Сахнада – Сал Біржан
15.12.2017
1847
0
Адасқақ. Осы атаумен әу баста көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Асқар Сүлейменовтің прозалық еңбегі ретінде оқырманға жеткен әнші-композитор Біржан салдың өмірі жайлы толғаныс енді драма-диалог ретінде сахнаға шығып, көрерменге жетті. Біржанмен әңгіме арасында Ақан оған «Ән – зар һәм мінә­жат. Ол әуелі жүректі бауыздайды…», – дейді. Автордың бұл сөзі қойылымда Ақанның аузымен айтылғаны­мен бүкіл әншінің ішкі толға­нысын жеткізсе, Паң Нұрмағамбет айтатын «Ат пен азамат тақым үшін жаралған. Ел тақымы үшін», – деген тұжырым ел тізгінін қолға алған әр азаматтың ойынан хабар беріп тұрғандай. Енді бірде Біржан Ақанға «Өнер – кесел. Кеселіміз бір болғанмен жанымыз бөлек… Өнер – құлын, өмір – ене», – дейді.
Драма-диалог тек Біржан мен Абай, Біржан мен Ақан, Біржан мен Паң Нұрмағамбет, Біржан мен Әпіш, тіпті, Біржан мен Тәшмәт арасындағы ғана әңгіме емес, кешегі һәм бүгінгі қоғамдағы рухани құндылық пен материалдық құндылық­тың, әр адамға әр деңгейде берілген таным-түсініктің диалогы. Әрбір өнер адамы кеселді. Жаратқанның берген өнеріне қызмет ету мен оны бағалап, түсіну барлық өнерпаздың қолынан келе бермейді. Қоғамға түсіндіру тіпті қиын. Жер бетіндегі өнер адамының орны мен міндетіне нақ баға беру оған талпынған адамды терең философияға жетелейді. «Адасқақ» бүгінгі көрерменді осы тереңдікке бірге үңілуге, өнер адамының ішкі қайшылығын, қоғаммен қарым-қатынасын, шығарма дүниеге келердегі ішкі арпалысын бірге түсінуге шақырады. Күнделікті өмірде жиі айтылатын «Өнердің жүгі ауыр» деген сөзді шын сезінуге бір табан жақындатады.
Біз оқырманға М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының репертуарына жаңадан қосыл­ған «Адасқақ» спектаклі жайлы шығарманың сахналық нұсқа­сын жазған сыншы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежа­­нова мен театртанушы Анар Ерке­байдың пікірін ұсынып отырмыз. 


Әлия Бөпежанова,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері


«Адасқақ» –
интеллектуалды спектакль

Көрнекті суреткер Асқар Сүлейменов­тің шоқтықты шығармаларының бірі – «Адасқақ». Жазушы алғашында «Адасқақ­ты» киносценарий етіп жазуды жос­парла­ған. Бас кейіпкері Біржан сал бол­уы тиіс сценариінің орыс тіліндегі синопсисін 1981 жылы «Қазақфильм» киностудиясына «Плач о погибшей песне» деген атаумен тапсырған. Онысы қабылданбаған соң араға бірнеше жыл салып, «Адасқақ» деген атаумен прозалық циклын жаза бастады. Алғашқы бірер бөлігі «Қазақ әдебиетінде» және «Ле­нин­шіл жаста» жарияланды. Бұл циклын жазу­шы шамамен 1987 жылы жазып бітір­ді. «Адасқақ» толық 1988 жылы жарық көр­ген осы аттас кітабына енді. Ал 2013 жылы белгілі режиссер Әубәкір Рахимовтің өтініші бойынша прозалық шығарманың сахналық нұсқасын жасадым..
Жалпы жазушы-драматургтың сах­на­лық жолын ашуда режиссер Рахимовтің еңбегі зор екенін атап айтқан жөн. Әубәкір М.Әуезов театрында Асекеңнің 1989, 1993, 1994 жылдары «Төрт тақта-жайнамаз», «Же­тін­ші палата», «Қыздай жесір-штат қыс­қарту» трилогиясын сахналады. Қоғамдық ойы қуатты, пәлсапасы терең бұл драма-диалогтар кезінде үлкен резонанс тудырып, А.Сүлейменовке 1996 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Режиссер бұдан кейін, 1998 жылы жазушы-драматургтың «Кек» драма-диалогын қойды. Енді, міне, «Адасқақ».
Бұл туындының сахналық нұсқасын жасау оңай болған жоқ. Себебі А.Сү­лей­менов өте тығыз-нығыз жазатын суреткер. Қай сөйлемін алсаңыз да ойға ертіп тұр. Сон­дықтан да Асекеңнің ой жүлгесі мен сөз динамикасындағы тұтастықты сақ­тауға ұмтылдым. Спектакльде атақты ән­ші-композитор Біржан салды өмірінің соңғы шағында көреміз. Өмірбаяндық емес, өнербаяндық көркем қойылым оқиғалары бір күн ішінде, өң мен түс арасында өтеді. Дерт меңдеген Біржан сал. Өмір-өнер елестері. Абаймен, Ақанмен кез­десулер, рух түлетер қауышулар, кетісу­лер… Өнердегі ұстаным, өмірлік қағи­даларға байланысты қақтығыстар…
«…Өтерінде, кетерінде шыр айналды…» пәни дүниедегі өксік-өкініштер… Құм­сағаты түгесіле бастап, жаны шырқыраған Біржан сал ән-зар шығарады. Әнмен мінәжат етеді. Ол ән-зар-мінәжат – «Те­мір­тас». Қазақта теңдесі жоқ музыкалық жоқтау. Реквием…
«Адасқақ» – интеллектуалды спектакль. Интеллектуалды драма-диалог. Кейіпкерлерінің бәрі Ұлы даланың алыптары, ой ұстар, сөз ұстар, ел ұстарлары. Олардың өнерлік-өмірлік айтыстарының, рухани ізденіс-сілкіністерінің бүгінгі тағылымы үлкен. Бүгінгі күнмен өте үндес қойылым режиссер Рахимовтың азамат­тық-тұлғалық болмысын танытады. Режиссермен суретші М.Сапаров, композитор Б.Дәлденбай арасындағы шы­ғар­­машы­лық байланыс жақсы үйлес­кен. Қойылым – актерлердің шеберлігіне үлкен сын. Біржан роліндегі Б.Тұрыстың рухани ізденісі кейіпкерінің жан дүниесін терең ашады. Спектакльдегі Абай (Ж.Толғанбай), Ақан (А.Қырқабақов),
Паң Нұрмағамбет (Б.Әбділманов,
Ж.Әміров), Батыраш (Ж.Тинбаев), Әпіш (К.Шаяхметова, А.Сатыбалдиева), Тәшмат – (Е.Садырбаев) ойындары да қойылым­ның ішкі рухын жеткізуде маңызды қыз­мет ат­қа­рады. Көрерменге рухани қуаныш сыйлай­тын «Адасқақ» спектаклі қазақ сах­насының құнарын байыта түсері анық.


Анар ЕРКЕБАЙ,
театртанушы,
Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның доценті, өнертану кандидаты


Диалогтар алаңы

Қоғамның сан қырлы салмағын жан-жақты талдап жеткізе білген Асқар Сүлейменовтің шығарма­лары ұлттық драматургия­ға жазу стилі тұрғысынан да, танымдық жағынан да эстетикалық тың дүние болып қосылып, қазақ теат­рын­дағы қойылым­дары үлкен табыспен өтті. Өйткені өмірдегі диалектикалық қай­шылық, адам мен қоғам арасындағы қа­рым-қатынастар көрерменді әрқашан­да қызықтыратын дүние. Драматургтің «Төрт тақта – жайнамаз», «Жетінші палата», «Қыздай жесір – штат қысқарту», «Кек» пьесала­рының қойылуы театрға идеялық өткір­лік, көркемдік жаңа сипат әкелді.
М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекет­тік академиялық драма театры сахнасына А.Сүлейменовтің «Адасқақ» повесі бойынша жол тартқан спектакльдің де айтар ойы терең. Жазушының барлық драмаларын сахналаған тәжірибелі режиссер Әубәкір Рахимов «Адасқақтың» философиялық табиғатына сай күрделі сахналық шешімдерге бармай, бар ынтасын кейіпкерлер мінезін ашуға, ойын жеткізуге жұмылдырыпты. Әрине,
А.Сүлейменов секілді дарынды, сан қырлы қаламгердің шығармаларын түрлі тәсіл­мен қоюға болады. Мұны режиссер ал­дыңғы қойылымдарымен дәлелдеді де. Ал бүгінгі «Адасқақта» сыртқы бейне­лілік­тен гөрі – ішкі мазмұнның ашылуын, көрер көзге бірден анық байқалар сұлу шешімдерден гөрі – автор ойының актер ойыны арқылы жеткенін жөн са­нағандай.
Б.Тұрыс орындауында Біржан өткен өмірінің шалыс басқан қадамына қай­ғырып, өкінуімен қатар, бұл күйге жет­кізген себептерді түсінуге ұмтылған жан. Өмірінің соңында ауыр дертке шал­дыққан, өңі мен түсінің арасында жүрген қарт ақын шынайы өмір мен қиялды байланыстырушы, бүкіл оқиғаның қозғаушысы.
Сахнадағы диалогтар философия­лық-эстетикалық (Біржан мен Абай), саяси-әлеуметтік (Біржан мен Ақан), тіпті тұрмыстық (Біржан мен Әпіш) мәсе­лелерді көтеріп, жылдар өтіп, тарихи өзгерістер жүріп жатса да бұл сұрақ­тар­­дың өзектілігін жоғалтпағанын дә­лел­деп тұр. Әр диалогты режиссер бір-бірімен байланыстыру мақсатында Біржанды мазалаған ойлар мен тобыр қараңғылы­ғын, қоғам қатыгездігі мен дүлей күшін суреттейтін жиынтық бейне ретінде қара киімді жігіттерді шығар­ған. Олар­дың алға ұмтылған ақынды қайта кері лақтырып, әр дәуірде ойшыл-гуманис­тердің алдында кездесе кететін «қа­бырғаға» шаншуы да әсерлі. Екі қолын керіп тастағанына қарамастан Біржан бұл сәтте «бұғауланған» Прометейдей ақиқаттың көзін ашып, өз ұрпа­ғы­ның көкейіндегісін жеткізуге ұмтыл­ды.
Суретші М.Сапаров ұсынған сце­нографиялық шешім режиссердің ой-тұжырымымен тұтастық тапқан. Сах­надағы арқандар бірде ақынды шарпыған ойлары ретінде қызмет етсе, бірде Біржан ғашық болған Ләйлім мен оның құрбыла­рының елесі болып көкке қалықтап ұшып кеткенін көрсетеді. Ал Біржанның темір тордан жасалған, бірінде домбыра, екіншісінде адам қамалған шарларды домалатуы да кейіпкердің ішкі күйзелі­сімен қатар, Біржан, Абай, Ақан сынды тұлғалардың көзқарасын, дүниетаны­мын, ой-иірімдерін, ішкі қайшылығын ашып тұр.
Сахнадан жеткен жазушының әрбір сөзі – афоризм. Терең ойға, психоло­гиялық толғанысқа құрылған спектакль­дің көрерменге ой салатыны ақиқат.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір