Кітап және мейірім

0
147 қаралды
Біздің бүгінгі кейіпкер балалар әлемін сүйеді. Мемлекетіміздегі әрбір бала отандық кітапты оқып ер жетсе, Қазақстанның мақсаттары мен мұраттарына сай өрен болып өсеріне күмәнсіз сенеді. Сол себепті бала тіліне, көңіліне жақын, бүгінгі заман кейіпкерлері араласқан ертегілер жазып жүр. Және ертегілер жазып қана қоймай, оны кітап етіп бастыруды да бір өзі қолына алған. Ал ол кітаптың безендірілуі, техникалық тұрғыдан халықаралық стандарттарға сай болып жарық көргені жайлы әңгіме бөлек. Алтынмен апталған, күміспен күптелген, ашық-жарқын түстермен көмкерілген кітап ең кішкентай оқырманын да бей-жай қалдырмайтынына сөзсіз сенесің. «Қазіргі бала кітап оқымайды деуге болмайды. Баланы кітапқа жетелеп апаруымыз керек. Әрбір азамат сәби кезінен кітаптың ең жақын дос екенін біліп өссе деймін», – дейді осы күнге дейін балаларға арналған төрт бірдей ертегі кітапты бірнеше тілде жазып шыққан Жан Амани ханым.
Оқырманға таныстыра кетсек, Жан Аманидің негізгі мамандығы психолог. Психологияның қыр-сырын терең білгендіктен болар, бала тілін тез түсінеді, шығармаларында да артық сөз қолданбай, бала тілімен сөйлеуге тырысады. Және бүгінгі құндылықтары өзгерген қоғамда мейірім мен ізгілік секілді қасиеттерді кітап арқылы бүгінгі – бүлдіршін, ертеңгі – азаматтың бойына көптеп сіңіргісі келеді…


– Жан Амани ханым, ба­лалар қандай кітаптар оқы­ғанды ұнатады?
– Кез келген жастағы оқыр­ман ертегі кітап көр­се, қиял-ғажайып әлем­нің есі­гін ашқысы ке­леді деп ойлаймын. Балалар да сондай. Олар әсіресе ертегіні құныға, қызыға оқиды. Тек ол ерте­гілер жас ерек­ше­лігіне сай болуы тиіс еке­нін ұмыт­пағанымыз абзал. Мәселен, 1-3 жас аралы­ғын­дағы сә­билер үй жануарлары, ай­наласындағы ойын­шық­тар, заттар әлемі туралы ер­те­гіге құмар. Ал 3-10 жас ара­лығындағы балалар ба­тыр­­лық, ерлік, достық, сұлу­лық та­қырыбындағы ертегілерді е­р­ек­ше қызығу­шы­лықпен оқып тауысады. Бүгінгі заман баласы­ның ерекшелігі сол, олар ертегі­ден өздерін, айналасындағы өмірді іздейді. Ол өмірді балалар шетел қалагерлерінің қолынан шыққан кітаптан емес, отандық жазушылардың ертегілерінен көргені, білгені, түйсінгені жақ­сы емес пе?
– Әрине, жақсы. Мамандығы психолог адамның қаламгерлер ауылына бет бұруына не түрткі болды?
– Жазушылық – бала кезгі арманым. Бұрындары жазғанда­рым­ды өзімнен басқа ешкім оқы­майтын. Жазуға деген іңкәрлігім жүрегіме шүпілдей толып, қалам арқылы қағазға құйылып түс­ке­німен, ол жазбаларды ешкімге оқытпастан, жинай беретін едім. Мен – анамын. Балаларым дү­ние­ге келген сәттен «Оларға қан­дай кітап қызық?» деген сауал көп мазалайтын. Перзенттеріме ертегілерім ұнай­тын шығар деген ой келді. Сөйт­тім де, жылдар бойы жиналып қалған жазбаларымды реттестіре бастадым. Қолыма қалам алуыма балалар­дың ұғымына түсінікті, жанына жақын келетін заманауи отандық ертегілердің жетіспей-тіні себеп болды дер едім.
Жазу – сәби кезімнен ұмтыл­ған іңкәрлігім. Ертегілер – бала күнімнен бірге келе жатқан ға­жайып әлем. Кітап, ертегі ар­қы­лы балаға – қуаныш, айналаға – мейірім сыйлағым келеді. Ерте­гілер арқылы балаларды үлкен өмірге дайындасам деймін. Өмірде түрлі-түрлі жағдайлар болады. Балалар үлкендердің әлеміне аяқ басқанда бойындағы тазалықты, мөлдірлікті жоғалтып алмас үшін бүгінгі заманға лайық ертегі арқылы жүрегіне ізгі­лік сәулесін сіңірсе деймін.
– Осы күнге дейін төрт ертегі кітабыңыз жарық көріпті. Екі кіта­быңызды аудио құрылғы ар­қылы тыңдауға да болады екен. Арзан бағаға жарық көрмегенін кітаптың көркем безендірілуінен, қағазының сапасынан, бояуынан-ақ бағамдап үлгердік…
– Дұрыс айтасыз, балаларға арналған кітаптарды арзан бағаға шығаруға болмайды. Сондықтан, мұндай кітаптарды шығару әлде­қайда қымбатқа түседі. Бірақ, осы кітапты қолына алған бала­ның шаттығы, қуанышы еш­қандай да қаржының орнын ал­мастыра алмайды ғой. Бүгінгі нарық заманында кітапты, шы­ғармашылық еңбекті тауар деп бағалауды әбестік санамайтындар бар. Олардың бұл ойы дұрыс деп те ойлаймын. Бірақ, мен үшін шығармашылық еңбек ең алдымен рухани ләззат сыйлауы керек.
Ең алғашқы кітабым тасқа басылып шыққаннан кейін мектептер мен балалар үйлерінде тұсаукесер рәсімдерін өткізіп, кішкентай оқырмандарға сыйладым. Сондағы балалардың ер­тегі­лер әлеміне қызыға еніп кетуі – сіз қымбат деп бағалап отырған баспа құнынан да артық әсер сыйлағанын несіне жасырамын? Балаларға арналған кітап­тар, әсіресе заманауи ертегілер же­тіспейді. Қазіргі балалар қы­зы­ғып оқулары үшін, кітапты сапалы жазып, суреттермен көр­кем­деп шығару қажет. «Даниял­дың ғажайып әлемі», «Алуан түсті балықтар және Дария» кі­тап­тары үш тілде және дискімен қоса шықты. Яғни кітаптың тіл үй­ренуге де көмегі зор. Одан бө­лек, «Қызыл бәтеңкенің басынан кешкендері», «Шымыр атты марғау» кітаптарымның оқырма­ны­ның оң бағасын алып үлгергені қуантады.
Ал олардың безендірілуі туралы айтар болсам, балаларға арнап кітап шығарған соң,
иллюстрация үлкен роль атқа­ратынын есте ұстау керек. Өкі­ні­штісі, еліміздегі балаларға арнал­ған кейбір ертегі кітаптарда иллюстрация мүлдем жоқ, кей­бірінде ақ-қара түсті суреттер. Балалар әлемі – жарқын әлем. Оларға арналған кітап та ашық-жарқын түстерден құралуы керек. Суретші жалдап, кітап шы­ғару қыруар қаржы талап етеді. Бірақ ол балаларға арналған кітап болғандықтан, бірінші кезекте балалардың талабы мен сұ­ранысы тұруы керек қой деп ойлаймын.
Жүрек түкпірінде жүрген тағы да біраз дүниелерім бар. Жал­пы, менен ертегілер туралы сұрасаңыз, жалықпай, таңға дейін әңгімелей беруім мүмкін.
Осы орайда әрбір ата-ана балаға кітап оқытар алдында оның ішінде не жазылғанын өз­дері бір шолып шықса деген тілегім бар. Ата-ана сыртына қы­зығып сатып алған ертегілерде негізінен басқа елдің тарихы, түсінік-пайымы, ұстанымы айтыла берсе, бүлдіршін өз елінің мақсат-мұратын қалай түсінбек? Ер­те­гі­лердің көбі «мақсат-мұ­ра­тына жетіпті» деп аяқталатынын білесіз ғой. Бала кітапты түгес­кенде, ертегі арқылы өзін айнала қоршаған ортаның мақсат-мұратын түсінбесе, оның орнына өзге елдің аңсар арманын ұқса, кімнің ұтылып, кімнің ұтқаны?
– Әңгімеміздің басында 1-3 жас аралығындағы балалардың қандай ертегіге құмар екенін айтып едіңіз. Сіздіңше, бір жастағы сәби кітапқа қалай құмартпақ?
– Суретті, сапалы кітапті кез келген сәби қолына ұстап көруге ұмтылады. Егер мәселе оның әріп танымайтынында болса, ондай кітапқа қосымша аудиодиск салғанымызды ескерте кеткім келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!


P.S.:

Ертегілер әлемі кішіні де, үлкенді де баурап әкететін сиқыры бар ғажап дүние. Таңғажайып әлемнің тылсымы ертегі-жырларда жасырынып жатқанын ұғып, қиялымызға қанат бітірген шығармаларды жастанып жатып оқитынымыз күні кеше еді ғой. Жан Аманидің де ертегілері талай оқырманын сонау бір қиырларға жетелей жөнелетін шығар. Оның ертегілерінде айналаның бәрі мейірім төгіп, жылылыққа баурайды. Бірде теңіз толқынының еркесіне айналған балық боп тіл қатса, келесіде жан-жануарлар әлемі арқылы қиял-ғажайып әлеміне тартып кетеді. Енді бірде бәтіңкеге дейін тіл бітіп, бауырмалдықтың, көпшіл болудың жайын айтады…

Әңгімелескен Қ.Серікқызы.

Пікір қосу