бағалы еңбектерін ерекше атап өткен орынды. Әйтсе де, Құлмамбет ақынның қазақ айтыс өнерін дамытудағы сүбелі еңбегі зерт­теу­шілер тарапынан әділ баға­лан­бай келді. Жамбылмен ай­тыс­­қан Құлмамбет, Сарбас, Дос­­мағамбет секілді тарлан та­лант­тардың шығармашылығы жөнінде сөз қозғалғанда, оларды үстем тап өкілдерін жақтаушы кертартпа ақындар ретінде тану – күні өткен, Кеңес идеологиясымен бірге кеткен көзқарас. Осындай біртума дарын иелері­нің қазақ ауыз әдебиетіндегі орнын анықтап, тиісті бағаларын беру арқылы ұлы Жамбылды одан сайын асқақтата түсеріміз анық.
Қай замандарда да қазақ ақындары дәулет жинамаған. Олардың барлық ауыртпалық­тарын елі көтерген, бірақ бетіне салық қылмаған. Ақын, бір жағынан рудың, яки бір топтың тілек мақсатын жақтаушы қоғам қайраткері, екінші жағынан, ақындығымен күн көруші кәсіп иесі адам ретінде қоғамда көрініс береді. Ақындық өнер сынға тү­седі, әр ақын өнер жарысына түсіп, озып шығуға тырысады. Ақындар ел басына күн туған қа­ралы кездерде де, ақ түйенің қар­ны жарылған қуанышты сәттерде де жұртының жанынан табылған. Қазақ ақын-жырау­лары кие тұтатын үш-ақ нәрсе болған. Олар – туған ел мен жер, намыс. Қайда жүрсе де осы үш­еуін ту етіп ұстап, қолдан түсір­меген. Қазан төңкерісіне дейінгі айтыс ақындарының қай-қай­сысы да осы жолдан танбаған. Мәселен, Құлмамбетпен айтыс­қанда Жамбыл:
Таз, Құлмамбет, сен салсаң,
Мен де салдым байымды.
Мен де байдан ап жүрмін,
Азын-аулақ шайымды.
Асықпасаң, Құлеке,
Табарсың әлі-ақ жайыңды.
Менің де Құттықсейіт байым бар,
Қайтетұғын ойың бар.
Қалың байды қаптатсам,
Болатын әлі-ақ тойың бар, –
дейді. Мұнда ешқандай кемшілік байқалмайды. Руының, жерінің, елінің ерен батырлары мен дуалы ауыз би-шешендерінің, билік тізгінін ұстаған атқамінер жақсы-жайсаңдарының ерекшеліктерін асырып айту – айтыс өнерінің негізгі алғышарттарының бірі. Қазан төңкерісінен бері көсем­дерді, өкіметті, партия хатшылары мен өндіріс бастықтарын, т.б. мадақтау, тіпті қазіргі айтыстарда әкімдерді, іскер қалталыларды жер-көкке сыйғызбай мақтау белең алып бара жатқаны жасырын емес.
Құлмамбеттің жоғарыда тал­данған көлемді де көркем, әдебиет сүйер қауымға белгілі Түбекпен, Майкөтпен, Жамбылмен өткен үш айтысынан өзге бірнеше қақ­тығысулары сақталған. Олар – қырғыз Қаламқаспен, Уәзипа және Тұрсынай қыздармен өткен жыр тартыстарының үзінділері.
Қырғыздың бұғы елінде шамамен 1870 жылы өткен Қалам­қас, Уәзипа, Тұрсынай қыздармен айтыстарының жұрнағы М.Әу­езов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба ор­талығында сақталған Ә.Матай­ұлы материалдарынан алынып, Құлмамбеттің академиялық жинағында жарияланды.
Құлмамбет – қазақтың бай эпи­калық мұрасы мен импро­ви­

Пікір қосу