Сазды сапар
20.08.2015
1925
0

КОНФЕРЕНЦИЯ СУЮНБАЙ ТЮРКСОЙТуғанына 200 жыл толуы Түркия жерінде, оның астанасы Анкарада аталып өтілген Сүйінбай бабамыздың әруағы тағы бір аунап жатқан шығар. Түркі әлемінің өнері мен мәдениетінің үйлестіруші орталығы ТҮРКСОЙ ұйы­мын әуелі ойластырып, сонан соң ашылуына Қазақстан тарапынан ұсыныс жасалғаны сәтімен жалғасын тауып, жұмысын өміршеңдікпен бастап та кеткені белгілі. Үш дүркін өткен сайлауында қаны қандас, жері жерлес бауырымыз Дүйсен Қасейіновтің төрге озуы да көңіл марқайтатын жай. Міне, осы ұйымның шаңырағының астында қилы-қилы оң-түстерді кезіктірсек те, түркі тектес қас-қабақтың жылылығын аңдап, сыртқа көп жайылмауға тиіс бауырмалдық сезім ахуалының шарапатын малданатыныңды несіне жасырасың. Шығыс пен Батыс ендігі мен бойлығының бел ортасына дейін дендей мекендеген түркілік тіл мен діл тура осы арада тұтаса бірігіп тұрғандай, осы бірлікке сұм көздің сұғы қадалмаса екен деп іштен тілейсің де. Бас хатшының орынбасары түрік Фырат Пурташқа, қырғыз ақыны Қожагелді Құлиевке, татар қызы Лилия Саттароваға, әзірбайжандық Элчин Ғафарлыға, хақасиялық Тимур Далетовке бұрыннан таныс-білістей емен-жарқын қарайсың. Х ғасырда Енесайдан дүрк қозғалып хақас Саяннан бір-ақ шықса, қырғыздар Тянь-Шаньнан мекен тапқанын сыр етіп шерткен Тимур әңгімесі он ғасыр өткеннен кейін тарихи қазығын айналып, көркемдік шындыққа кенелгені Шыңғыс Айтматовтың қолтаңбасынан сезетініміз хақ.

КОНФЕРЕНЦИЯ СУЮНБАЙКөп дауысты ұлттық аспаптардың әл­денеше түрінен құралған «Сүйінбай сазы» ансамблі – қоңсылас жұрттың әпенде шалыс біреуінің таңырқағаны кебіне салсақ – кішкентайлығы болмаса құдды оркестр. Орындаушылардың қарасы да жеткілікті, аспаптарының сазы да жүрек қозғайтындай.
Жүздесулердің бәрі ресмиліктен гөрі танысып-білісудің ағайындық шарасы шынайы да шырайлы.
Сүйінбай атына берілген саябақтың аумағы шағын. Бұл қаланың біртұтам жері алтынға баланатынын елші алдында айтып өткен еді. Бақсақ, бір қапталды тұ­тас алып жатқан кішкене жазық ал­аңы­на Сүйінбай атындағы саябақ деген түрікше жазылған көрнекі тақтай ілінді. Оны ашуға ТҮРКСОЙ, елшілік, Алматы облысының басшылары қатысты. «Сүйін­бай сазының» концертінің беташары осы жерден басталды. Жергілікті тұрғындар­дың қазақ сазын ықылас қоя тыңдағанын байқадық.
Алғашқы күні түрік ағайындар саябақ­ты аралатты. Панфилов паркін таңертең шарлап, ақтиінге жем беретін Алматыда туып-өскен орыс адамы: «Каштан ағашы көшетін алғаш әкеліп отырғызғанда, қа­ла­ның қай түкпірінде тұрсақ та соның гүлдегенін көруге келетінбіз» деп еді. Бұл түрігің де ағаштың тілін білетін жұрт-ау, шамасы. Әр бұтақтың сабағына дейін бүр­шік жаруға жұтынып тұрғандай. Бейне әрбір ошақтың жалғыз баласындай әздек, үлпілдеген көркімен көз тартады. Қазақтың бағбан қариялары да осындай күтім жасайтыны есімізде. Демек, бақтың өзінен мейірге толы түркілік сипатты аңдаудың ғанибеті өзгеше екен.
ТҮРКСОЙ ғимаратында Сүйінбай бабамызға арналған ғылыми конферен­ция­ға осы ұйымның Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ашып, жалпы түркілік сипат алған мерейтой иесі туралы әңгіме қоз­ғады. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған делегация құрамында Аманкелді Дәуренбеков, Жандарбек Далабаев, Әлібек Жаңбырбаев секілді аудан әкімдері болды. Қазақстанның осы елдегі Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев мырза рухани саланың білгірі, сөйлеген кезде азамат­тың саясын сезінбей тұрмайсыз. Бұл жолдарды жағынып, жарамсақтанудың лебіне ұйғара көрмеңіз, құрметті оқушы. Мәмлегер болмысында өзіне деген сенім мен өтімді қалпы арқылы қадірін сез­діретін ерекшелік байқалады. Оның үстіне тура осы кезде Түркияның бұрынғы Президенті Сүлеймен Демирелдің қаза­сы алаңдатып, мәдени шара тоқтап қала ма деп толқығанымыз да рас. Алматы облы­сының әкімі Амандық Ғаббасұлы жұрт алдындағы кішік қалпы арқылы жинал­ған­дарды жатырқатпай жақын тұт­қы­затын ерекшелік иесі екен. Конференцияда сөйлеген қазақстандықтардың ойларының тігісін жатқызып жеткізуге ТҮРКСОЙ өкілі Мәлік Отарбаев та әбден шеберленіп алыпты.
ОТКРЫТИЕ ПАРКА СЮУНБАЙ 02Конференцияда қазақстандықтардан Бақтияр Сманов, Нұрдәулет Ақыш, Жұмабай Шаштайұлы сөйлесе, Анкара және Памуккале қалалары университет­терінің ғалымдары Нергис Бирай мен Жәмилә Кенажы Сүйінбай өлеңдерін өз ақындарының шығармашылығымен салыстыра айтқандары көкейге қонатын­дай. Қырғыздың ТҮРКСОЙ-дағы өкілі, әрі шайыр Қожагелді Құлиев Қатаған деген ақынды естімегенін, оның Сүйінбаймен айтысын білмейтінін, тек соңғы кезде атына қанық бола бастағанын мойындады. Қырғыз ғалымы Батыма Кебекова көп жылдардан бері зерттеп Қатаған тұлғасы өмірде болғанын дәлелдеген. Өкініштісі, ол кісі жақында қайтыс болып кетті. Қазақтар бейне Қатағанды ойдан шығарып, Сүйінбаймен айтыстырып қойғандай көрінетін сөздің түбінде не жатқанын кім білсін. Әйтеуір мұнда ұлттық намыстың белгісі барын байқай­сыз. Сүйінбаймен айтысуға алдын-ала дайындап, сөзге тұтқиылдан киліктірсе де, ақырында жеңіліп тынған Қатағанды бұл ағайындар қатарға қоспай, санаттан шығарып тастағандарын қазақ зерттеу­шілері дәлелдеген сыңайлы. Сол уақытқа тағдыры жақын адамдардың ауыздарынан естіген жағдайды ашып айтуға осы күнге дейін дәтіміз бармағанның себе­біне тоқталып жатпай-ақ қоялық. Қырғыз­дар Қатағанды Сүйінбаймен айтыстыруды аса құпия күйі сақтаған. Қазақ меймандар мамыржай шақтағыдай жайма-шуақ отырып, шаңырақ иелерінің тілектеріне орай жағалай отырғандарға Сүйінбай жырын арнаған. Алаңсыз орнаған ахуалдың үстінде «Тоқтат Сүйін­бай сөзіңді» деп Қатаған ақырып шыға келіп, уытты өлеңін іркілместен үсті-үстіне төпей жөнеледі. Жалғыз Сүйінбай емес, қазақтың бүкіл игі жақсылары құлаққа ұрған танадай орнаған тыныш­тық­та аса ыңғайсыз жағдайда томырыл­ған күйлері тым-тырыс қалады. Зерттеу­ші­лердің кейбірі бірінші болып Бөлтірік тіл қатты деседі. Тұла бойы тырсия булы­ғып қалған Сүйінбайдың қақ маңдайынан қамшы сілтемек болып Тезек төре ұмтыл­ғанда – ақын орнынан атып тұрып: «Қа­шыр­ма төрем қаныңды, кіргіземін жа­ныңды, ит қырғыздан жеңілсем талап алып малымды», – деп ағыта жөнеледі. «Атаң гөрі мына қасақ ақын тұрбай ма», – деп­ті қырғыздардың арасынан біреу. Міне, бұл сөздің астарында айтыста жеңу­дің тактикасын алдын-ала жасал­ға­нын аңдаусызда байқатып қойған-ау деп еріксіз ойлайсыз. Жалпы, бұл айтыстың тарихын Жамбылға жақын жүрген адам­дардың өз аузынан естіген соң тарихи драматизмнің әсерін солғындатпай жет­кізген дұрыс еді. Реті келіп тұрған соң айтқан бұл жағдай мұқият талдауды әлі де қажет етеді. Әңгіменің желісі осы шегініс арқылы үзіліп қалғанына кешірім өтіне отырып, ТҮРКСОЙ конференциясы­ның үстінде Алматы облысының әкімі Аман­дық Баталов осы ұйымның 70 жыл­дық мерекелік медалімен марапатталса, жазушы Ж.Шаштайұлы Халдун Танер, ғалымдар Б.Сманов пен Н.Ақыш Семен Қадышев, талантты жыршы-термеші Ақан Әбдуалиев Мұқан Төлебаев медальдарын төстеріне қада­ды. Осынау шара­ның аяғына қарай Қазақ­станның Түркия­дағы Төтенше және өкілетті елшісі де­ле­га­цияны өз резиденциясында қабыл­дап, қазақ шаңырағының астында отыр­ғандай жағымды әсерге бөледі. Түркия жұртының қарышты экономикасынан хабардар боп, өндіріс жөнін­дегі өрісті әңгіменің барысында Қазақстанның мүмкіндігіне деген сенім кернеп тұрған­дай елшілік үйінен көтеріңкі көңіл-күйде шықтық.
«Сүйінбай сазының» концерті ораза айы­ның салты бойынша түннің бір уағын­да басталып, сәресіге таман аяқталды. Ән кешін жақсылар мен жайсаңдар сөз сөйлеп ашып, екі туысқан ел ынтымақ­тас­тарының жорасына жүретін сапардың маңызын тағы бір сезіндіре түсті.
Келесі күні Кыршеһир (қазақша – Қыршаһар) қаласына жол тарттық. Қы­р­шеһир қаласының мэрі Яшар Бахчежи делегацияның ресми мүшелерін қабыл­дады.
Қала мэрі жап-жас жігіт. Магистрлік диссертациясын Қазақстанның сыртқы саясаты жөнінде қорғаған білімді азамат болып шықты. Бір қызығы, бұ жұрттың билік өкілдері өзі ғана сөйлеп, білімі мен бағының жүріп тұрғанын көрсетіп қалуға құмар емес. Қыршеһирде Нұрсұлтан Назарбаев атында бульвардың бар екенін хабарлап, Жажабей алаңында «Сүйінбай сазы» ансамблінің өнерпаздары қазақ­тың ұлттық әуендерімен көрермен жұрт­ты тәнті етті. ТҮРКСОЙ ұйымының атынан Қыршеһир қаласының мэріне алғысын білдірген Мәлік Отарбаев естелік сыйлы­ғын табыстаса, Алматы облысы Мәдениет басқармасының басшысы Рахмет Есдәулетов шапан жапты.
Ендігі бағыт шығыс, шығыс-оңтүстік. Алдымен тоқтағанымыз – Қажы Бекташ Уәли кенті. Қажы Бекташ Уәли Қожа Ахмет Иассауидің шәкірті.
Невшеһир қаласына таяп қалған бір кенттің аумағында жерасты үңгірінің кіретін есігі – жазықтау көшенің бұры­шын­дағы елеусіздеу ғана жер. Қаусыр­малы есіктен кіріп, төмен түскеннен бетте өзара жалғасқан үңгірлер көне дү­ние қойнауына сүңгітіп бара жат­қандай.
Тоқтамастан жүріп отырып, Кападокия уәлаятының орталығы Невшеһир қаласына ат басын тірегенде – табиғи көріністерімен де, тарихи орындарын таңырқай тамашаладық. Сай-саласы, қыраттары сүйірленіп шығып, түрлі бейнеде қалыптасқан жұмыр да шошақ жартастар.
Бастапқыда бір жерде ғана ма деп қалсақ, ерекше бітімді мұндай тастар алдымыздан жамырап шыға бастады. Ертедегі адамдар тау беткейлерін тұтас алып жатқан кейбір жартастарды ойып, баспана жасап алыпты. Кейбіреулері бір қап­талы таумен тұтаса кірігіп жатқан кәдімгідей екі-үш қабатты үйлер. Жалпы, Түркия тарихи ескерткіштер мен түрлі мұражайларға бай. Ал Кападокия аталатын бұл уәлаят сонымен бірге табиғи ес­­керткіштерімен де ерекшеленеді екен.
Әрі консул, әрі кәсіпкер Халил Улуер мырза мен елші Жансейіт Түймебаев арнайы жолығып, сапарымыздың сәтті жалғасуына тілектестерін білдірді.
Ертеңінде Ақсарай қаласын аралап, ескі ғимараттарды тамашаладық. xiv ғасырдың бас кезінде тұрғызылған. Кешкі астан соң қашанғысындай өз өнер­паздарымыз орталық алаңда өнер көрсетпекші.
Кешкі концертке қатысқан Ақсарай қаласының мэрі Хаяти Язгы ТҮРКСОЙ ұйымына ризашылдығын білдіріп, ТҮРКСОЙ-дың өкілі Мәлік Отарбаев пен Алматы облысы Мәдениет басқарма­сы­ның басшысы Рахмет Есдәулетовке сый-сыяпат жасады. Концерт аяқталысымен қазақ делегациясын шайға шақырып, екі ел арасындағы қарым-қатынас жөнінде сөз етті. Негізінен Түркиядағы қай басшымен әңгіме құрып отырсаңыз, барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты мақтай­ды әрі мақтан етеді.
Ақсарай қаласынан көп ұзамай оң жақ қабатымыздан тақтайдай тегіс кең жазықтың көріне кеткендігі. Айналаның барлық бұрышын аласа таулар қамашау қылып тұрған елдің ішінде де осындай мидай даланың ұшырасуы бір түрлі таң­сық та. Сол жазықтың бір жақ шетіне Кония қаласы орналасқан екен. 2011 жылдың наурыз айында келгенімізде, Түркиядағы жазық далада тұрған жалғыз қала осы Кония екен деп таң қалғанымыз бар.
Сөйтіп, Сүйінбай бабамыздың 200 жылдығына арналған Түркиядағы іс-ша­ра­лар сәтімен өтіп, елге көңілді орал­дық.

Жұмабай Шаштайұлы,
Нұрдәулет Ақыш.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір