Әсеттей сал, ән салсаң…
08.12.2017
1544
0

Түркияда «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен ақын, әнші, сазгер Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде аталып өтті.

Қарашаның соңғы күндері… Түрік елінің аспанында Алаш әні асқақтап тұрды. Жалпы, Түркі хал­қының мәдени кеңістігі ән әлемімен етене жақын. Қазақ халқы сияқты түріктердің дүние есігін ашқан сәт­тен бұ дүниемен қош айтысар сә­тіне дейін орындалатын барлық әдет-ғұрып, салт-дәстүр әнмен әр­леніп, сазбен көмкерілген. Қазіргі заманда да түрік ән өнерінің шетел асып, танымал болуына түрік сазы­ның түбі терең тамыры себеп болып отыр.
Қазақта дәстүрлі әндер сабақ­тас­тығы осы күнге дейін қалай да­мыса, дәл солай түрік халқының «ТҮРКҮ» (TÜ RKÜ ) сөйлеу (‘söylemek’ – қазақ тіліндегі «сөйлемек» етістігі түрік тілінде «ән айту» деген ма­ғынаны білдіреді) дәстүрін ерек­ше атап айтқан жөн. Түркүні, дәл қазақтың дәстүрлі әні сияқты, дауыс­қа ғана салмай, ең бастысы жүрекпен, шын көңілмен айту лә­зім. Ескіден түркү ғашықтардың сезімін білдіру үшін, туған жер, ел, ағайын-туысқа деген көңілді, пәлса­фалық толғаныстарды баяндау үшін орындайды. Сонымен қатар, халық арасында ТҮРКҮ жанға ем, шипа ретінде де қолданылған. Адамға көңіл айту, халдегі адамды жұбату, сағынышты басу – мұның бәрі ТҮРКІНІҢ магиялық сипатын айқындайды.
Соның ішінде тарихта ізін қал­дырған танымал ТҮРКІ санатшы­лары да аз емес. Мәселен, Абдурах­ман Қызылай, Ахмет Сезгин, Ариф Шентүрк, Байрам Араджы, Мухар­рем Ерташ және ұлы Нэшет Ерташ сынды бірталай түрік халық санат­шы­ларының есімдері белгілі.
Түркі халқының ата жұртында дүниеге келген әнші-композитор, ақын Әсет Найманбайұлы да исі түркі әлеміне ортақ тұлға. Түркі жұртының ұлы санатшыларының сарындарын тыңдағанда санамызға сақи заманның сағынышы, құмбыл тарихтың құба белдерінен талып жеткен бабалар аңсарын іздейтініміз сондықтан шығар. Қазақ әншілері мен түрік санатшыларының өнерін­дегі үйлесімділік, рухани жақындық, туыстықтың сыры да бабалар қаны­мен, аманатымен келген қасиет пе деп ойлаймыз.
Әуелі әлемдегі ең алып шаһар­лар­дың бірі көне һәм жаңа Ыстам­бұлда, келесі күні ресми астана Анкара қаласында қазақтың әйгілі әншісі, ақын, сазгер Әсет Найман­байұлының халықаралық дәрежедегі конференциясы болып өтті. Дәлірек айтсақ 29 – қарашада Ыстамбұл шаһарындағы қазақтар көп шоғыр­ланған Зейтінбұрын ауданындағы мәдениет үйінде өткен рухани шара­ға келгендердің шоғыры көп болды. Сонау Үрдін (Иордания) елінен Ыстамбұл қаласын қоныс аударған Салық ақсақал Әсет ке­шіне түгел отбасымен келіпті. Арғы тегі Кіші жүз Адай болып келетін Са­лық ақсақал нағыз батыр адам екен. Келген күні Қазақстаннан кел­ген бауырларын үйінде қонақ қылып, қазақы дәстүрмен алды­мызға дәм тартқан. Сол күні Салық Қазақтың аңызға бергісіз әңгімесін тыңдағанбыз. Ол бөлек әңгіме. Сонымен Зейтін бұрында өткен Әсет Найманбайұлының 150 жыл­дық мерей тойына арналған рухани шара өте биік деңгейде өтті. Кеш мазмұнына тек ғылыми конферен­ция деп айдар тағыу, бір жақты болар еді. Делеагация құрамында ғалымдармен қатар, әнші – өнер­паздардың, ақын – жазушылар­дың, тарихшы – заңгерлердің болуы кеш мазмұнын барынша қоюлата түсті.
Кешті Ыстамбұл қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас кон­сулы Еркебұлан Сапиев сөз сөйлеп ашып берді. Қазақстан Тәуел­сіздігін алғашқы таныған елдер қатарында бауырлас Түрік елінің тұрғандығын жақсы білеміз. Алаш халқының Азаттық алғанына да міне, ширек ғасырдан астам уа­қыт болыпты. Осынау жылдар бе­дерінде туысқан екі халық тек сая­си-экономикалық тұрғыдан ғана емес рухани-мәдени бағыттада қыруар жұмыстар атқарғаны белгілі. Соның бірі Түркі тілдес халық­тар­дың тарихы мен мәдениетін бір шаңырақ астына топтастырып, жалпы Түрік руханиятының орта­лығын ашу болатын. Бұл сапардың да негізгі сол ТҮРКСОЙ ұйымының шақыруынан, қолдауынан туындап отырғанын айтып өткен ләзім. ТҮРКСОЙ-дағы Қазақстан өкілі Асқар Тұрғанбаев аталмыш кез­десу­дің барлық жоспарын тап-тұйнақтай етіп ұйымдастырып қойыпты. Ыстамбұлдағы Қазақ білім беру және зерттеу қоғамының президенті Серкан Дінчтүрк, тарихшы, профессор Әбдуақап Қа­ра, Қазақстаннан барған талантты ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы Төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай халықаралық деңгейде өтіп жатқан бұлбұл көмей әнші Әсет Найман­байұ­лының түркі дүниесінде алар орнын айтып, ізгі тілектерін білдір­ді. Алаштың айтулы ақыны Серік Ақсұңарұлы Көк Тәңірі, Көк бөрі, Көк Түріктер заманынан сөз қозғай келіп өзінің әйгілі «Қасқырдың мо­нологы» жырын оқығанда залда­ғы халық дүр сілкініп, бір рухтанып қалғандай болды. Осы жолдардың авторы, филология ғылымының докторы, Қарағанды Мемлекеттік уни­верситетінің профессоры Қойлы­бай Асанұлы «Әсет — түркі дүниесіне ортақ тұлға» деген тақы­рыпта баяндама жасады. Филология ғылымының кандидаты Бибі­ғайша Темірбаева «Әсет шығарма­шы­лығының өміршеңдік мұраты» атты ғылыми баяндамасын тыңдау­шы­лар өте жылы қабылдады. Бұл жер­де сөйленген сөз бен ғылыми баян­­дамаларды түркі тіліне мазмұн, мағынасын бұзбай аударып отырған профессор, ғалым Әбдуақап Қара­н­ың шеберлігіне еріксіз тәнті бол­дық.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-сазгер Амантай Жұмашев, Астана филормония­сының әншісі Нұрай Танабаев, күйші Ержан Арқабай, айтыс ақыны Бекарыс Нұриман сияқты өнерпаз­дар кеш барысында өз өнерлерімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Әсіресе, Әсет туған киелі Ақтоғай топырағының төл перзенттері Аман­тай мен Нұрайдың өнері Қа­зақ әнінің абыройын Түрік аспа­нын­да асқақтата түскені үлкен ме­рей болды. Әсеттің «Қысмет», «Ін­жу-маржан», «Қоңыр қаз» ән­дері­мен қатар, Шәмші әндерінің шырқалуы ұлы өнер сабақтасы­ғының сарқылмас бұлақ екендігін танытты.
Келесі күні, қарашаның 30
жұ­лды­зында әнші-сазгер, ақын Әсет Найманбайұлының Түрік елінде өткен шығармашылық кеші ресми астана Анкара қаласында одан әрі жалғасты. ТҮРКСОЙ-дың штаб пәтерінде өткен бұл шараға Қазақс­танның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, ТҮРКСОЙ халы­қаралық ұйымының бас хат­шысы Дүйсен Қасейінов, Етимесгут ауда­ны мэрінің орынбасары Алад­дин Сонат қатысып, Әсет өнерінің бүгінгі ұрпаққа қажеттілігі мен туыс­қан екі ел үшін рухани маңыз­дылығына тоқталды.
Анкарадағы кездесу кеші үлкен салтанатпен өтті. Ыстамбұлда ха­лық қошеметіне бөленген Қазақс­тан­дық өнерпаздардың бойлары үйрен­ген бе тіптен арқаланып алып­ты. Шешендер шешіле сөйлеп, әншілер асқатата ән салды. Бұл кездесудің бір ерекшелігі Әлемдегі бауырлас түрік халықтарының біраз өкілдерінің бас қосуы дер едік. ТҮРКСОЙ-дың шаңырағында түркі тектес мемлекет өкілдерінің болуы, сондай-ақ, Анкарадағы елшіліктерден келген азаматтар Әсет әндерін тыңдап, өлеңдерін естіп бір жырғап қалды.
Кеш соңында сөйлеген Әсет ақынның ұрпағы, осы сапардың рухани һәм қаржылық демеушісі, белгілі заңгер–тарихшы Бақытбек Сыздықов Түркиядағы Қазақстан елшілігіне, ТҮРКСОЙ ұйымы бас­шылығына алғысын білдіріп, Абзал Сапарбекұлы мен Дүйсен Қа­сейінов­ті, түрік азаматы Аладдин Со­нат мырзаларды Әсет Найман­бай­ұлының 150 жылдық мерей тойына арнайы шығарылған мере­келік медальдармен марапаттап, келген қонақтарға қазақы дәстүр бойынша кәде сыйлар таратты.
Сапар сәтті болды. Түріктің түңілігін әнмен түрген Әсет рухы тым-тым биікте асқақтап тұрды. «Ән салсаң Әсеттей сал әуелетіп» деген Айбоз әншінің сөзі санамызда тағы бір жаңғырды…

Қойлыбай Асанұлы.
Астана – Ыстамбұл –
Анкара – Қарағанды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір