Рухани жаңғырудың қырлары мен сырлары
29.12.2017
1998
0

Сапар Оспанов,
философия ғылымының
докторы


Мақсатымыз – «Қазақ әдебиеті» газетінің зиялы оқырмандарымен тақырып кеңістігінде зерделесу. Тарихта аты ғана қалған небір империялар жемқорлық, имансыздық, пендешілік обырларынан күйреген. Қазақ халқының Мәңгілік ел болу тағдыры ұлттың рухани бірлігінің нығаюымен келіп, сол барда сақталады.

Ру – қандастық қана емес, ақыл-ойы, діні мен ділдері ата-тек­терінен ортақ болып келгендердің өмір ортасы. Рух – рудың осындай құндылықтарының мәнін білдіре­тін абстракциялық түсінік. Рухани құндылықтар – рухқа тән ойлар, ұлт фольклоры мәйегі, тағлымды тарихи істер, т.б. арқылы бағалы мағыналарға ие болады. Руханият – қоғамның рухани мұрат-мақса­ты­ның ресми мәдени жүйесіне ен­гізілген мазмұны. Руханият – тұлға, топ, халықтың ой өрісі, мінез-құлқы, іс-әрекеттеріндегі рух­тан алған қуаты. Руханият­тылық – руханиятты адам сөзінің, мі­нез-құлқының, ісінің өзгеге тигізген әсері. Рухтың осындай қыр­­ларын «ру/х/ани/ят/тық» жазылым үлгісінде алсақ, оның ал­мас­тай жауһар табиғатынан гауһар­дың қырларындай «мән – мағына – мазмұн – қуат – әсер» берер мүмкіндіктері ашылмақ. Олардан тектілік, арлылық, намыстылық, ұят­тылық, ұлағаттық сияқты ой­тол­ғау мән-мағыналары ұшқын­дамақ. Сонда рухқа еш қатысы жоқ білгішпаздықтың бұлты тарап, жүрек қапастарында қалған діл-қазынасы шұғыласын шашпақ.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған Рухани жаңғыру бағдарнамасының басты маңызын осыдан көреміз. Рухани әлеміміздің естен шығып, қазақтың рухани маңқұрт болуы – ол қазақтың соңғы екі ғасырда үш (қоқандық, ресейлік, советтік) бодандық өмір азаптарынан туды. Ал ата-тектеріміз сақтар деп атал­ған дәуірде, Еуразия қосқұрлы­ғын­дағы империясын рухани бірлігі, серт­шілдігі, адалдығы, әділдігі, қателік­тен «у ішілсе, руымен іш­кен» ар-на­мыс­тылығы мықты кезде сақталған.

Әдетте, рух туралы түсінік ас­қақ құндылықтарға баланады. Ол рас. Десек те, таза рух тек абстрактылы күш қана болғандықтан, оны билік өз мүддесіне сәйкес пайдаланылуы да мүмкін. Мысалы, ке­зін­де, гитлеризм «көгілдір қанды арий­лік рух» мифін асқақтатып, Муссолини фашизм идеологиясын ұлттық рухқа айналдырды. Ал олардың адамзатқа қандай азаптар әкел­гені белгілі.
Келесі мысал өз Отанымыздың тарихымен байланысты. 1810-1856 жж. Қоқан хандығы Жетісудан Сыр өңірі арасындағы қазақ елін ба­сып алып ауыр бодандықта ұс­тады. Жергілікті бектер, аймақтық беклербегі мен өңірлік кушбегілер, хан ордасына жіберілетін салық­тар­дан өзге, өздерінің пайдасына да сыбайлас жемқорлықпен байлық жинау үшін салықтарды шексіз өсірді. Салық төлей алмағандардың бала-шағасын құлдыққа сатты. Соларға қарсы ереуілге шық­қан­дарды аяусыз басты. Сол кезеңде Ақ­мешіттің батыс жағындағы Кү­міс­қорған маңын басқарған Нияз бек қазақтарды әбден басынғаны сонша, 1852-53 ж.ж.: «Маған қа­зақ­тар күн сайын бір қыз бен бір қо­йын әкеліп тұрсын», – деп жарлық етеді. Өзге ауыртпалықтарға шыдап келсе де, ұлттың рухын тапта­ғанына шыдамаған жергілікті ру­дың биі Түлкібай Жаңатайұлы кезекті қыз болып киініп, ішінен қылыш байлап келіп, Ниязды жатын бөлмесінде шауып өлтіреді. Соларды жазалауға Ақмешіттен шыққан 300 қоқан сарбаздары келгенде, өзін ұстамаса халықты қы­ратынын білген Түлкібай, жауға қарсы жалғыз шауып, солардың қолынан қаза табады.
