Ұйым – ұлт әдебиетінің ұйытқысы
29.12.2017
1812
0

Өткен сейсенбі күні ағымдағы жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылау және алдағы уақытта жүзеге асатын іс-шараларды жоспарлау бағытында Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының секретариаты өтті. Жиынды жүргізген ұйым басшысы Нұрлан Оразалин бірінші болып Одақтың жыл бойы атқарған жұмыстарына хабарлама жасады. Жиынға Смағұл Елубаев, Бақыт Сарбалаұлы, Сұлтанәлі Балғабаев, Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Сұлтан Қалиұлы, Бауыржан Жақып, Қайрат Бақбергенов, Маралтай Райымбекұлы, Жанарбек Әшімжан секілді секретариат мүшелері қатысып, алдағы өтетін Құрылтай, еліміздегі «Мәдениет туралы» Заңына енгізілген толықтырулар мен өзгерістер, қаламақы төлеу мәселелерін талқылап, ойларын ортаға салып, 2017 жылды қорытындылады.


Кіріспе сөз


Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы:

Құрметті әріптестер!
Бүгінгі Қазақстан Жазушылар одағы Бас­қармасының секретариаты отырысына қош келдіңіздер! Ең алдымен, баршаңызды жуырда ғана атап өткен Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Ал, енді жиынымыздың негізгі мәселесіне оралайық. Кворум бар. Күн тәртібінде екі мә­селе: бірінші, 2017 жылды қорытындылау, екінші 2018 жылы атқарылатын іс-шараларды белгілеу.
Аз уақыттан соң, санаулы сәт-сағаттардан кейін тарих қойнауына кететін 2017 жыл – еліміздің саяси-әлеуметтік, рухани-мәдени кеңістігінде ірі тарихи оқиғаларға толы жыл болды. Жазушылар одағы сол оқиғалардың ешқайсысынан сырт қалған жоқ. Жыл басындағы Қазақстан Республикасының Конс­титуциясына өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы Үкіметтің Жарлығы шыққанын баршаңыз білесіздер. Соған орай, біз бір емес, екі бірдей үлкен жиын өт­кіздік. Бұл туралы негізгі электронды ақ­па­рат құралдары мен газет-журналдарда жарияланды. Қаламгерлер қауымы мен де­путат­тар бас қосып, ойларын ортаға салды, талқылады. Жазушылар тарапынан арнайы Үндеу қабылданды.
Қаңтар айында Президент Қазақстанның үшінші жаңғыруының бағыт-бағдары туралы халыққа өз Жолдауын жариялады. Арада аз ғана уақыт салып, сәуір айында Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: Бола­шақ­қа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Бұл – үшінші жаңғырудың тамырына қан жүгіртетін негізгі құжат болатын. Ондағы ұлттық сана, бәсекеге қа­білет­тілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, сананың ашықтығы, дәстүр-салты­мызды қадірлеу жөніндегі құнды ойлар бә­рімізді рухтандырып, шабыттандырып, тарихтан тағылым алу қажеттігін қайыра бір ұқтырды. Қазақстан Жазушылар одағы осы тарихи бағдарламаға байланысты «Рухани жаңғыру – ұлт рухының арқауы» атты арнайы Пленум өткізді. Жоғары деңгейде ұйым­дастырылған сол Пленумның бас баян­дамасын мен жасадым. Барша әріптес­те­ріміз Президенттің мақаласын жан-жақты талдап, таразылап, қуаттап, атқарылуы тиіс жұмыс­тарға қатысты өз ұсыныстарын берді. Арнайы Үндеу қабылданды. Сөйтіп, қалам­гер­лер қауымы облыс орталықтары мен ай­мақ­­тарда, тіпті алыс ауыл-аудандарда болып, күні кешеге дейін елмен кездесіп кел­ді.
Ал ағымдағы жылдың ең басты оқиғасы – күллі әлем көз тіккен, жазға салым басталып ерте күзде аяқталған Астанада өткен «ЕХРО-2017» көрмесі. Еліміздегі жетекші шығармашылық ұйым ретінде Жазушылар одағы бұл айтулы оқиғадан сырт қалған жоқ. Мәдениет және спорт министрлігінің қол­дауы­мен, Қазақстан Жазушылар одағы, Алма­тыдағы Ұлттық кітапхананың мұрын­дық болуымен «EXPO-2017» аясында Алматы қаласында Халықаралық Әдеби биеналле өтті. Әлемнің қырықтан аса елінен арнайы осы шараға келген ақын-жазушылар үш-төрт күн бойы түрлі форматта жиындар өткізіп, бір-бірімен тәжірибе алмасып, байланыс орнатқан болатын, сол байланыстар нәти­жесіз емес.
Қуаныштысы сол, биылғы жылғы ру­ха­нияттағы ең үлкен жетістік – Қазақстан Рес­публикасының «Мәдениет туралы» Заңына толықтырулар мен өзгерістер ен­гі­зі­ліп, жылдық жоспарға кірген ақын-жазу­шы­ларға қаламақы төлеу мәселесі шешіліп, маңызды құжаттарға қол қойылғандығы. Елбасыға бірнеше рет хат жазылып, сенатор ретінде мен Үкіметке екі рет сауал жолдап, «Мәдениет туралы» Заңға түзету енгізу, ин­теллектуалдық еңбекке қаржы бөлу туралы ұсыныс жасалды. Ақыры басталған істі ая­ғына дейін жеткіздік. Бірінші, шығарманы қабылдап алу, екінші шығарманы жариялау, үшінші оны тарату секілді үш кезеңнен тұра­тын жұмыс жүзеге асты. Қос бірдей комис­сияның сүзгісінен өтіп, үздік деп танылған шығарманың бір баспа табағына 150 мың теңге көлемінде қаламақы төленіп, бес мың данамен шығатын кітаптар еліміздің алыс түкпіріндегі кітапханаларына дейін таратылатын боп келісіліп, 5 мамыр күні мемлекет бас­шы­сы сол құжатқа қол қойды. Қалам­герлерге қаламақы төлету қажеттігіне түрлі деңгейдегі ведомстволардың көзін жеткізу үшін 10 жылдан астам уақытымды сарп еттім… Енді бір қызығы, «Мәдениет туралы» Заңға сәйкес ақын-жазушылар көз майын тауысып жазған туындысы 70 жылға дейін мемлекет меншігіне өтетін боп шешіліпті. Бұл туралы Ұлттық кітапханада арнайы жи­ын болды, мен оған қатыса алмадым, қатыс­қандарыңыз бар шығар. Бірақ біз осы Жазушылар одағындағы басқосуда арнайы құжат әзірлеп, министрлікке жолдағанбыз. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауабы да келген. Мемлекет шығарманы қалам­гер­ден сатып алады да, екі-үш жылдан кейін қайтадан жазушының меншігіне өтіп, аудара ма, сата ма, о жағын өзі шешетін болып келіскен. Алайда… қаламақы төлеу мәселе­сінің аяғы осындай боп тұрған жайы бар. Енді, бұл мәселені бөлек қарап, арнайы қау­лы-қарар қабылдаймыз ба, мұны қатты ойлану керек… Бұл мәселеге қайыра оралуымыз керек, жазушы еңбегі өтеулі болуы қа­жет. Және өзінен өзге ешкімнің меншігіне ай­нал­мауы тиіс. Төрткүл дүние осы прициппен жұмыс істеуде.
Бұдан бөлек, үстіміздегі жылы ұлттық әліп­би тағдыры таразы басына түскен сәтте Жазушылар одағында кеңейтілген секретариат өтті, сонда мазалаған ойларыңызды ортаға салып, латын қарпіне өту маңыздылы­ғын, «бір дыбыс – бір таңба» нұсқасын қолдайтындарыңызды білдірдіңіздер. Оған тиісті орындар құлақ аспай қалған жоқ.
Өтіп бара жатқан жыл мерейтой, еске алу кештеріне толы жыл болды. Қазақтың айтулы қаламгерлерінің торқалы тойлары тойланды. Айталық, Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы, Халифа Алтай, Қапан Сатыбалдин, Сағынғали Сейітовтердің 100 жылдық­тары, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкі­шевтің, Рахманқұл Бердібаев, Нығмет Ғабул­линнің 90 жылдығы, сол қатарда Серік Қирабаев ағамыздың 90 жасқа толған торқалы тойы лайықты аталып өтті. Астанада көрнекті қаламгер Әнес Сарайдың 80 жасқа толған мерейтойы болды. Марқұм Сағат Әшімбаев пен Әшірбек Сығайдың, кө­зі тірі әріптестерімнің 70 жылдықтары, өз­ге әріптестеріміздің 50, 60 жылдық мерейтойлары Алматы мен Астана, өзге өңірлерде қалай аталып өткенін білесіздер.
Той-томалағымыз, пенде болған соң өл­ім-жітіміміз бар, оның үстіне көптеген шара­лар Алматы қаласында өтті. Біраз әріп­тес­те­р­імізден айырылдық… Осы жағдайларда не­гізі ауыртпалықты иығына салып көтеріс­кен, қолдаған Алматы қаласының әкімі Бауыр­жан Байбекке, өңірлерден қолдау көр­сет­кен Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа барша қаламгерлер атынан айрық­ша ықылас білдіргім келеді. Осы орайда, Одақ­тың іргелі шараларының басым көп­шілі­гіне бар ынта-ықыласымен қолдаған қара шаңырақ – ҚазҰУ-дың ректоры, академик Ғалым-Қайыр Мұтанов мырзаға ерекше рахмет айтқым келеді.
2017 жылы тамызда «Қазақ әдебиеті» газе­тінің Бас редакторы, жазушы Жұмабай Шаштайұлы өз еркімен қызметінен кетіп, орнына Одақтың ақпарат құралдары жөніндегі орынбасары Жанарбек Әшімжан келді. Кезінде «Жұлдыз», «Простор», «Сын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газетінің жұмысын үйлестіру үшін Төрағаның арнайы Қаулысымен «Қаламгер-Медиа» орталығы құрылған болатын. Редакторлар ауысқаннан кейін ол орталық таратылып, қызметі әр редакторға жүктеліп берілді.
Қазір өздеріңіз білесіздер, қаржылық қиын­дық бәрімізді қос бүйірден қысып барады. Жасыратыны жоқ, 2014-тен бері қар­жы­лық қиындықты қатты сезіндік. Дүниеде болып жатқан қаржы дағдарысы бізді де айналып өткен жоқ. Қоғамдық ұйым болған­дықтан мемлекеттен ақша алмаймыз, өзі­мізді өзіміз қаржыландырып келеміз. «Жи­нақталған қарыз-құрыздан қалай құ­ты­­ламыз» деп жол іздедік. Жасыратын түгі жоқ, қаржылық қиыншылық қазан айында өтуі тиіс Құрылтайға қолбайлау болды.
Ақыры тиісті қарыздардың жетпіс пайызын жаптық. Мұнымен қатар, көптеген іс-шара атқарылғанын да білесіздер. Біраз қаламгерлерімізден айырылып қалдық…
Осынау атқарылған іс-шаралар Қазақс­тан Жазушылар одағы Басқармасының 2017 жылдағы белсенділігін көрсетеді. Қарап отыр­сақ, мен төраға болып сайланған тоқ­са­ныншы жылдардан бері көптеген жұмыс­тар жүзеге асыпты. Бүлінгенді бүтіндеу, жыр­тылғанды жамау, реттеу, жинау, қалпына келтіру, тазалау, бәрі-бәрі бізге оңай соққан жоқ. Құдайға тәубә, Одақ орнында, үш басылым орнында, Әдебиетшілер үйі де орнында. Осы күндері жұмысы жүйелі жүріп келе жатқан еліміздегі жалғыз шығарма­шы­лық ұйым – Жазушылар одағы. Қолдан кел­генше Одаққа еңбек еттім, тер төктім, аянып қалған жерім жоқ. Мен қос иыққа түскен міндетті абыроймен атқардым. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев барлық кезде өзінің қолдауын аяп қалған жоқ. Шашылған дүн­ие­ні жинап бердік. Осыншама қыруар шаруа­ларды жалғыз жүріп атқарғам жоқ. Бұл күндері арамыздан кетіп қалған атағынан ат үркетін әйгілі ағаларым, әдебиеттің даңқты ақсақалдары, қатар-құрбы достарым, әріп­тестерім, кейінгі інілерім және осы отырған өздеріңіз бар, Одаққа тілеулес өзге де әріп­тестерім бар, бәріміз бірігіп жүріп атқардық. Ең бастысы, Елбасының өзіме жүктеген тапсырмасын тап-тұйнақтай орындадым. Енді өздеріңізбен келісе отырып, алдағы Пленумның күнін бекітуіміз керек. Сол Пленум Құрылтайдың мерзімін белгілеуі қажет. Сол жиын осы Одақтың болашағына, мызғымастығына қызмет ететін, дүниесі «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетуіне жол бермейтін жаңа басшысын сайлап алуы тиіс. Және, келешекте Одақты кім басқарса да, ардан аттамай, адал, әділ болып, қара шаңырақ – Қазақстан Жазушылар одағын сақтап қалуы тиіс. Одақ тағдыры бір адамның ғана емес, барша қаламгердің қолында.
Сондықтан ойларыңызды ортаға салы­ңыздар, ұсыныстарыңызды айтыңыздар!


Смағұл ЕЛУБАЕВ,
жазушы:
– Бәрін жан-жақты қарастыруымыз керек. Ортақ шешімге келіп, ұрыс-талассыз Пле­нум­ның мезгілін бе­кі­тейік. Дайын­дығымыз­ды жасайық. Бірақ Қа­за­қ­стан Жазушылар одағы басқарма мү­ше­лері, барша қалам­гер­лер бірінші кезекте «Қазақстан Жазушылар одағының ендігі тағдыры қалай болады?» деген мәселе төңірегінде терең ойлануы керек. Әрине, айқай-шу шығару оңай, әркімнің ішінде бір-бір қапшық жын жатыр. Соның жартысын шығарғанның өзінде дүние дүркіреп кетеді. Өйткені, жазушы­лар­дың беделі бар, сөзі ықпалды дегендей… Көп іс тындырған, бүгінгі Одақтың сақталып қалуына көп күш жұмсаған қазіргі төраға кете қалған жағдайда келесі басшы бірінші кезекте Жазушылар одағын сақтап қалуын қамтамасыз етуі тиіс.
Дай-дай болып дүрлігу мен айқай-шудан, топ-топ болып жаға жыртысудан, «мен бастық болам» деуден басқа емес, жазушылар­дың өздері ұтылады, әдебиет жетімсірейді, оның арғы жағында қазақ деген халықтың сөзі күйрейді. Осындай қауіп бар, ағайын. Міне, осы жерде азаматтық позицияны нық ұстануымыз керек. Бұдан ары қарай қалай өмір сүреміз? Қазақстан Жазушылар ода­ғының алдағы тағдыры қалай болмақ? Осы жағын ойлануға тиіспіз. Біздің жеңген тұсымыз – билік пен Жазушылар Одағының бірлесіп, қоян-қолтық жұмыс істей білгенінің арқасында қарашаңырағымызды аман сақтап қалдық. Ал кейін келетін жаңа басшы билікпен тіл табысып, барлық мәселенің шешімін таба ала ма? Осы жағын да тара­зының басына салғанымыз жөн. Ар алдында әрқайсымыз жеке-жеке жауап береміз. Сондықтан ертеңгі күні өкінбес үшін, ал­дағы үш айда бәріміз өз ойымызды, ең соңғы сөзімізді айтуға тиіспіз. Жазушылар Одағын сақтаудың бірнеше бағыты бар. Со­ның ішіндегі ең оңтайлысын таңдап алуымыз керек. Бұл жерде мәселе менің, сенің, оның емес – Одақтың тағдыры жайлы болуға тиіс.
Бүгінгі таңда қаламгерлерді алаңдатып отырған тағы бір маңызды мәселе – кітап­тардың болашағының дәл осылай шешілуі өте қауіпті нәрсе. Менің ойымша, жазылған шығарма мемлекеттің меншігіне еш уақыт­та өтуге тиіс емес. Ондай шартты әдебиетке қатысы жоқ адамдар жасап отыр. Біз мұндай нәрсеге жол бермеуіміз керек. Сол себепті, осы мәселе жөніндегі ойымызды ашық білдірсек. Кешегі социализм заманында керек болғанымыз, компартияға идео­ло­гиялық шоқпар болдық. Бүгінгі капитализм заманында бірінші кезекте жазушылар қауымы өздерін сақтауы керек. Батыста әдеби агент деген институт бар. Бүкіл жазу­шылардың құқығын, олардың шығар­маларының әр елдерден шығуы секілді шаруамен әдеби агент айналысады. Жазушы заңгер емес, ол өзінің жазатын кітабын ғана біледі.


Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, драматург:
– Меніңше, Пле­нум­­ның мезгілін ақ­пан­ның орта шеніне белгілеген дұрыс. Мә­се­лен, мен 2018 жыл­дың 12 ақпаны, дүй­сен­біні ұсынар едім. Және сол Пленум өзі­мізге де, өзгеге де үлгі бо­ларлық деңгейде бол­ғаны жөн. Бұл Жазушылар одағы ең алдымен болашақ жастарға керек. Біздер бүгін бар, ертең жоқ адамдармыз. Сондықтан жастар Одақты сақтап қалуға мықтап күш салуға тиіс. Болашақта жағдай бұдан да қиындайды. Әдебиеттің басына түсетін қауіп-қатер енді келе жатыр. Өкінішке қарай, біздің жазушыларымыз оны әлі сезінетін емес. Әр әкімге барып, анауымды істеп бер, мынауыма көмектес деп жеке басын күйттеп жүр. Қаламақыға байланысты түзілген заңды әлі көп қаламгер түсініп отырған жоқ. Биылғы министрліктің қа­ла­мақыға байланысты жасап отырған келі­сімшартында жазушылардың құқығы ескерілмеген. Біз осы мәселеге қатысты ойы­мызды ашық айтып, өз мүддемізді қорғауға тиіспіз. Тіпті қажет болса, Жазушылар ода­ғының жанынан қаламгерлердің құқығын қорғайтын ұйым ашуымыз керек деп ойлаймын. Жаңа Төрағамыз өз сөзінде айтып кеткендей, бұл мәселеге қайта оралуымыз керек. Оралмасақ әділетсіздікке жол беріп аламыз…


Бауыржан ЖАҚЫП, ақын:
– Смағұл ағамыз өте орынды сөз айтты. Бұл – Пленумда айтылатын сөз. Ел жиналған кезде бүгінгі сөзіңізді күшейтіп, осындай мә­селені ашық айтуға тиіс­піз. Ел ішкі жағ­дай­­дың қалай болып жатқанын білуі, түсінуі керек. Ғимаратты сақ­таудың оңай емес екені, күнделікті қаржы тапшылығы қажытып отырғаны, одан басқа да толып жатқан қиындықтар бары жасырын емес. Бұл – өте күрделі әрі өзекті мәселе. Турасын айту керек, 20 жылдан аса уақыт бойы Нұрлан ағамыз осы мәселелердің тиянақты шешілуіне аз тер төккен жоқ. Мұны қазақ қауымы жақсы біледі және бағалап та келеді. Сондықтан Жазушылар одағын сол биігінен төмен түсіріп алмауымыз керек.


Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын:
– Қазақстан Жазу­шы­лар одағының тағ­дыры – ұлт тағдыры!.. Нұреке, сізге рахмет! Қолыңыздан келгенше барлық жұмысты жаса­дыңыз, көріп жүрміз. Ал бағана талқыланған қаламақы мәселесіне арнайы жиын өткізіп, онда ақын-жазу­шы­ларға барлық жай-жапсарды түсіндірсек, ұғындырсақ деген тілегім бар. Қаламгерлер жазған шығарма­лары үшін гонорар алып, еңбегі еленсе нұр үстіне нұр болар еді.


Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын:
– Пленумның өт­кі­­зе­тін күніне орай Сұл­танәлі ағамыз ақ­пан­ның 12 жұлдызын ұсынып отыр, меніңше сол өте дұрыс. Ал енді осы ұйым бас­шы­ла­рының бірі ретінде өз ойымды ортаға сала ке­тейін. Соңғы жылдарда қоғамның руханиятқа деген көз­қарасының бұрынғыдай еместігін анық сезіндік. Дәл осындай қиын уақытта Жазушылар ода­ғы­ның ғимаратын сақтап, ұстап тұру да оңайға түсіп отырған жоқ. Бұл ғимарат біздікі дегенімізбен, ол да үкіметтің меншігіндегі дүние. Ал үкіметтің мүлкін пайдаланудың өз шарты бар. Жыл сайын жөндеуден өткізіп отыруға тиіспіз. Жылумен, жарықпен қамтамасыз етудің өзі де оңай шаруа емес екенін білесіздер. Осының барлығы да қы­руар қаражатты талап етеді. Әсіресе, соңғы үш-төрт жылда қаржы мәселесі төңірегінде көптеген қиындықтар болып жатыр. Біз соған қарамастан, өз мін­детімізді қалтқысыз атқаруға бар күшімізді салып келеміз. Әлгінде Одақтың белшеден қарыз болғаны туралы айтылды ғой. Сол қарыз-құрыздан құтылуға Төрағамыз үлкен күш жұмсап, пәрмен көрсеткенін айрықша айтқым келеді.


Сұлтан ҚАЛИҰЛЫ, ақын:
– Жаңа Смағұл: «Ғи­мараттан айырылып қалу қаупі бар», – деп өте дұрыс айтты. Мә­селен, Абай даң­ғы­лындағы әп-әсем ғи­марат, бүкіл газет-жур­налдар отырған «Бас­­­­­палар үйі» Ай мен Күннің аманында көмескіленді де кетті ғой. Сол секілді, Жазушылар одағының ғимараты да талан-таражға түсіп кетуі әбден мүмкін. Осы жағын қатаң бақылауымыз керек, бас қосатын келелі жиындарымызды, кеңесетін кеш­терімізді өткізетін шаңырағы болған кезде ғана әдебиеттің әңгімесі қозғалады. Ал әр­қайсымыз жеке-жеке өз үйімізде отырып алып түк бітіре алмаймыз.


Бақыт
САРБАЛАҰЛЫ,
сыншы:
– Жиын барысында айтылып жатқан пікір­лер мен ұсыныс-тілек­терге алып-қоса­рым жоқ. Менің де кө­кейім­де жатқан сол нәрсе­лер.


Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ, ақын:
– Менің осы Одақ­та жүргеніме ширек ғасыр болды. Қазақтың қолына қа­лам ұстаған әрбір азаматы осы қа­ра­­шаңы­раққа бас сұқ­пай кеткен емес. Әке­міздің үйіндей болған бұл шаңырақ бәрімізге ыстық. Сондықтан кім отырса да, қандай жағдайда болса да Одақты аман сақтап қалуға тиіспіз. Қазақстан Жазушылар одағы – ақын-жазушылардың басын біріктіретін жалғыз Қоғамдық ұйым. Әрі сонау жылдардан бері Қыз Жібектің күймесіндей болып, өз салтанатымен жол түзеп келе жатыр. Қашанда сол сүрлеуінен жаңылмасын дегім келеді. Пленумның өткізілетін күніне байланысты алып-қосарым жоқ, 12 ақпанға белгіленгені дұрыс, дайындыққа да аз уақыт кетпейді. Сол үшін бәріміз жұдырықтай жұмылып, күшімізді бір бағытқа жұмса­уымыз керек.


Қайрат
БАҚБЕРГЕН,
аудармашы:
– Менің сөзім қысқа, осы жиындағы айтыл­ған ой-пікірлерді қол­даймын.


Жанарбек ӘШІМЖАН, ақын:
– Менің замандас­тарым – Тәуелсіздік жылдары көзін тырнап ашып өмірге ара­ласқан әріптес­терім әлеу­мет­тік тауқымет тартып жүр­се де әде­биеттің дамуы үшін барын салып, еңбек етуде, шы­ғармаларын жазуда. Олар Одақтың келешегінен гөрі, әдебиеттің болашағына қатты алаңдайды. Ал Одақтың болашағына алаңдамайтын себебі – олар осы ұйым алдағы кезеңдерде де дәл осылай өз орнында тұра беретіндей, жұмысы ырғақты жүре бере­тіндей көреді… Аға буынның ара­сындағы әдебиеттен ада түрлі мүдделі топ­тардың «ойындарының», жеке бас араздық­тарының кесірінен талай шығар­машылық ұйым­дардың шаңырағы ортасына түскенін сезінсе деймін.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бірін­ші кезекте жастарға сенім артуымыз керек, ел болашағы жастарда», – дегенді әр жиын сайын айтып келеді ғой. Расында, қандай жағ­дайда, қандай кезеңде болсын, буын алмасу үдерісін сызатсыз өткізгеніміз абзал. Мәсе­лен, 2000 жылдары менің қатарлас­тарымның ымыра-бірлігі, ынтымағы өте жақсы еді, қазір де бір-біріне деген құрметі жоғала қойған жоқ. Дегенмен, кейбір ағаларымыздың санасы былғана қоймаған замандастарымды Одақ төңірегінде ойдан туындатқан алып­-қаш­па қаңқу әңгімелерге иландырғысы келіп, қамқорсығансып жылы сөзін айтып, жекелеген ықпалын жүргізгісі келетін жағ­дайларға аракідік куә болып қаламын. Ең бастысы көшімізді бас­тайды деп сенім артқан қаламгер ағалары­мыздың кейінгі буынды бөлшектеп, «тас дәуіріндегі» тарамыс-өкпенің өкпек желіне менің замандастырымды қалқан етпеуін қалаймын. Керісінше, менің замандастарымда және кейінгі буында отаншылдыққа, мемлекет­шілдікке деген жауапкершілік басым. Осы жауапкершілікке сызат түспесе екен деймін… Осы Одақта қызмет етіп жатқа­ныма он жылға жуықтады. Түрлі жағдайларға куә болып келемін… Есім-сойы елге мәлім, шығармаларын жата-жастана оқитын айтулы ағаларымыздың ала-құла мінездерін көргенде жанымызды қоярға жер таппай кететініміз рас. Менің қатарластарымның ойлау жүйесі де, білім-пайымы да, болашаққа деген сенімі де бө­лек. Олар абың-күбің әңгіме, талас-тартыс­тан гөрі, нақты іспен айналысқанды және сол сүйікті ісінің жемісін жегенді жандары қалайды.


Қорытынды сөз

Нұрлан ОРАЗАЛИН:

– Ұсыныс-тілектеріңіз бен ой-пікірлеріңізге рахмет! Бәріңіздің ойларыңыз бір арнада тоғысып отырған сияқты. Сұлтанәлі Балғабаев Пленум күнін 2018 жылдың 12 ақпанына белгілеу туралы ұсыныс берді. Кейбір әріптестеріміз де осы ойда секілді. Егер осы бұл ұсынысты қолдасаңыздар, ашық дауысқа салайық.
(Дауысқа салынды). Қарсы жоқ, қалыс жоқ, бірауыздан қабылданды. Енді, осы жиынымыздың қорытындысы ретінде арнайы Қаулы қабылданды. Пленум мен Құрылтайды жеделдетіп өткізуге қажетті қаржы сұрап тиісті орындарға мәселе қоямыз.
Ең бастысы, ұлт әдебиетін, көркем сөздің келешегі үшін аянбауымыз керек. Шығармашылық, сөз өнері – барша қаламгердің тағдыры. Мен де сол әріптестерімнің бірімін. Қадірлі әріптестер, қандай жағдайда болсын ұлт әдебиеті үшін әркез адал сөзімізді айта білейік. Ұлт әдебиеті қара­шаңырақтан басталады, осыны ұмытпаңыздар. Баршаңызға рахмет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір