«Алаш жолы»

0
40 қаралды

ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, философия ғылымының кандидаты Болатбек Төлепбергеннің «Алаш жолы» атты кітабы жарық көрді. Аталған кітапта автор Алаш қозғалысы мен Алаш идеясы туралы пайымдарын, яғни қазақ елінің ұлттық мұрат-мүддесін қорғау жолында өмірге келген қоғамдық құбылыстарға байланысты өз тұжырымдарын оқырман назарына ұсынған. н туынды ХХ ғасырдың түрлі кезеңдеріндегі ұлт-азаттық қозғалыстар арасындағы өзара логикалық байланысты ұтымды баяндауымен бағалы.

Әсіресе жастарымызға қажетті тарихи танымдық туынды – «Алаш жолы» кітабы көпшіліктің көңілінен шығары анық. Бұл белгілі публицист, философия ғылымы­ның кандидаты Болатбек Төлепбергеннің ғылыми әрі публицистикалық еңбегінде жалпы өткен ғасырдың басындағы бұрқ етіп көтерілген Алаш қозғалысының эволюция­лық даму үрдісі мен оның бүгінгі күнге берер тағылымы таразыланған. «Алаш қайрат­керлері кімдер?» деген сұраққа осы кітаптан жауап табарыңыз да анық. Атап айтқанда, Алаш қозғалысының көшін бастаған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовтардан бастап, сол кезде енді ғана ақыл тоқтатқан жас толқын ізбасар­лары да қамтылған.
Автор Алаш тақырыбын жіті саралауға тырысқан. Зерттеудің бір тұсында: «Бұған қо­са Алаш қозғалысының нәтижесінде пай­да болған I Жалпықазақ сьезін Мұстафа Шоқай «ұлы түркі халықтарының мызғымас бірлігін көрсететін сахынаға айналды» деп баға береді» дейтіні бар. Халық қамы мен ел бірлігі үшін, әділеттілік пен жасампаздық үшін арпалысқан Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатовтардай жайсаңдары­мыздың көздеген мақсат-мұраттары да, идеялары да іштей астасып жатқандығын көрсетеді. Күллі қазақтың, барша түркі әлемінің тұтастығын армандаған Мұстафа Шоқай қалай дегенде де өз замандастарымен қанаттас еді.
Енді кітаптың құрылымына аз-кем тоқ­тал­сақ. Төрт тараудан тұратын еңбектің «Алаш қозғалысы hәм Алаш идеясы» деп аталатын бірінші тарауында тақырып ғы­лыми-публицистикалық тұрғыдан тал­данады. Ондағы «Қазақтың саяси пікірінің тарихы –қазақ жастарының тарихы…» деп аталатын бірінші бөлімінде Алаш қозғалысы тарихи тұрғыдан таразыланса, «Алаш идеясы: Қандай идея?» деп аталатын екінші бөлімде Алаш идеясы философиялық тұрғыдан зерделенеді. Ал «Алаш орда» Үкі­метінің мүшелері, Алаш арыстары, Алаш­шыл жастар атты екінші тарауда Алаш қай­раткерлерінің өмірбаянына жеке-жеке тоқталады. «Алашқа қызмет» атты үшінші тарауда автор тақырыпқа сай Алаш мәсе­-
л­есінде атқарған нақты істерінен хабар беретін жобаларды, құжаттарды, хаттарды, т.б. топтастырған. Бұдан автордың тек аталған тақырыпта тек зерттеуші ғана емес, Алаш мәселесінің нағыз білгірі әрі наси­хаттаушысы екенін аңғартады. «Ұлтым деп соққан жүректер» деп аталатын соңғы тарауда автор кешегі Алаш қайрат­керлерінің ізбасарлары іспетті бүгінгі ұлт ісіне бей-жай қарай алмайтын ағалары тура­лы мақа­лаларын ұсынған.
«Ұлтқа қызмет ету – ұлы іс» екенін Алаш қайраткерлерінің ұлт үшін атқарған қызме­тін белгілі публицист, философия ғылымда­рының кандидаты Болатбек Төлепбергеннің «Алаш жолы» атты кітабынан қарап отырып анық көзіміз жетеді. Бұл еңбектен Алаш қозғалысын, Алаш орда үкіметінің қызметін білсем, зерделесем, тоқысам, үйренсем деген көзіқарақтыға, әсіресе жастарға алар ғибрат жетіп артылады.
Кiтап Алаш қозғалысы мен Алаш ав­то­номия­сына 100 жыл толуына арналып шығарылып отыр. Мың дана таралыммен жарық көрген аталған кітап Алаш қайрат­керлерінің суреттерімен безендірілген. Еңбек Алаш идеясына қызығушылық танытқан барша оқырманға, жастарға, жо­ғары оқу орындарының студенттеріне арнал­ған.

Пікір қосу