Ер-Түлкібайдың басын алдына әкеп тастағанда, баласын намыс­ты­лыққа тәрбиелеген, өз рухы биік анасы Айқалипа, жаудың алдында ұлының рухын түсірмес үшін жы­лама­ған. Оны жоқтай бастаған келініне: «Жылама!», – деп жекіп, баласының басының қасына тізер­лей отырып, ержүрек ұлының басын төсіне басып: «Ұлтыңның рухын асырдың, арманыңа жеттің, мен ақ сүтімді кештім!», –деп бала­сының маңдайынан емірене иіскеген екен. Бұл уақиға туралы деректер ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатта сақтаулы. Осы бір ұлттық рухтың қайратын көкке көтерген ерлік сол кезде қазақ халқын бір сілкіндірсе де, бодан елдің ерлігін ұмыттыруды көздеген Ресей империясы мен КСРО-лық большевиктік саясат өз мақсаттарына жетті.
Қазақта адамға аң атауымен берілетін ат сондай аңдарды «ұс­тау­шы» дегенді білдірген. Ер-Түл­кібай да өзінің «Түлкібай», яғни «әлі жеткенге зорлық-зомбылық көрсететін қу-сұмдарды жоюшы» деген атын ақтаған Ер еді. Осы уақиғаның мәнісін Елбасы
Н.Ә.Назарбаевтың: «Рухани жаң­ғыру ұлттық сананың түрлі по­люстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бү­гін­гі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үй­лесімді сабақ­тас­тыратын ұлт жа­ды­ның тұғырна­масы», – деген сөз­дерінен көріп тұрған жоқпыз ба?!
Бодандаушы билік өз ісін барлық жерде тұрақты түрде атқару үшін жергілікті жердегі адамдарды да қызметке тартады. Оларға бұқара халықтың тағдырлы жағ­дай­ларын шешу кезінде пара алуға, ал салық жинау кездерінде, қо­қандық билермен бірігіп сыбайлас жемқорлыққа дағдыланады. Соған дәніккен кезде, өз қандастары қы­сымға шыдамай қарсылықтар көр­сетіп, көтерілістерге шыққанда басқыншылардың жағында болған. Сөйтіп, қазақтың өз ішінен мемле­кет­тік билікке жеткендердің психологиясы өз халқын басып ұстау, сөйтіп жүйелі түрде тонау ісінде шендік биліктің амалдарын шебер пайдаланудың әдістерін қалып­тас­тырған. Билік жүргізетін шенеу­ніктердің наразыларды осылай басып-таптауынан, пара бергісі келмегендерді жала жауып қудалау сияқты зорлықтардың зардабынан зәрезап болған халықта билік алдындағы «құлдық психология» қалыптасты.
Сонымен қазіргі парақорлық пен сыбайлас жемқорлық қазақ халқының ежелгі ел басқару дү­ниетанымына жатпайтын, кірме бодандаушы биліктердің халық ішінен шығатын парақор-жемқор пысықайларын қалыптас­тыруы­ның салдары. Президент бағдарна­масын­дағы: «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пе­йінше, біздің толыққанды жаң­ғыруымыз мүмкін емес», – деген сөздерінің бір қыры мен сыры айқын аңғарылады.
Еліміз егемендік алғанымен, бұрынғы парақорлық пен жемқор­лықтың ізі әлі жойылмай тұрғанда, оларды басқаша жандандыратын фактор өмірімізге келді. Ол нарық­тық-экономикалық қоғамның заңмен де заңсыз да, қалайда пайда табу өмір нормасына, ал ақша со­ның құндылығына айналып отыр. Осы жағдаятты фило­со­фия­лық эссезим тұрғысынан зерделейік.
Пайдашылдықтың кіндіктес екі жағы – «ақшаизм-затизм» («-изм» – бір идеяның ілімге, ал он­ың практикалық істерді ұйым­дас­тыру негізіне айналуын көр­се­тетін жалғаулық, мысалы, марксизм, либерализм т.б.) идеологиясы. Олардың аббревиатурасы «а-з-изм», яғни адамды әрқашанда: «Бәрі аз! Аз!» дейтін үздіксіз ұран­даудан «Әз-әзіл» атынан, рухани әлем аңызындағы Әзәзіл келгендей. Әзәзіл – еркекті қару-жарақ жасап, соғысқа, ал әйелді әшекей­лерге айыздары ешбір қанбайтын жерік етіп; солардың солығын басуға керек байлық жинау үшін өзге­лерді зорлап, алдап-арбап, керегінде зинақорлыққа, құ­да­й­сыздыққа үйрететін жын-шай­тандардың жетекшісі. Әзәзілдің «ағасы» – Ібіліс. Ол Адам-ата мен Һауа-ананы жұмақтан қудырғаны белгілі. Жерге солармен бірге қуылған Ібіліс, адамның жинаған білімін ең алдымен қару-жарақтар жасауға, табиғат қорын тынымсыз пайдалануға итермелейтін, солар арқылы баюға қызықтыратын делебе күшіне айналды. Сол үшін бір ел­ді екінші елдің шабуына итер­меледі. Осылардың түпкі мақсаты – Ібілістің көксейтіні – адамзаттың жердегі тіршілігін тозаққа айналдыру, заманның ақырында адамзатты жою. Ібілістің бұл «стратегиясы» – «ібілісизм», ал соны іске асыру «тактикасы» – «аз-аз-изм».
ХХ ғ. философтар (М.Хайдеггер, К.Ясперс, К.Г.Юнг, т.б.) ғы­лыми білімдермен ғана уланған адам санасы мен ақылының көптеген тұйықтарға тіреліп келе жатқанын көрсетті. Олар адам­зат­тың келешегін сақтау үшін, адам санасының ең бастапқы тектеріне оралуы керек деген ортақ ойға келді. Хайдеггер 1930 жж. басында: Неміс халқы экономикалық азаптардан шыға алмай жүр, бірақ ең «ауыры – ұлттың рухани азаптарда жүр­гендігін білмеу, сол үшін кү­йінбеу – ұлт руханият­тылы­ғының ұлы мұқтаждығы» деген еді.
Байырғыға қайта оралу дегенде, қазіргі жұрт білмейтін, ерте ғасырлардың өзінде қалған бірде­ңелерге оралу деп түсінбеу керек. Олардың барлығы бүгінгі өмірі­мізде бар. Олар салт-дәстүрлерде, ырым-жоралғыларда, рәміз-рәсім­дерде (қысқалық пен ой ұтымды­лы­ғы үшін осы қос сөздердің бірін­ші әріптерінен «СЫР» деген аб­бревиатура қолданайық). Бұл СЫР-лардың ата-тектеріміз кезін­дегі айқын түсініктері халық фольклорында (ертегілерде, аңыздарда, мақал-мәтелдерде, т.с.с.), өнер шығармаларында (қисса-жырлар­да, ән-күйлерде), халық ойындарында (бәйге, көкпар, қыз-қуу, т.б.), қол өнер, ою-өрнектердегі символдық кодтарда сақталған. Біз ол СЫР-лардың ішкі мағыналарын емес, тек сырттай орындалу көр­і­ністерін қабылдаймыз. Біздің ұлттық ру/х/ани/ят/тықтың ұлы мұқтаждығы осында. Олар есте сақталып, орындалғанымен біздің санамызға, әсіресе мінез-құлқы­мыз ешбір әсер етпейді. Біреулердің дөрекі мінез-құлқы, ұятсыздығы, тіпті қылмысқа келтірер істері жасалу кезінде халық даналығы­ның ұлттық код есебіндегі құнды­лығы іс­ке қосылмайды. Қ.Сұлтанов айтқандай, қазір «ұят туралы айту ұят болып барады». Бұл нарықтық саяси-экономи­калық бейтарап­тық­тың ұлттың имани-рухани әл­е­­мін алаңсыз мешел еткенді­гінде.
Юнг СЫР-лардың ең терең сыр­лы түйіні – ұжымдық (ұлттық) архетиптік бейсаналық қуатты құрайды. Ол адам психикасының терең астарында жатады, адамның мінез-құлқының ерекшеліктерін айқындайды. Өз ұлтының СЫР-ларынан ажыраған кезде халық архе­типтік «ашаршылыққа» (Хайдеггер, Юнг) ұшырайды. Ол ашық типті азғындықтарға – әлеуметтік аномияға әкеледі (Р.Мертон). Өмірінің осындай мәні кете бас­тағанда, ұлттық рухани әлемнен «жетім қалған» адамдардың өзіне қол салуы (суицид) жиілейді
(Э.Дюркгейм).
Осы тұста Қазақстан әлем ел­дері жүйесіне еркін еніп, шет елдердің колейдоскоптай көз тартар заттарымен бірге, олардың заманауи сәндік нормаларының кері, аномиялық салдарлары біздің халықта да кең етек алмай тұрғанда қазақи СЫР-сырларының антиа­но­миялық мүмкіндіктерін барынша іске қосуымыз керек. Президент Бағдарнамасындағы: «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғы­ла­рымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деген сөздері, біздің жоға­ры­дан сөз етіп келе жатқан мәселеміз­дің қазақстандық СЫР мен батыс­тық СЫР араларында терең айыр­машылықтар бар екенін, және де оларды толық сәйкестендіруге келмейтінін білуіміз және мойындауымыз керек. Онсыз ұлттық ано­мияға килігеміз. Осы жағдаят­тың алдын алудың ерекше қыры-мен-сыры ұлттық кодтың мән-мағыналық ым-геномын (архетип түйініндегі «ділдік ойдың» ең ықтимал күйін) семемге (сөзбен айтуға келетін бастапқы мағынасы тұс­палды тәржімаларға) айналдырудан басталады.
Ұлттық код (латын. Сodex – «шартты таңбалар жиынтығы») – Бағдарнамадағы аса маңызды ұғым. Онда: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихы­ның тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деп көрсетілген. Саясат, ғылым және практика үшін ұлттық кодтарды декодтау (мағыналарын ашу) аса маңызды. Ол СЫР сырларын тәржімалауды этнография, этно­мәдениет, этнопедагогика, этнопсихология сияқты көптеген ғы­лым­дар тұрғыларынан декодтауға (ашуға) болады. Бұлар ерекше мәселелер.
Біз солардың астарында жатқан ортақ тұтас құндылықтарды жақсы бағалау үшін тағы да философиялық эссеизмдік шегініс сипатты кел­ті­релік. Бағдарнамада: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиет­терді қайта түлетуіміз керек», – деген сөздердің ым-геномдық семем­деріне үңіліп көрелік. Ұлттық қанымыздағы қасиет СЫР сырла­рының «діл – тіл – дін» жүйелерінің мағыналарынан туындайтын мәнде.
Діл – архетиптік әлем өзегі. Діл тамыры мен тіршілігі жүректе. Діл – тектілік тірегі. Ол адамға ана сүтімен беріледі. Оның тарихи биік үлгісін Түлкібай мен оның анасы Айқалипаның ерлікке толы эпи­ка­лық трагедияда болған жүректе­рінен көреміз. Ділінен айрылған адам суицидке де барады. Тегінде ділі жоқ адам – ұлт маңқұрты. Рухсыз тәнде өмір кешуші. Оның рухы ділінде емес, бас қауашағына оқумен енген, өзге ұлттардың СЫР-ларынан құрылған калейдос­коптық шытырман бояуларында.
Тіл – ұлт ру/х/ани/ят/ты­лы­ғы­ның семемдік Отаны. СЫР-лардың сыры прозалық эсседе, поэтикалық лирикада, оптимистік эпикаларда мекендейді. Қазіргі заманда ұяттан ада адамның тексіздігі мен мінезі ұяң тектінің арасын ашу қиын. Қазіргі заман, азазизм әлемі тексіз­дерінің ұяң тектінің ділін нілдей бұзуы сәнге айналған заман. Олардың көрініс­тері өте көп. Рухқа қатты әсер ете алатын өнердегі, мысалы, ән эстра­дасындағы махаббат лиризмінің орнына бір түндік делебені қызық­тау, ерлік пен азаматтықтың орнына, гитараны сабалап, сүйексіңді қыл­мыстық фольклорды дәріптеу сияқты тексіздікті заманауи әде­биеттің «жағымды» кейіп­керлеріне айналдыру Елбасының Рухани жаңғыру бағдарнамасын қабыл­дауға мәжбүр еткен себептер.
Дін – адамзаттың рухани әле­мінің ділдік және тілдік жүйелері­нің бірлігінен өрілген. Қазіргі кездегі әлемдік діндер арасындағы ерекшеліктер мен әлемдік сая­саттардың араларында терең байланыстар бар. Олар өз алдына мәселе. Біз үшін осы жерде керегі – Рухани жаңғырудың маңызды бөлігі – қазақ ұлтының мәдени-рухани-генетикалық кодының бір негізі дін мәселелерімен байланыс­ты екенінде. Сондықтан оның бүгіні мен келешегіне зер салуымыз керек. Солар туралы біздің ойларымыз төмендегідей. 1) Адам-ата мен Һауа-ана жарық дүниеде екеуі-ақ болғанда, оларға қажет­тінің бәрі жұмақта даяр кезінде ойды оятатын қиындықтар жоқ кезде оларға ешбір аяттардың да, қасиетті кітаптардың, да қажеттері болмаса керек.
2) Мифтік, діни дүниетанымдар адамзаттың жердегі тіршілігі барысында, адамның өзінің ішкі дүн­иесі мен тағдыры туралы, табиғи құбылыстарды ғажап үйлесімділік­тер туралы ойлары Жаратушыны түсінуге себепші болғандығында сөз жоқ емес пе? Солардың ішінде күнделікті адам мен табиғатты оятатын, жарық беретін, жерді қыз­дырып өсімдіктер мен жан-жануарлардың тіршілігіне мүмкін­дік беретін Күнге – «Таңғы-Іріге (Таң-іріге)» – табынуды да ғажап деуге болмайды. Адамның рухы өлгенде көкке кетеді, келесі ұрпақ­тардың әке-шеше, ата-тектеріне ұқсауы, солардың ру мен отбасына қайтып келуі деп түсіну (мысалы, бақсы, балгерлердің ұрпақтарына сол қасиеттердің оралуы сияқты қосымша көріністер) реинкарна­циялық дүниетаным да, тек біздің емес, жалпы жер бетіндегі адамзат­тың ерте дәуірлерінен қазірге дейін­гі түсініктеріне жатады. Егер ад­ам табиғи құбылыстардың рет­тілі­гін істерімен, немесе ата-тектердің рухын сақтауға деген СЫР-ларды бұзған жағдайларда Жаратушы адамдарды табиғат апаттарымен, ауру-сырқаулармен жазалайды деген түсінік маңызды болған. Сондықтан біздің ата-тектеріміз табынған тәңірлік – экологиялық-этикалық-реин­кар­нациялық дін, – деп анықтаймыз.
Тәңірліктен кейінгі әлемдік діндердің басты мәселесі табиғи құбылыстардан алшақтап, негі­зінен адамдардың арасындағы иманшарттық (моральдық) пен соның құрылымы туралы арнайы талдаулар (этика) қалыптасқанда, адамды толғандыратын ең басты нәрсе – адам жанының о дүниедегі тағ­дырының, оның осы дүниедегі жасаған жақсылықтары мен жа­маншылықтарына тәуелді екені басты мәселе. Сондықтан қазіргі әлемдік этикалық діндер қалып­тасты. Біздіңше, солардың алға­ш­қыларының кемшіліктері ашыл­ғаннан соң, соларды толықтыру, түзету есебінде соңғы қасиетті кітап – Құран түсіп, саған сәйкес ислам діні қалыптасты деп түсінуге болады. Әлемдегі исламды ұстана­тын барлық ұлттар мен ұлыстардың, мұсылмандықтың басты бес шартын орындаудан өзге, СЫР-ла­рында өз ата-тектерінен келе жат­қан ерекшеліктер жетерлік. Біздің ата-тектеріміз де, исламның басты шарттарының арғы тектерімізден келе жатқан СЫР-сырларымен қайшы емес екендігіне көздері жет­кенде оны қабылдады деген тұжырым отандық дінтанушылар арасында басыңқы.
3) Әлемдегі діндердің қайсысы, қай кезде, қандай нұсқаларда жер­дегі адамзатқа келгендігін анық айту мүмкін емес. Сонан келгенде, қазіргі әлемді үлкен кесапаттарға киліктірген ИГИЛ-дықтардың ұмтылысы бізде мынандай ойлар туындатады. Біріншіден, Құран­ның «ла икраха фид дин» – «ислам­ның мәнінде зорлық жоқ», – деген сөздері әлемге белгілі. Екіншіден, Мұхаммет пайғамбардың өзі: «өзі­ме дейін 124 000 пайғамбар болған» деген сөзінен-ақ көрініп тұр. Яғни ол өзінен бұрынғы діндердің негі­зін салушыларды «кәпір», «жын-пері» демейді, «пайғамбар», дейді. Үшіншіден, игилдықтардың басқа діндердің өкілдерін былай қойған­да, исламның кейбір сәттерін ерекшелеу түсінген мұсылман­дар­дың өздерін қырғынға ұшыратты. Сонда бұл Алланың мүсілімдерін қыру емес пе? Бұл Алланың ісіне қарсылық емес пе? Төртіншіден, міне игилдықтар саяси күш және қозғалыс есебінде жойылды. Уақыт өтеді. Сонда, олардың ісі: Алланың ісін адамның асықтыруы – күпір­лік, деген тұжырымның тарихи мысалына айналады. Бұл олардың тарих алдындағы бір эксперимент іспетті «оң қызметтері» болып шығады.
4) Қазіргі қазақ жастарының исламды түсінуінде, игилдық­тар­дың идеясына ұшыраған: илсамдық түсініктерден өзге СЫР-лардың бә­рін жою керек деген экстре­мисті­кке тән түсіні бар. Осындай ойдың астарында Алланың құт-ретінің алдында мынандай кү­пір­ліктер бар. Біріншіден, жо­ға­рыда айтылғандай адамзаттың, соның ішінде біздің ата-тек­тері­міздің де тәңірлік дінге табынған­дығы олардың ойларының қателігі емес. Ол кезеңдерде, алғашқы Адам-ата мен Һауа-анаға Құранның әлі керек болмағандығы сияқты, қазақ ұлтының (шындығында жалпы адамзаттың) Жаратушы құдіретін алдымен соның жаратқан таби­ғатына экологиялық-этика­лық-реинкарнациялық дүние­та­нымының қалыптасуы керек болған болар. Егер қазақтар, басқа да көптеген халықтар сияқты, өздерінің бұрынғы аруақты ата-тектеріне сыйынса, адам жанының көптеген қасиеттерінің реинкар­нациялық айналымдарда болуы сияқты қасиетті құбылыстарын сыйлау, соларға сыйыну, Аллаға деген табынудың орнын ауыстыру емес. Рухтық, реинкарнациялық, СЫР-лық құбылыстар мен солар­дың мән-мағыналарын Алланың жаратушылық құт-ретінің аса бір ғажап көріністері деп қарау керек. Соларды сыйлау, қастерлеу арқы­лы, соларды да жаратқан Алла құт-реттілігін екі еселеп құрметтеу, соларға шын көңілмен таңырқау болып табылмай ма?!! Ешбір қазақ Алла мен аруақты шатыстырмайды. Ешбір қазақ ұлттық СЫР-лар­ды орындай келе исламның басты бес шартын жолда қалдыр­майды. Керісінше, соларды орындау барысында исламдық шариғаттар мен пәтуаларды ілгері қояды. Бұл, бір жағынан, ұлттық ру/х/ани/ят/тықтың мазмұн-мағыналық құры­лы­мын исламдық түсініктермен нығайту болса, екінші жағынан, исламның мазмұн-мағыналық толеранттық кеңістігін арттырады. Осы бір ойлармен ру/х/ани/ят/тылықтың «діл – тіл – дін» жүйе­сімен байланысты қырларын шеңберлеуге болады.
Енді «діл» мәселесінің мән-мағынасын ерекше мысал арқылы сөз етелік. Сонда оның «ұлттық код» ұғымын декодтау [ашу, түсіну] үшін маңыздылығы ашылмақ. Осы мақсатта, біз ділді жер асты магмасына ұқсатпақпыз. Ал оның жер бе­тіндегі тіршілікке аса құнды әсе­рі бар, – ол оның жер шарын элек­тромагниттік өрісімен қоршап тұрады. Оның жер бетіндегі тір­шілікке екі түрлі шешуші әсері бар. Біріншіден, сол жер магнитінің әсері қаттырақ әлсірегенде жүйкесі жұқарған адамдардың ашушаң­дығы жиілеп немесе мысы күйзеліп, суицид (өзіне қол салу) сияқты ауытқуларға жиі баратыны, індет аурулардың тез тарайтыны, қан қысымының өзгеретіні аңғарыл­ған. Сол кездерде ауадағы адам есті­мейтін, ерекше сезбейтін дыбыс толқындары бар «шулар» туындатып, миының күйіне, ойлау қабілетіне де әсер етеді екен. Ға­лым­дар соңғы кезеңдерде сол магниттік күш әлсіреп келеді. Соған байланысты науқастықтың түрлері көбеюде. Тек медициналық көмектің жетілуі солардың кері салдарларын көп аңғартпайды. Осы құбылыс «жер магниті полю­сінің жетіспеу синдромы» деп аталады.
Осы құбылысты біз ата-тек­тердің ділдік әлемінің бізді қор­ғай­тын қуатының азаюы сияқ­ты көреміз. Қазіргі ұлттық СЫР-ларының санамызға тигізетін әсерін ұмыттыратын нәрселерге заманауи ғылыми-саяси, «мәдени», т.б. «деректер шуы» жатады. Сонан «ата-тектік рухани-магниттік полюсінің жетіспеу синдромы артуда», «рухани науқастылықтар» көбеюде деуге болады.
Екіншіден, жер асты магмасы­ның магниттік өрісі жер атмосфера­сын күн жағынан 70 000 шақы­рым­дай қашықтықта ма­гнитос­фералық плазманы құ­рай­ды. Сол, жер атмосферасының озон қабатымен бірлесіп, күн сәулесінің ағынымен, радио, рентген, күлгін және гамма сәулелердің толқындарының, жер бетіндегі тіршілікке қауіпті әсерлерін тұтып, тазартып тұрады. Жер магмасының осы бір ғажап қасиетін де адамның рух/ани/ят/тық ділімен байланысты күйінің арасын мынандай бір балама-образбен теңемекпін. Ертеден білімді, әсіресе ғылыми білімді күн сәулесіне теңейміз. Қазір оларсыз өмір жоқ деуге болады. Оның үстіне ғылыми-техникалық төң­керістер, күн бетіндегі қопа­ры­лыс­тардың күн сәулесі құрамында­ғы зиянды толқындарды көбей­тетіні сияқты, адамзаттың нағыз дана­лығына тән рух/ани/ят/тылы­ғына залалы сойқан толқындар әкелуде. Рухани жаңғыру бағдарнамасының мақсаты: ұлттық ділдің қуатын арттыру арқылы қазіргі әлемдегі, ешбір ұлтқа жатпайтын, мазмұны калейдоскоптың бояу-әсем сәулесіндей түрленгіш, ойды емес көзді ғана тартатын, әлемдік рухани «семулякрларға (нағыз нәрсенің орнына жүретін ауыстырғыш­тарға)» (Бодрияр) қарсы тұру.
Осындай жағдаятты Президент­тің: «Әрбір жұрт тарихтан өзіне тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға еш­қашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективтік пайымдарын тықпалауға да ешкім­нің қақысы жоқ», – деген сөздерін, ғы­лыми ғана емес, игилдықтар сияқ­ты, исламның да жасанды құнды­лықтарын ұлттық санаға күштеп енгізуге болмайтынын түсінуіміз керек.
Сөз соңында айтарымыз – ру/х/ани/ят/тықтың ең маңызды негізі келер ұрпақтың қамын ойлау. Алайда қазіргі заманда осы қа­сиет­ке төніп келе жатқан екі мысалды келтірмекпін. Біріншісі, АҚШ этологы Дж.Келхун, төрт ақ тыш­қандар жұбын алып, өмір сүру жағ­дайын жұмақтағыдай қам­тамасыз етіпті. Әуелгіде олардың саны жақсы өсе бастайды. Алайда белгілі бір кезеңнен кейін олар жұптасып өмір сүруден бас тарта бастайды. «Бойдақтар» тек өздерін сылап-сипап, қажет кезінде тамақ ішу мен ұйқтауды ғана дағдыға айналдырады. Ең сорақысы, олар­дың табиғатына алаңсыз тән емес біржыныстылық қатынастарға түсу, өз балаларын жеу сияқты құ­быжықтар басталып, ақыры, бес жылдай уақытта, сол тышқандар­дың ең соңғысы табиғи кәріліктен өліп тынған. Келхун осы экс­пе­ри­ментін 25 рет қайталағанда бәрі осылай аяқталған. Соларды талдай келе, ол: ұрпақ таратудан бас тартып, бойдақтардың көбею кезеңін «рухани апаттың басталуы», – деп атапты.
Екіншісі. Келер ұрпақты дү­ние­ге әкелетін орта отбасы екені белгілі. Сол ортаның ұлттық рухы мықты болуы жігіттің бозбала кезінен қыз баласын қастерлеу қасиетінен басталады. Бұл отбасы­ның нағыз ұлтқа тән түсіністік ордасы болып қалыптасуының кепілі. Өкінішке орай, соңғы жылдарда әйелдерге зорлық-зомбы­лықтар көрсетудің ресми саны 30 000 дейін өскен. Солардан 400-дей әйел өліп, 300-дей әйел қорлыққа шыдамай суицидке барса, шамамен сонша әйел отбасындағы сондай «шайқастар» кезінде екінші жақты өлтіріп тынады екен. Мұнан біздің ұлттық рухты күйзелісті жағдайда екенін көреміз. Соған қарсы біз ұсынбақ бір күшті мысалымыз, өзіміз зерттеп ашқан Ер-Түлкібайдың ерлігінің мән-мағы­насы. Ондай мысалдарды ел білетін қисса-дастандардан, т.б. өмір мысалдарынан тауып, кеңінен уағыздауымыз керек.
Президент Н.Ә.Назарбаев ұсын­­ған «Рухани жаңғыру» бағдар­намасының символы қыран бейнесінің таза түстерден құралған витраждық құрылымы біздің тақырыптың бір философиялық эссеизмдік мәнін туындатады. Ол мынада. Қазіргі кезде біз «ру/х/ани/ят/тық» тақырыптары туралы сөз бастағанда оның тұтастығын жіктеуге, бір-бірлерінен ерекшелеп қарайуға мәжбүрміз. Бұл жалпы сана болмысының бір табиғи ерекшелігі. Яғни адамның білімі әрқашанда нақтылы жеке нәрселер туралы құрылған. Ойлау да соларға сәйкес нақтылы жіктерге байланысты құрылады. Онсыз дүниенің бірін бір сәтте ойлау, айту мүмкін емес. Ондай тұтастық бейсаналық, яғни ділдік деңгейде ғана бола алады. Яғни нағыз рухани адам ғана ру/х/ани/ят/тықтың қырларын тұтас сезінеді, даналық деңгейде түйсінеді. Сондықтан нағыз дананың бір образы «үнсіздікте күлімсіреу».
Ал әзірге, жоғарыда айтылған­дай, қазіргі қазақ халқы нағыз ұлттық руханияттылықтан біраз көз жазып қалған. Тіпті рухани азу-тозуға жеткендіктен, соны түзетпесек болмайтындықтан Рухани жаңғыру бағдарнамасы қа­былданды. Мұндай күрделі құбы­лысты мемлекеттік істерді рет-ретімен, жоспарлы түрде іске асыр­маса болмайды. Олардың бірлігі даналыққа ұмсынған, руханияттылығы нығаю үстіндегі адамның ішкі дүниесінде ғана бола алады. Әр қазақтың ішкі дүниесін сондай болса деген тілек мемле­кеттің де, әрбір шын қазақпын дегеннің де мұраты.
Сонымен, Президентіміз бас­таған, қазақ ұлты үшін тарихи құн­дылығы аса жоғары, Рухани жаңғыру бағдарнамасының фило­софиялық эссе мәнерінде келтіріл­ген бірсыпыра қырлары мен сырлары осындай.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір