Жұлдызды жырлар жарқылы
20.08.2015
1329
0

00Астанадағы Маңғыстаудың мәдениет күндері аясында көрнекті ақын О. Тұржан­ның шығарма­шылық кеші Елордадағы Ұлттық Өнер академиясының «Шабыт» шығармашылық сарайында өтті.

Иә, қос рухани төріміз – Алматы мен Ас­­танада талай-талай тартымды әдеби кеш­тер, поэзия кештері өтіп жүргені белгілі. Солай дегенмен де арқалы ақын О.Тұр­жан­ның Маңғыстау облысы әкімдігінің қол­дауы­мен Елордада өткен шығармашылық кеші әдеби-сазды композициясымен де, шебер режиссурасымен де ерекше әсерлі, әрлі де нәрлі, тарихи-тағылымды сипатта өтті.
Оңайгүлдің есеп беру шығармашылық кешіне «Теңіздер де шөлдейді» деп тың да, тосын ат қоюы тегіннен-тегін емес. Бұл арада ақын теңіз бейнесінде өзінің туған хал­қын – қазақтың қилы тағдыр-тарихын, шын мәніндегі азаттықты көксеген арман-мұ­ратын бейнелеуге бел буады. Теңіз-Қазақ­тың таңдайы мен аңқасын кептірген сол – азаттықтың шөлі.
Ақын кейіпкерлері де табиғат перзент­тері – теңіз, құм, жусан… Осылай да те­бі­реніп, көркем образ жасауға болады екен.
Драмалық-сазды композициялық қойы­лымның соңында астаналық зиялы қауым­ның бірқатар ой-пікірлерін де айта кетуді жөн санадық.
Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Спектакль сәтті шыққан. Бір тақырыпты қуалаған. Бостандықты қалай қарсы алдық, қалай қуанып жатырмыз, соны көрсетуді мақсат тұтқан. Ал менің қолымдағы соңғы кітаптың (О.Тұржан,«Жыр кітабы») тақырып аясы кең. Бұрын да талантты қыз екенін білетінмін. Енді үлкен тұлға болып пісіпті. Қазақ поэзиясында өзіндік жеткен шыңы, алған асуы бар, бәйгілі, үкілі бала. Жаңа кітабын қайта оқып шықтым. Мен жүрген ел, жер, тіпті мен біл­мей, түсінбей кеткен, байқамаған сырлар ашылған.
Каспий теңізінің жағасындағы ел Еуразия даласындағы ең алғашқы ашылған ел болуы керек. Үлкен мәдениеттер жасалған жер. Тұран көкке шапшып кетті. Біз бір кезде Еуразия даласын игерген халықпыз.
Ал лирикаға келсек, Римде 2000 жыл, Францияда IV ғасыр, орыста ІІ ғасыр, қа­зақта І ғасыр бұрын лирика болды. Өйткені, қазақ­­та бұрын әлеуметтің алдында айтылатын эпика болатын, лириканың тек белгілері ғана болды. Әйткенмен, Абайдан бастау алған мәдениетті лирика өткен ғасырдың 50-60-жылдарында қазақ әдебиетінде де дербестене бастады. Сөйтіп, қазақ ақында­ры да бір тақырып, концепцияның төңіре­гін­де кітап шығаратын болды.
Оңайгүлдің кітабынан да осы лирикасын көрдім. Әдебиетке үлкен ақын келді. Аман жүр, сабырлы бол», – деп бағасын да, батасын да берді.
Ал көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Әрбір өңірдің өнері мен мәдениетінен есеп беруі дәстүрге айналды. Маңғыстау дейтін қазақтың жері қандай керемет, жалпы, «ман» деген адам деген сөз, Адам-Атаның түскен жері ме деп те ойлаймын. Жалаңаш, таулар, адамды үрейлендіретін құдіреттер бар. Әбіштей дана, Оңайгүлдей дарынды бала да шыққан. Сен төгіліп тұрған жырла­рың­­мен адамзат тарихынан бастап қазақ­тың басынан кешкен азапты да, басына орнап тұрған азаттықты да қозғадың. Сен үлкен, көшелі ойлы ақын атандың. Бұл өзі жаратылысыңнан ғой деймін», – дей келіп, Ә.Кекілбаевтың ұсынысымен Оңайгүлді Еуразия университетіне қызметке алғанын, оның ғылым жолында да талмай тер төгіп келе жатқанын атап өтті.
Жазушы, мемлекет және қоғам қай­рат­кері Т.Әбдіков: «Әдебиетте қазаққа жақыны – поэзия. Кейде адам бір әдебиеттің ішінде жүріп бір-бірін көрмейді. Оңайгүлдің өлең­дерін оқи отырып, таң қалдым. Тарих, ой, сезім поэтикалық формаға түскен. Ал поэзия жаңа тіркестер, ойсыз болмайды. Жақ­сы ақындар өз бағасын алуы, сынға ие болуы керек. Менің Оңайгүлге тілейтінім де осы», – десе, Астанадағы қазақ-түрік ака­де­миясының президенті Д.Қыдырәлі: «Астана деген сөз – табалдырық, есік, құтты босаға деген мағына береді. Астана Еуразия кон­ти­нентіндегі Еуропа мен Азия арасын жал­ғап тұрған ұлы даладағы ұлы қақпа секілді. Қазір өңір-өңірлерден келіп, бір-бірінің мәдениеті мен өнерін тани түсуде. Маңғыс­тау – мәдениеті бай, еліміздегі рухани ордалардың бірі. Сондықтан еліміздің ордасында ел мәдениетіне үлкен серпін берері сөзсіз. Түркі дүниесі тақырыбын толғап жүрген Оңайгүл ақынның жырлары халқы­мыздың рухани қазынасын байыта бермек», – деп атап өтті. Жазушы Роза Мұқанова: «Біздің үйдегі ағасы (жұбайы Ә.Тарази) Оңайгүлді Қиынгүл деп атайды. Қиыннан қиыстырып жыр жазады дегені болар. Ақын бақытты да бола алады. Оңайгүл соның айғағы»; ҚЖО Атырау облыстық филиалы­ның директоры Қ.Жылқышиев: «Маңғыстау облысының ақынын аялап, аспанға көтеріп жатқанына ризамын. Оны Фариза апасы қасына бекерден-бекер ерткен жоқ. Оңай­гүл­дің «Махамбетке барар жол» деген поэмасы да бар. Оның басты кейіпкері мен едім. Маңғыстау мен Атырау әлденеше рет қосылып, бірнеше рет бөлінген. Сол кезде бір қоржын қалып қойыпты. Соны Оңайгүл керемет өлеңдерге толтырсын деп алып келдім»; «ҚазМұнайГаз» ҰК баспасөз қыз­ме­­тінің жетекші маманы Ш.Қазығұлов: «Құдай өзі беремін деген адамына дарынды, қадір-қасиетті үйіп бере салады. Алайда, адамды сын тезіне салады. Берген сыйды ұстай ала­тын да, уысынан шығарып алатындар да бар. Ал Оңайгүл өзіне Алла Тағаланың берген сұлулығы мен ақыл-ойы, өнерін әлпеш­теп, қастерлеп, халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, жырын жырлап келеді», – деген пікірлерін ортаға салды.
Маңғыстау облысының әкімі А.Айдар­баев­тың мереке иесіне құттықтауын облыс әкімінің орынбасары Б.Нұрғазиева оқып, сый-сияпат жасай келіп, «бір ауыз өлеңмен қаншама әңгіме жеткізуге, елдің рухын көтеруге болады. Мен қатты риза болдым. Алдағы уақытта сіздің шығармаларыңызды насихаттауға атсалысамын. Шығармала­рыңызды мектеп қабырғасынан оқытуға күш салуымыз керек» деген келелі пікір айтты. Еуразия университетінің проректоры Д.Қамзабекұлы өз сөзінде бұл кештің Астана үшін де, ЕҰУ үшін де әсерлі, маңызды кеш екенін айта келіп, ЖОО ректорының құттық­тауын жеткізді. Кеш соңында О.Тұржан жиналған қауымға ризашылығын білдірді. Оңайгүл осынау сахналанған біре­гей шы­ғарманы біртұтас дүние етіп сомдап шы­ғар­да өзіне режиссер Балтабек Нұр­ғалиевтің, декорация және сахналық кос­тюмдер авторы, дизайнер Гүлзира Нәдір­бе­кованың көп көмегі тигенін айрықша атап өтті. Сөз жоқ, мұндай классикалық қойы­лым­ды, оның ішінде, жас та болса дарынды Қа­зақ Ұлттық Өнер академиясының сту­дент­тері, Маңғыстаудың «Ақжарма» фоль­клорлық-этнографиялық ансамблі, әнші Тамара Асар, «Наз» би ансамблі бар, туындыны алдағы уақытта республикамыздың Алматы шаһары мен а ймақтарында да көрсетсе, нұр үстіне нұр болмақ.

Ғалым ӘРІП.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір