Құйынмінез

0
431 қаралды

«Асқар таудың басына
Лашын, сұңқар жүн төксе,
Далада қалған сүйек деп,
Шеніне қарға жолар ма?!».
Махамбет.

Бір таныс кісі әңгіме үстінде мектеп оқитын ұлының «Тарихта Жәңгір деген хан болыпты. Мектептер салып, халыққа көп жақсылық жа­сапты. Он­да неге оған Махамбет: «Хан емес­сің, қасқырсың!..» деп өлең шығар­ған?», – дегенін айтты. Қызық сұрақ екен деп іштей ойланып қалдым. Білмеген­нен білгеннің жүгі ауырлау болып ке­ле­тінін ылғи да жадыңа салып отыратын қашанғы қағида барында мұның қайсысы хақ, қайсысы нахақ­ты­ғын жорту орынсыз еке­нін түсіне тұра біз тек олардың біреуіне ғана шәк­сіз сенеміз. Оның кім екенін ләм­нен бұрын-ақ аңғарған шығарсыздар. Әрине, Махамбетке! Анығы, біз оның ісінен әсте алшақтап көрмеген сөзіне сенеміз. Жауының қанына суарылған қылышына емес, өзен болып аққан халқының жасын ұрттап ішіп, өзегіне түсірген, содан кей­ін барып қана ті­лім­дей қағазға өлең боп ақта­рыл­ған өмі­ріне сенеміз. Нарынның бұйрат құм­­­дарындай құйынды мінезімен қа­­зақ әде­бие­тіне еркіндік лебін ала кел­ген Махамбет қаламы иесіз қал­мап­ты.

***
«Шын жазушының көзі көкірегін­де болады». Шын қаламгер мүсінін Шер­хан Мұртаза қағазға осылай бе­де­р­лепті. Дәуірді суреттеу былай тұр­сын, күні кеше ғана басыңнан өткен бір мазмұнды сәтті баяндаудың өзі кей­де жү­рек­ке салмақ түсіретінін жаз­уға бейіл таныт­қан­дардың мойын­да­ғаны қашан. Өйткені, сенің дәл осы күніңді шуаққа толтырған әлде­біреу немесе әлдебір сәт болса ол бүгін көз алдыңда бұлдыраған сағымданып, ғайыпқа кетіп бара жатуы мүмкін. Өт­­кен күн өзіне қуа­нышы мен қасіре­тін жинап алады да зіл­батпан жүгін мой­ныңа арта салады. Жазушы­ның басқалардан ерек­шелігі де сол өзгелер мойын бұрып қарауға мұр­шасы кел­мей­тін өмірдің ащысы мен тұщы­сына бірдей суарылған сәттерді көкірегінен өткізіп барып, ақ параққа ақтару. Ал «заманды адам арқылы, адамды мінез арқылы, мінезді іс-әрекет арқылы таныту» содан кейін.

***
Жетінші сынып оқулығында бе­ріл­ген О`Генридің «Соңғы жапы­рағын» алғаш парақ­тай бастағанда оқиғалар бірте-бірте тізбектеліп, реалды көрініске айналып бара жатты. Әңгіме­нің соңына жеткенде әлдеқан­дай сезім көмейге лықсып келіп тірел­ген. Шығармашылығына үңіле қара­ған оқырман жазушы Рахымжан Отар­баев туындыларынан да дәл осын­дай күйді байқар еді. Қазақ әде­бие­тінде адам көңіліне айрықша әсер етер қоңыр мұң, поэтикалық са­рын Рахымжан Отарбаев шығармаларына тән құбылыс. Жазушылық қабілет танымнан бұрын түйсікке көбірек тәуелді секілді. Әдетте, оқыр­ман қолына туындыны алғанда оқиғалар өр­буіне қарай оқып жатқан дүниесінің немен аяқ­таларын іштей пайымдап отырады. Ал Рахымжан Отарбаевтың қай шығармасы болсын, парақтай бастаған жанға оқиғаның немен аяқ­таларын болжау қиын.
Қаламгер тарихи аңыз-әпсаналар­ға бейім. «Шыңғыс ханның көз жасы» хикаятынан мұны анық байқауға болады. Аңызбен қоса, мұнда тарихи тұлғалар мен іргелі оқиғалар ескеріл­ген. Бұл хикаятта жазушы тарихта бол­ған кесек тұлға мен іргелі оқиға­лар­дың ығына жығылмай, негізгі түйін­ді ала отырып, оны өзінше өр­бітеді. Шығармадағы сан түрлі көр­кем­дік байланыс­тар қаламгер қиялы­ның жемісі. Туынды бас­тан-аяқ ішкі монологқа құрылған. Хикаятта ұлы қаһан Шыңғыс ханның заманы, оның ортасы, ең бастысы тұлғаның мінезі ашыл­ған. Басынан әлі дәурені тай­маған тұстағы қаһанның көптен озған көрегендігі мен зұлымдығы бірдей су­рет­теледі. Түлкіден өткен аяр, қас­қыр­­дан асқан қайратты ханның бойында тағы да бір қасиет бар еді: ол – сахилық. Жаулап алған жеріндегі өнерпаздар мен қолөнершілер, ғылым қуғандарға қиянат жасамауы – осы­ған дәлел. Туындыдағы тағы бір ерек­шелік – ол Шыңғыс ханның ұрпағына айтатын өсиеті. Жылнамашы түрікті шақырумен болған ұлы қаһан: «Сат­қын­ды көп көрдім. Жаттан да, жақын­нан да. Иттің дос болғаны жақсы, бірақ достың ит болғаны жаман», – дейді. «Тірі жан иесінің қожасы – мен. Баһи кешкені – Көк Тәңірінікі», – дей­тін өктем ханның ісі мен сөзі ылғи да бір жерден шығып отырады. «Мен Көк Тәңірінің құйрықты жұлдызы­мын. Тәубаға келіңдер. Әміріме құл­дық ұрыңдар. Шатақ ашпаңдар. Ша­па­­ғатыма бөленіңдер. Сонда шаһ­а­рыңды аман сақтаймын. Жанда­рың­ды өздеріңе олжа қылам. Бұл – соңғы сөзім…», – дейді ұлы қаһан. Әміріне бағынбағандардың күлі көк­ке ұшаты­нын да ескертеді. Отырардың ойранын шығар­ғаны – осының дәлелі. Хикаятты оқып отырып, қара­дан шығып хан болған осы бір ұлы тұл­ғаны шынында да Тәңірдің өзі қолдаған ба деген ойға қаласың. Ат үстінде еркін көсілетін боз даланың қай қиырында жүрсе де оны әлде­қан­дай бір күш үнемі желеп-жебеумен бо­лады. Ұлы қаһан оны өзінше жориды. Төбесіне қарап, өзінен бір елі қал­майтын ақ бұлтты Тәңірінің бұған көрсеткен шапағатының нышаны деп қабылдайды. Ұлы қаһан аң аулауға шыққанда тосын оқиғаға тап келеді: «Ақ бұлт пен қара бұлт кешікпеді, жа­ғаласа жөнелді. Шыңғыс хан мына тосын кө­рініске таң-тамаша қалып, көз айырар емес. Соңындағы қосын да тілден қалған. Аспанның төл пер­зенті бұлттар да сыйыспауға айналған ба?». Осы сәтте қаһан өзіне келер нәу­бетті іштей сезеді. Қорамсағына қол салып, аспанды ат­қанда, нысанадан мүлт кетіп көрмеген оқ бұл жолы жет­пей жығылады. Осы сәтте ту сыртынан найзағай соққан ұлы қаһан ақ боз тұлпа­рынан ауып түседі. Бұл да Тәңі­рінің қалауы еді. Ұлы қаһанның ақ боз тұлпардан ауып түсуі мен ту сыртынан найзағайдың соғуы жай ғана оқиға емес. Қаламгер осындай көр­кем­дік байланыс арқылы жер бетін­дегі шексіз билік иесінің өзі Жарат­қанның алдында дәрменсіз екенін көрсеткісі келген. Көк Тәңірісі жарты әлемнің тізгінін Шыңғыс ханның қо­­лына сахилықпен ұстатқан еді. Уа­қыты келгенде алтын тақтың үстін­дегі ұлы әміршінің басындағы ақ бұлтты қас-қағым сәтте ұшырып әкет­ті. Жер бетіндегінің билігі «жер ас­тын­да­ғының» билігінің алдында түк­­ке де тұрмасын осылай дәлел­дей­ді.
«Үзік-үзік үмітін осы ұлы жал­ғар­дай көңіліне тоқтық бітіп шүкіршілік қайыр­ған» әкесі Есукей болатын. Енді сол дәурен өзінен де өтіп бара жат­қанын іштей мойындаған жарты әлемнің қожасы Шыңғыс хан өсиет қалдырғанымен жуық арада ұрпағы­нан өзінен асар жан болмасын сезгенде өкініші көзінен бір үзік жас болып тамады. Оқырманды басынан бастап ынтызар қып әкелген хикаят осылай аяқталады. Ұлы қаһан көз жұмған соң екі түрлі аңыз оның даң­қын мәңгілік­ке қарай алып кетеді: оның ша­паға­­тына бөленгендер хандарын жоқтап көз жасын көл етсе, ал қаһарына ілік­кендер жер жаһаннан сүйінші сұрап жатқан еді.
Жазушы оқырманның өзіне таң­дау құқығын бере тұра ондағы кейіп­керлердің әрекетінен сабақ алуға үн­дейді. Сондықтан болар, Шыңғыс ханның жылнамашыға айтпақ болған өсиеті қа­ламгердің халыққа айтқан өз өсиетіндей әсер береді.
Рахымжан Отарбаев шығарма­шы­лығына тән тағы да бір қасиет – сим­волдарды пайдалану. Мәселен, «Шыңғыс ханның көз жасы» хи­кая­тындағы ұлы қаһанға ұстатпай кеткен қу түл­кі – символ. Бұрын жүгірген аң былай тұр­сын, ұшқан құстың өзі құрсауынан құтыла алмайтын қа­һар­лы ханның түлкіден көз жазып қалуы – оның дәурені өтіп бара жатқанының бір белгісі. Оған ақ бұлтты қосыңыз. Жазушы­ның басқа да шығар­мала­рын­да осындай ерек­шеліктер көрініс тауып отырады. «Дүние ғайып» хи­кая­­тындағы Айнанның көзіне көрін­ген ала қарға, «Бесқасқа Беріштің хи­каясындағы» кереге қанат қара бүркіт, «Біздің ауылдың Амазонкалары» әңгімесіндегі сол аяғы молақ сұр қасқыр, бұлардың бәрі де жазушы қиялынан туған символдар. Олар оқырманды одан әрі қызықтырып, тылсым күйге бөлейді.
Оқырманның жан дүниесін ерекше әсерге бөлейтін бір әңгімесі бар. Ол – «Жалғыздық». Жазушының бұл шы­ғармасы өте қысқа әрі өте терең. Қаламгер анаға деген бар сағынышын үш бетке жетер-жетпес әңгімеге түгел сыйдырған. Өмірдің реалды көрінісі шешесінен айырылса да тісіне ілін­ген­ді теріп жеп күнелтетін жетім құ­лын­ның даусындай ащы болғанымен, жасындай тұнық. Оның тұнықтығы біреулер үшін есейгенге дейін-ақ бол­са, біреулер үшін мәңгі ұстаным.
Жазушы шығармашылығының тағы да бір көңіл аударар тұсы – сөз қол­дану тәсілі. Қалам­гердің өзіне тән тіл шұрайлылығы мен сөздік қоры оқыр­манды бірден ұйытып әкетеді. Кейіп­кер­лерінің аузына салған уытты сөздерден қа­зақтың мінезін танисың. Оның туындыларын­да­ғы хан мен қара кей тұстарда бірдей сөйлеп кетіп жатады.
Жазушы тіліндегі тағы бір көңіл аударатын тұс – ащы сарказм. «Аме­ри­каның ұлттық бай­лығы», «Актриса» атты әңгімелерінде осы ерек­шелік анық байқалады. Алғашқы әңгіме екі кісі­нің арасындағы диалог бойынша өрбиді. Сондағы аңшы Қапардың үйіне келген Жетестің өзін жұрттан ас­­қан ақылды санайтын кейпі күлкі ша­қырып, ашындырар мінезіне қар­ның ашады. Ал өмірі аңшылықпен өткен Қапар бол­са ауыл қазағының ортақ образы. Кандидат­тарға дауыс беруге үндейтін үгітші Жетес елден шық­са да, сол елді надан санайды. Ол далада жортып, ауыл халқының ұсақ малына күн бер­мейтін шибөріні Аме­риканың ұлттық байлығы деп түсін­діреді. Жазушы оқырманға ащы сарказм арқылы кімнің надан екенін осылай әшкерелеп көрсетеді.
Гогольдің «Үйлену» атты пьесасын қоюға жо­ғарғы жақтан тапсырма алған бүкіл бір театр ұжымындағы сергелдең оқиға «Актриса» әңгіме­сін­де суреттелген. «Бас рөлді ойнаған ак­три­саны «Құрмет» орденіне ұсыныңдар», – деген пәрменді естіген елде ес қалмайды. Міне, содан кейін «Үйленудегі» негізгі кейіпкер Агафья Тихоновнаның рөлін сомдауға театр­дағы төрт актриса: Галя, Таня, Даша мен Машаның арасында астыртын «соғыс» оты тұтанады. Әрине, бұл «майданнан» бас режиссер мен театр директоры да тыс қалмайды.
Бұл әңгіме желісінің бас-аяғы тү­гел әжуаға құрылған. Сөйте тұра, кейіп­керлер мінезі оқыр­манға күл­кімен бірге өте аянышты әсер қалды­рады.
Жазушының көңіл аудартар тағы бір туындысы – «Махамбет пен Пушкин». Қаламгер бұл шығармасында Махамбет пен Пушкиннің бір-бірімен кездесіп, әңгімелескен тұсын баяндайды. Әңгіме желісі бойынша екі ұлы ақынды ортақ таныстары В.И.Да­ль ұшырастырады. Екі ғасыр бұ­рынғы бұл оқиға тарихи уақыт тұр­ғы­сы­нан алғанда күні кеше ғана болғандай. Әңгі­мені оқығанда «осы екі ақын шы­нымен де бір-бірімен кездескен бе?!», – деген мақтаныш сезім әуелде оқырман көңілін ала­құйын­­дандыруы мүмкін. Әрі бұл әңгімені жазушының өзі де үлкен тебіреніспен жазғандай. Оқиғалар мен кейіпкерлер мінезі өте әсерлі суреттелген. Әйтсе де көркемдік шындық тарихи шындықтан көп жағ­дайда айырмашылық қылады. Тарихта бол­ған оқиғаны дәл сол күйінде баяндау көркемдік шындық­тың міндетіне кірмейді. Жазушы айт­пақ болған ойын жеткізудің жолын өзі таңдап алады. Оның мұндай қадамға баруы мақсатқа жетудегі әдіс қана болуы мүмкін. Жазушының мақсаты оқырманды ізгілікке тәрбиелеп, ойландыру екенін алдыңғы буын өкіл­де­рі айтып кетіпті. «Пушкин мен Махам­бетті Хан тоғайында «жолық­ты­рып», жоқтан өзгені тілге тиек ету ғылыми ізденіске жатпайды. Рухани сабақ­тастық, дарындылық ықпал­дас­тығы тек жүзбе-жүз кездесіп сұхбат­тасудан ғана тұрмайды…», – депті тарихшы Көшім Есмағамбетов басы ашылмаған осы бір оқиғаны тәптіш­теп жазған «Пушкин. Жәңгір хан және… Махамбет» атты мақаласында. Орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкин 1833 жылы «Пугачев тарихын» жазуға деректік негіз іздеп Орынбор мен Ор­ал­ға сапарлағаны белгілі. Ал дәл осы жылы Махамбет оқуға бара жатқан Жәңгір ханның баласы Зұлқарнаймен бірге Орынборға аттанғаны да тарихтан мәлім. Жазушы осындай ықтимал оқиғаларды ортақ түйін етіп алған­дай.

***
Рахымжан Отарбаев мейлінше қыс­­қа жазу­ға әуес. Ол жазу өнеріндегі бұл стильді саналы түрде таңдап ал­ған секілді. Кейіпкерлерінің ішкі қақ­тығыстары мен тағдырын он бетке жетер-жетпес әңгімеге сыйдыра алады. «Қытай­дан жеткен сәлемдеме» атты әңгімесі осыған дәлел. Бұл әлі Қа­зақс­танға өтпей тұрған, жастау ке­зін­де әкесінің айтуымен Оспан батыр көте­рілісіне қатысқан Өмірбай тағ­дыры туралы әңгіме. Аз ғана мерзімге шекара ашылған тұста ол екі ұлы мен әйелі Әсемайды Қытай бетте қал­ды­рып кетеді. Кейде бір ғана ісің алдағы өміріңді шешуі мүмкін екен. Шекарадан өтіп бара жатып, өз өмірінен қауіптенген ол орыс офицерінің сауалына жалған жауап қайырып, отбасынан бас тартады. Алдағы тағдырына осылайша таңдау жасайды. Кейіпкер­дің ішкі өкінішін жазушы әңгіменің соңғы тұстарында барынша шынайы суреттеген. Байыптап қара­ғанға Өмір­­байдың тағдыры үлкен сабақ. Жұрт­­тың сөзінен қорқып, «ұсталып қа­ла­мын-ау» деп қорыққан ол ең шешуші сәтте жігерсіздік танытты. Оның өмірлік трагедиясының түп-та­мыры да осы әрекетінде жатқан еді.

***
«Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты, я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеп көр­се­туге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнер­дің қолынан келмейді», – депті Ахмет Байтұр­сынұлы. Өнердің бұл түрі арқылы адам жанының нәзік пернелерін шерту кез келгеннің қо­лы­нан келмесі анық. Адам атаулының қай­ғысы мен қуанышын, жан әлемі­нің тылсымын қопара сіміру анау айтқан кереметтей үлес те бола қой­мас. Әу-баста Құдай бойға дарытқан қабілет болмаса жазуың арқылы ешкімді де таңдандыра алмайсың. Ал сөзді кие тұтқан жандардың небір тәмсілін халық нақылға айналдырыпты.
Кейбір туындыны қолыңа алып, ішіне кіре бастағанда әрі қарай бой­лауға зауқың соқпайды. Бұл күй кітап сүйер қауымға түгел таныс. Көр­кем шығарманың оқырман сүзгісінен сүрін­бей өтуі жазушының ішкі таза­лы­ғына тәуелді. Кейде әдебиеттен тым үлкен нәрсе дәметеміз. Ал өзіміз де жайын білетін қарапайым да күр­делі дүниелерді арқау еткен шы­ғар­маны оқы­ғанда «мұны мен де білетін едім ғой» деген ой туады. Былай қарағанда, жазушы Рахымжан Отарбаевтың шағармаларындағы кейбір оқи­ғалар да бәрімізге аян, бәрімізге мәлім дүниелер. Бірақ оны қорыту мен жеткізу жағына келгенде, бұлай деп айту қиянат болар еді. Мүсі­репов бас­тап, Мақатаев қостаған «со­қыр көретіндей, саңырау еститін­дей етіп жазу» тәмсілін Отарбаев қаламы сырт айналып кетпепті.
Атыраудан Алматыға қатынайтын поезға отырып, Қызылордадан сыпырылып түсіп қалатын жазушының «жолаушылардың қай­ғы­сы мен қуа­ны­шын әзер сүйреген поездың» ар­тын­да қалып, ондағы әр терезеден сығалаған күйініші мен сүйініші ара­лас бір-бір тағдырға қарап, жанының жетім қоңыраулары әлі де сыңғырлап тұрған болар. Сыңғырлай берсін…

***
Әлгі кісінің мектеп оқитын ұлы­ның сөзі ойыма қайта орала берді: «Жәңгір ханның да халқына бір пай­дасы тигені рас. Махамбет неге оны сонша жек көрді екен?», – деген ой маған да маза бермей қойды. Өте­містен туған ер өзі қазақ бола тұра оны жеңілген ұлт санаған ханның осы бір мінезін кешіре алмаған шығар, кім білсін? Өйткені ол ішіне қылдай айла жасыра алмай кеткен бекзат болмысты Махамбет қой. Ойына келген сө­зін бұғып қалмай, жоспарсыз сөй­леп кететін, сөйте тұра артық кетсе айналып келіп кешірім сұрауға арланбайтын махамбеттік мінезімен үлгі ол біз­ге. Махамбеттер мен Жәңгірлер қай кезде де қатар өмір сүріп отыратын көрінеді. Ал біз Махамбеттерге сенеміз.

Нұрлайым БАТЫР.

Пікір қосу