«Алашқа» арналған сіргежияр конференция
29.12.2017
1716
0

Жуырда «Рухани жаңғыру – Алаштың асыл мұраты: тіл – жазу – мәдениет» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция 22 желтоқсан күні Ғылым ордасының концерт залында өтті. Үш тұғырдың бірі саналатын Ахмет Байтұрсынұлының атымен аталатын Тіл білімі институты өткізген бұл конференцияның маңызы зор, аңызы мол, табысы толағай болғанын конференцияға қатысқандардың қай-қайсысы да айта жүрері даусыз.

Алаш қайраткерлерінің ғасыр бойы қуғын-сүргін көріп, бүгінгі тәуелсіз таңға маңдайы жарқырап аман-есен жеткен ұрпақтары жиынға арнайы шақырылған еді. А.Байтұрсынұлының жиен немересі – Байсалова Айман, М.Дулатов­тың жиен немерелері – Жанна, Ерлан Сатыбал­диевтер, Отыншы Әлжановтың шөбересі – Төлемісова Гүлфарида, Асылбек Сейітовтың қызы – Сейітова Клара, Қайым Мұхамед­ханов­тың қызы – Дина Мұхамедханова, Қ.Ке­мең­герұлы­ның немересі – Гүлнар Кемеңгерова сынды аты аңызға айналған айтулы тұлға­лар­дың көзін көрген ұрпақтары бұл күнде ақ сақал­ды ата, ақ самайлы әже болып отырғанына қара­мастан, күллі қазақтың құрметіне бөленген ардақтыларға арналған шаршы топқа асыға жетіп, алдыңғы қатардан орын алды.
Көлемді зал адамға лық толған конференцияны аталған институттың директоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылы­м­ының докторы, профессор Ерден Задаұлы Қажыбек басқарып, қаһары қатты заманда дәурен сүрген Алаш ардақтыларының телегейдей еңбектерін тілге тиек етті.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының пре­зиденті, ҚР ҰҒА академигі Мұрат Жұрынов мырза шымылдығы енді ғана ашылған бас­қосудың маңызына тоқталып, құнды пікірлері мен құттықтауын жеткізді. Конференцияға Астанадан арнайы келген алаштанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Әдебиет таныт­қыштан» – әдеби тәжірибеге» деген баяндамасын жасағанда залда отырған Түрксіб ауданы №59 мектеп-гимназияның, Ш.Уәлиханов атын­дағы №12 мектеп-гимназияның оқушылары сіл­тідей тынып, сыныпта сабақ тыңдап отыр­ғандай күй кешті. «Күннің ең қысқарған ша­ғында ең ұзақ баяндама жасауыма тура келді. Се­бебі, осында өте көп жас өркен отыр екен», – деп сөзін бастаған ғалымға елдің ықыласы бөлек болды.
ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді «А.Бай­тұрсынұлының кеңес үкіметіне қатынасы туралы (1919-1921)» атты ғылыми баяндамасында тыңдаушыларды қазақ даласының ғасыр бұрынғы өткен-кеткеніне оралтты. Түркиядан келген Али Акбар, Кабадайы Осман; Алма­ты­да­ғы Иран мәдени өкілдігінің директоры Джалали Киасари Сейед Джабад сынды ғалым­дардың Алаш туралы баяндамаларын зиялы қауым мен өрендер ерекше ықыласпен тыңда­ды.
Денсаулығына байланысты конференцияға қатыса алмағанымен, баяндамасын бейне-
жазба арқылы жеткізген ҚР ҰҒА академигі Рәбиға Сыздықова Алаш боздақтарын, Ахмет Байтұр­сынұлын ақтап алу қанша ауыр болғанын, бұл жолда өзі талай іске мұрындық болғанын айтып берді.
Конференция барысында баябан елге басқалқа болған аяулы бабаларға арналған тол­ғауға, әсем ән, ойлы күйге кезек берілді. Айталық, қазақ және шалқар радиосы Алматы студиясы­ның жетекшісі, айтыскер ақын Бақыт Жағып­парұлы «Алаш арыстарына арнауын» орындап, көрермен қауымды айрықша разы етті.
Педагогика ғылымының докторы, профессор Оразбаева Фаузия «Алаш арыстарының аманаты – тіл» атты баяндамасында ел мүддесі үшін от кешкен ғалымдардың қазақтың бүгіні мен ертеңіне жазып қалдырған ғылыми ең­бек­терін, асыл мұратын, тіл туралы тұжырымдарын жіктей, жіпселей түсіндіріп берді. Көрнекті жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев «Алашорда тарихы рухани жаң­ғыру даңғылына бастайды» деген тақырып­та баяндама жасап, Алашордашылар­дың идеясы мен бүгінгі таңдағы Елбасының ұстаным­дарын­дағы сабақтастық, жасампаздық туралы сөз толғады. Сондай-ақ, Алаш арыстарының жоғын түгендеп, көптеген кітаптар құрастырған филология ғылымының докторы Әнес Ғари­фолла «Алаш қайраткерлері және қазақтың жаратылыстану ғылымы» атты баяндама, филология ғылымының докторы, ҚазҰУ профессоры Салқынбай Анар «Ахмет Байтұр­сын­ұлы және қазақ жазуы» деген тақырыпта баян­дама жасады. А.Салқынбай латын әліп­биіне көшу мәселесі қайта көтеріліп, емле заң­дылықтарына қатысты айтыс-тартыс қыз­ған шақта Ахмет Байтұрсынұлы ұстанымдарын негізге алуымыз керектігін айтты.
Конференцияның соңында алқалы топтың алдында «Ахмет Байтұрсынұлының тілтаным­дық мұрасы» атты кітап пен Телжан Шонанұлы­ның бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Қазақ үшін қан кешкен ға­лым­дардың көз-жанарындай болған ұрпақтары кітаптардың тұсауын кесіп, баталарын берді. Институт директоры Ерден Қажыбек конференция қонақтарына ризашылығын білдіріп, бабаларымыздың жосынымен шапан жауып, сый-құрметін көрсетті.
Жиылыстан соң Алаш арыстарына арналған ас беріліп, Құран оқылды. Профессор Бабаш Әбілқасымов ақсақал айрандай ұйыған береке­мен ұйымдасқан игі шараға разылығын білді­ріп, ақ батасын берді.
Оюлы шапан жамылған Алаш арыстарының ұрпақтары сөз алып, өлшеусіз қуаныштарын, алғыстарын білдірді. Қазақ тілін су жорғадай жүргізе алмағанына ыңғайсызданғанын жасыра алмаған ақ самайлылардың орыс тілінде жет­кізген тебіреністі сөздерінен қазақтың өт­кен бір ғасырының қасіреті мен бүгінгі елдің ендігі жарқын болашағының сәулесін сезін­гендей ұшы-қиырсыз бір ойлар жетегімен, үл­кен жолда келе жатқан кісілермен қоштасып, дәмханадан алыстап бара жаттық.

Әділет АХМЕТҰЛЫ,
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің ғылыми қызметкері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір