АЛАШ МҰРАТЫ

0
42 қаралды

Нұрлан Оразалин,

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы,

ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері 


Ел мен жер тағдыры талапайға түсіп, аман қалу, қалмауы ұстара жүзінде тұрған ХХ ғасыр басында – көзінің тірі кезінде-ақ Ұлы Даланы мекен еткен ұлы жұрттың санасында «Алаштың Әлиханы» болып бекіген осы бір «ұлтым» деп отқа түскен, «жұртым» деп жүрегі жалын оранған болмысы бөлек, бітімі ерекше, ұлы тұлғаға ел тәуелсіздігі орнағалы жиі-жиі оралып, ол өмір сүрген күрделі де қиын дәуірдің ақиқатын қайыра таразылап, ақ-қарасын айыруға ден қоя бастадық.

Бұрын аз айтылған, тіпті айтуға тыйым салынған тарихи тұлғаның өмірі мен тағдыры Тәуелсіздік дәуірімен жарыса жаңғырып, жоспарлы түрде халық жадынан сылынған, ұзақ уақыт бойы «шала ұйқыда келген» тарихымыздың ақтаңдақ беттеріне тіл бітті.

Ұлт тамырына қан жүгіріп, ойымыз бен санамыздың кеңістігінде өзгеше сәуле, өрісті нұр тарай бастады.

Тоталитарлық жүйе мен идеологияшыл қоғам мүлдем шек қойып келген, «Алашорда» дейтін әрі қасиетті, әрі қасіретті дәуірдің бұрмаланып, бүркемеленіп келген ащы ақиқаттары мен шындықтары бірте-бірте ашылып, елдің өз тарихын өзі тануына, өз өткенін өзі бағалауына жол ашылды. Сарғайған парақ беттер мен шаң басқан архив сөрелерінің «тұтқыны» болған, өткен ғасырдың нала мен жала құшағында тұншыққан ұлт өмірінің тұтас бір дәуірі Әлихан Бөкейхан есімімен қоса сілкіне қозғалып, ұлт тарихының танымы терең, тағылымы мол тараулары айналымға кірді.

Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабында: «Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» деп, ұлт дамуының (ерте дәуірлерден бүгінге дейінгі аралығын) он екі кезеңге бөледі. Осы бағытта жүйелі түрде ой сабақтай отырып, өз пікірін төмендегіше өреді: «Келесі, он бірінші кезең – ХХ ғасыр. ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Қазақ хандығы құлағаннан кейін қазақтардың арынды рухы бұрқ етіп сыртқа шығудың әртүрлі жолдарын қарастырады. Төрелер мен қожалардың билігі қожырады, олардың үңірейіп бос тұрған орындарына ешкім отырған жоқ. Бесінші империя – Ресей патшалығы да құлағалы тұрды. Сол кезде қазақтарда өз мемлекетін құру үміті тағы да ояна бастады. Көш басында Алашорданың көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов және басқалар болды…

Қалай болғанда да, Алашорданың игілікті ісі өте қайғылы аяқталды. Қазақтың оқыған жас өкілдерінің осынау ыстық жігері, ұлттық рухы сол кезде қалыптасқан жағдайлардың себебінен өмірде іс жүзіне аса алмады.

Сөйтіп, 1917 жылдан 1920 жылға дейін қазақтың ұлттық рухы ауыр езгінің астына түсті. Қазақстан әлемнің алтыншы империясы – КСРО-ның құрамына кірді. Алтыншы империя қазақ рухының күшеюіне, қазақ халқының шын мәнінде өзін-өзі билеуіне мүдделі емес еді. Сөйтіп, бұл қазақ руханиятының дамуындағы қасіретті жаңа бір бұрылыс болды. Адамдардың жеке басын қуғындап, жазалаудың ақыры ұлттың тең жартысына жуығын құртып жіберді», – деп түйеді өзі ұлт көшбасшысы.

Міне, Алашорда дәуірі мен оның асылтекті көсемдері жайлы азат елдің ең биік мінберінен айтылған салмақты сөз, сарабдал ой, байсалды баға осы!

Сайып келгенде, бұл – елінің азаттығы мен бостандығын армандап, сол жолда мақсаты мен мұратынан таймай, бар өмірі күреспен өткен, ой-парасатын, күш-жігерін, өз сөзімен айтқанда, «хан баласындағы қазақтың хақысын» түгендеуге сарқа жұмсаған ұлы тұлғаға берілген қалтқысыз баға! Алашорда үкіметі мен оның көсеміне айтылған бүгінгінің әділ сөзі!

Иә…

Әлихан Бөкейханов туралы шындық осыған дейін тек қайсыбір тарихшылар мен әдебиет тарихын зерттейтін санаулылардың ғана білік-білімін, парасат-танымын танытар шектеулі кәсіби талдауларға ғана арқау болып келген, шын мағынасындағы ұлттану, мен ұлт руханиятын болмысын тану мен зерттеудің жолын тарылтқан күндер ХХ ғасырмен бірге қалып барады.

Бұл – кешегінің шындығы!

Бүгінгінің шындығы – ұлт күрескерін тұғырына қайта қондырып, он тоғызыншы, жиырмасыншы дейтін қос ғасырды тел емген, дәлірек айтқанда, 1866 жыл мен 1937 жыл аралығында өмір сүрген, Ұлы Жаратушыдан пешенесіне бұйырған 71 жасты кіндігін кесіп, жөргегінен көтеріп алған туған жұртына есепсіз арнаған, Абай сөзімен айтқанда «соқтықпалы, соқпақты» дәуірде ғұмыр кешкен ұлы тұлғаны ардақтай білер жаңа, жас ұрпақтың қаулап өсіп келе жатқаны.

Әлихан Бөкейханның артында қалған ұшан-теңіз, бай жазба мұрасын тиянақтап отырып, оны жүйелі түрде қаттау, кітап етіп шығару – соңғы жылдар еншісіне кірген үлкен игілікті іс.

Бұл орайда, ресми мемлекеттік тапсырыс есебінен «Сарыарқа» баспасы арқылы Сұлтанхан Ақұлының құрастыруымен жарық көрген ұлт ұстазының жеті томдығын айрықша бөліп айтқымыз келеді. Әрқайсысы орта есеппен алғанда 550-560 беттен тұратын бұл жеті томдық Әлекеңнің ойы мен мұратын, оның ұлт тарихындағы орнын, өмірлік жолын, қажырлы күреске толы тағдырлы, талайлы ғұмырын толық тануға мүмкіндік береді. Әлихан Бөкейханның өмірімен, ауыр тағдырымен танысып, оның ел өмірі мен ел ертеңін алыстан болжай отырып жазылған алуан түрлі еңбектеріне зейін қойған кез-келген адамның бейжайы қалмасы анық. Ойлау, сөйлеу, пікір айту мәдениеті ғаламдық деңгейге көтерілген тұғырлы тұлғаның ұлт тағдыры хақындағы ойлары мен болжамдарын өз сүзгісінен өткізген, жаһандану жағдайында тәуелсіздік дәуірінің игіліктерін еркін игеруге кіріскен ұрпақ санасы айрықша күй кешері күмәнсіз. Бар өмірін өз тағдырын мүмкіндігінше өзі анықтар, өз билігінің тізгінін өз ұстап, сыртқы әсер мен ықпалға жалтақтай бермес, демократиялық бағыттағы Тәуелсіз Алаш Елін құруға бағытталған алып мақсат иесінің өткен ғасыр басында айтылған ойлары мен тұжырымдары біздің мына алашұбар мінезді ғасырымызда да өз құнын жоғалта қоймағанын байқаймыз.

Өйткені, ғалам мен даланың, адамзат пен қазақтың арақатынасын анықтайтын критериилер әлі түбегейлі өзгере қойған жоқ… Өзгеруі де екі талай…

Осынау Жер-Ананың мазасын кетіріп тұрған арсыз, әзәзіл әрекетермен бетпе-бет жүздесіп отырып жанына дауа, жүрегіне ем іздеген бүгінгі ұрпақтың жанайқайын оймен қорытып, жүрекпен естіп көріңіз!.. Әлекең айтқан мына бір пікірге еріксіз ден қоясыз. «Соловев (орыс ойшылы, Н.О.) философия жолында Дарвин, Спенсерге қарсы еді. Бұларға айтатын дәлелі: «Хайуанда ұят жоқ, адам ұятты!» – деп». Асыл ағаның түрмеде жатқан рухтас інілері Ахмет пен Міржақыпты қайрау сарынында жазылған осы бір шағын сөзі өткен ғасыр басындағы адамзатты баудай түсірген қырғындарды ғана емес, бүгінгі «өркениет қақтығысы» дейтін сұрқия желеумен Таяу Шығыста болып жатқан сұрапыл соғыстарды да еске түсірері хақ. Аталмыш сөз Ахаңдар мен Жахандарды қалай сақтандырса, бүгінгі бізді де солай сақтандырады.

Азаттыққа жетудің жолы оңай емесін бар болмысымен сезініп, жан-жүрегімен ұғынған қайтпас, қайсар күрескердің әр сөзінен, әр мақаласы мен әрбір жазбасынан тәуелсіз мемлекет орнатудың өзгеше далалық моделін ұсынар кемеңгерлік нышанын, ізгілік ұстанымын, білімдарлық кескінін, ақыл мен парасат көрінісін айқын аңғарамыз. Әрине бұл айтылып отырған ұстаным-нышандар қай дәуір, қай заманда да ел тағдырына алаңдап, ел ертеңі туралы толғанған тұлғалардың қай-қайсысына да тән қасиеттер екені даусыз. Бұл – адамзат баласына ортақ, өркениет дамуы мен ой-сананың дәреже-деңгейін анықтар ізгілік өлшемдері. Мәңгі болғысы келмейтін ұлт жоқ, ұлыс жоқ! Мәңгі болу бақытына олардың бәрі бірдей жете бермегенін тарихтан жақсы білеміз. Алты құрлық аясынан тілі мен дініне пана таппай, мемлекет ретінде жойылып кеткен елдер қаншама? Әлихан Бөкейхан ұстанымдары мен мұраттарына ден қойған бүгінгі ойлы ұрпақ жиырмасыншы ғасырды бодан ел ретінде аттаған Ұлы Дала тағдырына кемел саясаткердің терең бойлай отырып қарағанын, әрі сол «мәңгілік жолын» өзінше толғап, өзінше іздегенін көрері хақ.

Ол бұл жолды іздеу барысында әрісі – әлемдік, берісі ресейлік ілім-білімнен мол сусындаған, қазақ қайғысы мен қасіретін жан-жүрегімен сезінген кемел тұлға ретінде көрінеді.

Иә!.. Әлихан ұстанымы – «сегіз өлшеп бір пішетін» көрегендік пен ұлтын орынсыз қантөгіс қырғындардан сақтандырар қажымас күрескерлік пен кемеңгерліктің, осы жолда ештеңеден ықпайтын табандылықтың үлгісі.

Бұл ұстаным Әлекеңнің әр сөзінен, әрбір ісінен аңғарылады. Оның көсемдік болмысын бекітіп, кісілік қалыбын қалыптастырған халықтық сипат пен адамгершілік асыл нышандардың қазық-бауы бекем! Ол өзінің бар саналы өмірінде сол алтын баулы қазығын босатпай үзбей өтті. Әр жылдарда, әрқилы кезеңдерде қағаз бетіне түскен ойлары сол айтқанымыздың дәлелі.

  • «Хан баласында қазақтың хақысы бар: Қалай да қазақтың бір қызметіне жарамай қоймаспын!» деген тегеурінді сөз төркінінде жатқан перзенттік сертке тебіренбей көріңіз?!
  • «Оқу-білім болса, мақсат бәрі табылады дейтіндей көрінеді. Бұлай болса, ол – адасқандық. Біліммен мақсат шықпайды. Ібіліс жұмақтан білімсіздігінен қуылған жоқ, имансыздығынан қуылды. Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден!» деген асыл ой түбіне сүңгіп көріңізші! Өмір сүрудің үлгісін танытар имандылықтың ғажайып әлемі жатқан жоқ па?!
  • «Бұрынғы билеушілердің көпшілігі күш-қуатының барлығын өзара талас-тартыс пен қырқысқа сарп етті» деген астарында Алаш жұртын сабыр мен сақтыққа, береке мен бірлікке шақырар ойды қалай күн тәртібінен шығаруға болады?
  • «Кеңестік билікті сүйген емеспін, бірақ мойындауға мәжбүрмін» дейтін күрескерлік пен іріліктің ересен үлгісін тану бүгінгі ұрпаққа пайдалы емес деп кім айта алады?!

Ойы – терең, сөзі салмақты, өз кезінде Ленин, Сталин, Троцкий, Керенский секілді әйгілі төңкеріс «нояндарын» мойындатқан, тіпті массондар ложасында отырып, Ұлы Даланың жан әлемін толғаған, көп тіл білетін, орыс тілінде өз тіліндей көсілетін мұндай тұлға «пролетарлар диктатурасына» аса қажет бола қоймағаны белгілі. «Алтыншы империя» тізгінін қолына алған қатал дәуірдің қатігез басшылары үшін Әлихан секілді бұратана ұлттардың «бұржуазиялық бағыттағы» көсемдері де, олар ұсынған әлгіндей тәуелсіздік иісі аңқыған «автономиялық» құрылым да қажетсіз болды. Сондықтан да большевиктер Алаш үкіметін жермен жексен етті. Көсемдерін атты, асты, ұрпақ санасынан өшіруге ұмтылды…

Романовтар әулетінен мұра боп қалған алып аймаққа ие болмас бұрын төңкерісшілдердің өзін ғасыр басындағы алғашқы орыс революциясы топ-топқа қалай бөліп жібергені тарихтан белгілі… «Большивиктер» мен «меньшевиктер» болып екіге қақ айырылған орыс марксистерінің ішіндегі айқаста қазақ халқының осынау тарих топалаңынан аман шығуының жолын іздеген қазақ ұлтының көсемі сол тұстағы ықпалды саяси күш – «Халық бостандығы» партиясының қатарына өткенінен де оқырман жұрттың хабары бар. Түптеп келгенде, бұл қадамның төркінінде Ресейдегі түбегейлі саяси реформаны жүзеге асыру үшін орыс самодержавиесіне қарсы мақсаттағы зиялылармен, оппозициялық күштермен білек айқастыру, күш біріктіру жатқан еді. Кадеттер партиясының құрамында болған бұл кезең Әлиханның саяси тұлға болып қалыптасуын, ел тағдырына іштен де, сырттан да, қарай отырып, ұлтты түпкі мақсатқа алып барар жолды анықтауына себепкер болды. ХХ ғасыр басындағы қырғын соғыстар мен сана атаулыға салмақ салған саяси ахуалдар алып Ресейді тығырыққа қалай тіресе, оның салқыны қазақтың Ұлы Даласына да солай тиіп жатты… Еуразия кеңістігінде жан берісіп, жан алған көзсіз қырғын миллиондардың өмірін қиды.

Көшін Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш Орда үкіметі, міне, осындай күрделі кезеңде өмірге келді. Алаш идеясы көзі ашық, көкірегі ояу ұлт зиялыларының басын қосты. 1917 жылдың күзінде Орынбор қаласында өткен қазақтардың алғашқы жалпыхалықтық Құрылтайы Алаш Орда атты автономия жайлы мәселені күн тәртібіне ашық қойды. Белгілі алаштанушы, сол кезең әдебиеті мен сол кезеңдегі дәуір ақиқатын зерттеп жүрген Тұрсын Жұртбайдың сөзімен айтқанда, «Алаш идеясы қанат жайған күннен бастап Қазақ автономиясын құру, оны құру арқылы қазақты еркіндікке, Тәуелсіздікке апару сияқты мәселе өзекті бола түсті. Алаш Орданың түпкі мақсаты – тәуелсіздік, бергі мақсаты – автономия» болды. Бұл ойды кезінде Алаш Орда тарихын зерттеумен көп шұғылданған атақты тарихшы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, марқұм Кеңес Нұрпейісов те өз еңбектеріне негіз еткені есімізде. Осы үрдіс, осы үлгі кейін тағдырын тарихқа арнаған академик, Алаш қайраткерлерінің ізбасары Мәмбет Қойгелдиев еңбектерінде де уақыт, замана талабына сай тамырын тереңдетіп, қанатын жая түсті.

Әрине, шағын сөзге Алаш жұртының алыбы хақындағы көңіл төрінде жүрген ойдың бәрін сыйғызу мүмкін емес. Әлихан Бөкейханның әлем әдебиетінен жасаған аудармалары туралы, әдебиет, қоғам хақындағы ойлары мен ұлт, ұлыс тарихынан сыр толғайтын көзқарастары жайлы таратып пікір айтуға да болар еді… Өйткені бұл тақырыптардың қай-қайсысы да ұлт ұстазының «сегіз қырлы, бір сырлы» жаратылысын тереңірек тануға себі тиер, тұлға болмысын аша түсер жеке-жеке салалар.

Сөз жоқ, Әлихан Бөкейханның әлемі – Тәуелсіздік үшін күрескен Алаш жұртының әлемі! Қысқа мерзімге болса да ұзақ уақыттар бойына қазақ халқының тұмардай көріп қадірлеп, жүрек түбінде сақтап жүріп, Азаттық үшін күрескен, өркениет үлгісімен, демократиялық жолмен өз мемлекетін орнатуға ұмтылған арыстарымыз бен алыптарымызды ұлы іске жұдырықтай жұмдырған ынтымақ пен парасаттықтың әлемі!

Өйткені…

Алаш идеясы – кешегі ереуілді ғасырлардың өрті мен өркенін, өксігі мен өртеңін ел жүрегі арқылы өткізіп, біздің бүгінгі әлем аузына іліккен Ұлы Дала Елі арасын жалғап жатқан алтын көпіріміз, үзілмейтін күретамырымыз.

Әлихан Бөкейхан – сол күретамырдың соғысын дәл тауып ұстаған бір дәуірдің ұлы шипагері.

Ұлтының ұлы ұстазы.

Алаштың асыл текті перзенті.

Пікір қосу