Дін саласындағы татулық
08.12.2017
1466
0

мемлекет үшін өзекті

ҚР Парламенті Сенатында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды іске асыру барысына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова діни саладағы тұрақтылықты сақтау, конфессияаралық келісім мен толеранттықты нығайту, діни экстремизм мен радикализмнің кез келген түріндегі идеологиядан жергілікті халықтың қорғанысын қалыптастыруда мемлекет нақты шаралар қабылдағанын атап өтті.

Талқылауға ақпарат және ком­муникация министрінің орынбасары Алан Әжібаев, ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменттің бас­тығы Атығай Арыстанов, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтиі Наурызбай Өтпенов, Қазақстан Православ шіркеуі Астана шіркеу округінің қызметкері архи­мандрит Сергий (Карамышев), Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Анатолий Косиченко және басқалар қа­тысты. Пікірталаста сенаторлар Серік Бектұрғанов, Сергей Ер­шов, Бақытжан Жұмағұлов, Нариман Төреғалиев, Динар Нө­кетаева, Төлеубек Мұқашев, Нұржан Нұрсипатов, Ерік Сұл­танов және басқалар өз ойларын ортаға салды.
Б.Әйтімова 2011 жылы қабыл­данған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң діни бірлестіктердің қызметін құқық­тық реттеуде маңызды рөл атқар­ғанын айта келе, Қазақстан Рес­пу­бликасының 2017-2020 жыл­дарға арналған діни саладағы мемлекеттік саясат тұжырымда­ма­сы осы саладағы нормативтік-құқықтық актілер, әлеуметтік-эко­номикалық, саяси және бас­қару шаралары жүйесін одан әрі жетілдірудің негізіне айналуы тиіс екенін тілге тиек етті. Парла­мент Сенаты Төрағасының орын­басары Бектас Бекназаров «Діни қызмет және діни бірлестіктер ту­ралы» заң қабылданғаннан бер­гі уақытта елімізде және әлем­де елеулі өзгерістер, жаңа қатер­лер мен қауіптердің пайда болға­нын атап өтті. Қазір Парламент алдында дін туралы заңнаманы уақыттың талабына сәйкес кел­тіру міндеті тұр. Мемлекет бас­шы­сы Нұрсұлтан Назарбаев «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақала­сында «радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кеткені» туралы маңызды идеяны айтқан болатын. Сонымен бірге Б.Бекназаров «Қоғамды іштен бұзатын діни радикализм толықтай жойылды деп айта алмаймыз» деген қауіпін де білдірді. ҚР Сенат Төрағасы­ның орынбасары жаңа заңда қоғамды радикалды дүниетаным­нан және кез келген бүлдіргіш іс-қимылдан қорғауға көмекте­сетін шараларды қарастыруға шақырды. Б.Бе­кназаров «Діни қызмет туралы» заңдағы «Мемле­кет дін және діни бірлестіктерден бөлек» деген 3 бапты қайта қарау қажеттігі туралы ұсынысын айт­ты. Сенат Төрағасының орын­баса­ры мем­ле­кеттің діннен бөлі­нісі туралы мұндай үзілді-кесілді анықтама кеңестік кезеңнен туындағанын мысалға келтірді. «Мемлекетте діни сенімге бой ұратындар, діни бірлестіктер мен діни қызмет­шілер және сыйыну орындар са­ны күн сайын ұлғайып келе жат­қанда, олардың қызметін реттеу үшін мемлекет арнайы министрлік құрылып, заң қабыл­данса, оны бөлек деп айтуға бола ма?», – дейді Б.Бекназаров. Қазақстан Республикасының 2017-2020 жылдарға арналған діни саладағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасының қабылдануы да мемлекеттің діни салаға назары туралы айғақтап отыр. Осыған байланысты Б.Бекназаров шараға қатысушыларға «Діни қызмет ту­ралы» заңның 3 бабын өзгерту мүм­кіндігін талқылауды ұсын­ды.
ҚР Дін істер және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермек­баев сенаторларға өз меке­месі қызметінің қорытын­ды­лары туралы баяндап, діни қызмет туралы заңнамаға енгізу ұсы­нылып отырған түзетулер туралы кеңінен айтып өтті. Министрдің айтуынша, талқылауға 12 заң­намалық актіге 50-ге жуық ө­з­герістер мен толықтырулар енгізіледі. Барлық түзетулерді үш бөлікке топтастыруға болады. Алғашқы бөлік дінді бүлдіргіш мақ­сатқа пайдалануға жол бер­меуге бағытталған. Атап айтқанда, заңнамаға «бүлдіргіш діни ағым­дар» мен «діни радикализм» се­кілді құқықтық ұғымдар енгізі­леді. Заң жобасы бүлдіргіш ағым­дардың белгілері мен сыртқы көріністерін пайдалануға және жария түрде көрсетуге, олардың идеологиясын таратуға тыйым салумен қатар бірқатар шаралар­ды қарастырады. Екінші бөлікте мемлекеттік органдар қызметін нақтылауға қатысты ережелер бар. Мемлекеттік қызметкер­лердің діни бірлестіктердің мүддесіне қызмет бабын пайда­лану мүмкіндігіне жол бермеуге қатысты талаптар нақтыланды. Діни қызметке мониторинг жүргізуге қатысты жергілікті мем­лекеттік органдардың (ең алдымен аудандық әкімдіктер­дің) міндеттері ұлғайтылады. Үшінші бөлікте діни бірлестік­тердің жұ­мысын оңайлатуға және түсі­нікті етуге бағытталған. Ол, мәселен, аймақтық діни бірлес­тіктерді тіркеуге қатысты талап­тарды оңай­латуға қатысты.
«Елімізде соңғы 25 жылда ді­ни ахуал біршама өзгерді. Бү­гін­де қазақстандықтардың 87 пайызы Құдайға сенеміз десе, олардың ішінде тек 16 пайызы ғана діни жоралғыларды тұрақты ұстанады. Біз рухани құнды­лық­тардың көзі ретінде діни сенімге қарсы емес­піз. Барлық діни сенімдерде моральдық-этикалық нормалары айтылған, олар бізді қайырым­дылыққа әрі шыдамды­лық­қа үйретеді. Біз діни бірлес­тіктермен қоғамның рухани да­муының міндеттерін шешуде әріптестік қатынастар құрудамыз, бірақ ол үшін бірқатар шарттар сақталуы тиіс. Біріншіден, дін әркімнің өзінің жеке ісі, ол сая­силанбауы және заңдардың орнын алмауы қажет. Екіншіден, дін тек рухани құндылықтарды дәріптейді, өзге көзқара­с­та­ғыларды кемсітпейді әрі айып­т­амайды. Діндарлықтың өсу қарқыны тиісті мәдениет пен білімнің қалыптасуынан озып кетсе, ол рухани адамгершілік құндылықтарды бұрмаланып түсінуге әкелуі мүмкін. Дінді фанатизммен және сөзбе-сөз қа­былдау – көп жағдайда ради­ка­лизмге жол ашады», – деп пікірін білдірді министр.
ҚР Дін істер және азаматтық қоғам министрі кейбір мемле­ке­тер­дің тәжірибесі көрсеткендей, деструктивті ағымдар фунда­мен­тализм мен ескірген догмаларды тарататынын тілге тиек етті. Соның салдарынан олар дінді саясиландырып, оның ықпалын қоғамның барлық саласында күшейтуге тырысады. Ал дін саласын саясиландыру мен діни ұйымдарды саясатқа араластыру әдетте негативті нәтижеге апара­тыны белгілі. Мемлекет, қоғам және діннің қарым-қатынастары жүйесіндегі бұндай үрдістер бүкіл әлемге тән. Соңғы онжылдықта олар Қазақстанда да байқалған. «Өткен жеті жылдың ішінде біз­дің елімізде террористік белсен­діліктің бірнеше фактілері орын алғаны белгілі. 2010 жылдан бері 16 сондай факті болды. Кейбір дінге қатты беріліп кеткен азамат­тарымызға біздің халқы­мызға тән емес діни идеологияның ықпалы күшейді. Діндарлық желеумен адамдардың медициналық қызметтен бас тартып, балаларын мектепке жібермей, басқа елдерге тән қара жамылғы киім киіп, көпшілікке әдейі көрінуі факті­лері көп», – дейді Н.Ермекбаев. Осы орайда ведомство басшысы бүгінде мұндай құбылыстар Қазақстанның көп өңірлерінде кездесетінін, ол белгілі бір дең­гейде жергілікті мемлекеттік ор­гандардың жұмысына да бай­ланысты екенін жеткізді.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды іске асыру барысына арналған дөңге­лек үстелдегі пікірсайыс ба­рысында дін және құқық тәртібін қолдану тәжірибесі саласында бірқатар нақты ұсыныстар айты­лып, тиісті мем­лекеттік орган­дар­ға жіберілетін болды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір