ОЛ ҚАРАМА-ҚАЙШЫ ИДЕЯЛАРМЕН КҮРЕСТІ

0
223 қаралды

Лидия Шайкенова,
Қазақтың реформатор-заңгері
Нағашыбай Шайкеновтың жары


Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдегі құқықтық реформаны жүзеге асыруда Наға­шыбай Шайкенов­тың еңбегі зор. Оны сол кезеңде мемлекеттік басқару ісіне араласқан азаматтар мен көзі­қарақты оқырман жақсы біледі. Біз бүгін Қазақтың реформатор-заңгері болған, тумысынан демократ, «Құқық – қоғам игерген бостан­дықтың өлшемі» деп айтып кеткен ғалым Нағашыбай Аманғали­ұлының жары Лидия Шайкенованы әңгімеге тарттық.

– Нағашыбай Аманғалиұлының мемлекеттік қызметтегі атқарған ісі мен заңгерлер даярлаудағы еңбегін халық жақсы біледі. Ол кісі атқарған әр іске өзіңіз куәсіз…
– Мен оны Нағаш деп атай­тынмын. Онымен бірге өмір сүр­ген жылдардағы әр сәттің мәнді, мағыналы болғаны сондай, уақыт­тың қалай өтіп жатқаны байқал­майтын. Тіпті, тұтас бір ғұмырды бірге кешкендейміз. Оның Қазақс­тандағы сегіз жыл ішінде атқарған еңбегі бір ғұмырға татиды, оны тіпті кейбіреулер тұтас ғұмырында да істей алмауы мүмкін… Нағаш сырт көзге арық, нәзік болып көрінгенімен, темірдей төзімді, болаттай берік болды. Уақыт өткен сайын ауруы дендеп, жанына қат­ты батса да жан баласына сездір­меді. Ерік-жігері мығым, батыл еді. «Алладан басқа ешкім­нен қорықпаймын» деп айтып отыра­тын. Қолға алған ісін ешқа­шан атүсті, шала істеген емес, қай істі қолға алса да мінсіз атқаратын. Оның қолынан келмейтін нәрсе жоқ еді. Мұндай адамдарды көбіне перфекционист деп атайды.
Кеңес үкіметі тұсында Ека­терин­бург қаласында тұрдық, жас ғалымның табысы көп емес, жи­һаз сатып алатын ақша жоқ. Сол кезде Нағашыбай үйдегі тартпа мен төсекті өз қолымен жасады. Тіпті, жас күнінде анасына халат, өзіне шалбар тігіп алады екен. «Бұл менің қолымнан келмейді» деп айтатын адамдарды еш түсін­бейтін. «Білмейсің бе? Үйрен!» де­ген ұстанымда болды. Өзіне де, өзгеге де өте талапшыл, қатал, сөй­те тұра өте мейірімді адам еді. «Мейі­рім тек сөзден ғана емес, істен де көрінуі керек», – деп жиі айтатын. Өзінің мейірімін үнемі іс-әрекеті­мен көрсететін. Өмірі ұда­йы қай­нап жатқан тіршілікпен өрілді. Өз тағдырына ғана емес, өзге адам­дардың тағдырына әсер ете алатын зор күш-қуатқа ие бол­ды. Аты жаман ауру іштей мүжіп жатса да, ішкі қуаты мол еді, білім қа­зынасы іспетті болды, ол білмей­тін сала жоқ десем, артық айтпай­мын.
– Оның барлығын қай уақытта меңгерді?
– Жастайынан өз уақытын тиімді пайдалануға дағдыланған. Соның нәтижесінде көп нәрсеге үлгерді. Өте көп оқитын, көп оқуға үлгеремін деп жылдам оқуға ма­шықтанған.
Мемлекеттік қызметте төрт жыл ғана істеді. Өз жоспары бойын­ша мемлекеттік қызметке үш жылын арнамақшы екен. Ол суретші, ақын, философ, өз ісіне адал ұстаз болуы мүмкін, тек ше­неу­нік бола алмайтын еді. Мемле­кет­тік қызмет оған білімін, қарым-қабілетін Отан үшін жұмсауға мүмкіндік берді.
Нағашыбай Аманғалиұлын кейбіреулер «тағдырлы тұлға еді, өз ойын жүзеге асыруда көп адам­мен арпалысты» деп айтып жүр. Иә, ол өз ұстанымын берік сақтау жолын­да, ойы мен пікірін дәлелдеу бары­сын­да әріптесте­рімен жиі пікір таластырды. Бірақ, оның дұшпаны болған жоқ. Ол адам­дармен емес, қа­рама-қайшы идея­лармен күресті.
Бұрынғы Ішкі істер министрі Қайырбек Шошанұлы екеуінің арасында жұмыс барысында келіс­пеу­шілік болды. Ол туралы бас­па­сөз­ бетінде шулы материалдар жарияланды. Шындығына кел­генде, Нағашыбай Аманғалиұлы Қайырбек Шошанұлын құрмет­тейтін. Өмірінің соңғы күндері Санкт-Петербург қаласында ем­деліп жүргенде: «Қайырбек Шо­шан­ұлы екеуміздің арамызда түсініспеушілік болғанына ішім ашиды. Ол жақсы азамат, мықты адам. Өз еңбегімен көп нәтижеге жетті. Бұл түсініспеушілікті кейбір баспасөз өкілдері тым көпіртіп жіберді. Мен міндетті тұрде хат жазып, оның алдында кешірім сұраймын», – деп еді. Бірақ… Үлгере алмады…
Ол ұлы адам болды, сөйте тұра өте қарапайым, жып-жылы, өзінің кейбір кемшіліктерімен, кейбір әлсіздігімен қымбат еді. Барлық адам секілді өзіне тән мінез қай­шы­лығы да болды. Бір уақытта қуат­ты әрі әділ сарапшы бола алса, күнделікті өмірде баладай аңғал, сенгіш болды. Ешқашан ешкімнен жымысқылық көрмейтін. Мемле­кет ісін атқарып жүрген айтулы тұлға бола жүріп, табиғат аясына барғанда балаша қуанатын. Бір жолы студенттері көрнекті ақын Олжас Сүлейменовпен бірге тауға шақырды. Сондағы оның қолына батпырауық алып балаша мәз болып, бақытқа шомғанын көр­сеңіз… Оны шетелден баламызға арнап алып келіп ем дейді, кітап сөресінің артына тығып қойыпты, өзіне әкелгенін айтуға ұялған болуы керек… Сол батпырауықты баласына бермей өзі ұшырды.
Екеуміз 25 жыл бірге өмір сүрдік. Күміс тойға бірнеше күн ғана жетпей қалды. Әрине, 25 жыл отбасылық өмірдің бар мезеті шуақты болды деп айта алмаймын. Келіспей қалған кездеріміз болды, пікіріміз қарама-қайшы келді. Бірақ, бір-біріміз үшін жаратыл­ғанымызды терең сезіндік.
Перфекционист ретінде мені ылғи биікке жетеледі. Ешқашан тұқыртқан емес, керісінше, ылғи алға ұмтылғаным­ды, кәсіби тұр­ғыдан шыңдалғаным­ды қалады. Жан дүниесі демократ еді. Кейбір қолайсыз көрініс­тер қылаң беріп қалған тұста да ол өзін нағыз демократ ретінде таныта білді.
– Қазақстанға келмес бұрын ол кісіні Қырғызстанның сол кездегі президенті Асқар Ақаев та шақырған екен…
– 1992 жылы 15 мамырда ол өзі­нің ұстазы, заң саласының білгір маманы Сергей Сергейұлы Алексеевтің кеңесімен Қазақстан­ның Ұлттық Ғылым акаде­мия­сын­дағы мемлекет және құқық инсти­тутында докторлық дис­сер­та­циясын үздік бағаға қорғады. Диссертациялық кеңесте қырғыз елінің азаматтары да болған екен. Ол кезде посткеңестік елдердің барлығы құқық саласын­дағы кәсіби маманға зәру еді. Диссер­тациялық жұмыспен та­ныс­қан олар құқықтық жүйе қалыптастыру жолында Нағашы­бай­дың қолынан көп іс келетінін бірден сезеді. 16 мамыр күні На­ғашқа Қырғыз­станның сол кездегі президенті Асқар Ақаевтан ұсыныс түскен еді. Қырғызстанда бауыры тұратын болған соң ол бірден келіскен. Бірақ, көп уақыт өтпей Нағаш Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Әбішұлынан шақырту алып, Қазақстанға келді. Нұрсұлтан Әбішұлы оны Эко­номикалық кеңесшілер кеңесі төрағасының орынбасары етіп тағайындады. Ол кезде Президент жанында экономикалық кеңес­шілер кеңесі болған еді. Арада үш ай өткенде Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып тағайындалды. Осы кезде Қазақстанның құқықтық рефор­малар жөніндегі бағдарламасын жазып шықты. Бағдарлама Респу­б­ликалық заңгерлер съезінде талқыланды. Талқылау барысында көп сын айтылғанына қарап, Нағашыбай өз бағдарламасын қабылдай қоймас деп ойлаған екен. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы пікірлердің барлығын тыңдап болған соң: «Дауыс беруді бастайық, бұл бағдарламаны кім қолдайды?» – деп ең бірінші өзі қол көтерген екен…
Елбасының қолдауымен На­ғашы­бай Аманғалиұлы 1995 жылы ҚР Республикасының Конститу­ция­сын жазып, азаматтық, қыл­мыс­тық кодекстердің жасалуына, адвокатура және нотариат туралы заңдардың жасалуына, заңгерлер дайындайтын арнайы оқу орны­ның ашылуына, «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылым­дарының, мамандандырылған «Жеті жарғы» баспасының ашыл­уы­на ықпал етті.
Өмірінің соңына дейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына шексіз риза болды. Оның Президентке жазған жұмыстан шығу туралы өтінішін оқысаңыз, бұған көзіңіз жетеді. Еш мемлекетте, ешқандай мемле­кет­тік қызметкер мұндай жүрек­жар­ды өтініш жазбаған шығар. Білімі мен кәсіби білігін жүзеге асыруға мүмкіндік беріп қана қой­май, мол сенім артқаны үшін Ел­басына шексіз разы болды.
Нұрсұлтан Әбішұлының Шай­кеновке деген құрметі байқ­а­ған адамға анық сезілетін. Прези­дент ең алдымен оның білімі мен адам­гершілігіне, тәрбиесіне сенді. Кей тұста пікірлері бір арнаға тоғыспаса да, кәсібилігін қадір­леді.
– Нағашыбай Шайкенов мем­ле­кет­тік қызметтен кеткен уақытта оны көпшілік кейбір жағдайларға көңілі тол­май кетті деп ойлады. Ол негіз­сіз болғаны ғой?..
– Біздің қоғамда ректор болудан министр болуды бағалы деп санайтын қызық түсінік бар. Нағаш мемлекеттік қызмет атқар­ған тұста өзінің қолынан келген, мүмкіндігі жеткен істің барлығын атқарды. Тіпті, кей тұста мүмкін­шілігінен тыс еңбек етті. Атқарған ісі туралы көп айтылды, көп жа­зылды, еңбегі елеусіз қалған жоқ. Оның өмірінің ең бақытты кезеңі – ректор болып қызмет еткен жылдар еді. Жұмы­сын, студент­те­рін жақсы көргені сонша, күндіз-түні университетте жүрсе де шар­ша­майтын. Университеттегі ұжым мен студенттердің ыстық ықыла­сына шомып жүрді. Онда шығар­машылық еркіндік болды. Уни­верситет оның студент-балаларға арнап жасап алған жарқын әлемі іспетті еді. Әрине, жұмыстың жа­уапкершілігін анық сезінді әрі құқыққа өзі қалай қараса, дәл сондай құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиелеудің маңызын терең ұғынды. Құқықты бағалап, құрмет­теп қарайтын ұрпақ қана мем­лекетті өркениеттің шыңына жеткізе алатынын түсінді.
Министр кезінде оған құлдық ұрған жандар ректорлыққа ауыс­қанда мүсіркеп қарайтын болды. Кейбірі бізбен қалай сөй­лесерін білмей, жанарларын тайдырып, сасқалақтап қалатын. Шынымды айтсам, адамдардың сондай көзқарасын бақылау мен үшін кейде қызық болатын.
Оның жаны, тегі қазақ болған­мен адамдармен қарым-қатынасы орыс халқынан дарыған. Үйіне қонаққа шақырып, құрмет көрсет­кісі келген адамдарға: «Мені үйіңе, мейрамханаға шақырма. Жақсы жұмыс істесең екеуміз жақсы дос боламыз», – деп ашық айтатын…
Оны көбіне тағдыры қиын тұлға деп айтып жататыны рас, бі­рақ ол қате. Бір жазбасында өз өміріне көз жүгіртіп, қорытынды жасаған еді. Сонда: «Мен бақытты адаммын. Жер бетінде Алланың берген міндетіне жүгініп өмір сүріп келемін. Жұмысымды жақсы көрем, жарымды да шын сүйдім. Қабілетім де дер кезінде байқалды, бағаланды», – деп жазды. Шынды­ғында ол өте бақытты еді. Біз өмір­дегі шынайы адами құнды­лық­тарды бағаладық. Асқан бай­лығы­мыз болған жоқ және ол үшін еш­қа­шан қынжылған емеспіз. Мил­лиондар мен ақшаңқан сарай­лар адам баласының бақы­тына кепіл бола алмайды. Сый­ластық, түсіністік, денсаулық ада­ми құн­ды­лықтардың ең ма­ңыздысы екенін шын ұғындық. Рас, денсау­лығы өзге адамдар секілді мықты болған жоқ. Де­генмен, 1983 жылы жасалған ота­дан соң дәрігерлердің «үш ай ғана өмірі қалды» деген сөзінен кейін Алла оған 17 жыл ғұмыр берді. Оған дейін өте ұяң болған Нағаш отадан кейін ойын қаймықпай, кібіртіктемей тура айтатын болды, өзіне де, өзгеге де әлдеқайда турашыл, талапшыл, қатал бола бастады.
Тарихи тұрғыдан алғанда оның білімі, ойлау жүйесі, қарым-қабі­леті дер уағында Отанының қаже­тіне жарады. Бұл, меніңше, өте үлкен әрі сирек бұйыратын бақыт. Ол өз білімі мен қабілетін толық жүзеге асырды және өзіне берілген мүмкіндікті анық сезінді. Өмірдің жарқын сәттерінен ләззат ала біл­ді, жақсылыққа сүйініп, бақытты бағалап, қолына қонған құтқа қуанды.
– Ол кісі тәрбиелеген студент­терді көргенде үміті ақталғанын байқайсыз ба?
– Әрине! Бұдан төрт жыл бұ­рын «Шайкенов шәкірттерінің ассоциациясы» қоғамдық бірлес­тігі құрылған еді. Сіз бұдан бұрын белгілі бір адамның шәкірттерінің қауымдастығы құрылды дегенді естіп пе едіңіз?.. Жыл сайын Ас­тана қаласында Әділет министрлігі мен осы бірлестік, Алматыдағы Каспий қоғамдық университеті бірігіп, «Шайкенов оқуларын» өткізеді. Әрбір басқосуға мені ша­қы­рады.
Нағашыбай Аманғалиұлы ректор болып тұрған тұста өзінің студенттерімен балалар құқығы жөнінде қоғамдық бірлестік құр­ды. Қазақстандағы тұрғын­дардың құқықтық сауатының өте төмен екенін үнемі айтатын. Оны көтеру үшін құқықтық сауат негізін мек­теп жасынан қалаған жөн, балалар өз құқықтарын біліп, дұрыс пайдалана алуы керек деп санай­тын. Мен де нотариус ретінде тұр­ғындардың өз құқығын білмей­тініне және сол үшін көп жапа шегетініне куә болып жүрмін. Нағашыбай студенттерін құқығын білетін жеке тұлға ретінде тәр­бие­леп жатқанына сенімді болды. Балаларға мықты білім беру үшін университетке ең үздік заңгер педагогтарды, елдің әр түпкірінен талапты балаларды жинады. Балалардың оқуға таза біліммен ғана қабылдануына қатты көңіл бөлді.
– Университетте Нағашыбай Аманғалиұлы қалыптастырып кет­кен тәртіп пен жүйе сақталды ма?
– Ол оқу орнын Нағашыбай қайтыс болған соң Мақсұт Нәрік­бай­ұлы басқарды. Ол кісі де өмір­ден өтті, иманы саламат болсын. Қазір университетті Талғат Мақ­сұтұлы басқарады.
Меніңше, адамның көзі кеткен соң ол жасап кеткен жүйенің сақталуынан үміттену балаңдық секілді. Олай дейтінім, барлық жүйе сол жүйеге мүдделі тұлғамен тығыз байланысты, оны сақтау мүмкін емес. Әрине, қазіргі ұжым кейбір дәстүрлерді сақтауға күш салып жүр. Бірақ ол әр тұлғаның өзі жасағандай болмайды. Ол өмірдің заңы.
– Әке-шешесі қандай адамдар еді?
– Анамыз төрт кластық қана білім алса да ақылды, сабырлы, дана адам еді. Қазақша ән айт­қанымды қатты жақсы көретін, кейде бірге ән салатынбыз. Қала­дан жырақ, шалғай ауылда тұрса да ішкі мәдениеті жоғары, зиялы, дала мектебінің білгірлері болды. Бес бала – бір қыз, төрт ұл тәр­бие­леп, барлығына жоғары білім берді. Әкеміз: «Бұл өмірде жетіс­тікке тек білім арқылы ғана жетуге болады», – деп айтып отыратын. Көп жыл бойы разъезд басшысы болып қызмет атқарды. Жадының мықты болғаны сонша, пойыздар­дың жүру кестесін жатқа біледі екен.
Мен күз мезгілінде босаға атта­дым. Үйге кіріп біраздан соң далаға шықсақ, әкеміз біздің аяқ киім­де­рімізді жуып қойыпты. Ыңғай­сыз­данғаным сонша, келесі жолы атам­нан бұрын аяқ киімдерді жуып қоюға тыры­сатынмын. Ол кі­сіге келіннің аяқ киімін жуу арланатын іс емес еді. Бау-бақ­шасы қандай еді десе­ңізші?! Бұ­рын­ғы заманда қазақ­тардың арасында бау-бақшамен айналы­са­тындар жоқтың қасы еді ғой. Әкеміздің бақшасындағы қияр да, қызанақ та ең бірінші пісетін, сондықтан да оны ауыл-аймақ Мичурин деп атайтын. Ерекше балажан еді, балаларына білім беру ол кісі үшін ең басты міндет болды. Мініп жүрген көлігін сатып балаларын оқытты, бала­лары сол сенімді ақтады – еңбек­сүйгіш, тәрбиелі, мейірімді, абыройлы боп өсті.
– Сіздер Қазақстанға алғаш келген кездегі халықтың құқықтың сауаты мен қазіргі құқықтық сауа­тынан ілгерілеу байқайсыз ба?
– Айтарлықтай ілгерілеу бар деп айта алмаймын. Бұдан әрі де тұрғындардың құқықтық сауаты арта берсе екен деп тілеймін. Ол үшін құқықтық білім беру өрісін кеңейту керек деп ойлаймын. Ол Нағашыбай Амангелдіұлының арманы еді, оны әлі де жүзеге асыруға болады.
– Балаларыңыздың қайсысы әке жолын жалғады?
– Әкесінің рух еркіндігі екі перзентінің де бойында бар. Білімге құштарлық та әкелерінен келген. Немерелері де көп оқиды, әрине, бұдан да көп оқығанын қалайсың, бірақ қазіргі заманның балалары көп уақытын смарт­фонға қараумен өткізеді. Көп салаға қы­зығушылық та әкесінен келді-ау. Әсіресе, ұлымыз фи­ло­софия, психология, физика, химия секілді бар салаға қызығады. КИМЭП-те құқық негіздерінен дәріс береді, оны да студенттері жақсы көреді. Әрине, ол ұстаз­дықты енді ғана бастады, бай­қауымша, ұстаздық оның таби­ғатына жақын.
Қызымыз Мәскеуде тұрады. Аудармамен айналысады.
– Нағашыбай ағаның өлең жазғанынан көпшілік хабардар. Көбіне қай кезде жазушы еді?
– Иә. Ұлымыз да өлең жазады. Әкесі өз өлеңдерінің баласының өлеңдерінің жанында жіп есе алмайтынын айтып отыратын. Менің ойымды балам құптамауы мүмкін, дегенмен, менің ойымша, ұлым жақсы ақын. Қазір көп жаз­байды, жас күніндегі өлеңдерінде лирикалық сарын басым болса, қазіргілері философияға толы. Қызым да әкесі мен ағасы сияқты өлең жазады.
Нағаш көбіне мұңайғанда жа­затын. Бұл өлең жазатын адам­дар­дың барлығына тән, жалпы талап деп ойлаймын. Адам қуан­ғанда қолына қалам алмайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

P.S.: Сұхбат соңында Лидия апай маған жары Нағашыбай Шайкенов жайлы «Өмірі заңмен өрілген» атты екі томдық естелік кітапты табыс етті. ҚР Президентіне жазған жұмыстан шығу туралы өтініш басылған бетті көрсеткенде оны қайырып белгілейін деген әрекетіме қарап: «Олай белгілемеңіз, Нағашыбай Аманғалиұлы өйтіп белгілегенді ұнатпайтын», – деп кітап арасына салатын стикер ұсынды. Мен мұны азаматын ардақтаған қазақ келінінің адалдық үлгісіне баладым.

Назым ДҮТБАЕВА.

Пікір қосу