Отансыз бұл өмірдің білем нарқын…
29.12.2017
1528
0

Мұрат Бекей


Ол Жейхунның ұлы еді
Төлеген Айбергеновке.

Жойқын сезім Жейхуннан жұғысқан ба,
Толқынымен Төлеген ұғысқанда?
Арпалысып ағыстар аласұрған
Иірімдер бетінде жымысқанда.

Түтеп кеткен түріндей…
Асық атым
Жағаға жан жолаудан тосылатын.
Жұлқынумен жұлып жеп қос кемерін,
Сол бетімен Аралға қосылатын.

Табиғаттың заңын да жарты ескеріп,
Бас қайыру бермейтін нар төстеніп.
Құрсауыңа уақытша кесірленген
Мұздары да қататын өркештеніп.

Өр ағыс-ай!
Бұғауды тыңдармысың,
Қызыл сулар айтумен нұрға алғысын.
Қақырата сөккенде сол құрсауды,
Қалатынды адыра мұзжарғышың.

Жан шошытар дауыстар түнде естіліп,
Мұз болғанға пұшайман күй кештіріп.
Шақпақ қантша уыстап лақтыратын
Соғыстырып сеңдерді, міңгестіріп.

Сол көрініс көкейде,
Ұмытпадық,
Келген ойды сол қалпы құрықтадық.
Сыртқа атылған киттейінен теңкиетін
Сенделген сең жағаға шығып қалып.

Жанардағы аумай қап жаңа ұшқыннан,
Шағала әні көктеммен табыстырған.
Жағалауда жас ақын желпінетін,
Жырын сомдап жолдаған ғарыш сырдан.

… Шақтарды аңсап жайынды, бекірелі,
Бүгін жайдақ су кешкен жетімегі.
Төлеген де көрінбей,
Төлеген де,
Қарс айырылған қарт арна көкірегі…

Сарыағаш
Ырғатылған жүректе сезімдерді,
Сырға тұнған жыр етер кезім келді.

Ақ пейілден ақындық – ақ мақтадай,
Ағытылмай ақ тілек жатпақ қалай?

Ақ жазығы алғандай Айдан рең,
Асан бабам тамсанған аймағым ем.

Кетсе қашық армандар қанатында ер,
Сағынышпен айналып табатын жер.

Ерке Келес, адырдың күн қақтаған,
Өткеннен сыр сәті жоқ тыңдатпаған.

Келсе кезек, қалайша іркем өлең,
Тербегенде тынымсыз жыр – Төлеген.

Көкіректен сырларды аршып егіз,
Әнге айналса қалған әр Шәмшіден із.

Тасқа маржан жайғандай бау-бақшадан,
Астанаға өзіңді алмаспағам.

Ертеңіне атсын деп күліп ақ таң,
Жолдап тұрам мінәжат Қоңыраттан.

Құлағыңда жаңғырып сөзім қалсын,
Тұрағым бар мәңгілік – өзің барсың,
Сарыағаш!

Бір жұлдыз
Қанша ойлар ғарышыңның алды есін,
Жабдықтадық жаңа өмірдің сан көшін.
Ынтықтырып, түсірмеді сәулесін
Көңілімнің көгіндегі бір жұлдыз.

Сырын ұқпай көп тылсымның көз ілдім,
Айта алады онсыз жүрек сөзін кім?
Гүлі екен ашылмаған сезімнің
Көңілімнің көгіндегі бір жұлдыз.

Қанша тағдыр тұйықталды мен білген,
Қанша қыран қанат қақты сеңгірден.
Түбінде бір жанарына сендім мен
Көңілімнің көгіндегі бір жұлдыз.

Мазаламай сол түндерден қалған сыз,
Кеудемде бір үміт шамы жанды әлсіз.
Болғандаймын сені көріп армансыз,
Көңілімнің көгіндегі бір жұлдыз.
Жүрегімді емдеп жаздың езілген,
Күйкі тірлік күйбеңінен безінген.
Сөнбе енді – сұранарым Өзіңнен,
Көңілімнің көгіндегі бір жұлдыз!

Шеңбер
Алып шеңбер сызығымен айналып,
Тартылыстар тылсымына байланып.
Байғұс Жердің бұғауланған тағдыры
Телміретіп кірпік қақпай Айға анық.

Армандардың құшағында арайлы,
Алаңдаумен ағарттық біз самайды.
Тірлігіне қыбырлаған пенденің
Күрсінумен таулар үнсіз қарайды.

Жазында да тәрк етпейді Жерді сыз,
Жамалына тоймай жатып келді күз.
Өлеңге өзек – өзен ағып барады
Жетегінде бір талайдың белгісіз.

Біздерменен тірлік әні тынбақ па,
Құрсауында ойларымның зіл батпан.
Шеңберімде – ішіндегі шеңбердің
Мен де еріксіз ағып барам бір жаққа…

Еліктерім
Қалып кеткен қараусыз моладай нақ,
Бір көрініс жүректі жаралайды-ақ.
Езілемін еріксіз еңсем түсіп,
Жезкиіктер қырылған даланы ойлап.

Жұбатпаған жандарын ғасыр әні,
Жануарлар күдікпен жосылады.
Жасырды екен не сырды
Мөлдіреген
Жанарында еліктің қос лағы?!

Жан шуағы жасанды ерітпей мұз,
Көңілі қалған көмірден көріктейміз.
Көздеріме – түбінен түк ұқтырмас
Тігіледі күдікпен еліктей қыз.

Күңгірт тартты-ай жап-жарық күнің неден,
Тереңіне қалайша үңілмеген?!
Ойран етіп кеткені-ай ойларымды,
Жас ілініп кірпігі дірілдеген.

Арылмаған басыммен кіл нәлеттен,
Табиғаттан қалайша сый дәметкем?!
Бір киені жоғалтып алғандаймын,
Киіктермен қырылған бірге кеткен.

Қайдан ұқсын алдынан не күткенін,
Сенімдерін, Құдай-ай, неге үптедім?
Не қалады көріктен,
Даламда анау
Емін-еркін желмесе киіктерім!

Тылсым
Өміріңе несіне өкпеледің,
Сен мұңайсаң, менің де дертті өлеңім.
Сезінгенің – бақытың
Жасындармен
Жарқын қаға келерін көкте менің.
Жырақтарға жұтылып сел кетеді,
Шіліңгірі шілденің шөлдетеді.
Кеңістікке еркелей қиылады
Дүниеңіз желбіреп желге етегі.

Дене мәңгі жалғаннан жақұт – терем,
Сезіміңді ұқпайды уақыт – керең.
Сендік оның ісі жоқ қайғы –мұңмен,
Сендік оның ісі жоқ бақытпенен.

Бес күн өмір жалған боп көз алдады,
Жүрегіңмен, жаныңмен сез Алланы.
Тұңғиығы тылсымның тербеген Жер –
Көзге ілінбес түйіршік тозаңдағы.

Түсіндім бе?
Жанарына жайғасып жарты ғалам,
Маған былай деп еді алтын анам:
«Сыпайысы жаяудың – қолы босы»,
Әлі күнге сол айтқан қалпым аман.

Көздеріңді тік қадап көзіме сен,
Жалғаны жоқ жасудай сөзіме сен.
Күйбеңіне тірліктің көңіл бұрмай,
Жүрегіне жүк артсын деді ме екен…

Мен ұқпаған, әйтеуір, жатады мән,
Күбірлеумен есімін бата қылам.
Құмырсқаның
Илеуге дән тасыған
Келмеді ме көргісі қатарынан?

Ғарышында қиялдың жүзіп келем,
Әлденеден баянды үмітпенен.
Теңіз аттап, тау басып, мұхит кешіп,
Ана – Жердің төсімен жүріп келем.

Тірегім боп өлеңім, күш – қаламым,
Қағидамды өзіндік ұстанамын.
Көп ойланам түндерде…
Түсіндім бе
Бұл сөзімен нені анам нұсқағанын?

Тамшы
Жылдарды жылдар жапыра,
Тұрмайды ойлар жаншымай.
Жетілер сезім қапыда
Үзіліп түскен тамшыдай.

Алдынан арна аршысын,
Нәр алып бақыт орманы.
Үзілген сезім тамшысы
Тамбаса тасқа болғаны…

Не болмады?
Не болмады өмірде…
Бәрі болды,
Жазираны жастанып сағым өлді.
Кейуана боп арулар бір кездегі,
Еліктеген біз аға кәрі болды.

Жүз көріспей мезгілдер шатынады,
Екі араға жел тынбай қатынады.
Тозаңдарға ілесіп ұшып кетті,
Қызғалдақтың қураған жапырағы.

Уақытты қозыдай көгендер кім,
Тірілерге айтары көп өлгеннің.
Сексеуілдер көкке ылғи созды қолын,
Толастамай сырлы үні селеулердің.
Көктемдерде құрыған сай тасынып,
Дала тартты шілдеде қайта сұлық.
Ай таратып ел жата бұрымдарын,
Күн батуда, әйтеуір, қайта шығып.

Санадағы мансұқ қып сенгеніңді,
Төбе деумен өрлеген өрлеріңді.
Ит тырнаған іштерін қанша пейіл
Өзі қазған оңаша көрге кірді.

Сайтан сарып сорына сүйікті елдің,
Сансыратқан сыздауы күйік көрдің.
Жемтік етсе қыранды құзғындарға,
Обалына қалумен биіктердің.

Арқырамай арналар құрықталды,
Тау арманын айта алмай тұйықталды.
Қарау ниет қаптатып қалың қолын,
Үміттердің орманын қырып салды.

Алмасумен тіршілік жолақтары,
Сан жылдарды өткіздік, сан аптаны.
Жәдігерлер жатыр жаз сөресінде,
Кітаптардай сарғайған парақтары.
Не болмады өмірде…
Бәрі болды.

Мүсінші
Ел келбетін даралап мүсіндейтін,
Ұқсататын рухын, түсін, кейпін.
Ұстанымы, ұсқыны өзгешелеу
Көрем мұнды шеберден пішін кей күн.

Айтқаныма белгілі келіспесең,
Періштесің, өзгеше өрістесің.
Жүрегіңде соға бер мүсініңді,
Жексен етіп, демесең тегістесін.

Жын-перісін пір етсін,
Құшынашын,
Кесіріне киенің ұшырасын.
Алаңдама, қайтесің, жамандама,
Осылардың әзірше мысы басым.

Бекер, босқа болмасын күшің шығын,
Ағаң айтқан ақылдың түсін шынын.
Көмекші етіп ал-дағы біз пақырды,
Тірлігіңді жалғастыр, мүсінші інім.

Кірпіш
Жер астында жауынқұрт жылысқандай,
Өмір кештім демеймін ырыс қонбай.
Орынымды таппадым біраз уақыт,
О бастағы қалыбым дұрыс болмай.

Теперішті қалыптап көрді кім аз,
Пенде емес ем өткенге он күні мәз.
Кей қылығым қоғаммен қиюласпай,
Тағдыр – ұста артығын жонды біраз.

Желік пе екен, қисынсыз жындылық па,
Шалқақтаған көне алмай бір ғұрыпқа.
Оқыс тиіп қашауы,
Абайсызда
Алған ұстам жартылай сындырып та.

Бүгін қатал қисынға құлақ түріп,
Еске аламын көп жайды жылап тұрып.
Кірікпесем кемтікке,
Керек қылмай
Тастауы да мүмкін-ау лақтырып…

Тырналар
Жетсе көктен әуезді сыңғырлап үн,
Құятындай жаныма жырдың нәрін.
Бір киенің сол үнмен жететұғын,
Жебеу етіп жаныма жүрдім барып.

Әр көктемде өскенде шалғын жерге,
Тігілемен құлаған қарғын көлге.
Адамзаттық бір тамшы мейірге зар
Сол жеріңнің үстінде бармын мен де.

Нендей сырды мына үн астарлады,
Неге үнсіз жанардан жас парлады?
Ойға батам қаяулы Расулша,
Тырналарға көз тігіп аспандағы.

Өрт сөндірген боздақтай кескінім де,
Бозарады…
Білмеймін өшті кімге.
Сансыратқан сан сұраққа жауап таппай,
Тыраулаған ұзаттым көшті іңірде.

Ұмытылып дүниенің жалғандығы,
Ұлы сыйдай көрініп салған мұңы.
Сәулесіне бір сәттік зар болам ба,
Сол киеден көз жазып қалған күні…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір