Халықтың азаматы
15.12.2017
1325
0

Рахаң өз заманының ең ұлтжанды азаматы болды. Ол кеңестік жүйенің қазақтың ұлттық дәстүрлері мен тіліне, әдебиеті мен мәдени мұрасына деген саясатын, ұлт өкілдерін қақпайлап сырт тебетін мінезін басқалардан бұрын сезінді. Сталин өліп, «Жылымық» басталған кезде баспасөз бетінде осы жайларды алдымен көтерді. 50-жылдардың бас кезінен бастап, ол өзі қызмет істейтін «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде ұлт мәдениеті мен мұрасын сақтау және дамыту, ана тілінің қазіргі күйі мен оны жақсартудың жолдарын сөз еткен, ұлттық өнер, музыкалық мұраларды насихаттап, жастар бойындағы ұлттық рухты көтеру мәселелерін жан-жақты көтерген көптеген мақалалар жариялады.


Серік ҚИРАБАЕВ,
ҚР ҰҒА академигі


Бір ғана әдебиеттің қамын емес, ұлттың рухани өмірін тұтас алып қарап, халқының болашағына қызмет ету Рахманқұлдың азаматтық тұлғасына тән сипат еді. Ол кең ой­лады, қажымай, шаршамай қызмет етті. Публицистік қаламымен елдің көкейінде сайрап жатқан сана-сезімді қозғады, отаршыл саясаттың сорақы қылықтарымен күресті.
Он­ың идеяларына еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана кең жол ашыл­ды. Осы саладағы еңбегі оның өмір­лік мұратына айналды. Рахманқұл­дың ғылымдағы жолы, бүкіл еңбегі осы бір ұлттық идеяның үстем болуына арналды. Ол қазақ әдебиеті сыны мен әдебиеттану ғылымында да, ауыз әдебиеті мен халық әдебие­тін зерттеу ісінде де, түркі тектес халықтардың ортақ құндылықтарын тең пайдаланып қатарға қосуда да, тіпті жоғарыда аталған публицисти­калық мақалаларымен де сол идея­ның шеңберінде, оларды бір-бірімен тығыз байланыстыра отырып ең­бек­тенді. Бүгін Рахаңды еске алғанда, соның бәрі ойға түседі.
Мәселе ғылым мен әдебиеттегі Рахаң жасаған ұлы еңбекті ойлылық­пен, ұлтжанды адамның психоло­гия­сын түсініп отырып талдауда, бағалауда. Рахаң шығармашылық қызметін әдебиет сынынан бастады. Ол соғыстан кейінгі жанрлары жан-жақты дамуға бет алған ұлттық әдебиеттің ізденістерін толықтырды. Көптеген жаңа туындыларға сын, мақала, рецензиялар, әдеби процес­тің жаңалықтарын жинақтаған шолулар жазды. Сол бір кез – әде­биет­­тің баюы мен әдеби жанрлар­дың өз мамандарының іріктеліп шы­ға бастаған дәуірі еді. «Өскен әде­биеттің әр жанрында өз кадрлары болуы керек» деген талапты Мұхтар Әуезовтан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төралқасында естіген едік. Осы сөзді Мұқаңа Айқын Нұрқатов марқұм екеумізді Жазушылар одағына мүшелікке алуды (1953) қолдай отырып айтқан, сынның да өз кадрларын өсіріп, жанр есебінде жетілуі жайын сөз еткен. Сол кезде әдебиетке сыншы болып келіп, сонда тұрақты қызмет етсек деген ұрпақ осыны мұрат тұтты. Бірқатар жас қаламгерлер сыннан бастап, басқа жанрларға ауысып кетті. Әдебиеттің, жаңаша бет алысын құптап аға ұрпақ та сынға араласты. Мұхаметжан Қара­таев қайтып келді. Осылардың ын­тасымен 50-60 жылдары қазақ әдебиеті сыны бірқатар беделге ие болып қалып еді. Рахманқұл солар­дың жуан ортасында жүрді.
Рахаң сыншылдық қызметін әдебиеттің зерттеулерімен жалғас­ты­рып, ғылымға ауысты. Қазақ ро­ма­ны­ның туып, қалыптасу жол­да­рына, заман шындығын бейнелеудегі табыстарына, тарихи романның тууы мен көркемдік ізденістеріне, осы жолдағы М.Әуезовтің, І.Есен­бер­лин­нің, Ә.Кекілбаевтың,
М.Ма­ғауиннің шығармашылығына тал­дау берді. Ол «Абай жолының» романдық табиғаты, сюжеттік ком­позициялық жүйесі, тілдік-көр­кем­дік ерекшеліктері мәселелеріне ерек­ше назар аударды.
Рахаңның кең білімі мен зерттеу­шілік қабілетін танытқан бір сала – оның қазақ ауыз әдебиеті мен халық әдебиеті туралы жазғандары. Жа­сынан сусындап өскен ел әде­бие­тінің үлгілерін ол жақсы білді.
М.Әуезов институтында өткен ғасыр­дың 70 жылдары фольклорлық зерттеулерге басшылық жасау ісі тапсырылғанда, бұған дейін кеңес дәуірі әдебиеті тарихымен шұғыл­данып келген ол ойланып қалған еді. Бөлім меңгерушілігіне екі адам ұсынылды. Біз Рахаңды қолдадық және оны осы жұмысқа баруға үгіттедік. Жасынан құлағына сіңіп өскен ауыз әдебиеті үлгілерінің өз ұғымына жат еместігін ол да сезінді. Сөйтіп, конкурста жеңіп шықты. Осыдан кейін-ақ, Рахаң фольклор­лық зерттеулердің теориялық негіз­дерін, орыс және әлем әдебиетіндегі зерт­теулердің принциптері мен мето­до­логиясын игеріп, оны қазақ мате­риал­дарымен байланыстыра қа­­рас­­тыруға мүмкіндік алды. Ол фольклорды жаңаша таныды. Осы негізде фольклорлық мұраны бүгінгі әдеби туындылар сияқты талдаудың күні өткенін, оның жазба әдебиеттен бөлек, өзгеше табиғаты бар құбылыс екенін түсінді. Эпостың, басқа да туындылардың образдары да, құрылымы да көркем әдебиеттен бөлек екенін көріп, фольклордағы образдар мен көркем тілдің мифологиялық, аңыздық сипатын, тарихилығының өзіндік өзгешелік­тері барын, поэтикасын, көне үлгілерін тануға жаңаша көзқарас қалыптастырды. Сөйтіп, қазақ фольклористикасының жаңа дәуірін бастады. Оның осы бастамасын жас фольклористер (С.Қасқабасов,
Е.Тұрсынов, Ш.Ыбыраев, т.б.) қолдап, жаңа зерттеулер жасауға қатысты. Сол жылдардан бастап, М.О.Әуезов институты қабырғасын­дағы фольк­лор­лық зерттеулер өзінің жемісін берді. Бұл саладағы іргелі еңбектердің қатарында «Қазақ фольклорының типологиясы», «Қазақ фольклоры­ның тарихилығы», «Қазақ фольк­ло­рының поэтикасы», «Қазақтың архаи­калық фольклоры», «Қазақ фольклористикасының тарихы», т.б. ұжымдық зерттеулерді атауға бола­ды. Бұған Рахманқұлдың өз қаламы­нан шыққан «Жыршылық дәстүр» (1980), «Қазақ эпосы» (1982), «Сарқылмас қазына» (1983), «Өшпес өнеге» (1984), «Эпос ел қазынасы» (1985), т.б. еңбектерді қоссақ, Рахаң­ның фольклор зерттеушісі ретінде жемісті қызмет еткенін көреміз.
Бұл еңбектерде қазақ эпосы жан­р­лық-стадиялық тұрғыдан тек­серіліп, адамзат ой-пікірінің даму жолымен байланыста жіктелді. Әр дәуірдегі адамның дүниетанымын ашатын мифтік, ертегілік, әпсаналық фабулалар, аңыздар, кейін мем­лекеттік құрылымдар пайда болған кездегі қаһармандық және ғашықтық эпос, нақты тарихи оқиғалар мен қаһармандар тағдырына құрылған жырлар үлгілері талданды. Осы тектес эпос үлгілерін зерттеуші ар­хаикалық, классикалық (қаһар­ман­дық), ғашықтық (романтикалық) және нақты тарихи эпос деп бөліп қарастырды. Эпосты бұлай жіктеу қазақ фольклористикасының тари­хында ең алғаш Рахаңның қолымен жасалды. Рахманқұл ұзақ жылдар қазақтың халықтық мұрасы сапынан шығып қалған қазақ-ноғайлы жыр­ларын қайта зерттеп, ғылыми айна­лымға қосуға да көп еңбек сіңірді. Ол «Едіге батыр», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Шора батыр», «Ер Сайын» жырларын жариялау мен зерттеу ісін басқарды. «Эпос – ел қазынасы» кітабын осыған арна­ды. Қазақ эпосымен бірге қырғыздың «Манасы» жайлы зерттеулер жасап, қазақ-қырғыздың эпостық байла­ныстарына көңіл аударды. Мұның негізінде түркі халықтары әдебиетін­дегі ортақ сарындар, олардың заң­ды­­лықтары жайлы мәселе қозғады. Кейін бұл түркі халықтарының ор­тақ мұралары жайлы үлкен еңбекке жалғасты («Байкалдан Балқанға дейін»). Бұл Рахманқұлдың қазақ-шы­ғыс халықтары әдебиеті жайлы бұрынырақ жазған еңбектерін «Гүлс­танның бұлбұлдары» (1970), «Достық кемесінде» (1976), «Ғасырлар тол­ғауы» (1977) толықтырып, адамзатқа ортақ құндылықтармен байланыс­тыра қарастырғанының белгісі. Ғалымның бұл саладағы еңбектері көптеген түркі тектес халықтар зерт­теушілері тарапынан қолдау тауып, ол «Түркі дүниесіне қызмет» сыйлы­ғына ие болды. Түрік тіл құрылымы Академиясының мүшесі болып сайланды.
Сонымен қатар, Рахманқұл – қазақ әдебиетінің көне дәуірі жайлы да алғаш қадам тербегендердің бірі. Ол қазақ әдебиеттану ғылымына кейінірек қолға алынған көне мұра­лар­ға жұрт назарын аударып, пікір­лер айтты. V-VІІІ ғасырлардағы Орхон-Енисей жазбаларының, «Оғыз-наме», «Қорқыт туралы аңыз жырлар», «Құтты білік», «Дивани-лұғат-ат түрік», «Мұхамед-наме» сияқ­­ты ортақ мұралардың қазақ әде­биеті мен фольклорына қатысты мәселе көтерді. Әл-Фара­би­дің әде­биеттік көзқарасы туралы жазды.
Алпыс жылдай ғылымға еңбегі сіңген Рахманқұл сол ғылыми ой-пікірлерді насихаттаушы, халық игілігіне айналдырушы да бола білді. Ол қаламы өткір публицист-ғалым болды. Оған оның ұлтжандылығы қосылып, ел тағдыры, түркі халық­тарының білгірі, халықтың азаматы. Тіл, дін, діл тұтастығы жайлы ойлар­мен толығып, баспасөз бетінде үзбей жазылып жатты.
Рахманқұлдың ғалымдық қызме­тінің бір саласы оның ұстаздық, педагогтік еңбегі. Ол көп жылдар Қазақ университеті мен Абай атын­дағы педагогикалық университетте лекциялар оқып, жас ғалымдарға жетекшілік етті. АҚШ, Түркия уни­вер­ситеттерінде лекция оқып жүрді. Жоғарғы және орта мектеп оқулық­тарын жазуға қатысты. Өмірінің соңғы шағында өзінің туған жері Түр­кістанға көшіп, сонда Қожа Ахмет Иассауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университетінде қызмет етті. Сол жерден топырақ бұйырды, Рахманқұлдың туған халқы үшін еткен еңбегі текке кеткен жоқ. Ол сол халықтың сүйік­ті, оқымысты ұлдарының бірі болды. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Ака­де­мия­сының академигі, Түркі тіл құрылымының (Түркия), Халы­қаралық Шыңғыс Айтматов атын­дағы Қоғамдық Академиясының (Қырғызстан), Қазақстан халықтық экология Академиясының мүшесі болып сайланды. Бүкіл одақтық «Білім» қоғамының Вавилов атында­ғы алтын медалін, «Түрік дүниесіне қызмет сыйлығын» иеленді. «Қазақ ССР ғылымына еңбегі сіңген қайрат­кер», «Қазақ­станның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атақ­тарын алды. «Парасат» ордені­мен, медаль­дармен марапат­талды. Одан қалған мұра 42 кітап, мыңнан артық мақала күйінде жарық көрді. Бұлар тұрған жерде Рахманқұлдың аты өлмесі анық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір