АҚ ӘТЕШ

0
213 қаралды

Тауықтан да батыр шығады

Ақ әтеш есейгелі Зиба апаға да, бізге де, көршілерге де ты­ныш­­­тық жоқ. Ұрыншақ бәле көршілердің ауласына жиі барып, тауықтарын шулатып жүргені. Зиба апа ақ әтештің ұрыншақтығына ашуланғанда оның көзін сол сәтте-ақ құр­тып жібергісі келеді де:
– Қой, тимейінші Ксения, қыздың маған берген сыйлығы ғой, – деп райынан тез қайта­тын.
Осыдан екі жыл бұрын біздің ауылдың 7 жылдық мектебіне орыс тілінен сабақ беруге келген Ксения атты швед қызы өзі­мен бірге ала келген екі ақ балапанды Зиба апаға сыйлаған еді. Зи­ба апа әкемнің туған қа­рын­да­сы. Күйеуі қайтқалы бес-алты жылдан бері қызы Қара­шаш екеуі бір аулада бізбен көр­ші т­ұрады. Балапан­дары­ның, екеуі де еркек екен. Есе­йе келе екеуі де сұлу болып өсті. Біздің ауылдың қарашұбар ты­­қыр айдарлы жатаған әтеш­те­рін­дей емес, мүлде бөлек. Олар өс­кен сайын сирақтары ұзарып, қызыл гүлдей желкілдеген әсем айдарлары аппақ түстеріне ерекше әрлендіре түскендей. Өздері өте батыл, өжет-ақ. Есейген сайын итке де, құсқа да, адамға да айбат шегетін болды. Үй маңына келген бұралқы иттерді тыр­қырата қуып тастайды. Әттең, сол ба­тыл­дықтың, төбе­лескіш­тіктің кесірінен біреуі итке таланып, ерте өлді. Енді жалғыз қал­ған әтешті өзімнен екі жас үлкен ағам Жомарт екеуміз ит-құсқа ти­гізбей, қыз­ғыштай қорғап жү­реміз. Қанша қорғасақ та, төбелесқұмар пәле аула маңына ештеңе жолатпайды. Ақ әтештің сұлу тұлғасы да, өжеттігі де ауыл балаларына қатты ұнады. Ақ әтеш есейгелі балалар оның күшін сынау үшін Өмірбектің қара шомбал атанған ірі сақа әтешімен айқастырғанша асы­ғу­да. Ауыл әтештерінің ішін­де қара шомбалға тең келе­тін әтеш жоқ. Оның бұқаға ұқсас қысқа мойынымен бірыңғай бұлшық етті сом тұлғасын көр­ген­де ерік­сіз сүйсі­несің. Қара шомбал де­се, қара шомбал­дың нағыз өзі. Жазғы демалыс баста­лысымен-ақ ауыл балалары Өмір­бекті де, мені де қоярда-қоймай үгіттеумен жүріп, ақыры жексенбі күні ауыл сыр­тын­дағы алаңға сағат он­да жи­нал­дық. Ауылдың жеті­жыл­дық мекте­бін­дегі балалар түгел келіп­ті. Олардың арасында үлкен­дер де жүр. Өмірбек екеуміз әтеш­те­рімізді алып келе жатқан­да дөң­гелене жиналған жұрт қол соғып, шуласа даурығып қарсы алды. Ауыл­ жұрты осынша қоше­­метпен қарсы алып жат­қанда әтешім жеңсе екен деп, Алладан тілек тілеумен келдім. Айқас басталар алдында әте­шімнің күшін сақ­тап, бір күн бұрын далаға қаң­ғырт­пай, қамап ұстадым. Егер әтешім осы жолы жеңіске жетсе, онда екеуміз де ауыл балалары­ның алдында үлкен беделге ие болар едік. Бірінші Жаратушыға, екінші әтешімнің өжеттігіне сенемін. Дөңгелене жиналған жұрт орталарынан төреші де дайындап қой­ған екен. Денешы­нық­тырудан сабақ беретін Мақ­сұт ағайды сайлапты. Ол кісі бізге:
– Ал, кәнекей, әтештеріңді бір-біріне қаратып ұстаңдар да, мен берген командамен жібе­ріңдер, – деді. Айтқанын орын­дадық.
Бұған дейін екі әтештің де мық­тылығын жер-көкке сый­ғызбай мақ­тап жүрген балалар айқас басталысымен-ақ: «Әй-да, соқ! Әй-да соқ», – деп шуласып кетті. Екі әтеш те жан­күйерлердің көңілінен шық­қысы келгендей бір-біріне гүрс-гүрс атылып, ай­қас бірден қызды. Қарашомбал ақ әтешке қарағанда аласалау, мойны да, аяғы да қысқа. Бі­рақ сомдалған тығыршық де­несі ірі. Тура ежик шашты бұқа палуан­дар­ға ұқ­сайды. Ал ақ әтеш оған қара­ғанда сидам. Бойы биік, аяғы ұзын, дене тұрпаты жеңілдеу. Қарашомбал оны тығыршық денесімен екілене соққанда анау шалқалай құлайды да, іле қайта тұрып, қайта атылады. Тегеуріні мықты қарашомбал ақ әтешті бірнеше домалатып түсіргенде оның күшіне риза болған балалар: «Әй-да соқ, әй-да соқ, жаса қара шомбал! Жаса Қарашомбал!», – деп шуласа айқайлап кетті. Екі әтештің де айқасы әбден қызды. Қара шомбалдың екпіні өте қатты. Қанша дегенмен, сақа әтеш жас әтешті кеуделей соғып, шыдатар емес. Әтешінің басым­дылығына риза болған Өмірбек қалай екен дегендей Жомарт екеумізге кезек қарап қояды. Аракідік әте­шін қол­паштап: «Үй, Қара­шомбалым, үй қара тарланым, әй-да соқ, әй-да соқ, аямай соқ», – деп мақ­­тана айқайлайды. Уақыт өткен сайын екеуінің де екпіні басыла бастады ма, ара­кідік жер шоқығансып, бір-біріне айбат шеккен болады да қайта атылады. Кейде тістесіп қалған­да бір-бірінің айдарын шоқып та үлгереді. Ақ әтештің айдарынан аққан қан аппақ денесінен айқын көрініп жүр. Ал Қарашомбалдың тықыр айдарынан қан байқал­майды. Ақ әтеш қанша қансырап жүрсе де, шабуылын бірінші бастап, қара­шомбалға өршелене атылады. Өжет мінез қайсарын, қар­сы­ласының екпіні бәсеңдеген сайын, жиі атылып енді оған ес жиғызар емес. Қарашомбалдың шабуылы бәсеңдеп барады. Оның шаршағаны аңғарыла бастады. Аузы ашылып кеткен. Жайылып кеткен қанатын да жия алмай, алқына дем алады. Осы кезде Өмір­бекке көзім түсіп кетіп еді, ол бұрынғыдай емес, әтешінің мүшкіл халін көріп, жыларман болып отыр екен. Ақыр соңында ақ әтештің жиі шабуылына төтеп бере алмаған Қарашомбал бас сауғалап қаша жөнелгенде Өмір­бек жүгіріп келіп, әтешін көтеріп алды да:
– Кеше жемді көп беріп қой­ып­пыз, – деген сылтаумен әтешін құшақтаған бойда тайып тұрды. Ақ әтештің ерлігіне риза болған жұрт орындарынан шуласа тұ­рып, «жаса, жарайсың ақ әтеш!», – деп стадионды бастарына көтерді. Осы айқастан кейін ақ әтештің атағы бүкіл ауыл бала­ларының мақтанышы­на айналды. Бәрінің де айтары ақ әтеш. Қарашомбалды жеңіп, атаққа ие болған ақ әтешті бұ­рынғыдай көршілер де қумай, қайта оның келгеніне қуанып, өзі жиі жұ­мырт­қалайтын тұ­қым­­нан екен, тұқым алайық дей­тін болды. Бұрын ұрын­шақ мінезімен көр­шілердің тауық­тарына қырғидай тиіп, талай қуғын-сүргінді көріп, бірнеше ажалдан қалған ақ әтеш еркіндік алғалы қай көр­шіге барса да, қоразсымақ­тарын қуып шығып, тауық­тарын емін-еркін иеле­нетін болды.
Мәртебесі өскен ақ әтеш көр­шілердің ауласынан кейде кеш оралса, кейде келмей де қалатын­ды шығарды. Келмей қалғанда Зиба апай тағы да біреудің қора­сын­да жат­қан шығар деп бұрын­ғыдай ізде­мейтін де болды. Ақ әтештің далада қонып қалуы жиілегенде Зиба апай Жомарт екеумізге ұрыс­қан­дай боп, оған да ренішін аңғартатын.
– Қаңғыбас-ай, әбден қаң­ғитын болып алдың-ау. Бір күні басың далада қалмаса жарар еді, – дейді бұрқырап.
Ақ әтештің бір күні қызық оқи­­ғасына тап болдық. Астанадан ақын ағамыз келіп, аула ішінде Жомарт үшеуміз отыр едік, әдеттегідей кештете орал­ған ақ әтеш аула қақпасына қонды. Зиба апа осының алдында ғана тауықтарға жем салған болатын. Ол жем жеп жатқан тауықтарына биіктен біраз қа­рап тұрды да, ауланың шетіне қарай ұшып барып, тас түйір­шігін шоқыған болып, қайта-қайта қыт-қыттай бастағанда жем жеп жатқан тауықтар әтеш­тің даусын естісімен, оған қарай жапа-тармағай жүгірді. Осы сәтте келіп өзін қоршаған тауық­­тар­дың ішінен ақ әтеш көңіліне қалаға­нын басып қалғанда, мұны көр­ген ақын аға қайран қалып:
– Туһ, не деген айлакер! Мұн­дай да айлакер болады ек­ен-ау. Көп тауықты қуып әуре болмай-ақ, оларды айламен өзіне шақырып алып, көңіліне ұна­ғанына оп-оңай ие болып қала­ды.
– Апырым-ай, әр жара­ты­лыс­тың өз құпиясы болады екен-ау, – деп ақ әтештің ісіне таңыр­қай қарайды.
Әкем ертең өзен жағасынан құрғақ тал жинап алып келіңдер деген соң, Жомарт екеуміз ерте жаттық. Жазғы уақытта көбіне аула ішінде ұйықтайтынбыз. Қатты ұйқыда жатыр екенмін, баж етіп кеудеме қонған тауық­тың дауысынан шошып ояндым. Көзімді аша салып, неде болса ақ әтеш шығар деймін. Дәл өзі. «Қоқ-қо-қақ», – деп қа­шып жүр­ген әтешті Зиба апай қолына таяқ алып, қуып жүр. Әтеш пен апай­дың айқайына көршінің иттері қосылғанда, азғантай ауыл әп-сәтте у-шу болды да қалды. Зиба апаның ақ әтешті неге осынша өшіге қуып жүр­генін кейін біл­дік. Шай қой­мақ­шы болып, құдықтан су алып, шелекті жиегі­не қоя бергенде, шөлдеген ақ әтеш шелекке қонып, аударып кетеді. Су толы шелек апайдың тура ая­ғына құлайды. Ұрыншақ әтешке әбден ашуы келген апай жарақат алған аяғын сылти басып, оны қоярда-қоймай қуып жүр. Біздің оянғанымызды көре салып:
– Маратжан-ау ана бәлені маған тірідей ұстап беріңдерші. Басын жұлып, сорпасын ішейін деп кіжінеді.
– Соның көзін баяғыда құ­р­ту керек еді, – дейді ұйқысы қанбай қалған Жомарт.
– Әй, болмаса сол бәлені тал шабуға барғанда ала кетіңдерші. Далада ішкен ас тәтті болады. Кас­троль берейін, – деп апай бізді қызықтырған болады. Апай­дың осы сөзінен кейін ақ әтешті көршінің ауласынан үйге қайта қуып келдік. Көршінің ба­лалары қосылып, жабыла қау­малап ұстамақшымыз. Бірақ ақ әтеш бізге оңайлықпен ұс­та­тар емес. Біресе қораның тө­бесіне, біресе қақпаның үстіне қонып, жерге түспей қойды. Құр қуған­нан ештеңе шықпайтын болған соң, апай енді айлаға көшті. Табаққа жем салды да, тауықтар­ды қыт-қыттап қораға қарай шақырды. Қашан да қыт-қыттап шақыр­ғанға үйренген тауықтар апай­дың соңынан лап қойды. Енді ақ әтеш қайтер екен деп, біз үнсіз бақылап отырмыз. Ақ әтеш жан-жа­ғына сақтана қарап, кішкене тұрды да, қораға қарай ұшып, бір­ден ашық есікке қойып кетті. Бізде соңынан тез барып, есікті жаба қойдық. Есік жабылысымен қора іші, әп-сәтте опыр-топыр у-шу болып кетті. Жан­ұшыра бажылдаған тауық­тардың даусымен қоса, апайдың ырс-ырс алқынған үні де естіледі. Қоқ-қо-қақ деген ақ әтештің дауысы естілі­сімен, біз де ұсталды-ау деп қуанғаннан есікті аша қойдық. Қолында әтеш, қас жауын жайратып шыққан батырдай Зиба апа сыртқа шыққанда айналадағы балалар қуана шулап қоя бердік. Апай­дың басындағы орамалы иығына түсіп, шашы жалбырап кеткен. Жаратылысында толық ірі адам­ның шаң мен терге ай­ғыздалған ақ-сары жүзі күреңі­тіп, алқына дем алады. Қолын­дағы ақ әтешке кіжіне сөйлеп:
– Сорпаң ішілгір-ай, бүгін қай­т­сеңде сорпаң ішілер, бә­лем, – деді де Жомарт ұстап тұр­ған қапшыққа сүңгітіп жіберді.
Әкем тор биені арбаға жегіп, сыртта күтіп тұрған еді. Біз жүре бергенде әлі де ақ әтешке өші кетіп бара жатқан апай:
– Сол бәленің сорпасын маған да ала келіңдерші, – дегенде әкем кеңкілдей күліп:
– Құдай-ау, күнде ит қыр­ғында жүрген сол бәледе қандай сорпа болушы еді. Одан да тез жұмыстырыңды істеңдер де, тез үйге қайтыңдар, – деді. Өзенге келісімен Жомарт кастрольге су толтырып алып келді де:
– Ертерек кастрольді отқа қой­­сақ, ет те пісіп үлегереді, – деп есі шығап жүр. Қолына бал­таны ұстап алған:
– Тез бол, басын балтамен бір-ақ шауып, жүнін жұлайық, – дейді.
Мен балапан кезден қолда өскен әтешімді қимай, сылтауға көштім.
– Жә, балтамен шабуға болмайды. Еті харам болады, пыш­ақ­пен бауыздау керек, – дедім.
– Қап, пышақ алуды ұмытып кетіппіз ғой. Басы шабылып, қан шыққан соң бәрібір емес пе?, – дейді Жомарт дегбірсіз­деніп.
Мен де сылтау айтып, болмай қойдым.
– Болмаса «Бісмілләні» айтып, тамағын шынымен іреп, қан шығарайық, сосын балтамен шаба бер, – дегенімде:
– Мұның да дұрыс екен, – деді де бірден шыны іздеуге жөнелді.
Әтешімді алдыма алып, ұзақ отырдым. Сірә, бұл маңайдан шыны табу да оңай емес шығар. Жомарт кеткелі біраз уақыт өтті. Ақыры әтешімді союға қимай, ол келгенше қалың жы­ныстың арасына қоя бердім. Мен босатысымен ақ әтеш тұра қаша ма деп ойлаған едім, ол кішкене ұзай берді де, артына қарап тұрып қалды. Қанша дегенмен, қолда өскендіктен шығар, бірдеңені сезгендей маған қарап біраз тұрды да, қалыңға қарай ақырын басып кете берді. Осы кезде қайдасың деп айқайлаған Жо­март­тың даусы ести сала арбаға келдім. Ол шыны сынық­тарын жинап әкеліпті, мені көре сала:
–Өй, әтеш қайда? – деп дүрсе қоя берді.
– Қолымнан байқаусызда шығып кетті, – деп едім:
– Туһ, шірік-ай. Бір тауыққа ие бола алмағаның ба? – деді де мен келген жаққа қарай жүгіре жөнеліп, қайта оралды да:
– Мейлі, кетсе-кетсін. Қолда өс­кен әтешіміздің етін жеме­ге­німіз де дұрыс шығар. Қар түскенге дейін біраз уақыт бар. Тірі жүрсін. Бірақ оның аппақ түсі, жыртқыштардың көзіне бірден шалынады-ау. Ең бол­ма­ғанда, сыныптас досым Серікке бере салу керек еді. Ол ылғи да әте­шіңді екі-үш күнге біздің тауық қораға жібере тұр, тұқым алайық дейтін. Қап, әттеген-ай, Серікке де бұйырмады-ау. Қой, қалайда оны іздеп тауып ала­йық, – деп қалың жынысқа кіре бергенімізде төбемізден құл­дилай төмендеп келе жатқан дәу қарақұс ағынымен қалыңға қойып кетіп еді, ақ әтештің үні бірден естілді. Ол қайта көтеріл­генде уысында әтеш төбемізден баяу ұшып, биіктей берді. Біз де соңынан айқайлай жүгіріп, қо­лы­мызға не түссе соны лақты­рып:
– Таста-таста, – деп қуып бердік.
Ол біздің айқайымызға елең етпестен, ауылға қарай ұзай бер­ді. Ақ әтештен көзбе-көз айырылып қалғанымызға қатты өкін­дік.
– Сірә, ауыл сыртындағы бө­гет басына ұя салған қара құс осы шығар, – дейді Жомарт өкініш­пен.
– Иә, дәл соның өзі, – дей­мін мен де өкінішімді жасыра алмай.
– Қа-ап, ақ әтеш ақыры қара құсқа жем болдың-ау!..
Қураған талдарды арбаға тиеп болып, суға түсіп біраз дем алдық, ақ әтеш ойымыздан кетер емес. Қара құс оны балапандарына апарып, боршасын шығарып, бөлшектеп жатқандай елестейді. Қайтейік, енді ақ әт­­е­ш бізге жоқ. Ауылға кештетіп оралдық. Жол бойы үнсіз ке­леміз. Екеуміздің де оймыз ақ әтеш екені белгілі. Ауылға жа­қын­дай бергенімізде Серік алдымыздан шыға келді. Астында көк құнаны ол бізге жанаса бе­ріп, қарқылдай күліп алды да:
– Әй, сүйіншімді бересің­дер ме?, – дегенде екеуміз де елең ете қалдық.
– Иә, берейік. Қандай сүйін­ші? – дейміз қосарлана елең­десіп.
– Сүйіншімді шын бересің­дер ме?
– Иә, береміз.
– Алдымен ақ әтештен қалай айырылып қалғандарыңды ай­тың­даршы, екеуің бірдей жүріп, – деп, тағы да қарқылдай кү­леді.
– Ей, мынау не деп тұр? Оны қайдан білдің? – десек, «ақ
әт­еш­тің өзінен білдім», – деп әңгімесін бастай жөнелді.
– Бөгеттің арғы бетінен ауыл­ға бет ала бергенімде қыр жақ­тан жылқышы Мақсұт ағай келе жатыр екен. Ол кісінің қашан да мылтығы жанында жүретіні белгілі. Біздер бөгеттің үстіне енді шыға бергенде сол маңға ұя салған қара құс бізге қарай ұшып келе жатыр екен. Жақындаған сайын оның уы­сын­дағы ақ әтеш айқын көрінді. Мақсұт ағай мылтығын дайындап жатып:
– Мына бәле жұрттың тауы­ғын ұрлап әдеттенген-ау, сірә, – деп атуға ыңғайлана бергенде:
– Басынан асыра атыңыз, балапандары бар ғой, – дедім.
– Мылтық гүрс ете түскенде шошына үріккен қара құс жем­тігін тастай ұшты. Ол ұядағы екі балапанына соқпастан, мидай далаға бет алды. Ақ әтеш жалпылдай ұшып, бөгеттің жиегін­дегі құмға қонды. Сірә, қорқып, есіп шығып қалған болу керек, мен аттан түсіп, көтеріп алған­ша, былқ етпеді. Ақ әтешті Зиба апайға табыс еткенімізде, ол кісі­нің қуаны­шында шек болсайшы, ашумен айырылып қала жаз­дағанына өкініп, үйрек-тауы­ғымның сақшысы еді деп, әтешті құ­шақтап мәз болды. Серіктің әңгімесін естігеннен кейін, үйге жеткенше асықтық. Ақ әтеш көп тау­ық­тың ішінде ештеңе бол­мағандай, емін-еркін жүр екен. Оның тірі қал­ғанын өз көзіміз­бен көргенімізде, біз де Зиба апайдан кем қуан­ғанымыз жоқ.
Биылғы жаз біздер үшін тез өткендей болды. Ауылдың – жетіжылдық мектебін аяқтаған балалар, енді аудан орталығын­дағы мектепке оқуға бармақ­шы­мыз. Ауданда тұратын әкемнің інісі Әділ аға біздерді алып кетуге келген екен. Жомарт болса екі жылдан бері сол үйде жатып оқитын. Енді мен де барамын. Таң елең-алаңда тұрып, жолға жиналып жатқанымызда басқа тауықтармен бірге аула ішінде жүрген ақ әтештің үйге қалай кіріп кеткенін байқа­маппыз. Нақ жүрер кезде курткамды алмақ болып келсем, үлкен бөлмеден біреу бірдеңе қаққан сияқты дүркін-дүркін дыбыс шығарады. Не екенін білейін деп келсем, гарнитурдың айнасына қайта-қайта атылып жат­қан ақ әтешті көріп, қайран қалдым. Өзі әбден шаршаған. Сірә, бөлмеге кіріп кеткеніне көп уақыт өткен-ау. Аузы ашылып, қанаты да жайылып кеткен. Айнадағы ақ әтешті жеңе алмай, әбден қалжырапты. Ақыр соңында тәлтіректей басып, айнадағы әтешке атыла берді де, жатып қалды, өмір
бо­йы жекпе-жекте жеңіліп көр­меген әтешімнің қазіргі халін көріп, аяп кеттім де бірден дала­ға алып шықтым. Оның шарша­ғаны сонша, кеудесі солқ-солқ етеді. Шыққан бойда таңның салқын желіне қаратып, қақпа биігіне қондырдым. Сыртта ба­лаларын шығарып салуға келген жұрт, ақ әтешпен мені көре салып:
– Әй, ақ әтешіңмен әлі қош­та­сып жүрсің бе, – дейді.
Әкем де оларға қосылып:
– Әтешіңді қимасаң өзіңмен бірге оқуға ала кетпейсін бе? – дегенде, жұрт ду күлді. Осы сәт­те әбден қалжыраған ақ әтеш өші қалған жауына ақтық рет сес көрсет­кендей қанатын бір-екі қақты да, қашанғы зор даусымен шақыра беріп биіктен құлап түсті. Ой, мынаған не бол­ды деп жұрт аң-таң болды. Мен оларға болған оқиғаны ай­тып едім, бәрі де қайран қалып:
– Ой, ерім-ай. Ақыры жеңі­сімен бірге кетті-ау, шіркін ақ әтеш, – дейді.
Екі қанаты жайылып, шал­қа­сынан өліп жатқан ақ әтеш бейне ұрыс даласында қалқа­ны­мен қоса құлап жатқан ерте­дегі батырларды көз алдыға елес­тет­кендей еді. Шіркін, ақ әтеш, ақыр жеңіспен ажал құш­ты. Біз қозғала бергенде, таңмен оянған жас қораздар үні әр жерден естіліп жатқанда, Серік мені түртіп:
– Марат, ақ әтешің өлген жоқ. Осы шуласа шақырып жатқан қораздар соның ұрпақ­тары, – деп көңілімді жұбатқан­дай болды.
Иә, ақ әтешім өлген жоқ. Он­ың артында өзіндей болып ұрпақтары қалды.

Пікір қосу