Мәдени ренессанс дәуірі
15.12.2017
1957
0

Елдос Тоқтарбай


ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың бас кезінде Петербор, Вена, Каир, Варшава, Киев, Мәскеу сияқты шаһарлардың ең озық университеттері мен институттарында білім алып, құқықтық-саяси көзқарастары мен дүниетанымдарын арттырған қазақтың аса талантты жастары – мешеу қалған қоғамның орнынан жылжымай тұрған тегерішін қозғап, орасан зор құбылыс әкелді.

Қазақ жастарының бұл саяси қадамы – ренес­санстық сипатқа ие. ХХ ғасырдың басы қазақ ұлты үшін – шын мәнінде ояну ғасыры болатын. Алашорда үкіметі – бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекет ретінде құрылуының іргетасы, ізашары екені анық. Ал Алаш қайрат­керлері мен Алаш қозғалысының ниеттестерінің қай-қайсысы болсын, қазақ ғылымының қалып­тасуы мен дамуына, мәдениеті мен әдебиетіне, өнеріне айрықша зор еңбек сіңірді. Оны – бүгінгі шынайы көзқараспен жазылған ұлы даланың төл тарихы айғақтап отыр. Алаш азаматтары қазақтың ұлттық әліпбиі (1912 жылы, А.Байтұрсынұлы) мен алғашқы қазақ романын («Бақытсыз Жамал»,
М.Ду­­латұлы, 1910) жазды; алғашқы қазақ театры (1926) мен алғашқы Қазақтың жоғары оқу орнын (1928) құрды; алғашқы пән ғылымының («Педагогика» – М.Жұмабай, «Психология» – Ж.Аймауытұлы, «Алгебра» – Қ.Сәтпаев, «Химия» – Қ.Кемеңгерұлы, «Геометрия», «Физика» –
Е.Ом­арұлы, «Тіршіліктану» – Ж.Күдерин) негізін қалады. Олар – шын мәнінде дүние ғылымын тегіс игеріп, қазақтың қажетіне жаратқан тұңғыштар еді. Қазақтың алғашқы конституциялық заңы (Б.Сыртанұлы, «Қазақ елінің Уставы» 1911), алғашқы қазақ партиясы мен үкіметі (1917) және алғашқы қазақ ұлт әскері мен милициясын (1917) жасақтаған да осы зиялыларымыз болатын. Алаш арыстары сондай-ақ медицина, ауыл шаруашылығы, экономика, мемлекет қалпы сияқты салаларға да араласып,олардың кіндігін кескен-ді. Бұны біз ұмытсақ та, ұлы тарих ұмытатын іс емес! Нақтылай айтқанда, Алаш тағылымымен ынтыға танысқа­нымызда, көкейіңізге сөзсіз ұлы Абай хәкімнің «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол!» деген ұлағаты еске түседі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір