Әмбебап білім бұлағы
08.12.2017
1889
0

Әлемдік баспа ісінің даму жолына үңілсек, көлемді анықтамалық басылымдар мен көптомдық энциклопедиялық кітаптар шығару – кез келген ел мен мемлекеттің қолынан келе бермеген аса күрделі де жауапты жұмыс болғанын көреміз. Өйткені, адамзаттың тарихи даму жолындағы қол жеткізген ғылыми, мәдени, экономикалық, технологиялық табыстары, табиғат байлықтары мен аспан әлемінің құпия құбылыстары, қоғамдық өмірдегі жаңалықтар жайында толып жатқан зерттеулерді бір жерге топтастыратын, әуел бастан-ақ «кітаптардың кітабы» атанған мұндай жинақтарды әзірлеп, баспадан шығару, ең алдымен, жоғары сатыдағы білім мен мәдениетті талап ететіні белгілі.

Өткен ғасырдың екінші жарты­сында-ақ Қазақ елі Республикасы әлемнің өркениетті елдер қатарына қосылып, энциклопедия басып шы­ға алатын дәрежеге жеткен еді. Осы ұмтылысты ескерген Қазақ КСР Министрлер кеңесі 1967 жылғы 13 қыр­күйекте он екі кітаптан тұратын «Қазақ совет энциклопедия­сын» баспадан шығару туралы арнайы қаулы қабылдады. Сөйтіп, КСРО деп аталатын алып державаның құрамындағы ұлттық республикалар арасында бірінші болып, еліміздің мәдени өміріндегі ұлы жаңалық жарқ етіп, «Қазақ совет энцикло­пе­диясының бас редакциясы» құрылды да, академик М.Қаратаев бастаған 133 адамнан тұратын ғылыми редак­торлар мен ғалымдар білек сыбанып, осынау аса күрделі міндетті орын­дауға кірісіп кетті. Бұл еңбектің ал­ғаш­қы кітабы Қазақ КСР-ының 50 жылдық мерейлі мерекесі қар­саңында жарық көруге тиіс болды.
Күрделі ғылыми басылым деп бағаланатын энциклопедиялық кітапты белгілі бір елдің өткен тарихы мен бүгінгісін жан-жақты баяндайтын қысқаша шежіре десе де болады. Өйткені, онда жалпы адамзаттың даму жолындағы аса маңызды атаулар мен ғылым сала­лары бойынша нақты мағлұматтар, ұлт пен халықтың, мемлекеттің көне замандардан бергі тарихы, кезінде қоғамдық өмірге айтарлықтай ықпал еткен көрнекті қайраткерлер, батыр­лар мен билер хақындағы деректер­мен қатар жер-су, елді мекендер, гео­р­гафиялық атаулар, табиғат құбылыстары, аспан мен жер ны­сандары, жан-жануарлар мен өсім­діктер әлемі жайында да мол матер­иал беріледі. Онда атаулар мағынасы, аталған оқиғалар мен құбылыстар бұрмаланбайды, сол өз уақытындағы нақты жағдайларға орай бағаланады. Бұл ғылым үшін таптырмайтын сенімді дерек көзі болса, жас ұрпақ тәр­биесінде қастерлі үлгі-өнеге бұ­ла­ғы. Сондықтан да республика жұр­тшылығы осынау аса маңызды жаңалықты қуана қарсы алып, оған үлес қосуды азаматтық борыш санады. Бас редакция жанынан ұйымдастырылған, қоғамдық негізде жұмыс істейтін 35 редакциялық кеңеске Ғылым академиясы жүйе­сінің Алматы қаласында орналасқан барлық ғылыми-зерттеу институт­тары мен жоғары оқу орындарының ғалымдары шын ықыластарымен кірісіп, оның негізі болатын – сөз­тіз­бе жасау ісіне, әзірленген матер­иал­дарды сараптауға, автор ретінде мақала жазуға белсене араласты. Осы тұста бұл кеңестерді басқарған барша ғалымдарды тізіп шықпай-ақ, академиктер: М.Ғабдуллин, Т.Дар­қанбаев, А.Машанов, С.Бейсенбаев, О.Жәутіков, С.Балмұханов, Ә.Сем­ба­ев, С.Зиманов, О.Байқоңыров,
І.Кең­­есбаев, Б.Бірімжанов, С.Бә­йі­шев, Ә.Марғұлан; көрнекті ғалым­дар: К.Ақышев, Т.Бәсенов, Б.Кен­жебаев, М.Жандаев, Ә.Тұрсынбаев, Б.Сүлейменов, К.Нұрпейісов,
Н.Сә­р­сенбаев, генерал-майор
Н.Бәй­кенов, өнер қайраткері, ком­позитор Е.Рахмадиев және т.б. көрнекті азаматтардың есімдерін атасақ та жеткілікті. Тұңғыш энцик­лопедия оқырмандары бұл ғалым­дардың автор ретінде де бірқатар жауапты мақалалар жазғандарына көз жеткізеді. Жалпыхалықтық осындай қуатты күштің арқасында 1972 жылы «Қазақ совет энцикло­педиясының» алғашқы томы жарық көргенде республикалық аға газет – «Социалистік Қазақстанның» (қазіргі «Егемен Қазақстан») бірінші бетінде «БӘРЕКЕЛДІ!» деп, бар дауыстарымен жар салып, бүкіл халқымыздан сүйінші сұрағаны әлі есімізде. Көлемі 120 баспа табақтан тұратын жинақтың әр томын әзір­леуге шамамен 850-ден 1200-ге де­йін автор қатысты. Оның 12 томында ғылым мен экономиканың, мәдени өмірдің барлық салаларын қамтитын 49 мыңға жуық мақала жарияланып, олар 13 мыңнан астам көркемдегіш материалдармен – карта, сурет, фотосурет, схема, кестелермен бе­зен­дірілді. Бұлардың сыртында арнайы топ әзірлеген көлемі 56 баспа табақтан асатын «Алфабиттік пән-есім көрсеткіші» жеке кітап болып баспадан шығарылды. Сөй­тіп, Үкімет алға қойған міндеттерді абыроймен жүзеге асырған тұңғыш «Қазақ совет энциклопедиясы» Қазақ елінің ғылымы мен мәдениеті жо­ғары өркендеген, экономикалық жағынан қуатты мемлекетке ай­налғанын тағы да бір рет әлемге паш етті!
Алғашқы он жыл ішінде анық­тамалық кітаптар әзірлеу жолында айтарлықтай тәжірибе жинақтаған үлкен ұжымның алдына енді тың міндеттер қойылды. Жыл сайын жаңа белеске көтеріліп отырған экономикалық табыстарымызды, сол жетістіктерге жол ашқан ғы­лыми-техникалық өзгерістерді, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі соны бетбұрыстарды халық арасына кеңінен тарату қажеттігі туды. Осы­ған орай қазақ және орыс тілдерінде «Қазақ Советтік Социалистік Республикасы» деген екі томдық, «Қазақ ССР» деген қысқаша төрт томдық, Қазақ КСР ҒА-ның кор­респондент мүшесі Ғ.Мұсабаевтың жетекшілігімен әзірленген «Орыс­ша-қазақша сөздік» жарық көрді.
Өткен жарты ғасыр ішінде осы­нау үлкен ұжымды М.Қаратаевтан кейін М.Қозыбаев, Р.Нұрғалиев,
Ә.Ны­санбаев, Б.Аяған, Б.Жақып сияқ­ты академиктер мен профес­сорлар басқарған екен. Бұл ғалым­дар­дың әрқайсысы баспа жұмысына өз жаңалықтарын ала келді. Мы­салға, тарихшы-ғалым М.Қозыбаев соныдан жол тартып, энцикло­пе­дияның негізгі оқырманы оқушы-жасөспірімдер мен студенттер қауы­мының мұқтаждықтарын өтейтін ғылыми-техникалық әдебиеттер шығаруды қолға алды. Ол Мәскеудің «Педагогика» баспасынан жарық көрген «Ол кім, бұл не» үш томдығын әлемдік, ресейлік және қазақстандық маңызды материалдармен толық­тырып, оқырманға ұсынды. Белгілі журналист-зерттеуші В.Мезенцевтің екі тілде баспадан шыққан «Әлемде талай қызық бар» кітабын да ерекше атап өткен жөн. Танымдық маңызы зор бұл кітап 1990 және 2006 жыл­дары көп данамен қайта басылды. Әңгіме баспаның жас ұрпаққа арнап шығарған кітаптары жайында болып отырған осы тұста мектептердегі күн­делікті сабақ барысында аса қа­жетті көмекші құралдарға айналған «Негеш», үш томдық «Балалар энцик­лопедиясы», ғалым-баспагер Н.Көбенқұловтың «Қызықты математика», «Қызықты физика» кітаптарын атай кеткеніміз ләзім.
Ғылыми ортада жаңа ізденіс­терімен және соны тұжырымдарымен танылған, филология ғылым­да­ры­ның докторы Р.Нұрғалиев баспа өнімдерін тақырыптық жағынан байыту, оның географиялық өрісін кеңейту мәселелеріне баса көңіл бөлді. Ғалымның басшылығымен өмірге «Қарағанды. Қарағанды облысы», «Ақмола. Ақмола облысы», «Алматы. Алматы облысы» кітаптары келіп, кейін толықтырылып, қайта басылды. Материалдарының басым бөлігі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін қамтитын «Шаңырақ» энциклопедиясының кезінде ұза­тылған қыз жасауына қосып бе­рілетін қастерлі мүлікке айналғаны көпшілікке мәлім.
Қазақстан баспа ісінде тұңғыш қолға алынған «Абай» тұлғалық энциклопедиясы түбірімен соны дүние еді. Бұл тұста еліміз сан ға­сырға ұласқан отарлық құлдықтың бұғауын біржолата үзіп, саяси, эк­о­номикалық және рухани дер­бес­тікке қол жеткізіп, жаңа қоғамдық қатынастарға бет бұрған шаруа­шылық жүргізудің өзгеше арнасына түсу жолын бастаған болатын. Шындығына жүгінсек, өткен ғасыр­ларда өмір сүрген атақты қайраткер­лер мен ақын-жазушылар арасында барынша мол зерттелгені Абай Құнанбаев болатын. Соған қара­мас­тан, барлығын да таптық қоғамдық құ­рылыстың тар шеңберінен шы­ғармай, барды да, жоқты да, жақ­сыны да, жаманды да осы тұрғыдан ғана пайымдап, бағалауды талап еткен маркстік-лениндік дүние­танымның кесірінен ақын мұрасы біржақты зерттеліп, социалистік құрылыстың ығына ыңғайлас­тырылып, Абайдың ақындық тұл­ғасы, қазақ халқының жаңа поэ­зия­сының көшбасшысы ретіндегі теңдесі жоқ қызметі, өлеңдерінің өзіне ғана тән көркемдік шеберлігі, жаңалықтары мен идеялық құны, ақынға игі ықпалын тигізген қайнар көздер, өскен ортасы мен айналасы толық ашылмай келді, кезінде әр түрлі саяси талаптарға орай айтылған артық-кем пікірлер сараланбады. Сондықтан ЮНЕСКО көлемінде ұлы ойшылдың 150 жылдық мерейтойын өткізу қарсаңында Қа­зақстан үкіметінің қаулысы негізінде «Абай» энциклопедиясы жарық көрді. Кітап Қазақстан Респу­бли­касының Мемлекеттік сыйлығымен жоғары бағаланды.
Қазақ халқы ғасырлар бойы аң­саған арманына қол жеткізіп,
тәуе­л­сіздік алып, егемен ел атанған мәртебелі уақыттан «Қазақ энцикло­педиясы» баспасының жаңа сатысы басталды. Еліміз ендігі уақытта өз халқының қамын, өзінің ұлттық бастаулары мен негізгі күре тамырла­рын, өткен замандардан жеткен асыл қазынасы мен бүгінгісінің биік тұғырын қастерлейтін, соларды кие тұтып, ардақтайтын кезеңге аяқ басты. Халықтың байырғы наным-сенімі, дінге деген ықыласы қайта оянып, ұлттық санамыз бен салт-дәстүрлерімізге, ойын-сауықтары­мызға, кәсіби тіршілігімізге, аса бай ауыз әдебиетінің мұраларына деген құштарлығы артты, қазақ тіліне ресми түрде Мемлекеттік тіл мәр­тебесі берілді, тұрғындар арасында оны оқып-үйренуге деген құштарлық пайда болды. Осы игі ұмтылысты ілгері өрістету мақсатымен шыға­рылған «Орысша-қазақша тілашар», «Қазақша-орысша сөздік», «Қыс­қаша қазақша-орысша сөздік», «Фи­лософиялық энциклопедиялық сөздік», «Психологиялық энцикло­педиялық сөздік» баламалары әр түрлі аталып келген пәндік атауларды бір ізге түсірген, күнделікті тәжіри­беде пайдасы көп құнды туындыларға айналды.
Философ-ғалым Ә.Нысанбаев баспаның материалдық базасын нығайтып, Республикамызда ерекше ықыласпен қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасына айтарлықтай үлес қосты. Бұл жұмысты баспа XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысының негізін салушы, көр­некті қоғам қайраткері, Қазақс­тан­дағы тұңғыш саяси Алаш партиясын ұйымдастырушы және ұлттық Алашорда үкіметінің төрағасы Ә.Бө­кейханның таңдамалы шығар­малар жинағын шығарудан бастады. Бұл жұмыс «Құрманғазы», «Қорқыт ата», қазақтың XVIII-XIX ғасыр­лардағы ұлы ғалымы Ш.Уәли­хановтың бес томдық шығармалар жинағына ұласты. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ жерінің аспанында Шолпан жұлдыздай жарқырап, қалың ұйқыда жатқан жайбарақат халықтың сана-сезімін оятқан, бодандық бұғауын үзіп, өңге жұрттар сияқты ерікті елдер қа­тарына қосылатын жарқын бола­шаққа үндеген «Айқап» жорналы мен «Қазақ» газетінің көшірмелерін қайта басып шығарды.
Алғашқы әмбебап «Қазақ совет энциклопедиясы» (1972-1978) бас­падан шыққаннан кейінгі ширек ғасырға жуық кезеңдегі елімізде пайда болған ұлы өзгерістер, тәуелсіз қазақ елінде қауырт қолға алынған қоғамдық құрылымдағы түбірлі жаңалықтар мен саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени өр­кендеу жолындағы соны бетбұрыстар ендігі уақытта сан ғасырға созылған құлдық мәжбүрлік пен еуроцентрис­тік және коммунистік түсініктерден тазартылған, демократиялық, әділ тұжырымдарға негізделген, ұлттық дүниетаным мен ұғымдарды, дербес мемлекет мүддесіне сай көзқарас­тарды тұғыр еткен жаңа қалыптағы әмбебеп ұлттық энциклопедия шығарудың қажеттігін алға тартты. Идеологиялық қатаң шектеулердің салдарынан кеңестік энциклопе­дияда қазақ жұртына қатысты таза ұлттық материалдардың сыбағалы салмағы не бары 30-ақ пайыз бол­ғаны белгілі. Осындай жөнсіз шектеулердің кесірінен халқымыз ежелгі замандардан бері бастан кешкен оқиғалардың астары ашыл­май, азаттық жолындағы арпалыс­тары қазақ елінің мүддесіне сай бағаланбады. Елге басшы, жерге ие болған хандар мен батырлар атаусыз қалды. Жергілікті тұрғындардың салт-дәстүр, жол-жоралғылары, ді­ни наным-сенімі ескіліктің қалдығы тұрғысында тұжырым­далды. «Алаш» пен оның белді қайраткерлері туралы бір ауыз сөз айтылған жоқ, Кеңес үкіметі билік құрған кезеңдегі халықты қасақана жаппай қырғынға ұшыратқан ашаршылық, комму­нистік қуғын-сүргін сыры жабулы қазан қалпында қалды. Міне, тұңғыш ұлттық деген айдармен әзір­леніп, жарық көрген «Қазақстан» энциклопедиясы» осы олқылық­тар­дың орнын толтырып, ұлттық мате­риалдардың сыбағалы салмағы 70 пайызға жеткізілді. Қазақстан үкі­метінің 1995 жылғы арнаулы қаулы­сына орай алты том көлемінде жа­рық көруге тиісті болған бұл кі­тапты әзірлеу академик Ә.Нысанбаев бас редактор болған тұста қолға алынып, оның бесінші кітабынан бастап тарих ғылымдарының докторы Б.Аяған басқарған ұжым он томға жеткізді. Кейін бұл еңбектің орыс тілді оқырмандарға арналған 5 том­дық қысқаша нұсқасы шыға­рылды. Аймақ оқырмандарының сұраныс­тарына орай «Сыр елі», «Түркістан», «Тараз», «Оңтүстік Қазақ­с­тан», «Қы­зылжар елі» анық­тамалықтары жарық көрді. Ал қазақ және орыс тілдерінде әр­қай­сысы 4 том болып басылған «Көркемсуретті Қазақстан тарихы» еліміздің сонау ежелгі за­мандардан бастап бүгінгі күнге
де­йінгі даму жолын жас оқыр­мандарға көркем де түсінікті тілмен баяндап берді. «Қазақстан. 10 жылдық ше­жіре» (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде), «Қазақстан» ықшам энциклопедиялық сөздігі, қазақ, орыс және ағылшын тілде­рінде басылған «Қазақстанның жеті кереметі» кітаптары республика оқырмандары үшін күтпеген жаңа­лық болғанын ерекше атап айтуымыз керек. Бұларды энцик­лопедия ұжымының заттық мұраға байла­нысты атқарған игі жұмыстары десек, рухани байлықтарымызға қатысты еңбегі де шаш етектен. Олардың қатарына К.Нұрпейісовтің Алаш қозғалысының 90 жылдығына орай Алаш ардагерлерінің саналы өмірі мен жанкешті күресін нақты деректермен тиянақты тұжырымдап берген «Тарихи тұлғалар», Б.Ас­пан­дия­ровтың «Образование Букеевской орды и ее ликвидация», «Ыбырай Алтынсарин. Шәкерім Құдайбер­діұлы», «Екі мың жылдық дала жы­ры», «Жаңа ғасыр жырлайды» ан­тологиялық жинақтарын, «Сөз мәйегі» деген атаумен жарық көрген 12 мыңнан аса қазақ мақал-мәтелдері кітабын жатқызуға болады.
Бас редакторлық қызметін «Абы­лай хан», «Қаныш Сәтбаев» энцик­ло­педияларын шығарып, сәтті бас­та­ған Б.Жақып баспадан шығатын кітаптарды тақырыптық жағынан байыта түсуге айрықша көңіл бөлді. Ел тарихы мен ғылым-білімге ба­ғытталған «Қазақ көтерілістері», «Ай­бын», «Қазақстан ғылымы», «Қазақ ғалымдары», төрт томдық «Қа­зақ әдеби тілінің сөздігі» кітап­тары да – оқырман қолына дер кезінде тиген дүниелер. Салалық жаңа анықтамалықтар шығару – баспа ұжымының үздіксіз ізденіс­терінің нәтижесі. Осы орайда соңғы жылдарда жарық көрген 5 томдық «Қазақстан табиғаты» энцикло­педиясы күнделікті тәжірибеде аса пайдалы, танымдық маңызы зор еңбектер қатарына жататынын айта кеткен жөн.
Еліміздің нарықтық қатынастар­ға көшуіне байланысты және уақыт талаптарына сай 2015 жылдың нау­рыз айынан бастап «Қазақ энцикло­педиясының» нысан ретіндегі мәр­тебесі өзгерді. Жарты ғасырға ұлас­­­қан уақытта қазақ энциклопе­дияшыларының бірнеше ұрпағының қажырлы да тиянақты қызметінің нәтижесінде ұлт мақтанышы болып қалыптасқан ұжым бүгінде филосо­фия ғылымының докторы Жадыра Нұрбайқызы Тойбаеваның бас­шылы­ғымен жұмыс істеп келеді. Жас басшы бұрынғы дәстүрді одан әрі жалғастырып, айналасы бірер жылдың ішінде екі тілде «Қазақстан халқы» энциклопедиясын, сонымен қатар «Жамбыл», «Ахмет Байтұрсын­ұлы» тұлғалық энциклопедияларын көп еңбекпен жарыққа шығарып үлгерді. Әсіресе ұлт ұстазы Ахаң туралы энциклопедия – мәдени өміріміздегі елеулі құбылыс болды деп бағалау керек. Баспа мұнымен қанағаттанып қалмай, республи­камыздың көрнекті жазушыларының атаулы көркем шығармалары мен ғалымдарының күрделі зерттеу еңбектерін, топтама кітаптар мен көптомдықтар шығаруды да қолға алды. Солардың алғашқылары және оқырман қауымға аса қажеттілері қатарына көрнекті академик-ғалымдар: тарихшы М.Қозыбаев шығармаларының 7 томдығы мен әдебиетші З.Қабдоловтың 5 том­дығын атау керек. Ал көркем туын­дылардан Қазақстан Мемле­кеттік сыйлығының иегері Қ.Мұха­метқалиұлының 4 кітабы, өмірден ерте кеткен талантты қаламгер, дәулескер күйші Т.Әсемқұловтың 5 томдығы, барлығы он атаудан тұратын Қожа Ахмет Иассауиден академик С.Қирабаевқа дейінгі авторлардың 13 томдық топтамасы зерттеушілер үшін таптырмайтын дүниелер. Жоғарыда айтылған «Жамбыл», «Ахмет Байтұрсынұлы» энциклопедиялары баспа жұмы­сының бұдан былайғы да басты бағыты әмбебап, салалық және тұлғалық анықтамалықтар әзірлеу болып қала беретінін танытты. «Елу – ердің жасы» дейді дана халқымыз. «Қазақ энциклопедиясы» ердің жасына енді келді. Оның жемісі әбден піскен мәуелі ағаш сияқты, уақыт өткен сайын бұтақтарын кеңге жайып, жұртына жұпарын шашып, көлеңкелі самал желімен сергітіп, ешқашан тусылмайтын білім бұлағының кәусар қайнарымен туған халқын сусындата берері сөзсіз.

Таңатқан РСАЕВ,
«Қазақ энциклопедиясы»
Бас редакторының
бұрынғы бірінші орынбасары, жазушы-журналист,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір