Сегіз қырлы, бір сырлы
08.12.2017
2518
0

Шериаздан Елеукенов,
Қазақстан Мемлекеттік
сыйлығының иегері


Қазақтың «Сегіз қырлы,
бір сырлы» деген қанатты сөзі халқымыздың мақтаныш тұтатын тұлғаларының бірі, атақты академик-жазушы Зейнолла Қабдоловқа арнап айтылғандай.

Көзі тірі болғанда биылғы жыл 90-ды еңсерер ол, өзінің творчестволық же­місті, санқилы жолын ақындықтан бастап еді.
Шіркін-ай, ойда жоқта болдым да кез,
Жайықтан бір қыз көрдім қарақат көз.
Асыққан балықшы екен амалым не,
Қалдым-ау, ести алмай бір ауыз сөз.
Аха-хай, дариғай,
Жалт етті де жоқ болды,
Көрген түстей-сағымдай.
Әнін композитор Әсет Бейсеуов жаз­ған осы «Жайық қызы» өлеңін біз жас кезімізде той-думандарда сүйсіне, сүйіне шырқайтынбыз. Зейнолла сту­дент шағында-ақ «Социалистік Қа­зақ­стан­да» жариялаған өлең бәйгесінде жеңім­паз атанып та үлгерген болатын. Оқыр­ман жұртшылық ойы мен сезімі те­рең де тебіреністі лирикалық өлең­де­р­ін «Жастар даусы» атты және басқа жи­нақтардан оқитынбыз.
Шабытты жас ақын Зейнолла ба­сын­да Алматыдағы Политехникалық инс­титутқа оқуға түссе де Қазақ уни­верситетіне келгіштеп, Мұхтар Әуезов са­бақ беретін күндері дәрісін тыңдауға үз­бей қатысып жүріп, ақыры сол уни­верситеттің филология факультетіне ауыс­ты. «Ғазиз көретін, сұлу мінез, сұлу бі­лім, өнер иесі, досым, інім» деген ұлы Мұ­хаңың биік мақтауын сол шақта есіт­ті.
Көп ұзамай жас талант Зейнолла әде­биеттің тағы бір текті жанрына құ­лаш сілтеді. Қайран жиырма бестен ат­тай бере, қаламынан тұңғыш көлемді про­засы – мұнайшылар туралы «Өмір ұш­қыны» повесін» туғызып, тағы бір қы­рынан көрінді. «Жалын» атты ро­ма­ны жұмысшы табы туралы ең тәуір көр­кем туындылар жөнінде ВЦСПС жә­не СССР Жазушылар одағы жария­ла­ған бүкіл одақтық бәйгеде арнаулы сый­лыққа ие болды. Ал «Менің Әуе­зо­вім» романы үшін Қазақстан Респуб­ли­ка­сы Мемлекеттік сыйлығының лау­реа­ты атанды.
Бұдан соң, Құдай берген талан­ты­ның арқасында «Сөнбейтін от» атты рес­публикалық конкурста бәйге алған пье­са, «Мұхтар аға» деген құжатты ки­но­фильмге сценарий жазып, енді жі­герлі қайрат иесі драматург атанды.
Айтпақшы, Зейнолла өз сөз өне­рінің бұл үшінші қырын танытар ал­дын­да, Атырау облысында орта мектепті бі­тіргеннен кейін екі жыл мұнай өн­дірі­сінде жұмыс істеген болатын. Мұ­най­шылар өмірін терең білетіндігі осы төр­тінші қыры – озат жұмысшы бол­ғандығынан бас алғаны кәміл.
Қазақ университеті фиолология фа­культетін үздік дипломмен тәмам­да­ған соң Зейнолла 1949-51 жылдары «Мек­теп» баспасында редакция ме­ң­геру­шісі болып істеді. Баспагерлік мә­де­ниетін, журналист, пукблицист қа­бы­летін ұдайы шыңдады. Шыңдауы сон­дай, мансабы жоғарылап, бұқаралық ақ­парат құралдарының парасатты бас­шысы атанды. 1951-57 жылдары «Жұл­дыз» журналының, «Қазақ әдебиеті» га­зетінің бас редакторы қызметтерін абы­роймен атқарды.
Бұны осы жазба геройының бесінші қы­ры десек, алтыншысы да осал емес. Зей­некең ерен аудармашы да еді. Алек­сандр Пушкин мен Николай Гогольдің же­келеген шығармаларын, Лев Кассиль, Вла­димир Добровольский, Виталий Зак­руткиннің романдарын, Александр Ост­ровскийдің «Ұшынған ақша», Мак­сим Горькийдің «Күн перзенттері», На­зым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» пьесаларын дәлме-дәл, әрі еркін, сәт­ті тәржімалағанын білеміз.
Зейнекең аз да болса жарты ғасыр Қа­зақ мемлекеттік ұлттық универси­те­тін­де қазақ әдебиеті мен теориясынан дә­ріс оқыды, әдебиет кафедрасын бас­қар­ды. Ұстаздыққа ұсталығын шәкірт­те­рі әлі күнге ауыздарының суы құрып ес­ке алады. Осы жолдардың авторы орыс тілінде жазылған мақаласында Зей­нолла Қабдолов – «Любимец сту­ден­ческой аудитории» деп қорытса, бұл ба­ғамының негізсіз еместігі түсінікті бо­лар.
Сегізінші қыры – Зейнекеңнің ас­қан ғалымдығын айырықша еске алуға тиістіміз. Бізде әдебиет теориясынан оқу­лық жазған ғалымдар саусақпен са­нарлық. Ілкі оқулық–«Әдебиет та­ныт­қыш» деп аталады. Авторы – Алаш қоз­ғалысының көсемі – атақты Ахмет Бай­тұрсынов. Екіншісі – филология док­торы, профессор, академик Қажым Жұ­малиев – орта мектепке арналған «Әдебиет теориясы» еңбегінің авторы. Бұ­дан соң әдебиет теориясының келелі мә­селелерін кеңірек те тереңірек зерт­теген, жоғары оқу орындарына арнайы оқулық жазған филология докторы, про­фессор, академик Зейнолла Қаб­до­лов есімі аталуы міндет. Зейнекеңнің 1970 жылы жарық көрген «Әдебиет тео­риясының негіздері» деген еңбегінің жаңа нұсқасы, әлденеше дүркін басыл­ған «Сөз өнері» атты оқулығы теориялық қа­ғидаларды жазушылық шеберлік мә­селесімен, көркем сөз өнерінің күрделі үр­дістерімен, творчество психоло­гия­сы­мен ұштастыра жүйелеуімен ерек­ше­ленеді. Мен 1963-66 жылдары КПСС Ор­талық Комитеті жанындағы Қоғам­дық ғылымдар академиясының әде­биет­тану кафедрасының аспиранты ке­зімде Л.И.Тимофеевтың «Әдебиет тео­риясының негіздері» кітабын, А.М.Горький атындағы Дүниежүзілік әде­биет институты ұжымының үш том­дық «Әдебиет теориясы» еңбегін оқып үй­рендім. Осы мәскеулік ғалымдардың зерт­теулерін Зейнолла Қабдолов твор­чес­тволықпен пайдалана отырып, олар­дың кемшілік, қайшылықтарын да айы­рып, оқулығындағы көп-көп қағи­даларды өзінше қорыта білді. Сон­дық­тан, өз басым күні бүгінге дейін кітап сө­ресіндегі Зейнекеңнің «Сөз өнеріне» мін­детті түрде көз жүгіртіп отыра­мын…
Зейнекеңмен алғаш рет «Қазақ әде­биеті» газетінің бас редакторы болып іс­теп жүрген кезінде танысқан едім. Шы­ғыс Қазақстаннан конкурс бойын­ша Қазақ университетінің журналистика факультетінде аға оқытушы болып істей бастағанымда қабылдауында болып, «Мас молда» деген фельетонымды ұсын­дым. Зейнекең фельетон тақы­ры­бына қызықты ма, бір, екі беттік шағын ма­териалды дереу,бас көтерместен оқып шығып: «өзі молда, өзі мас, бұл қалай, ә?!» – деп ал күлсін… Фельетоны­ма газетте жариялаған күні көз жүгірт­сем, бас редактор мақалаға қосымша кар­рикатура да салғызыпты: Зұриқан мол­да басында сәлдесі, қолында жар­тылық, айқайға басып тұр…
Зейнолла Қабдоловтың 1957-59 жыл­дары Қазақстан КП Орталық Ко­митетінің сектор меңгерушісі яки сая­саткер болғанын да білеміз. Саясат­кер­лігін шығармагерлік қасиет-қырына емес, сырына жатқызар едім. Үй арасы жа­қын, талай рет дастархандас болдық. Шіркін, Зекеңмен сырласу ғанибет еді ғой. Жұрт бұрын да, қазір де бас қосқан­да­рында елдегі саяси-экономикалық жағ­дайды сөз етпей қалмайды ғой. Сон­дай сырласуда президенттіке кан­ди­датуралар ұсыну науқаны кезінде бол­ғаны есімде қалыпты. Нұрсұлтан Назарбаевқа альтернатива жоқ деген пікірін естікенім бар. Сол пікірін біраз­дан соң Зейнолла Қабдолов Қазақ Ұлт­тық университетінде өткен сайлау алды жиналысында кең таратып ай­тып, жанжақты дәлелдепті.
Осы оқиғаға байланысты тағы бір жәйт: Зейнекеңнің Қазақ ұлттық уни­верситетінде сөйлеген әлгі сөзін қалың жұрт­шылық бек ұнатсақ та, қайсыбір ке­рауыз кергіленіп, шоқпар ала жүгір­сін…
Олай дейтінім, оппозициялық «ХХ1 век» газетінде «Блеск и нищета ка­­захской интеллигенции» деген ма­қа­ла­сында әлгі керауыз: «в казахской ин­теллигенции поражает полная нес­пособность к самостоятельной мысли, вынуждающая к иждивенчеству, как в материальном плане, так и в интеллек­туа­льном. Это двойное иждивенчество – непреходящая черта нашей интел­ли­генции еще со времени «застоя»… Вот и в нынешней президентской гонке ка­захская интеллигенция исправно де­монстрирует свою лояльность режиму, подписывая письма как от лица стар­шего поколения, так и от дружного хра­ма молодых, но ретивых…Еще семь лет режима, и мы будем отброшены на семьдесят лет назад.»
Бұған осы жолдардың авторы жаз­ған «Кто же куртизанка?» деген мақа­ла­сында ( «ХХ1 век».20 декабря 1998 г.) тиіс­ті жауабын қайтарды да… Бұл жерде ай­тайын ден отырғаным, суреткер, ой­шыл Зейнолла Қабдоловтың мемлекет бас­шылығында ісімен де, сөзімен де заң­ғарлығын көрсеткен, талай ауыр сын­дардан, зор қиыншықтардан елі­мізді мүлтіксіз алып шыққан Нұрсұлтан Назарбаевқа алтернатива жоқ деген сөзінің, осы биік қайраткердің басшы­лы­ғымен Тәуелсіз Қазақстан бар қиын­дықты абыроймен жеңіп шығады, мықты, гүлденген мемлекетке айналады деген берік сенімінің толық және дау­сыз расталғандығы. Жоғарыда аталған керауыз жазғандай, кері кеткеніміз жоқ, керісінше, керемет қарқынмен еселеп ілгеріледік. Рухани жаңғырудың жаңа, соны белестеріне көтерілдік.
Зейнекеңмен әңгіме-дүкен құрудың өзі қандай ғанибет еді. Ол ешқашан жат­танды сөзге жуымайтын. Қашан да бұ­рын естімеген соны сөз, пікір көмейі­нен табиға төгілетін.
Бір күні өтініш айтып едім, Зекең: «Ме­нен алдың, қалтаңа салдың!»- деді. Сөй­тіп, «мақұлын» өлеңдетіп жеткізді.
Есте қалғандардың бірсыпырасын ол туралы эсселерімде жазып жұрмін.
Бір-екеуін келтірейін. Зекең теле­ди­дардан жиі көрінетін бір жазушыны бы­лайша сыпаттады:
– Пеш түбінде тіл мен жағына сүйе­ніп тықылдап отыратын бір құр құлақ бала болушы еді. Н. теледидардан кө­рін­генде дәл сол құрқұлақ сияқты ты­қыл­дайдай кеп..
Бір күні Зекеңе сұрақ қойдым. Сіз­дің қаламгер досыңызбен айтысқан ма­қаласының бір жерінде әнеу бір пуб­лицист: «своим витиеватым стилем» де­ген тіркес қолданыпты. Мұны қалай аударар едіңіз?.
Зекең көп ойланған жоқ: «Жазуын оқы­ғаныңда киіз шайнағандай бола­сың», – дегені.
Зейнекең доспын деп жүріп, қас­тықтан жазбайтын қатарласын былайша сы­­паттады:
– Жас нәрестенің тамағына пышақ таяп апарсаң ол ешнәрсе сезбейді, тал­пынып күле береді ғой. Сен екеуміз сол бір іші тардың тамағымызға пышақ таяай­тынын, жасырын жаулығын сез­бейміз, нәресте сияқтымыз.
Қайран Зекең!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір