БІЗДІҢ ЗЕКЕҢ
08.12.2017
1241
0

Серік ҚИРАБАЕВ,
сыншы, ҚР Мемлекеттік
сыйлығының иегері


…1947 жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Комсомолының Орталық Комитеті бірлесіп өткізген соғыстан кейінгі алғашқы жас жазушылардың республикалық кеңесінде, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының сол кездегі төрағасы Сәбит Мұқанов пен Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы Қайнекей Жармағанбетовтің баяндамаларында да оның аты аталып, шығармалары жақсы баға алды. Кеңес қорытындысында тәуір деген 3-4 жас ақынды Жазушылар одағына мүшелікке өткізгенде де, соның бірі Зейнолла болған-ды.

Бұл кезде бәріміз де студентпіз. Шы­ғармаларын оқып жүргенмен, та­ныстығымыз болған жоқ. Ол – Қазақ уни­верситетінде, мен Абай атындағы пе­дагогикалық институтта оқимын. Ал­ғаш рет оны жас жазушылардың кеңе­сінде көрдім. Әскерден жаңа ке­ліп, осы кеңеске қатысқан Әбдіжәміл Нұр­пейісов, Тахауи Ахтановтармен бір­ге жүрді. Университеттің соңғы кур­сында оқып жүріп, ол жаңа ашыл­ған оқупедагогикалық баспасында (қа­зіргі «Мектеп») редактор болып қыз­мет істеді. Оны мен ұстазым Қа­жым Жұмалиевтің жұмсауымен баспа ди­ректоры Әбу Сәрсенбаевқа барғанда біл­дік. Мен барғанда Зейнолла дирек­тор­дың алдында отыр екен. Әбекең мені қабылдап, шаруамды бітірді де:
– Сен Зейнолла Қабдоловты бі­ле­сің бе? Таныс емессіңдер ме? – деп сұра­ды.
Мен сырттай білетінімді, бірақ кездеспегенімді айттым. Ол да менің өзімді көрмегенмен, газеттерде шыға бас­таған мақалаларымды оқып жүреді екен. Жылы тілдесіп тарастық.
Оқу бітіргеннен кейін Зейнолла бас­падағы жұмысын жалғастыра жүріп, уни­верситеттің қазақ әдебиеті кафе­д­ра­сында мұғалім болып қалды. Осыдан кейін­гі екеуміздің кездесуіміз Қазақстан Оқу министрлігінің орынбасары Әди Шәріповтің алдында болды. 40-жылдар­дың соңы мен 50-жылдардың бас кезін­де Қазақстан тарихы мен әдебиетінен ұлтшылдық пікірлер ізделіп, саяси нау­қан жүргені елге белгілі. Біраз ақындар мен жазушылар осымен байланысты сынға ұшырады. Әдебиетте көркем шы­ғармалармен қоса әдебиеттік зерттеулер де қопарыла тексеріліп, ұлтшылдықты дә­лелдейтін материалдар ізделді. Ондай мы­салдардың бір тобы мектеп оқулық­тарынан «табылды». Қазақстан Ком­пар­тиясының Орталық Комитеті мек­теп оқулықтары жөнінде арнайы қаулы қа­былдады. Оқулық авторлары Қ.Жұ­малиев, Е.Ысмайыловтар сотталып кет­ті де, олармен бірге оқулық жазуға қа­тысқан С.Мұқанов, Б.Кенжебаевтар жұ­мыстарынан босап, сын астында жүрді. Сондай күндердің бірінде бізді, бір топ жас әдебиетшілерді, Әди Шәрі­пов шақыртыпты. Олардың ішінде
З.Қаб­долов, А.Нұрқатов, М.Базарбаев, Б.Сахариев, Қ.Тұрғанбаев, мен, тағы да бір-екі мектеп мұғалімдері болды.
Әдекең әңгімені созған жоқ. Қысқа ғана қазіргі жағдайды сипаттап, мек­тептің оқулықсыз қалғанын, олай отыра беруге болмайтынын, жаңа оқулықтар жазуды жастарға тапсыруды дұрыс көріп отырғандары жайлы айтты.
– Сендерді ұлтшыл деп ешкім айып­­тай қоймас. Кеңес заманында туып, білім алған адамсыңдар, – деп күл­ді. Сөйтіп, Оқу министрі Ә.Сем­бае­ва­қа алып барды. Ол кісі қысқаша та­нысып, Әдидің айтқанын мақұлдап (сірә, алдын ала келіскен болуы керек), бізге сәттілік тіледі. Әдиге қайтып ке­ліп, екі топқа бөлініп, орта мектептің 9,10-сыныптарына оқулық жазатын бо­­­лып келістік. З.Қабдолов, А.Нұрқа­тов, бір мектеп мұғалімі (аты-жөнін ұмыт­тым), мен – төртеуіміз 9-сыныптың «Қа­зақ әдебиеті» оқулығын жазуға кі­ріс­тік. Осы тұста біз жиі кездесіп, бел­гілі мәселелер жөнінде ақылдасып, кеңе­­сіп дегендей, жақынырақ таныстық. Мен де институтты бітіретін жылы «Қа­зақ­­тың мемлекеттік көркем әдебиет» бас­­пасында (қазіргі «Жазушы») жұмыс іс­теп, кейін «Әдебиет және искусство» жур­налына ауысқам.
«Ұлтшылдық» науқаны Комсо­мол­дың Орталық Комитетінің балаларға арнап шығаратын журналы «Пионерге» де соқпай кетпеді. Оның редакторы Төкен Әбдірахманов орнынан алынды. Орнына жаңа адам іздеп жатты. Бір күні Қазақстан Комсомол Орталық Ко­ми­те­тінің хатшысы С.Кенжебаевтан маған ша­қырту келді. Қазіргі науқанға қын­жы­лысын білдірді.
– Елдің бәрін, тіпті жастарды да был­ғап бітті… – деп ренжіді. Ренжуінің се­бебін өзі түсіндірді. – Сенен бұрын бұл қызметке Зейнолла Қабдоловты ша­­қырғанбыз. Жақсы, білімді әде­биет­ші, жазушы, жоғары мектептің мұғалімі. Мәс­кеуге жіберіп, Орталық Комитет хат­шысының қабылдауынан да өткіздік. Со­ның артынша үстінен арыз түсіп, Мәс­кеуден қайта телефон соғылып, тоқ­татып қойды. Сылтауы – мектеп оқу­лықтарында ұлтшылдық қателер кет­кен екен. Сол кітаптардың редакторы бо­лып Зейнолла Қабдолов қол қойыпты, – деді ренішін жасырмай. Енді мені ұсынып отырғанын және Қазақстан Ком­партиясы Орталық Комитетінің бю­росы арқылы бекіттіріп алып барып, Мәс­кеуге жіберуді шешкенін айтты.
Сөйтіп, Зекеңнің орнына мен «Пио­нерге» редактор боп бардым. Бұл кезде мен аспирантурада оқитынмын ­және «Әдебиет және искусство» жур­на­лын­да бөлім меңгерушісі қызметін қа­бат атқарам… Зейнолланы да арыздан кейін «Мектеп» баспасы жұмыстан бо­сат­қан. Зекең мен кеткен соң «Әдебиет пен искусство» журналына жауапты хат­шы болып келді де, жағдай жөнделген кезде редактор болып бекіді. Содан Ор­талық Комитетке жауапты қызметке ауыс­ты. Одан «Қазақ әдебиеті» газетіне ре­дактор әрі Жазушылар одағына хат­шы болып оралды. «Пионерден» мен «Социалистік Қазақстан» газетіне, одан Орта­лық Комитетке жұмысқа бардым. Осы кезде Зекеңмен бірге қызмет істеу­ге тура келді. Осы сияқты қатар жүріп жұ­мыс істеу де, біздің оқулықты бірге жаз­ған шығармашылық қызметімізге қо­са, қарым-қатынасымыздың жиілеуі­не, көңіліміздің жақындауына жағдай ту­ғызды.
Мұқан Иманжанов деген бәріміз ұстаз тұтқан, қадірлі бір ағамыз болып еді. Соның маңына көп үйірілетінбіз. Мұ­қанның ауырған кездерінде оның дос­тары сол үйдің маңында араласып жа­татын едік. Оның үстіне Зейнолла екеу­міз Орталық Комитеттен бірге үй алып, көрші боп кірдік. Әдебиетте де, өмір­де де ұзақ жылдарға созылған сый­ластығымыз, достығымыз басталды. Сол қалпымыздан өле-өлгенше жаңыл­ған емеспіз. Көрші боп араласа бастаған тұс­та біз оның отбасымен таныстық. Ана­сы біздің анамызбен тіл табысып әң­гіме құратын еді. Қарындасы Қали­маш пен інісі Орын көз алдымызда ер­жетті. Қоңыр деген апасы елде тұра­тын, жиі келіп-кетіп жүретін. Бақыт, Се­рік, Дарын, Абзалдардың туғанын көр­дік. Бәрі де жақты тәрбие алып өсті. Отбасының ұйытқысы Сәуле №12 қа­зақ мектебінде сабақ беріп, қадірлі ұстаз­дардың бірі саналды. Біздің кіші ұлы­мыз қазақша оқыған кезінде Сәу­леден тәрбие алған. Анасы қайтқанда да қайғысын бөлістік. Дарын деген ұлы менің Әділ деген баламмен бірге ойнап, дос болып өскен еді. Екеуі де бір мез­гіл­де қайтыс болып, соларды еске сал­дық. Сөйтіп, ынтымақты көңілмен өмі­рімізді өткіздік. Зекең мені «Сері аға» деуші еді, мен «Зеке» дейтінмін. Сәу­ле мен Әлия да жарастықты сый­ласты. Шығармашылық қызметте әр­қайсымыздың өз жолымыз болғанмен, біз бір-бірімізге қарап отырдық. Тілек­тес­тік танытып, керекті жерінде үн қо­сып, пікір айтудан да тартынған емес­піз.
Жас кезінде өлең жазған Зейнолла елуін­ші жылдардан бастап прозаға бет бұр­ды. Әуелі «Өмір ұшқындары» (1956) ат­ты хикая жазды. Одан кейін оның жал­ғасы есебінде «Жалын» атты роман жазу­ға отырды. Әуелде журналдық нұс­қасы «Жұлдыз» журналында басылған (1963) романды біраз ұстап, қайта қа­рап, 1970 жылы ғана жариялады… Зей­нолла әдебиетке өзіндік бетімен, із­деністерімен келді. Ол таптаурын жол­дармен жүрмей, кейіпкер таңдауда да, өмір шындығы деген ұғымды жал­пыламай, жеке адам тағдырын танудағы тың ойларымен, стильдік өзгешелігімен көзге түсті. Өмірге деген құштарлықтың сыры, романтикалық әсем саз, адам кө­ңілін танымпаз жұмсақ мінез – бәрі де жазушы шығармалырының басқаға ұқса­майтын ерекшеліктеріне жатады. Жазушы тілі де соған орай төгіліп, май­да, сыпайы. Сыршылдығымен өзіне тартады. Оның романтикалық бояуы қанық. Ол адам арасындағы қатынастың әсемдігін, сыпайылығын, адалдықты, жан сұлулығын жырлады.
Зейнолланың ғылымдағы жолы оның сыншылық қызметімен, универ­си­тет қабырғасындағы ұстаздық еңбегі­мен тікелей байланысты. Ол алғашқы шығармашылық қадамынан бастап, ақындығы, жазушылығымен қоса сын­шы есебінде көрініп, әдеби процеске ара­ласты, әдебиеттің жаңа туындылары пі­кір­лер айтып, мақалалар жазды. Оны­мен біздің (Айқын Нұрқатов үшеуміздің) жазған оқулығымыз 12 рет басылып, ке­зінде мектеп оқушыларының әде­биет­­ке деген ынта-ықыласын оятуға кө­мектескенін бүгін біз ризалықпен ес­ке аламыз. Осы істе ол өзінің іскер, ойшыл педагог ғалым екенін танытты. Елі­міз тәуелсіздік алып, оқу бағдар­ла­малары өзгеріп, жаңа оқулықтар жазу тұ­сында Зейнолламен қайта қосылып, оқу­лық жазу мүмкіндігі туған еді. Біз – Хасен Әдібаев үшеуміз жазған 11-сы­ныптың оқулығы әуелде байқау оқулығы ретінде басылып, мектеп тәжірибесінде мақұлданғаннан кейін жөнделіп, жаңа оқулық болып бекітілді.
Зейнолланың ғылыми бағыттағы ір­гелі зерттеулерін атасақ, оның қазақ әң­гімесінің дамуы мен шеберлену жо­лына арнаған кандидаттық («Жанр сы­ры» деген атпен 1964 жылы басыл­ған), қазақ әдебиеттану ғылымының тео­риялық негіздері жайлы докторлық («Әдебиет теориясының негіздері», 1970) диссертацияларын алдымен атау парыз. Диссертацияны кейін толық­ты­рып, жөндеп, автор жоғары мектепке арналған оқулық ретінде ұсынды. Ол «Сөз өнері» деген атпен бірнеше рет ба­сылды. Бұлардан кейінгі жылдары жаз­ған «Жебе» (1977), «Әуезовтің әсем­дік әлемі» (1986), «Арна» (1988), «Көз­қарас» (1996) атты кітаптарында да Зей­нолла көркем әдебиет пен әдебиет­тану ғылымындағы жаңалықтарға сүйе­ніп, өзінің эстетикалық ой-пікірлерін жариялады.
Зейнолла бүкіл өмірін өзі оқыған уни­верситетте сабақ беру, ұстаздық жа­саумен өткізді. Жас ұрпақты әдебиеттің теориясымен қаруландырды. Оның алдынан лекция тыңдағандарға оқу­лық­тарын пайдаланған ұрпақты қоссақ, қазақ­тың әдебиетші жастарының бәрі де оның шәкірті саналады. Бұл қауым тұтастай әдеби-теориялық сауатын Зей­нолла еңбектерімен ашты деуге әбден бо­лады. Ғалым үшін, ұстаз үшін бұл – үл­­кен бақыт. Өлшеуге келмейтін, тек әке мен баланың сезіміне ұқсас қуа­ныш.
Зейнолланың соңғы еңбегі, оның шы­ғармашылық өмірінің қорытындысы деп саналуға лайық туынды – «Менің Әуе­зовім» романы мен «Мұхтар Әуезов» атты зерттеуі. Екеуі бір кітап болып 1997 жылы жарияланды. Бұл М.Әуе­зовтің 100 жылдығы аталып өтетін жыл еді. Жас кезінен ұстаз тұтып қасына ер­ген, көп үлгі-өнеге үйренген ұлы қа­лам­герлермен бірге өткен күндердің та­ғылымы сияқты шығарма. Осы туын­дыны ол өмір бойы ойланған сияқты. «Әуезовтің әсемдік әлемі» деген шағын еңбегі оның барлауы тәрізді көрінеді. Әуезовті тану, оны өзінше түсіну – әркім­нің-ақ талабы. Бірақ Зейнолланың тануы басқаша. Студент болып лекциясын тыңдау, оның сөз сөйлеу мә­нері, тіпті әрбір қи­мыл-қозғалысына дейін көз айыр­май аңғарып, бақылай білу, лекциядан тыс уақытта қасына еріп, көп нәрсенің куәсі болу, ұлы жазу­шының қуанышты-ренішті сәттерін көру, оның оқырманы болып, образ жа­сауын, өмір шындығын типтендіру жо­лын, Абай өмірінің қал­тарысты сипат­тарына шейін біліп, со­ны роман же­лісіне пайдалана білу өне­рін игеруі, көр­кемдік бейнелілік пен шеберлік, тағы басқа сырларын аң­ғару Зейнол­ланың ғана қолынан ке­ле алды.
Зейнолла біздің ұрпақтың есімі елі­­не кең тараған, ең қадір тұтар өкілі бол­ды. Оны біз де білетінбіз, сый­лай­тын­быз. Өзіміз жиналып қалғанда төр ұсы­нар қасиетіміз де, дуалы ауыз ше­ше­німіз де сол болатын. Мүсілім Ба­зар­баев, Зәки Ахметов, Рахманқұл Бер­ді­баев, Нығмет Ғабудллин, Мұқаш Сә­р­секеев, Тұрсынбек Кәкішев, Аман­жол Шәмкенов – бәріміз бір жылдың төлі едік. Жылдың басына таман ту­ған­­дықтан бәрі мені «төлбасы», «Сері аға» атандырды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір