Фаризаға құрмет
29.12.2017
1748
0

Көзі тірісінде поэзия падишасына айналып, өлең өлкесіне өзіндік өрнек пен өзгешелік алып келген, халық махаббатының айдынында жүзген, бүкілхалықтық тұлғаға айналған қазақтың көрнекті ақын қызы, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Фариза Оңғарсынова ел мақтанышына айналған дара тұлға екендігі ақиқат.

Ақынның туған жері Атырауда, 13 желтоқсанда, Халел Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік уни­верситетінде қазақтың өр мінезді, ас­қақ рухты ақын қызы Фариза Оң­ғарсынованың жарқын бейнесін жү­ректерде мәңгі сақтау мақсатында ес­ке алу кеші өтті.
Ақын апамыздың рухына арнал­ған салтанатты еске алу кешіне Рес­публикамызға танымал ғалымдар, шы­ғармашылық зиялы қауым өкіл­дері мен сөз өнерінің майталмандары жи­налды. Атап айтар болсақ: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлт­тық университетінің Қазақ әдебиеті ка­федрасының меңгерушісі, Қа­зақ­стан Республикасы Ұлттық Ғылым Ака­демиясының академигі, филоло­гия ғылымының докторы, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Сейіт Қасқабасов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлы­ғы­ның лауреаты, жазушы Мереке Құл­кенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әлібек Асқар, ақын, филология ғылымының кан­дидаты, Еуразия университетінің доценті Оңайгүл Тұржан, жазушы, қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел, Пре­зидент гранты мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмір-Бек, «Дарын» мемлекет­тік Жастар сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағының Т.Айбергенов атын­дағы сыйлықтың, әдебиет са­ла­сындағы Президенттік сти­пен­дия­ның иегері Светқали Нұржан жә­не Фариза апайдың туыстары қатысты. Салтанатты кеш поэзия падишасына арнап туған топырағы Атырау қала­сы­­ның басты көшесіне орналас­ты­рыл­ған ақын ескерткішіне тағзым ету­ден басталды. Ескерткішке кеш қо­нақтары, зиялы қауым өкілдері мен студенттер гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті. Одан соң Сал­та­нат­ты шара Халел Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік уни­верситетінде жалғасын тапты. Оның се­бебі, заманымыздың биік рухты ақы­ны, осы жоғары оқу орнында бі­лім алып, сонау 1961 жылдары фи­ло­ло­гия факультетін тамамдаған болатын. Атырау университетінде ақын апа­­мыз­дың есімін жас ұрпақтардың есінде мәңгілікке қалдыру мақса­тын­­да Фариза Оңғарсыноваға арнал­ған естелік тақта ашу ұйғарылған бо­латын. Естелік тақта ашу рәсімін Ха­лел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің рек­торы, химия ғылымының док­торы, профессор Абзал Ахатұлы Тал­­тенов құттықтау сөзімен ашып, жиналған қауымға арнап: «Қазақтың сөз өнерін биік белеске шығарып, поэ­­зияға жаңа леп алып келген, Ма­хам­бет жырларынан нәр алып, өзінің өршіл жырларымен дараланған Фариза апай бүгінде бүкілхалықтық шы­ғармашылық тұлғаға айналды. Соңына өлмес, өшпес мұра қалдыр­ған ақын апамыздың Халел Дос­мұ­ха­медов атындағы Атырау мемлекет­тік университетінде 1956–1961 жыл­­дары аралығында білім алып, осы жерден өнер айдынына қанат қаққаны біз үшін зор мақтаныш. Аяулы ақынға де­ген ел махаббатын үстей беру үшін, мәң­гілік ғұмырын бастаған ақын даң­қына бәріміз бас иіп жүруіміз үшін Атырау университетінің көр­некті жерінен Фариза апамызға арнап естелік тақта ашқалы тұрмыз. За­­манымыздың заңғар ақыны ға­сырдан ғасырға өткен сайын жаңа қырымен жарқырай түсіп, тәуелсіз елі­міздің жас ұрпағының жаттап өсер жасампаз жырына айналары сөз­сіз», – деп сөзін түйіндеп, Фариза Оң­ғарсыноваға арналған естелік тақ­таны салтанатты ашу құрметін Қа­зақ­стан Республикасы Ұлттық Ғы­лым академиясының академигі, фи­лология ғылымының докторы, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Сейіт Қасқабасовқа табыстады. Танымал ғалым естелік тақтаны ашып тұрып: «Фаризаның өлеңдерін­де өмірге, адамға деген махаббат мол. Оның жырлары жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Ол әдебиетке қанша ырғақ, ұйқас, шумақ әкелді десеңізші! Оның өзі бір әлем. Бүгінде Фариза өне­рі әлі зерттеліп болған жоқ. Де­ген­­мен, оның поэзиясы Мұқағали, Мағ­жандардың өнері сынды ғасыр­дан ғасырға жалғаса бермек. Ол – на­ғыз классик ақын», – деді. Сағы­ныш­­қа толы еске алу шарасы одан әр­мен, Атырау университетінің акт за­лында елге таныс зиялы қауым өкіл­дері, ел ағалары студенттермен кез­десіп, жыр падишасы жайлы сыр­ла­рымен, естеліктерімен бөлісуге ұлас­ты. Сырласу кешін ақын апа­мыз­дың рухтас інісі, ақын Светқали Нұржан жүргізді. Сондай-ақ, кеште К.Әмір-Бек, Мемлекеттік сыйлық­тың иегері Ә.Асқаров, О.Тұржан Фа­ри­заның поэзия әлеміндегі орны ту­ралы кеңінен әңгімеледі. Ал, уни­вер­ситет профессоры Қадір Жүсіп ер-азаматтар поэзиясы мен қыздар поэзиясы арасындағы қақпаны құлатқан Фариза екеніне тоқталды. Ол ақынның жақында жарыққа шық­қан 12 томдық шығармалар жи­на­ғымен таныстырды. Университет профессоры, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қай­раткері, композитор Илья Жақанов көзі тірісінде Фаризаның сүйіп тың­дайтын «Балқан тау», «Ақбөбек» ән­­­­дерін орындады.
Университет ректоры Абзал Тәл­тенов ақын рухын ардақтап келген кеш қонақтарына алғыс айтып, журналистика мамандығының екін­ші курс студенті Ақтілек Абаеваға Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы шәкіртақыны табыс етті. С­а­ғынышқа толы тамаша кеште поэ­зияға құштар студенттер ақынның өлеңдерін на­қы­шына келтіре оқып, сөзіне жазыл­ған әндерін орындап, шараның сәнін келтірді.
Сағынбек Аронов.
Атырау.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір