Соңғы маусым
15.12.2017
2272
0

 Тұрсын ЖҰРТБАЙ, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор


1921 жылғы 4 қазан күнгі Бүкiлқазақстандық II Кеңестiң тұсында өткiзiлген қазақ өкiлдерiнiң дербес мәжiлiсi Қазақстанның саяси өмiрiндегi үлкен оқиға болды. Мұнда тек идеологиялық тартыс қана шарықтау шегiне жетiп қойған жоқ, сонымен қатар қазақ ұлтының тағдыры да талқыға түстi. Қазақстан Орталық Атқару Комитетiндегi қазақ қайраткерлерi, оның iшiнде барлық мемлекеттiк iстi үйлестiрiп отыратын жауапты саяси хатшы Мұхтар Омарханұлы Әуезов те Смағұл Сәдуақасовтың бағытын ұстанды. Жүрексiнiп қалған большевик – коммунистер Әлихан Бөкейхановты, Халел Ғаббасовты, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтердi, Мұхамеджан Тынышбаевті, Әлiмхан Ермековтi, Мiржақып Дулатовты, Жүсiпбек Аймауытовты, Жақып Ақбаевтi өкіл ретінде шақырмады. Бірақ оларды түрмеге қамап, тергеуге де дәттерi шыдамады. Ұлттық республикадағы саяси жағдай оны көтермейтiн.

Смағұл Сәдуақасов және Мұхтар Әуезов

Ал бұл «Алаш жастары» – Мұхтар Әуезов пен Смағұл Сәдуақасовтың шын мәнінде ел көсемi дәрежесiне көтерiлген айшықты мезетi едi. Екеуiнiң де жас мөлшерi 21-24 арасында болса да нағыз ысылған саясаткер, қажырлы да қабырғалы мемлекет басшысы ретiнде көрiне бiлдi.

Қазақ жері мен елі талқыға түскен тұста айқындала бастаған ұлттық зиялылардың арасындағы бұл жік осы 1921 жылғы ашаршылық тұсында басталған еді. Қазақстанның солтүстiк батыс аймағын жайлаған аштық қазақ елiнiң ұлт боп өмiр сүруiне қауiп төндiрдi…

1921 жылдың күзi мен 1922 жылдың көктемi қазақ мемлекетi мен ұлты үшiн осындай саяси, экономикалық, ұлттық мәселелердiң ширыға шиеленiскен тұсы болды. Бұл «Алашорда» қайраткерлерiнiң өкiмет басындағы ықпалы сақталған ең соңғы маусым едi. Олар жазға қарай жаппай қамауға алынғанына қарамастан өздерiнiң ұлт алдындағы парызын орындап кеттi.

Ашаршылықтың қазақ арасына ажал тырнағын салғанын, әр бұтаның түбiнде көмусiз қалғанын көрген Әуезов қызметке оралысымен дабыл қақты. Бiр аймақта ғана емес, Орал, Ақтөбе, Торғай, Қостанай, Ақмола губернияларын жайлаған аштық қазақтардың кеңес өкiметiнiң жазалауынсыз-ақ қырылып бiтетiнiне көз жеткіздi.

Мұндай хабарды алысымен Ташкентте С. Қожанов, Ғ. Бiрiмжанов, Семейде М. Дулатов пен Ж. Аймауытов бастаған зиялылар «Ақ жол», «Қазақ тiлi» газеттерi арқылы бүкiл қазаққа сауын жариялады. Содан кейiн барып Орынбордағылар қозғалды. Бұл жөнiнде тергеуде берген куәлiгiнде Ә.Байдiлдин:

«Бұл iстiң де бастамашысы Әуезов болғаны тегiн емес. Ол (1921 жылдың желтоқсанында ғой деймiн) қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң атынан қазақ қызметкерлерiнiң (партия мүшелерiн де, партияда жоқтарын да) үлкен мәжiлiсiн шақырды, оған үкiмет мүшелерiмен қоса жекелеген еуропалық жауапты қызметкерлер де қатысты, ашаршылық туралы мәселенi талқылауды күн тәртiбiне қойды. Мәселенi талқылау барысында бұл мәжiлiс: аштарға көмек көрсетудi дереу қолға алу керек, ол үшiн Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң жанынан аштарға көмек көрсету комиссиясы құрылсын – деген шешiм қабылдады. Бұл комиссияның құрамын бекiту кезiнде әдеттегiдей жiкшiлдiк ұсыныстар жасалды. Әр топ (меңдешевшiлер, сәдуақасовшылар, Асылбековтiң өкiлдiгiмен айқындалатын сейфуллиншiлер, алашордашылар) өз адамдарын кiргiзуге ұмтылды. Соның iшiнде өте тосын: «Комиссияның төрағалығына Ахмет Байтұрсынов сайлансын, ал партияда жоқ көрнектi адамдар да оның құрамына мүше боп кірсін» – деген ұсыныс (ұмытпасам Әуезов) жасалды. Ол бұл пiкiрiн: коммунистерге қарағанда олардың (алашордашылардың) қазақ тұрғындары арасындағы беделi зор, сондықтан да комиссияның жұмысы жемiстi болады, – деп дәлелдемек болды. Бұл ұсыныс iшiнара ғана қабылданды. Меңдешев төраға, Байтұрсынов пен Әуезов төрағаның орынбасары болып сайланған бұл комиссияның мүшелiгiне сол кездегi жауапты қызметкерлердiң көпшiлiгi сайланды», – деп көрсетті.

Әрине, тергеудiң аты – тергеу. Сондықтан да (Ә.Байділдиннің) Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовтi кекете еске түсiруі заңды. Алайда кiмнiң қандай қайрат көрсетiп, елiнiң тағдырына қаншалықты қамыға араша түскенi онсыз да бiлiнiп тұрғандықтан да, бiз бұған қосымша түсiнiк берiп жатпаймыз. Қазақ елiнiң басынан кешкен, қолдан жасалған 1932 жылғы ашаршылықтың зауалы сұмдық. Ешқашанда орыны толмайтын қасiрет.

Сондықтан да ұлты үшiн күйiнген қайраткерлердiң, оның iшiнде Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовтiң дабыл қағып, мәжбүр етуiмен өткен жоғарыдағы мәжiлiстiң протоколын (оны бiзге танымал тарихшы, абзал ғалым марқұм Ақыжан Игенбаев дегдар ұсынып еді) толық келтiрудi жөн көрдiк. Көсемсөзбен баяндап беру тiлге де, түсiнiкке де жеңiл. Бiрақ та бұл тарихи құжатта сондай қысылтаяң, қасiретi мол күндердiң күйiнiшi мен сүйiнiшiнiң табы, аяулы жандардың жан айқайы, отты лебi жатқандықтан да дерекке жүгіндік. Сонымен 1921 жылы 10 желтоқсан күнi өткен қазақ қызметкерлерi қатысқан кеңестiң күн тәртiбiне қойған мәселе:

«І. Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру.

…3. Жергiлiктi жердегi аштарға көмек көрсету ұйымы қолтығының астындағы, яғни жақын жердегi қалалар мен қала маңындағы селолардағы күйзелгендерге ерекше қамқорлық жасауға тырысады, сондықтанда қаладан шалғай орналасқан қазақ ауылдары үнемi кейiнге ысырылып қалады. Шындығына көшсек, – дедi Әуезов, – ашаршылық жайлаған қырдағы елдiң қырылғанының жанында, қаладағы аштықтың үрейлi көрiнiстерi ойын сияқты әсер етедi. Егерде бұл аудандарды аштықтан құтқару үшiн дәл қазiр шұғыл түрде шешушi шара қолданылмаса, онда қазақ республикасы қазақсыз қалады. Көптеген аудандардағы қазақтар көптен берi тек қана көртышқанмен, тышқанмен, суырмен, тағы сол сияқты ұсақ жәндiктермен өзегiн жалғауда, соның кесiрiнен әртүрлi жұқпалы аурулар мен iндеттер естiп-бiлмеген деңгейде таралып барады.

Мұның барлығы, аштарға көмек көрсету ұйымдарының қыр елiне жаны ашымайтындығын, оларға немкеттi қарайтындығын көрсетедi, сондай-ақ осындай қасiреттi өрттi өшiруге қазақ қызметкерлерiнiң де бейғамдығы байқалады. Өкiмет басында отырған қазақ қызметкерлерi, бұл iстi дәл осы күйiнде қалдырып қоюға болмайтыны өз алдына, бұл – сiздер үшiн қылмыс, бiз бұл үшiн қазақ елiнiң алдында, өзiмiздiң арымыздың алдында  жауаптымыз, – дедi Әуезов жолдас.

Баяндамасының соңында Әуезов жолдас қырдағы аудандарға аштарға көмек көрсету шараларының жоспарын ұсынды, жарыс сөз бен талқылаудан кейiн iшiнара өзгерiстер мен толықтырулар еңгiзiлген соң бұл ұсыныс қаулының негiзi етiп алынды».

 Алайда белсенділер аштан қырылып жатқандарға көмек көрсетудің өзінен таптық идеология іздеді. Мысалы, сол тұстағы Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезовтiң iс-әрекетi туралы «Қалам» былай баяндайды:

Ә.Байділдин (жалғасы): «Осы Кеңестен кейiн Әуезов ашаршылық туралы көлемдi мақала жариялады (Қараңыз: «Еңбекшi қазақ» №4 және №5), қалыптасқан жағдайды дұрыс бағалаудың үлгiсi есебiнде Ташкенттiк алашордашылар мұны қағып алып, «Ақ жол» газетi арқылы насихаттауға көштi…»

Айыбы, айыптау көрсетiндiсi ретiнде жазылғандығы болмаса, Әбдiрахман Байдiлдиннiң баяндап отырған оқиғаларының барлығы да шындық едi.

 «Бiрақ та бұл iстiң ресми емес екiншi бiр астары бар екендiгiн Қостанайға жүретiн күнi Сәдуақасовтан бiлдiм. Ол маған: Обкомның шешiмi арқылы бекiтiлген қаулыдағы аштыққа қарсы күрес жұмысын жүргiзумен қатар, барған уәкiлдер жергiлiктi жерлердегi бiздiң қарсыластарымызды, яғни отарлаушылар мен меңдешевшiлердi орынынан тайдырып, оған қоса кеңестiң 3-съезiне дайындық жүргiзетiн болады», – деп хабарлады. Осыны айтқан соң менен Сәдуақасов: «Орынбордағы жаңалықтарды тұрақты жеткiзiп тұр», – деп өтiндi. Сонымен уәкiлдер елге аттанып кеттi».

Олардың бұл жолғы кеткенi – өкiмет билiгiнiнен де бiржола кеткенi едi. Тек өжет мiнездi, қайсар да батыл ойлы Смағұл ғана билiк басына қайта келдi. Мұхтар Кеңес өкiметiнiң аярлығына көзi әбден жетiп, көңiлi мүлдем суып қалды. Қауқарсыз қаулының құлы боп, «жасасындатып!» жүгiргенше, еркiн ойлы қалам қуатына сүйенгендi дұрыс шештi. Өйткенi, Кеңес белсенділері осынау игi жұмыс үшiн аттанған уәкiлдердiң соңына тыңшы қойып, тыныштықтарын бұза бердi. Орынбордағылар өздерiнiң «қапы кеткендiктерiн» кейiн аңғарып, «қолдарын кеш сермеп қалды».

Сондықтан шұғыл түрде Семейге аттанып кеттi. Ол:

«Семей губерниялық атқару комитетiнiң төрағасына және губкомның хатшысына!

15 көкек күнi КЦИК обкомының және Кирпрофбюроның өкiлi ретiнде партия, кеңес және кәсiптiк жұмыстарды жандандыру мақсатымен Семейге аттанамын, басты назардағы жұмысым қазақ тұрғындары арасындағы белсендiлiктi арттыру. Барлық кәсiпшiлiк аудандарындағы қазақ жұмысшыларының басын қосу, жер туралы декреттi жүзеге асыру, қазақ кедейлерiн милиция қатарына тарту – бiрiншi мiндет. Аталған шараларды жүзеге асырудағы басты тiрегiм – кеңес қызметiнде жүрген қазақ қызметкерлерi болмақ. Сондықтан да губком мен губисполком жоғарыдағы қызметкерлердiң тiзiмiн жасап, аудандардан губернияға шақырып алу ұсынылады. Алғашқы кезеңдегi қажеттi адамның саны 20. Қазақ қызметкерлерiмен жұмыс iстесу – КССР мемлекетiнiң кезек күттiрмейтiн бiрiншi кезектегi мiндетi екендiгiн, одан ешкiмнiң де тыс қалмауы қажеттiгiн ескертемiн. КССР губернияларына жiберiлген өкiлдердiң барлығы да шұғыл тапсырманы орындаушы болып табылады. Сондықтан да оларға немкеттi қарау – кешiрiлмейтiн қылмыс есебiнде жауапқа тартылады.

КЦИК обкомының өкiлi Әуезов», – деп шұғыл телеграмма соқты.

Сөйтiп, Қазақ Орталық Атқару комитетiнiң мүшесi, КЦИК-тiң саяси хатшысы және Президиум мүшесi Мұхтар Омарханұлы Әуезовтiң мемлекеттiк мансабы осы жеделхатпен аяқталды. Жеке басын қорғау үшiн оған жапондар шығарған винтовканы өзiмен бiрге алып жүруге рұқсат етiлдi.

Сiрә, оны пайдаланудың ретi келе қойған жоқ болуы керек.

М.Әуезовтің жеделхатын алысымен «Алашорданың» шығыс бөлiмiнiң астанасы болып табылатын Семейдегi қайраткерлер ерекше белсенділік танытты. Қазақ елiнiң сол тұстағы шынайы рухани астанасы ретiнде танылған және Сiбiр ревкомының, сол арқылы Ресейдiң құрамынан шығу қозғалысы бастау алған бұл шаhарда «Алаш» идеясы әлi өшкен жоқ едi. Ертiстiң Сарыарқа жақ бетi «Алаш» деп аталуы соның бiр белгiсi болатын.

Жүсіпбек Аймауытов

Қазақ ұлтын сақтап қалудың бiрден-бiр жолы – ашаршылыққа қарсы күрес қозғалысы екенін түсiнген Мiржақып Дулатов бастаған Семейдегi Алаш азаматтары бұл науқанға шұғыл кiрiстi. Бұған Орталық Атқару Комитетiнiң Әуезов пен Досов сияқты екi бiрдей  белді өкiлiнiң келуi де қарқын бердi. «Ашаршылыққа» қарсы күрестiң ресми емес ұйымдастырушысы мiндетiн атқарған Жүсiпбек Аймауытов «Қазақ тiлi» газетi арқылы салауат-сауынның екпінді жүргізілуіне зор үлес қосты.

Әттең, сол еңбектерi үшiн басы дауға түсiп, он жылдан кейiн өлiм жазасына кесiлетiнiн Жақаң – Мiржақып та, Жүсiпбек те бiлген жоқ.

Тергеушiлердің 1921-1922 жылы астыртын: контрреволюциялық-ұлтшыл төңкерiс ұйымдастыру үшін, Түркиядан астыртын келген Әнуар паша мен Заки Валидовтiң басмашыларына қосылу үшiн қазақ әскерiн жинап, ел-жұртты соған үгiттеу мақсатымен қырға шыққан», – деген бопсасын жоққа шығара отырып, М. Дулатов бұған ешкiмнiң атын атамай, сыпайы ғана:

«1921 жылы Торғай, Ырғыз, Қостанай уездерiндегi Орал губерниясының бiраз бөлiгiндегi тұрғындар аштыққа ұшырады. Мен Семейдегi «Қазақ тiлi» газетi арқылы бiрiншi болып: қырдағы аудандардың темiр жол торабына 400-500 шақырым қашықтықта жатқандығынан да және тұрғындардың шашыраңқы орналасқандығынан да мемлекеттiк көмектiң оларға толық жетпейтiндiгiн айтып: барлық қазақ қызметкерлерi атқа мiнiп, ел аралап салауат-сауын (добровольные пожертвование) жиюы керектігі, жиналған малды қыр жолы арқылы аштық жайлаған аудандарға тура айдап апарудың әлде қайда тиiмдi болатындығы туралы бастама көтердiм. Менiң бұл ұсынысымды көпшiлiк те қабыл алды, осы мәселе жөнiнде өткiзiлген мәжілiсте бұл жобаны қолдады, кейiннен губерниялық Аштарға көмек комиссиясы мен оның орталық ұйымы да қостап, iске кiрiсу туралы рұқсат бердi. Шұғыл кiрiсiп кетудiң нәтижесiнде 2-3 айдың iшiнде 15 мың iрi қара жиналып, олар аз уақыттың iшiнде аштыққа ұшыраған аудандарға жеткiзiлiп, халыққа бөлiнiп берiлдi. Бұл салауат-сауынның жетекшiсi әрi ұйымдастырушысы ретiнде мен жаз айында Семей губерниясының үш уезiн аралап шықтым. Қырдан қайтып, Семей қаласына келген соң менi тұтқынға алды, ОГПУ-дiң Қазақстандағы өкiлiнiң бұйрығымен Орынборға жөнелттi, бiраздан кейiн босатты», – деп баяндады.

…Көктемнен бастап бүкiл Семей губерниясын аралап мал жиып, Сарыарқаны кесiп өтiп, жердiң түбi Торғайға – екi мәрте барып, 8 мың мал айдап апарған, ең адал азамат ретiнде жұрт сенiп тапсырған өкiл – Жүсiпбек Аймауытовқа қарсы астыртын арандату әрекетi жүргiзiлгенi тiптi де түсiнiксiз. Тiмiскi тыңшылар өзi аштықтан ашынған, аш өзегi өртенген адамдардың ашкөзденген сәтiн пайдаланып, арғын мен қыпшақ руларының аштарын бір-бiрiне айдап салды, сүйекке таластырды. Оны ұйымдастырған жергiлiктi жердегi Кеңес өкiметi мен партия ұйымдарының белсендiлерi едi. Ал олар жоғарыдан арнайы нұсқау түспесе, өз бетiмен мұндай әрекетке бара алмайтын. Солар ұйымдастырған арыздың салдарынан Жүсiпбек Аймауытов жауапқа тартылды. Сот кезiнде ол айыпталушыдан айыптаушыға айналды. Жүсiпбектiң тергеу барысындағы куәлігі мен соңғы сөзi сол кездегi кеңес тергеу орындарының арандату әрекетiн әшкерелеген үлкен саяси айыптау болды. Абзал азаматтың:

«Азаматтық, адамшылық жүзiнен қаралса, бiр кiсi аштарға жан салып, қызмет көрсетсе – мендей-ақ көрсетер еді деп шүкiршiлiк етемiн. Мүмкiн, менiң еткен еңбегiм себеп болып, ондаған, жүздеген аштар ажалдан  аман қалған болар, қалмады деп Торғай елi айта алмас. Еңбегiм – салауат: ниетiм – арам, жүрегiм – қара, қазаққа – зиянды адам болып табылсам, бұ да бiр уақыт шығар. Жазаға мойынымды ұсынамын, аштар үшiн мен-ақ құрбан болайын. Елiмнiң заңына көнемiн», – деген жүрек сөзi де кеңес өкiметiнiң жазалау саясатының бетiн қайырмады.

Жүсiпбек аштар үшiн ғана емес, ел үшiн құрбан болды. Бiрақ ол үкiм бес жылдан кейiн орындалды.  Тек: «бұл сот процесі Жүсіпбек Аймауытовтың үстіне ғана жүргізілген сот емес, «Алашорданың» үстінен де жүргізілген сот», деген С. Сәдуақасовтың пікірі өте орынды болатын.

Қызылордаға келген соң айыпкердiң қорғаушысы, тым болмағанда куәсi ретiнде сөз алуды өтiнгенiне қарамастан С.Сәдуақасовқа рұқсат берілмеді. Аса жауапты мемлекеттiк қызметтегi лауазымды адамның тiлегiн қанағаттандырмағанына қарағанда, сотқа Орталық және Өлкелiк партия комитетi мен Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың қысым жасағаны байқалады. Күрескер, өжет қайраткер Смағұлдың қолынан келгенi соттың барысы туралы күн сайын «Еңбекшi қазақ» газетiне есеп жариялатып отырды. Мұның өзi қоғамдық пiкiрдi қалыптастырып, ақыры Жүсiпбек Аймауытов бастатқан Шайқы Құлшанов, Ахметсафа Юсупов, Рүстем Әбдiғапаров, Iлияс Байменовтi сот ақтап шығарды.

Бұған Жүсiпбектiң ақырғы сөзi де үлкен әсер еттi. Ол өзiнiң басын бәйгеге тiге отырып, заң мен дәстүрдiң арасындағы қайшылық туралы азаматтық құқық саласындағы мүлде жаңа пiкiрдi сарапқа салды. Тек таптық мүдденi ғана қорғайтын заң – әдiлетсiз заң дегенге сайды. Алаш азаматтарының беделiн қалайда төмендетiп, жек көрiнiштi көрсету үшiн айла-тәсілдiң бәрін қолдаған ОГПУ тергеушiлерi Жүсiпбек Аймауытовқа:

1). Малды аштарға таратып беретiн комиссияның мүшелiгiне қасақана кiрiп, «Алашорда» Үкiметiнiң туыстарына заңсыз үлес бердi. Кедейлердi үлестен қақты. 2). Үлестiрген малды кiм алғаны туралы қолхат алмады. 3). Өз бетiнше бақташыларға мал үлестiрген, – деген айып тақты.

Жүсiпбек Аймауытов бұл айыптың саяси астарын кеңiнен аша қамтып, оны былай әшкереледi:

«Бiз қазақтың өз алдына ел боламыз деген заманында, өз алдына сот құрып отырғанда – алғашқы сот алдын көрiп отырмыз. Бұған шүкiршiлiк ету керек. Себебi қазақ соты – қазақтың әдетiмен санаспақ. Қазақ iсiнiң қылмысты түрi қандай, қылмыссыз түрi қандай (соны) әбден қарастырмақ. Бұл iске, менiңше, кейбiреулер заң жүзiнен ғана қарап, кейбiреулер сұрқиялық көзбен арап, құрғақ сөзге салып жатқан көрiнедi.

Бұл малдың жиналу ретiнде келсек, қазақ арасында жиналған мал – қазақ әдетімен жиналды, сондықтан бөлу де қазақшылық ретiмен болды.

Ал ендi малдың бөлiгi туралы наразылық – көрiнеу түрде, ру ретiмен, қазақтың ескi әдетiмен шыққандығы көрiнедi. Торғай елiне 4 000 мал келгенде көктен түскендей болды. Мал адамның етiне жақын (болғандықтан да олар) өте қуанып, тiк көтерiле даярланды. Малдың басына барған кезде – адам, халық малды таптап кеткен едi. Аштарға малды бере бастағанда халықтың қызығуы, алқымнан алуы солайша күшейе бастады. Бiр жағынан – аштардың тiзiмiн алып жатсақ, екiншi жағынан – мал бер деп жағадан алып жатты.

Жалпы, қазақтың бұл туралы әдетiн алсақ: 8 000 малды үлестiрiп алу түгiл, 8 кез сисаны жанжалсыз үлескен емес. Соған қарағанда бұл iс 12 том түгiл, әлденеше том болуы керек едi. Оның үстiне, ақсақалдық дәуiрi басынан кетпеген надан Торғай оязында болған iс болса, мұның ақырынан қандай ынтымақтық күту керек? Сондықтан бұл iске дау шықпайды деуге болмайды… Менен басқа тәсiлшiл бiреу болса, бәрiн қағаз жүзiнде тап-тұйнақтай қылып iстер едi.

Менде ол болған жоқ. Менi: «Неге кемесияға кiрдiң?», – деп айыптайды. Мұның қисыны жоқ.

Себебi, ала жаздай бейнеттенiп келiп, кемесияға кiрмей, малдың қалай бөлiнгенiн бiлмей кетуiм дұрыс па едi? Әрине, дұрыс емес. Бұл сөз: «Жаны ашымастың қасында бас ауырмас», – деген сөз ғой деймiн. Мен Торғайға жеткенше бiр мал жоғалттырмай келдiм, ақырында ашыққан ел оған қарамады, 90 малды талап әкеттi, оның 30-дан артығы табылды. Ал ендi 2 жұма баққан 74 малшыға – 74 қара, малшылардың тамағы, киiсi деп – 30 шамалы қара берiлген. 2-шi (рет айдап әкелген) малдан менде ондай шығын болған жоқ.

Ал ендi: азаматтарға мал бердi (үлестірді), – дегенi туралы. Мен (малды) кедейлерге беру жолында болдым. Мысалы, Орынборда жатқан Жангелдинге 15 қара бер дегем жоқ. Соның кедей аш-арық туыстарына бередi деп сенгенмiн.

Мен Торғай оязының партия құмарлығын, ақсақалдар дәуiрi кетпеген ел екенiн газетте де жазғамын. Сондықтан да уәкiл сайлауын сол елдердiң өз ортасына жiберген күнде де, (олар) бiзге дұрыс уәкiлдерiн сайлап бермес едi. Сондықтан бiз сенiмдi (адамды), Торғайдың жауапкер қызметкерлерiнiң алдында сайлатуды мақұл көрдiк. Сондықтан: қалада, ауатком алдында сайладыдеп айыптау қате. Ал ендi мені айыптаушылар: қазақ арасында таптық сезiм жетiп болды деп айта ала ма екен? Әрине, айта алмайды. Оған дәлел: бүгiнгi «Еңбекшi қазақтағы» жазылған бiр мақала…

Ру тартысы бiтiп, тап тартысы ғана қалды деп, қазақ елiн ешкiм айта алмайды. Сондықтан ондай елдiң ортасында қиянаттың болмауы, кедейдiң ақысын жемеуі мүмкiн емес. Ол болмайды деп мен де айта алмаймын. Оның үстiне менiң (өзiм) қазақ елiнiң iшiнде өтiрiк, өсекке, шағымға шебер елді көргенiм – Торғай елi, сондықтан да бұл iстi (жаланы), (былай қойып), бұдан да ауыр iс iстеулерi (жала жабуы) ғажап емес едi.

Ал ендi осы тәрiздi iстен саяси астар шығаруды ойлайтындар да бар көрiнедi. Бiрақ оны жоғарыда айтқан Торғай елiнен шығаруға бола ма? Себебi, Торғай елiнiң балшебигi де, Алашы да – жуаннан шыққан, атқа мiнгендерi де – оқығандар. Мысалы, пәлен жерде большевик бар десе, бiреуi большевик болады. Алаш бар десе  – Алаш болады. Мiне, осыдан саясат шыға ма? Бұдан қазақшылық шығады.

Қағаз (қолхат) алмады деседi. Ол үшiн бұл iстiң қандай уақытта болғанын еске алу керек. Бұл ат үстiнде болған iс, талмау уақытта болған iс. Бұл туралы қағазды жақсылап (хаттап) шығармақ түгiлі, сол уақытта менде бiр жапырақ қағаз да болған жоқ едi. Сондықтан мен ойлаймын, ондай уақытта қағаз жағын орындай алмапсың деп дәлел айтуға болмайды. Бұл арада Ленин сөзiн дәлелге келтiремiн: «Сөзге нанбау керек, iске нану керек», деген. Сондықтан iстеген iстi еске аларсыздар.

Менiң сотты болып, ауыр не жеңiл жаза алуымнан қазақ халқына үлкен кемдiк болады-ау деп ойламаймын. Бiрақ қазақ соты қазақ әдетiн, қазақ жайын, оның мiнезiн-құлқын еске ала (отырып), бiздiң тағдырымызды дұрыс шешер деп ойлаймын.

Менi жек көргендер: «Шынды айтасың, жалпы кемшiлiктi көрсетесiң», деп жек көредi. Шындық айтқан адам халыққа жаққан емес. Әсiресе, бiздiң қазақ халқына. Себебi, бiздiң ел әлi жетiлмеген. Сондықтан мен құрбан болармын. Бiрақ, мен – жетiлген елдiң баласы болсам, бұл сотты, iс комиссиясын көрмеген болар едiм. Бiрақ амал қайсы. Өз елiмнiң ортасында құрбан болып кетсем арманым жоқ. Ел заңына бағынбауға болмайды. Егер халқымның заң, ғұрпы менi айыпты десе, амалым не?», – деп сөзiн бiтiредi.

Қысқаша ғана үзiндiнiң өзiнен Жүсiпбектiң жан сырын аңғару қиын емес. Мiне, осы Торғайға жеткiзiлген 15 мың малдың iшiнде Әлихан Бөкейхановтың – Шыңғыстауды, Міржақып Дулатовтың – Семей уезін, Мұхтар Әуезовтiң Ертiс бойын аралап жүрiп жинаған сауын-салауаты да бар едi. Олар өздерінің жиған малдарын Баянауылдағы Жүсiпбектiң қосына қосты. Әрине, ол мал, Жүсiпбек айтқандай «ондаған, жүздеген емес», мыңдаған отбасының шаңырағының түтiнiн түтеткенi анық. Өйткенi, жылуға негiзiнен сауын сиырлар жиналған болатын. Ал олардың қаншасы отыз екiншi жылғы зауалдан аман қалды, ол тек бiр Аллаға ғана аян.

Халықтың басына түскен қасiреттi ұлтшылдардың дұшпандық әрекетiнiң кесiрi деп көрсетпек болғанымен де, бүкiл бiр ұлттың аштан қырылып қалу қаупiнің төнгенін Қазақ Автономиясын билеген коммунист – колонизаторлар да, коммунист-қазақтар да жасырып қала алмады. Ақыры бар шындықты мойындап, Мәскеуге мәлімет беру үшiн «Аштарға көмек комиссиясының жұмыс қортындысын» дайындады. «Аса құпия» деген бұрыштамасы бар бұл мәлімет дербес кiтапша ретiнде дайындалғанымен де, жарияланбаған күйiнде қалды. Тарихшы Ақыжан Игенбаевтiң назарына iлiккен бұл құпия деректер жан түршiктiредi. Алаш азаматтарының қандай күй кешiп, неге тәуекелге барғанын түсiну үшiн «Қортындыдан» бiрнеше мысал келтiремiз.

Құжат Мәскеудiң көңiлiн аулап, өздерiн ақтау үшiн жазылған. «Сондықтан да жұттың шығу себебiн:

1) Патша өкiметi де кезінде ашаршылықпен күреспедi.

2) Қазақ даласы мен қазақтар үшiн жұт – табиғат сыйы. Қазақтардың ашаршылыққа етi үйренiп қалған.

3) Сондықтан да Ресей мен Украинадан келген келiмсектерге ең бiрiншi көмек көрсетiлді», – деп баса көрсетеді.

Мұхтар Әуезов ашынып айтса – айтқандай, «Алаштарға көмек комиссиясының» құрамына бiрде-бiр қазақ қызметкерi кірмепті. Олар көмектi тек еуропалық ұлттар қоныстанған мекендерге көрсеткен. Халықаралық көмек ұйымдары қазақ даласына ат iзiн салмаған. Сондай-ақ «ашаршылықтан құтқару үшiн 1921 жылдың жазында Түркiстанға 20 мың еуропалық тұрғындар» жiберiлген. Демек, осы «Қорытынды» да аталып өткенiндей, ашаршылыққа ұшыраған қыр қазақтарына ешқандай көмек көрсетiлмей, тағдырдың тәлкегiнде қалған…

Түркістан мен Қазақ автономиясының, Қазақ автономиясы мен Батыс Сібір өлкесінің шекарасын анықтайтын мемлекеттік комиссия құрылған тұста «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы 28 қазандағы санында Ә.Бөкейханов өзінің «Қазақ қанша?» атты шағын шолуында:

«1914 жылы Руссиядағы бар адам 161 миллион 700 мың болатын. Ол жылы қазақ қанша еді? 1896, 1907 жылы он жыл аралатып Көкшетау уезіндегі қазақты екі қайта есептеген. Осы екі есепті (өзара) салыстырсақ, қазақ өсімі жалпы адам баласының өсімінен артық көрінеді. Қазақта бір жылда екі жүзге үш адам қосылып өседі десек, 1914 жылғы қазақтың саны 6 миллион 470 мың болған болады.

Соғыс басталғаннан бері 10 жыл өтті. (Сонда) қазақтың он жылғы өсімі 979 мың. 1721-жылдарда алаш жайын (елін) сүзек жайлады. 1917-жылы Түркістан, 1921-жылы Қазақстан жұтады. Ашаршылық болды, адамдар аштан өлді. Сонда қазақтың 10 жылғы өсімі өлді десек, осы күні қазақ 6 миллион 470 мың болады. Сүзектен, аштан өлген адам (саны) 970 мыңға есеп десек, өлікті көбейткен (де), осы күнгі қазақ санын азайтқан да (сол есеп) болады. 6 миллион 470 мыңнан 970 мың адам өлсе, бұл өзге сөзбен айтқанда жүзден (жүз адамға шаққанда) он бес (адам өлген) болады. Бұл не? Бұ мынау алаштың жайында (елінде) ашы бар, тоғы бар, ауруы бар, сауы бар, 20 үйден 15 адам өлдіге (есеп) болады.

Қазақ өтірік айтсын, есепші (бұл арада Ә.Бөкейханов ашаршылықтың құрбандарын кемітіп жазған кеңес хатшыларын мекзеп отыр – Т.Ж.), көр соқырша жерді қармап, есебін дұрыс жаза алмасын (сонда да) осы күнгі Түркістан (мен) Қазақстанның қазағы (мұнда Бұқара мен Хиуа қазағы жоқ) 6 миллион 470 мыңнан кем емес» – деп жазды.

Қасiреттiң аты қасiрет. Оны қанша әсiрелеп жазғанымен де, өкiнiштiң орынын толтыра алмайсың. Тек арнайы зерттеудiң арқауына айналмаған 19211922 жылдардағы қазақ даласындағы ашаршылыққа көзi қарақты қауымның назарын аудара кету үшiн қысқаша ғана мағлұмат беремiз. «Аштарға көмек комиссиясының жұмыс қортындысы» мынадай:

Қазақ Автономиялы республикасының бес губерниясында 1 миллион 559 мың адам аштықтың тырнағына iлiнiптi. Әрине, бұл толық дерек емес екендiгi түсiнiктi.

Қазақ Республикасындағы баспанасыз, қаңғып қалған балалардың саны 1921 жылы 1 желтоқсанда – 128 мыңға, 31 желтоқсанда – 158 мыңға, 1922 жылдың қаңтар айында – 333 мыңға, наурыз айында – 408 мынға жетiптi. Бұлар тек есепке алынған аш балалар. Ал, қалаға жете алмай далада сүйегi шашылып қалғандар қаншама.

Бұл қолжазбада қасiреттi көрiнiстер көп. Адамның жанын түршiктiру үшiн емес, мұқым Қазақстан халқының басына түскен нәубәттiң сұмдығын сездiре кету үшiн Орталық комитетке қаратыла жазылған ресми құжаттың өзiнде жазылған мына мәліметпен ойымызды тұжырымдаймыз:

«Ит пен мысықты ұрлап, сойып – жеу, шын мәнiнде, iндетке айналды. Осынау «бiр кесiм ет үшiн» бiрiнiң жағасын бiрi жыртқандар көшеде жыртылып айырылды. Өмiрдiң өзiнен алынған шындықтың сиқы осындай; қу құлқыны үшiн, күн көруi үшiн әлгiндей бiр хайуанның соңынан бiрнеше адам жүгiрiп бара жатады. Қалайда тiрi қалудың қамын жасап, жансебiлдiкпен жанталасқан әлгi адамның өмiрге құштарлығын түсiну үшiн оның қуып жүрген хайуанды ұстаған кезiндегi қуанышын көрсеңiз ғой, аштықтың қасiреттi сайқымазағын сонда түсiнесiз. Жол жиегiнде өлiп жатқан, өлiп бара жатқан адамдарға әлгi «жансебiлердiң» өзi қарауға қорқады, өйткенi келесi сәтте оның өзi де соның кебiн құшуы мүмкiн. Иә, ол да ғажап емес… Сотта, бiрде аштық сотта тұрақты түрде адамның етiмен қоректенген үш адамның iсi қаралап жатса, келесi де адамның етiн пұттап сатқанға үкiм шығарып жатады.

Мiне, дәл осындай көрiнiстен мағлұмат берген Орал губерниясындағы Елек аудандық аштарға көмек комитетiнiң 1922 жылғы 14 қаңтарындағы есебiнде: «Кешке жақын көшеге шығу қорқынышты, адамдарды, әсiресе, толық адамдарды аң сияқты аулауға шығатындар бар. Аштар өлгендердiң етiн жеп жатыр», – деп жазылған екен.

Сұмдық!

Адамға адамның етiн жегiзген өкiмет те жетпiс жыл өмiр сүрдi.

Жә, тергеушi мен тергелушiлердiң жортақ желдiрмесiне iлеспей, дұрыс сөзге көшейiк. Оң iстiң тонын дәл осылай терiс айналдыру – кеңес өкiметiнiң тергеу жүйесiнiң аса әккi және сынақтан өткен тәсiлдерiнiң бiр болатын. Қазақ ұлтының ашаршылықтан жарым-жартылай аман шығуы – бүкiл бiр ұлт – кеңес өкiметi мен коммунистiк партияның қылмысты саясатының тiрi куәсi боп қалды деген сөз едi.

Ал куәларды бұл қоғам да, Сталин де, Голощекин де, ұнатпады. Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссары Сталиннiң қылмысын ашатын бұл аштықтың арашашылары – алаш азаматтарының көзi жойылмаса «ұлттар көсемiнiң» ұйқысы тынышталмайтын едi. Партия қатарындағы ұлт өкілдерінің iшiндегi iрi тұлғалардың бiрi, татар обкомының хатшысы Сұлтанғалиевтi 1923 жылы түрмеге қамағаннан кейiн Сталин шарап ұрттап отырып Дзержинский мен Каменевке өмiрден алатын ең үлкен рахатты сәті:

«Құрбандығыңды алдын-ала белгiлеп, барлық қастандығыңды дайындап ап, жауыңды табан астында аяусыз жайратқаннан соңғы ұйқы», – екенiн айтыпты.

Сөйтiп, кеңес қайраткерлерi ашаршылықты жоюмен күресудiң орнына, аштарға көмек көрсетудi ұйымдастырған ұлт зиялыларының соңына тыңшы қоюмен, тiмiскiлiкпен шұғылданды. Қыс бойы Қазақстанның партия мен кеңес ұйымдары азық-түлiк жөнелтiп, ажал тырнағынан арашалаудың орынына: «Ұлтшылдар ашаршылықты өсiрiп көрсетiп отыр», – деп даурығып, оларға идеологиялық тұрғыдан шабуыл жасап, қалайда аяқтан шалуға кiрiстi. Нақты iс-әрекетiмен халық арасында үлкен құрметке бөленген оқыған ұлт қызметкерлерiнiң беделiн қызғанып, қорланды.

1922 жылдың қаңтар-ақпан айында Орынборда өткен Атқару комитеттiң мәжiлiсi мен II партконференцияда аштыққа қарсы шара қолдануға дәрменсiз үкiметтiң пәрменсiз өкiлдiгiне ыза болған Түркiстан Республикасының уәкiлдерi К.Жәленов, Ғ.Тоғжанов, Е.Қапин iспеттi өкiлдер оларды қатты сынға алды. Шыдамы таусылған қазақ оқығандары ендi жиналыс ашып, даурығудан пайда жоқ екенiн түсiнiп, өзара ақылдасып iске кiрiстi. Ахмет Байтұрсынов қызметтен кетті. Өзiнiң бұл қадамын: «Ғылыми – педагогикалық жұмыспен еркiн айналысуым үшiн», – деп түсiндiруi жай ғана сылтау едi. Шын мәнiнде бұл оның:

«Ақ болсын, қызыл болсын, бәрiбiр, мен тек қазақ ұлтының мүддесiн қорғайтын мемлекеттi ғана жақтаймын», – деп ашық жариялаған әйгілі саяси мәлiмдемесі болатын.

Мұны сол тұстағы қазақ қайраткерлерiнiң бәрi де түсiндi. Бұл – Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов ұсынған күрес тәсiлi едi.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір