Қияндағыны көретін көз, қиялдағыны көретін ақыл
20.08.2015
1610
0

Обращение_по_выборам,_25.02.151424872802Тұлға турасында жүрекжарды сөз айту – үйреншікті қабылдаудан өзгешерек. Біз өмір сүріп отырған бүгінгі заманның беталысы да тыныш шақтағы теңіздің шымырлаған беті сияқты. бедері Иірім-иірім толқындар бірін-бірі кезекпе-кезек қуып әкеліп, жағаның өкпесін түсіретіндей солқ еткізіп ұрып жатады. Дүниенің саяси лебін, қым-қуыт тіршіліктегі ағыс екпінін бақылап, байыбына бару суреткердің де, ойшылдың да, алақанына ақша жабысқан байдың да маңдайына жазбаған. Дүние құбылыстарын сабырмен шолып, салмақпен қорытатын кісі және мыңнан біреу. Бұл санды дөңгелетіп айтып дағдыланудың әдеті. Әйтпесе Нұрсұлтан Назарбаевты күллі әлем тегін мойындаған жоқ. Батыстың ақбозатқа мінген сайыпқырандарының өзі бүкіл ел билеуші жамиғатының алдында: «Нұрсұлтан Назарбаев менің досым», деп айтпаған болар еді. Елбасы жаратылысының жұмбағын ашуға бүгінгілердің шамасы қаншалықты жететінін кім білсін. Қазақ баласының арасынан дүниеге кеңінен танылудың сырына бір уақ үңіліп көру үшін дуалы ауыздардың лебізіне құлақ түрелік.

Астананы таңдарда

(1994 жылдың 6 шілдесінен есте жүрген бір сәт)

 

8b80961d3a72abf71e64ba81bc051c74Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның халық жазушысы,
Мемлекет және қоғам қайраткері

Әліге дейін көз алдымда, Ақтауға аттанғалы жатырмыз. Нұрсұлтан Әбішұлы ұша­ғына бас сұқпай жатып, мені өз салонына шақырды. Елбасы кенет: «Әбіш, осы Ақ­молада соңғы рет қашан болдың?!» – деп сұрады. Мен жауап бердім. Өзі жуырда ғана болыпты. Қаланың тарихын, табиғатын, ауа-райын, төңірегін, қазіргі жай-күйін бес саусағындай біліп алыпты. Мұның тегін еместігін ішім сезе қойды. Бірақ әңгімесін бұзбай, тыңдай түстім…
Арада бірер апта өтер-өтпесте, Жоғарғы Кеңестің үйлестіру кеңесіне енді кіріскелі жа­тыр едік, кенеттен Ерік Мағзұмұлы Асанбаев кіріп келді. Сөзге сараң Вице-пре­зидент қалың қабағын бір керіп қойып: «Нұрсұлтан Әбішұлы ертеңгі мәжіліске бір мә­селе енгізуді сұрайды», – деді. Есіме анадағы ұшақ үстіндегі әңгіме сарт ете қал­ды…

Ертеңіне жоспарлы мәжілісімізге жиналдық. Депутаттар хабарланып қалыпты. Әдеттегі абыр-сабырдан әп-сәтте тыйылып, құлақтарын түре қалыпты. Ақпарламаны Нұрсұлтан Әбішұлының өзі жасады. Зал тым-тырыс. Сілтідей тынып, тыңдап отыр. Пре­зидент сақадай-сай әзірленіп келген. Қарша жауа жөнелген сұрақтарға еш м­үдірместен егжей-тегжейлі жауап беріп жатыр. Сұрақтар сонда да тыйылар емес. Арасында әдейі намысқа тигісі келген қыршаңқы сұрақтар да жеткілікті. Олардың көпшілігі мәселенің бұлайша төтен қойылуынан әлдебір астар іздейді. Геосаяси айла-шарғы тапқысы келетіндер де аз емес. Тіпті, өйтіп алыстан қармамай, күнделікті тұрмыстық күйбең тіршілікпен, жегжат-жұрағаттың жай-жапсарына байланыстыратындар да табылмай қалмады. Кейбірі бәрін апарып қайдағы бір саяси амбицияларға теңейді. Нұрсұлтан Әбішұлы кісінің шамына тиетін сотанақ сұрақтардың өзіне төзімділік көрсетіп, бажайлап түсіндіріп, қажет болса, тіпті басынан асырып бақты. Ондай түймедейден түйедей, тырнақ астынан кілегей іздейтіндерді былай қойғанда, естияр деп жүрген азаматтардың өздерінің жуасылтылмаған тайға мінгендей, тақымдарын қысып, қобалжып отырғандары байқалады. Көпшілігі басы қарқардай Алатау мен жасыл торқа жамылып Алматы тұрғанда, аяқ астынан ақ түтек бораны арсы-гүрсі арқа төсіндегі қайдағы бір күйелеш-күйелеш көнетоз қалаға көшудің сон­шама неге керек болғанын, қанша ойланса да, ақылдарына сыйғыза алар емес…

Жасыратын несі бар, менің өзім де сол ыңғайға дес беріп отырғандаймын.
Қолымдағы қаулының жобасына қайта-қайта үңіліп, көңіл тыншыта алмай-ақ қой­дым. Бұрынғы бір тармақтың қасына екінші тармақ сұранып тұрғандай. Қалам алып, жаза бастадым. Жаңа астананы салу мен оған көшудің экономикалық жобасын жасап, Жоғарғы Кеңестің келесі бір сессиясына ұсыну үшін үкіметке тапсырма беріп, қосымша мерзім белгілеу жайында жаңа тармақ мәтіндеп, ту сыртымда отырған Елбасының қолына ұсындым. Нұрсұлтан Әбішұлы оқып шығып, ойланып біраз отырды. Залдағылардың бет-жүздеріне қарап, айтылып жатқан әңгімелерін тыңдап алып, кенет маған: « Мейлі, осы жобаны дауысқа салғыңыз келсе, сала қойыңыз», – деді.
Жұртшылықтың пікірі айқындалып келеді. Басым көпшілік Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың астананы Ақмолаға көшіру жөніндегі дәйектемелеріне ден қоятын ыңғай байқатты…
Сөйтіп қиын жылдардағы қиырман-шиырман қызу таластармен дүниеге келген жаңа Астананың күн санап жайнай-жадырай түскен ажарын әр көрген сайын есіңе та­лай нәрсе оралады…

Алғаш танысқаннан бері…

maxresdefaultӘкім ТАРАЗИ,
жазушы,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Бұдан көп жыл бұрын Мәскеудегі «Литературная газета» басылымының Қазақстандағы тілшісі болып жұмыс істедім. Газет тілшісі ретінде Теміртау қаласындағы темір балқыту зауыты туралы жазу тапсырылған еді. Ол кезде қазіргі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сол зауытта инженер болып жұмыс істейді екен. Болашақ Президентпен алғаш осылай жолыққан едік. Әрі қарай Нұрсұлтан Әбішұлы Алматыға ауысты, одан кейін Астанаға келді. Ел басшысының образын жазушы ретінде әр қырынан алып суреттеуге болады. Мен «Ақбозат» деген әңгімемде Президентті ат құлағында ойнап өскен, жаны жылқыға жақын қазақтың азаматы ретінде көрсеттім. Бұл шығарманы жазуыма Елбасының Түркістан қаласына барғандағы сапары себеп болды. Қала басшылығы қазақы салтпен Президентке ат мінгізеді. Бұған дейін мініс көрмеген ат алғашқы адамға ырық бермеген көрінеді. Ал Елбасы мінгенде еш қарсылық көрсетпей, майтаңдап жүріп беріпті. Текті жануар ғой адамның ниетін сезеді.
Басшылықта жүрген адамға табиғат берген қалыпты сақтау оңайға соқпайды. Еліміздің басшысы жылына бір рет ақын-жазушылармен кездесіп, әңгімелесіп тұрады. Сол кезде байқағаным, Нұрсұлтан Назарбаев жас күніндегі қалпын сақтап келеді. Қазақы мінезі мен болмысынан ажырамаған. Ал күлкісі риясыз, таза.
1998 жылы Президент астананы Алатаудың етегінен Сарыарқаның жазығына көшірді. Елдің орталығы етіп Ақмола қаласын таңдап алуы да алысты шолған қырағылықпен жасалған қадам. Мен Ақмола қаласын жақсы білем, Целиноград болып тұрған кезінде де келіп-кетіп жүрдім. Жан жағыңнан бір қазақты кездестіру қиын еді. Қазір Астанада 85 пайыз қазақ бар. Бұл ел экономикасы тұралап тұрған шақта астананы көшірудің қажеті не, деген көзқарастың ұшқары болғанын дәлелдейді. Президенттің әр шешімінің соңын бағамдар болсақ, оның оң шешім екендігіне көз жеткіземіз. Елбасы көп асқақтамай, арындамай, ақырын басып, әр қадамын нық қадап келе жатқан басшы.

«Жайлаукөл кештерінен» «Есіл бойына» дейін

 

290812-26Ілия ЖАҚАНОВ,
Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері,
композитор

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, ірі тұлға, әлемдік деңгейдегі үлкен қайраткер, қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Елбасымен жүздесіп, жақын танысуыма себеп болған – менің әндерім. Бұл кісі болмысынан өнерге жақын, талантты, сезімтал адам. Анасының әншілігі перзен­ті­нің бойына өнерге деген құштарлық пен бабалар мұрасына деген құрметті қатар дарытқандай. Сонау 1993 жылы Ақан серінің 150 жылдығында Опера театры­ның сахна­сында қолымды алып тұрып: «Ілеке, Жайлаукөлге барып тұрасыз ба, «Жайлаукөл кештері», «Алматы кештері», «Әсел», «Даниярдың әні» сияқты әндеріңізді тыңдап өстік, сізге аманшылық, творчестволық табыс тілеймін», – деді. Сол күннен бастап әр түрлі жиындар мен салтанатты мерекелерде жолығып, әңгімелесеміз. Әр кездескен сайын ол кісінің ішкі жан-дүниесінің әнмен астасып жатқанына куә боламын. 2001 жылы Темір­таудағы металлургия зауытына барып Елбасымен қызметтес болған аза­маттармен әңгімелестім, қаладағы көпұлтты жастардың ішінен маңдайы жар­қырап, оқ бойы озық шыққан жас жігіттің жігері мен жалыны тегін емес еді. Осы сапардың әсерінен «Теміртау түні» деген лирикалық ән жаздым. Президентіміздің Сарыарқаның төріндегі қаланы жайнатып, жаңғы­рытып, қайта түлеткені қай қазақты болса да тебірентпей қоймайды. Композитор ретінде менің мұндай тебіренісім «Есіл бойы» деген вальс боп өрілді. Әр жыл сайын Астана күні мен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнінде бұл әнді әртүрлі әншілер тамылжыта орындап жүр. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш. Айтулы мемлекет қайраткері, ұлт көсемінің біз сияқты өнер адамына көрсеткен құрметі, ілтипаты мен ықыласы бізді қанаттандырып, жаңа идея­ларға жетелеп, шабыттандырады.

Даңқ тұғырында

MG_0078Несіпбек Дәутайұлы,
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Небір алмағайып заманда айтылмай қалатын ақиқаттар айналып келіп, адамзаттың алдынан бәрібір шығады. кеңес өкіметі орнаған кезеңнен бергі жерді алайықшы. Қазақстан кеңестік Социалистік Республикасы дегенде, бөркімізді қанша жерден аспанға атып, қанша жерден айдарымыздан жел ескенімен, жетпіс төрт жыл қызыл империяның көп губерниясының бірі еді. Бар істе Кремльге құлдық ұрды, соның айтқанын істеп, айдауымен жүрді. Сол жетпіс төрт жылда «Қазақстан ендігі жерде Орталықтың айыл тартпасы бола алмайды» деген сөзді биліктегі қазақ қайраткерлерінің қайсысы айтты. Айдай әлемнің алдында М.Горбачев пен оның кез келген жағдайда кез келгенді қылпып тастауға даяр нөкерлерінің көздерін бақырайтып қойып, әлгі өткір сөзді айта алған тұңғыш қазақ Нұрсұлтан Назарбаев. Сол үшін де Нұрсұлтан Әбішұлы біз үшін ұлттың абыройы. Өшпес өршіл рухтың өзгеше өнегесі. Намысқа шабатын нағыздың нартәуекелі. Жарық дүниеде жалғыз рет берілетін ғұмырда елдік еркіндік жолында жан алып, жан беруге даяр жасампаз.

Сәби күлкісі сақталған кісі

indexМархабат БАЙҒҰТ, жазушы,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Ташкентіңізде тұратын өзбектің өбек мінезді мінәйі жазушысы, сатира сардары, әзілкеш әдебиетшісі, ақжарма аудармашы Насыр Фазыл ағатайым қайбір жылы Президентіміздің Бейбіт­шілік және рухани келісім сыйлығын алғалы Алматыға келген. Республика сарайында тапсыру сал-танаты болған. Насыр-аканың миығын жылы жымиыс түрткен. Сыйлық алмаққа шыққанда. Теледидардан көріп отырмыз. «Ай, айна­лайын ағамыз бірдеңе ойлап бара­ды-ау», деп күбірлегеніміз сол-ақ екен, Насыр Фазылыңыз оң қалтасынан бәкісін шығарды. Елбасымызға ұсынды. Сый ретінде. Сөйтіп тұрып: «Нұреке, өзіңіз білесіз, бәкі тарту еткенде егесіне ептеп тиын-тебен береді, яғни сатып алады», – деді. Нұрсұлтан Назарбаев қапелімде қалтасын қарағанымен, тиын-сиын таппады. Қасындағы кісілерден алып берген.
Сол сәттегі сәби күлкісі көз алдымыздан кетпейді. Елбасымыздың уыз күлкісі. Қалай сақталған десеңізші. Жарықтық Әсем апамыз айтушы еді. «Ақжүрек, ақ­жарылқап адамның бала кездегі сәби күлкісі кетпейді. Қалып қояды. Сүт күлкі, сәби күлкі кез келген кісіде кездеспейді», – деп.
Тұңғыш Президентіміздің сәби күлкісі, сүт күлкісі қатты қайран қалдырған сонда. Әсем апамыздың әңгімесі ойымызға оралған.
Насыр Фазыл көкемізді шырайлы Шымкент шаһарының теміржол вокзалынан қарсы алғанбыз. Облысымыздың әкімі Өзбекстанның кәтта қаламгері, халық жазушысы Насыр-аканы шын пейілмен құттықтап, шапан жапқан. «Нұрекеңнің баладай аңқылдап күлгенін жанынан, тура қасынан көріп, қолын алып байқадым, қандай таза күлкі?! Рақатқа бөлендім!» – деді өзбек пен қазақ көркем әдебиеттерінің арасын­дағы алтын көпір атанған аудармашы-суреткер.
Түс ауа Ташкентке қарай шығарып саларда, оңашада, қайтадан қалжың-қойлығына басып: «Бауырым, Прези­дент­теріңізді бір састырдым, ә? Қалтасында ақшасы жоқ екен ғой», – деді Нәкең. «Насыр көке! Қожанасыр бабамыз екеуіңізге бір сөзді болған жарасады ғой», − дейміз біз де қалысқымыз келмей.
Тағы бірде Түркияның тамаша басшысы, тамылжыған мейірім иесі Тұрғұт Өзал Түркістанға келетін болды. Алдымен Шымкент әуежайына ұшақпен жетіп, одан кейін тікұшақпен тартады екен. Облыс әкімі аппаратының ішкі саясат бөліміндеміз. Шымкент әуежайын­дағы көкорай шалғынға егіз қатар киіз үйлер тігілген. Әуелі әуежайы­ңызға Нұрсұлтан Назарбаевтың ұшағы келіп қонған. Сәлден соң Тұрғұт Өзал жеткен. Өзалыңыз омырауын ашқан күйі арсалаңдай күліп, жанарлары жасаурап, біздің Елбасымызды ентелей келіп құ­шақ­таған. Тұрғұт ағасына асыға ұм­тылған Президентіміздің уыз күлкісіне тағы да таңырқағанбыз сонда. Тұрғұт Өзалыңыз анау-мынау ресми райдағы қатқылдау протоколдарға онша мойынсынбайды екен. Омырауын ашқан күйі, олпы-солпылау жүргендей сезілді. Алыс ауылыңыздағы ақкөңіл ағаңыздан ау­­майды-ау, аумайды. Ақжарқын, кіршік­­сіз күлкісі, сүт күлкісі біздің Елба­сы­мыздың сәби күлкісімен керемет келісіп, үйлесіп, екеуінің әзіл-қалжың­дары да жарасып, мәре-сәреболысқан. Сәл салқындау күн кенет жылып жөнел­ген. Айнала төңіректегі ағаштар­дың жапырақтары жалт-жұлт етіп, шуаққа оранған. Сәл дөңестеу тұстағы шырын шырыштан шық мөлдірей сырғанаған.
2005 жылғы желтоқсанда Түркіс­танда, 2009 жылы Шымкентте, 2011 жылы тағы да Түркістанда, 2013 жылы және былтыр Шымкентте зиялы қауым өкілдері құрамында жүздесіп, бір­қата­рын­­да сөз сөйлеп, пікірлестік. Әрқай­сы­сында толғанысты пікірлерін пайымдап, ара-арасында әдемі әзілдері­мен әдіп­тейді. Әсіресе, шырайлы шаһар Шымкент хақындағы жарасымды қалжыңдары жан жадыратады.
Елбасыңыздың емен-жарқын, риясыз күлкісі риза етеді. Әсем апамыздың әңгімесі ойымызға оралады.
Сәби күлкісі сақталған кісі.

Сирек таланттың иесі

Ертай-акынЕртай АШЫҚБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты

Ал ел басқарушыға талант керек пе? Әрине, керек. Сол сирек таланттың иесі – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Басымызға түспеген соң білмейміз, әйтпесе саяси тұрақтылық ақсап қалған, ұлтаралық ахуал шиеленіске тап болған сырт жұрттың талайы қазір қайғысыз қара су ішуге зар болып отырған жоқ па?! 1983 жылдан бері Ақтөбе қаласында тұратын мен қазақ­тардың бұл шаһарда пәтерлерге дәп қазіргідей соншама көп қоныс­танған кезін көрген емеспін. Кеңес Одағы кезінде ауылдан келген қазақ үшін, басқасын былай қойғанда, коопера­тивтік пәтер дегеннің өзі еш уақытта қолға түспейтін қазына еді ғой. Осы немесе осыған ұқсас, бір қарағанда, өзінен-өзі орындалып жатқандай көрі­нетін, күнделікті тіршілігіңді қам­­титын қаншама шаруаны талантсыз басқарушы бітіре алар ма еді?! Сондай-ақ, Астанамызды солтүстікке көшіру жөніндегі көрегендік туралы және бірнеше сағатқа созылатын әңгіме айтуға болар еді. Тіпті, әрі-беріден соң, КСРО-ны ағаш соқадан атом қаруына дейін жеткізудегі жеке адамның басқарушылық талантын кім жоққа шығара алады?
Өлең, әңгіме, роман жазудың өзі оңай іс емес. Әдебиетіміздің қазір бастан кешіп отырған алмағайып тағдыры туралы сындарды естіген сайын әлденеге қымсынамыз. Біз бір ғана жеке кәсібімізді осылайша түрлі сөздерге іліктіріп отырғанымызда, күні кеше бар шаруасы шатқаяқтап тұрған ұлан-ғайыр мемлекетті дағдарыстан алып шығу, қазіргі зор дәрежеге жеткізу телевизия бағдарламасының атауымен бейнелесек: «Айтуға ғана оңай». Бір өлеңімде: «Алматыны жөндеп бер деп зорлама, Алматыны өңдеп бер деп зорлама, Мен емеспін – ел бас­қарғыш зор дана. Көп шаруа, о, иесіз қалмай ма, Мен жыр жазып отырғанда толғана, Тәуір өлең жаза алсам ғой онда да…» деуімнің бір астары осы еді.
Әңгімемді осылайша қысқа қайырайын. Әйтпесе Елбасымыздың ерекше жолы туралы ұзақ дүние жазу үшін үлкен талант керек-ау.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір