Екі повесть – бір қойылым
15.12.2017
3038
0

Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы Мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрында көрнекті жазушы Сайын Мұратбеков­тің «Жусан иісі» (сахналық нұсқасын жасаған және режиссері Жұлдызбек Жұманбай) спектаклінің премьерасы өтті.

Балалар мен жасөспірімдер театры деп аталатын ұжымның репертуарына, шын мәнінде, жет­кіншектерге арналған дү­ние­­нің қосылғаны құптарлық. Соң­ғы жылдары осы өнер орда­сы­ның репертуарлық қоржы­нын­да әкемтеатрмен жарыс­қан­дай ересектерге арналған спе­к­­так­льдердің қарасы көбей­ген еді. Басшылық тізгіні өзгер­ген екі маусымда бұл олқылық­тың орны толығып жатқаны байқалады. Ұжымның балалар мен жастар тақырыбына ар­нал­ған драматургия жоқ деп, қол қусы­рып қарап отырмай, қам­данып-қарекеттенуі қуантарлық жағ­дай. Әсіресе, төл әдебие­ті­міз­дің іргелі саласы – прозалық шы­ғар­маларға бет бұрып, сахналау­ды қолға алуы адастырмас ба­ғыт.
Сайын Мұратбеков қазақ әдебиетінде ойып алар орны бар, туындылары бейнелі сөзге, драмалық шиеленіске бай, замандас келбетін жеткізуде өзін­дік шеберлігі қалыптасқан жазушы. Оның шығармалары­ның ішінде «Жабайы алма» мен «Жусан иісі» повестері ерекше дараланып тұрады. ІІ дүниежүзілік соғыстың дүрмегін суреттейтін бұл қос туындының идеясы – адамгершілік пен отанға деген сүйіспеншілікті жырлау, қиын­дықпен күресіп, адамдық қал­пынан жаңылмау. Сұм соғыстың салдарынан ерте есейген балалар өмірін баяндайтын бұл шығармалардың бүгінде өзек­тілі­гі артпаса, әсте кемімек
ем­ес. Тәуелсіздіктің ақ таңында ғұмыр кешіп жүрген қазіргі ұрпақ Отан үшін жанын қиған ата-бабаларымыздың ерлігі мен жанкештілікпен тылда еткен еңбегі туралы аракідік естігені­мен, қу майданның нәубеті жайын­да, құрбан болған жастар тағдырын, «қара қағаздың» сырын терең ұғына бермейтіні жасырын емес. Аталған екі шы­ғар­ма оқиғалар легінің тартым­дылы­ғымен, баяндау тәсілінің жүйріктігімен, ауыл адамдары­ның психологиясын дөп баса­тындығымен құнды. Сондықтан да сахнаға қоюға сұранып тұрған көркем дүниелер.
Тақырыбы жағынан ұқсас келгендіктен режиссер, әрі инсценировка авторы Ж.Жұманбай екі туындыны бір спектакльге тоқайластырыпты. Екі проза­лық шығармадан бір спектакль жасау қойылым авторына оңай­ға түспегенін анық байқадық. «Біт­кен іске сыншы көп» демек­ші, ол туралы сәл кейінірек баяндасақ.
Шындығын айтқанда, повес­­тердің сахналық нұсқасы көпшіліктің көңілінен шықты. Көрермендер (басым көпшілігі мектеп оқушылары) екі жарым сағатқа созылған спектакльді сілті­дей тынып тамашалады. Көптен бері көрерменнің мұндай ықы­ла­сын көрмей кеткен едік, сол себепті іштей қуанып отыр­дық.
Шымылдық ашылғанда ша­ңы­ шығып, әр жерде қураған шөптің сабаны жамырай ша­шыл­ған алаңқай көрінеді. Сахна ортасында тақтайшалары құлаған ескі қорымды еске салған сандықшалар қойылған. Бас кейіпкер Қанат (актер М.Сәбитов) шығып, тақтай­ша­ларды киімінің жеңімен сүртіп-сүртіп жіберіп: «Әжібек, Садық, Қосым» деп адамдардың есім­дерін оқи бастайды. Балалық шағы туралы естеліктерге ұлас­қан монологтан соң ол көрер­менді есте жоқ ескі күндердің оқиғасына ендіріп жібереді.
Жанры «драма» деп анықтал­ған спектакль жанр табиғатын бұзбай, таза сақтаған.
Спек­так­льді жасаған шығарма­шылық құрам: суретші-сценограф А.Жү­сіпәлі, композитор Ғ.Секеев, хореограф
К.Жиренбаева, талантты актер­лік труппа және оларға жаңаша көркемдік серпін берген тосын режиссерлік шешімдер біріге келіп, елеулі табысқа қол жет­кізген. Атап айтқанда, режиссер Ж.Жұман­бай қойылымның көпшілік сахналарын ұтымды шешіпті. Мәселен, майданнан қайтқан Ырысбектің ауылға оралу сәтін­де, егісте жүрген қыз-келіншек­терге көмекке келген балалардың өгізбен жер айдайтын кездерін, тағы да басқа көпшілік көрініс­терін көркемдікпен шешуі әсер­лі. Режиссердің актерлермен қоян-қолтық еңбек еткені бірден көзге түседі. Мық­ты құрылған актерлік ансамбль осының дәлелі. Қазақстанның халық артисі Р.Әшірбекова (Ба­пайдың кемпірі) бастаған құрам: Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Л.Кәден (Қанат­тың анасы), Ж.Құрманбеков (Иманжанов), Қ.Қуандықов (Байдалы шал), Т.Құралиев (Көлбай керең), С.Қарабалин (Бапай шал), К.Белжанова (Бәтиқа) және С.Шаймерденов (Өкіл), Р.Ахметов (Нұғыман), Ырысбек (Б.Қамаранов), Зибаш (Ж.Ма­қа­шева), Д.Әбікеева (Дүрия), Ұ.Болатбек (Тоқтар), Д.Шымырбаева (Нұрсұлу), Ш.Үмбетқалиев (Әжібек), Н.Әбілқиясқызы (Нәзира), М.Сәбитов (Қанат), Е.Жақсыбеков (Есікбай), Д.Мырзахмет (Садық), О.Сақ (Қо­сым), Е.Күншібаев (Сәмет), Ә.Үмбетбаев (Бәтен), Р.Халық (Аян), т.б. жасаған сахналық бейнелер көрерменнің көкейіне ұялады. Актерлердің шебер ойыны спектакльдің ерекше атмосферасын түзген. Мұны театр ұжымы мен режиссер
Ж.Жұ­манбайды шығарма­шы­лық табысы деуге толық негіз бар.
Алайда, театр сыншысы ретінде кейбір олқы тұсты айтпай өту жөн болмас. Прозаны сах­наға лайықтау оңай шаруа емес. Сондықтан екі повесті жеке дара бөліп қоюға да болар еді. Себебі, инсценировка тұр­ғысынан қарапайым көрерменге бірден байқала бермейтін кем­шілік­тер кеткен. Ауқымды екі шығарманы қамтуға деген ниет шала-шарпы бірқатар сахналық көрініс аяқсыз қалған. Мысалы, Өкіл мен ұрлық үстінде әшкере бол­ған Нұрсұлудың жайы, Аян­ның ертегісін тыңдай отырып шеккен шылымның кесірінен өртке ұласатын сахна да аяғына шық­паған. «Жусан иісі» деп аталатын спектакльде «Жабайы алма» басымдық алып кетті.
«Жусан иісін» оқығанда қым-қуыт оқиға желілері арасынан қу соғыстың кесірінен же­тімдік қамытын киюге мәж­бүр болған Аянның тағдыры айрықша әсер ететін еді. Спектакльде бұл желі атүсті қам­ты­лып, жетімдік тартқан Аянның азабы, жан қияметі толық баяндалмады. Соның салдарынан шығарманың көтерер жүгі, көркемдік идеясы жеңілдеп, әлсірегендей. Соғыс зұлматын білмейтін жастар үшін ары-бері сандарын сабалап жүгірген Есікбай, Қосым, Садық, Сәмет, Аян, Бәтен, Әжібектер арлы-берлі жүгіргеннен басқа шаруасы жоқ балалар ретінде ғана көрінеді. Олардың еңбекке ерте араласып, азамат болып қалып­тасуын көрсеткенде спектакль сөзсіз ұтар еді.
Бас кейіпкер Қанаттың (актер М.Сәбитов) қаба сақалмен өнер көрсеткенін қабылдай ал­мағанымызды жасырмаймыз. Балалар тобынан бой жағынан да, денесінің кесектігі жағынан да бөлек-жырақ тұрған Қанат­тың сақалы да эстетикаға қайшы келіп, көзге түрпідей тиді. Ре­жис­сердің барша оқиғаға Қанат­тың көзімен қарауға деген ойы түсінікті, алайда бұл шешім сахналық шарттылыққа сенімсіз реңк беріп алды.
Біздің ойымызша бұл олқы­лық спектакльдің көркемдік құндылығын төмендетпейді. Ке­рісінше, көрерменнің қойы­лымға одан әрі терең үңілуіне жол ашады деп сенеміз.

Меруерт Жақсылықова,
театртанушы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір