Аттары аталмай жүрген тұлғалар көп

0
199 қаралды

Алаш… қазақтың азаттыққа ұмтылған, бас болған батыр­ларының ең соңғы тынысындай ыстық. Осыдан ғасыр бұрын қазақтан шыққан үркердей шоғыр Алаш сөзін ту қып көтеріп, елдіктің символы етіпті. Қазақты өзге жұрт қа­раңғы санап жүргенде сол аз ғана шоғыр осы атпен үкімет құрыпты. Қақпандағы қас­қыр­дай бұғауда жатса да, азат мемлекет болуды ар­мандапты. Бағдарламасын жасап, сол арманын іс жүзіне асыруға тырысыпты. Қарап отырсаңыз, еркіндікті көксеген Шәмілдің мұратын еске түсіреді. Дағыстандықтар үшін Имам Шәміл жалғыз болса, ал бүгін қазақтың жүрегіне бұл үркердей шоғырдың әрбірі бір-бір Шәміл болып орнықты. Алаш зиялы­ларының аманатын арқалауды өзіне абырой санайтындардың бірі, саясаттанушы Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫМЕН Алаш тақырыбы асында әңгімелескен едік.


Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
саясаттанушы, «Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының басшысы


– Алашорданың 100 жылдығына орай еліміздегі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар, жекелеген тұлғалар тарапынан түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Бірнеше мектептерге Алаш қайраткерлерінің есімі берілгелі жатыр. Осыларға қарап, халқы­мыз Алаш аманатын ақтады деп айта аламыз ба?
– Алаштың арманы – Елдің еге­мен­дігі. Құдайға шүкір, біз соған жеттік.
Ендігі кезектегі мәселе – ол қазақ ұлтының әрі қарайғы дамуы. Бүгінгі азаттықтың ақ таңындағы рәміздеріміз, төл теңгеміз, тарихымыз, әлемдік деңгейдегі мемлекеттілігіміздің орнығуы, осының бәрі Алаштың аманаты. Ал өзіңіз атап өткен Алаш қайраткерлерінің есімін беру мәселесіне келсек, биыл Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шо­қай­ға ескерткіш қойылды. Қарағанды қаласындағы бір ауданға Әлихан Бөкей­хан есімі беріледі деп күтіп отырмыз. Міне, осындай тұлғалардың есімі тарихи әдебиет­терге кіріп, аудандарға, мектеп­тер­ге берілуі, жер-жерлерде олар­дың өмірдеректері тұруы қажет. Сондай-ақ, Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов,
Х.Дос­мұхамедов, М.Дулатов, М.Жұма­баев, М.Шоқайдың көп томдықтары жарыққа шықты.
– Алашорданың мерейтойына байла­нысты сіздер тарапынан қандай іс-ша­ралар атқарылуда?
– Әрине, осыған байланысты әркім шама-шарқынша қолынан келгенін істеуде. Жоғарғы оқу орындары конфе­ренциялар өткізсе, мектептерде түрлі оқулар ұйымдастырылуда. Менің де өз тарапымнан Алаш әскеріне байланысты төрт жылдай айналысқан еңбегім Мәдениет министрлігінің қолдауымен жақында жарыққа шықты. Казір бүкіл кітапханаларға таратылды. Алаш әскері тақырыбы әлі де зерттей түсуді қажет етеді. Қазіргі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қасиетті Қа­зақс­тан» жобасы бойынша жұмыс істеу­деміз. Алаш арыстарына байланысты қасиетті жерлерді анықтаймыз. Мысалы, Алматыдағы Ахмет Байтұрсыновтың музейі, Семейдегі Алашорда үкіметі басшыларының тұрған үйі, Жымпиты­дағы Алашорда үкіметінің үйі, жалпы аймақтардағы Алаш арыстарының жат­қан жерлері, сол тұлғаларға байланысты кез келген жердің барлығын тізімге кір­гізіп, үлкен жұмыстар жүргізілу жоспарда бар. Ертең туризмді дамытып, қасиетті, киелі жерлер дегенде сол жерлерге бай­ла­нысты, сол тұлғаларға қатысты аңыз­дарды айтып, олар туралы мәліметтер береміз.
– Алаш қайраткерлерінің арасында аталмай қалғандар немесе әлі де тереңірек зерттеуді қажет ететін тұлғалар деп кімдерді айтар едіңіз?
– Аймақтарда әлі аттары шықпай жатқан тұлғалар өте көп. Облыстарда Қазақ комитеттерінің төрағалары болды. Алғаш осы Қазақ комитеті құрылған. Одан кейін Алаш комитеті келді. Әлі күнге соның басшыларының кейінгі тарихын айтпай, білмей келе жатырмыз. Қостанай өңіріндегі Әскери кеңес басшысы Есболов туралы, Атбасарда Сейілбек Жанайдаров, Сыздық Мешін­баев, Ахмет Баржақсин, Шымкентте Кене­сарин, Қызылордадағы Қасымов­тар, Жетісуда Жайнақов, Отыншы Әл­жановтар және басқа да әлі көпке белгісіз арыстарымызды насихат­тай түсуіміз керек.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ.

Пікір қосу