МІНСІЗДІК МЕТАФОРАСЫ

0
153 қаралды

немесе аяқталмаған шығарма аңсары

Фәни жалғандағы кез келген нәрсенің «тәңірінің есебінен түгенделетін» әлдебір кемісі болады; жоқ десе, адамдардың өздері ол туралы аңыз ойлап шығарады. Тас ескерткіштерді алыңыз: Мысырдың жұмбақ пирамидалары, Үнді еліндегі ғажайып Тәжі-Махал, Түркістан төріндегі қасиетті Қожа Ахмет Ясауи кесенесі… – баршамызға мінсіз, мүлтіксіз көрінетін бұлардың қай-қайсысының да шебер қолынан қапияда қалыс қалған, былайша елене бермейтін құпиялы кем-кетігі бар. Неге? Бір мәлімі, ол олқылық – Жаратушының еншісі деп есептеледі; өйткені кемелдік Соған ғана тән. Сіз өмір сүріп жатқан дүниесарайдың да жетімсіз жерлері болуы анық. Ендеше, ғапыл һәм ғайып ғаламның, Абай айтпақшы, «…кетігін тап та, бар қалан!». Алайда асыл аңсар, айнымас арман, имандай иланым тұтқынындағы талантты суреткердің бәрібір талпынатыны — өмірді өнерге көшіріп, өлмейтін де өшпейтін құбылыс қылу, мәңгілік мұраттың жетегіне жегу, сөйтіп өзі мен өзгенің жүрек түкпірінен, жан тылсымынан, жұлын торабынан БҮТІН БІТІМДІ іздеу. Міне, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов сондай ақша бұлтты заңғардың нағызы, алтын бармақты зергердің нақысы еді. Ол бейопа болмыста, әдеби әлемде күнбе-күн кездесетін дарақы дүрегейлікті, таңқы таяздықты, мағынасыз мақтангөйлікті, жеңіл желбуаздықты «бас жарып, көз шығармай-ақ» мақтамен бауыздап беретін сирек сипаттардың – саф сұлулықтың, көлгірсіз көңілдің, таза табиғилықтың тілеуқоры болатын.

Әлбетте, «сөзден әсем сарай соққан» ұлы мәртебелі ұстаздың өткінші өмірде бітіргені де, бітіріп үлгермегені де бар…
Орыстың тамаша ақыны, «Русьте өмір сүрген кімге жақсы?» атты шы­ғар­ма­ның авторы Николай Некрасов ба­қиға аттанар алдында: «Мен бір ғана нәр­сеге өкінемін: ол – осы поэманы аяқ­­тай алмай бара жатқаным», – деген екен. Мұндай кепке Пушкиннің «Дуб­ровс­кий», Лермонтовтың «Вадим», Алек­сей Толстойдың «Бірінші Петр», Горь­кийдің «Клим Самгиннің өмірі» ро­мандары да килігіпті. Лев Толстой жаз­ған «Есуастың жазбалары» да ақы­рына дейін апарылмаған. Сөйте тұра, олар­дың бәрі әлдеқашан-ақ әдебиет та­рихының төрінен орындарын ойып ал­ған, еш күмәнсіз, күмілжусіз әрі күш­теу­сіз ұлттық классиканың қатарына кір­­гізілген. Себебі, біреу-ақ: толық тү­йін­­делмесе де, биік талап пен талғамға әб­ден лайықтығы. Композитор Во­ль­­­фанг Амадей Моцарттың атақты «Жан азасы» («Реквием») туындысын ол өлген соң шәкірттері тәмам етіпті деседі. Ал оны кім «шалажансар» шығарма дей алар… Сол сияқты, өзіміздің төл рухани қа­зынамызға қосылған – Абайдың «Әзім­нің әңгімесі», Сұлтанмахмұттың «Айтыс», Қасым Аманжоловтың «Біздің дастан» поэмалары, Бейімбеттің «Қызыл жалау», Саттар Ерубаевтың «Менің құр­дастарым», Ақан Нұрмановтың «Құ­лан­ның ажалы» романдары, М.Әуезовтің «Америка әсерлері» жолжазбасы… да мә­ре­сіне жетпей күрт үзіліп, шорт кесі­ліп­ті…
З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» ат­т­ы роман-эссесінің екінші кітабы мен «Махамбет» романының да соңғы нүк­телері қойылмаған, яки әлгі туын­ды­лар­мен тағдырлас. Бірақ бұл жерде де жазу­шының жазушылығы, тағы да Абайға ж­ү­гінсек, «істі бастағандығынан білі­не­ді, қалайша бітіргендігінен емес».
Задында, «Мұхтар Әуезов» та­қы­ры­бы оның сүйікті, сұңғыла ш­ә­кірті­нің санасына ерте бастан ұялаған.
Отыздан енді асқан жігіттің Қы­рым сапары кезінде қойын кітап­ша­сына түсірген жолжазбасындағы мы­­на жолдар соның айғағы секілді: «Ту­ған әдебиетке деген мақтаныш: Мұх­тар Әуезов – ұлы жазушы, тірі клас­сик. Бұл кісімен бірге жасау, оның тәлім-тәрбиесін көру – бақыт. Осыны неге ашық айтпаймыз?.. Қа­зіргі жазушыларға, әсіресе жас жазу­шыларға Мұхтар Әуезовтің тигізген жә­не тигізіп отырған әсері ұшан-теңіз. 28.08.1958».
Төңірегіндегі тіршіліктің маңыз­ды мезеттерін тірнектеп жиып, түртіп жазуда алдына жан салмайтын қа­рым­ды қаламгер Әзілхан Нұршайықов өзінің «Дос туралы ой» атты мақала­сын­да («Егемен Қазақстан» газеті, 4 қа­зан, 2006 жыл) нақ сол, 1958 жыл­дың жа­зында Павлодар қаласында жұрт­шы­лықпен жүздесу үстінде Мұх­тар Әуезовтің: «Мен жаңа қазақ әде­биетінде талантты жас жазушылардың үлкен шоғыры өсіп, жетіліп келеді дедім, сол шоғырдың алдыңғы легінде келе жатқан аса дарынды жасы­мыз­дың бірі, «Өмір ұшқыны» атты та­маша романның авторы, бүгін осы кез­­десу президиумы үстелінің ба­сын­да отырған менің шәкіртім Зейнолла Қабдолов жолдас”, – деген лепесін өз құлағымен естігені жөнінде қалам тербеп келеді де: «Мұхаң бұл сөзді соншама мейірленіп, үлкен ықы­ласпен, зор ризашылықпен айт­ты. Сен де қатты тебірендің. Оны өңің­нен байқадым. Досым туралы ұлы адамның мұндай биік баға бер­геніне мен де риза болып отырдым. Залда отырып, өзіңе қарап, ақырын алақан соқтым. Сен басыңды шай­қадың. “Өйтпе, ұят болады” дегенің деп ұқ­тым», – деп тарқата тұйықтай­ды.
Міне, содан араға қырық жылдай уа­қыт салып, ұзақ толғаныстан, ұлы те­біреністен туған «Менің Әуезовім» ро­ман-эссесінің бірінші кітабы жа­рық көрді. Жұрт жапатармағай жылы қабылдады. Мейірлі шығарманың мәртебесі шарықтап, мемлекеттік сый­лықпен марапатталды. Қайта тү­леген қаламгер бойын демдеп, бір да­мылдап алған соң, оның екінші кіта­бына кірісіп кетті.
Осы аяқталмаған туындының бір тұсында жүйрік жазушы ғана емес, сөз өнерінің сарабдал сарапшысы ретінде З.Қабдолов өзі жазып отырған дүниенің жанрлық сипатын былайша бағамдап өтеді: «Роман болғанда, мұн­да да жай «роман» деп қоя сал­ға­ным жоқ. «Роман-эссе» дедім. Неге «эссе»? Солай: эссе! Бұлай атағанда мен әдеттегі, Толстой айтқандай, кейіп­­керімнің «жан диалектикасын» қуалап кететін көркем шығарманы, кәдімгі классикалық мағынасындағы роман жазуды, жай сөйлемей, сөзбен сурет салуды білмей отырғаным жоқ. Мен одан қашып, еркін кеткім келді. Ал «эссе» дегеніңіз маған сол еркіндік үшін керек болды. Сөйтіп, мен ро­маныма кібіртіксіз, іркіліссіз, кейде кейін, кейде ілгері асып, тасып түсіп отыратын, есіліп, көсілетін шалқыма сипатын бергім келді», – дейді.
Расында да, автор Әуезов туралы та­маша толғауын жеткізген жеріне дейін осы қалпынан ауытқымайды, қағидатынан айнымайды. Ұлы жазу­шының кемеліне келіп, кемеріне кө­терілген, сол арқылы даңқы мен дақ­пырты жер жүзіне жайылған шаң­қан шағын, «мен қай жерде отырсам, сол жер – төр» дейтін те­геурінді тұ­сын әріден әрлеп, беріден барлап су­реттейді. Мысалы, роман-эссенің бас­тапқы бөлігіндегі Азия, Африка жазу­шылары басқосуының баяны ба­рысында Әуезовтің «Ташкент – менің қуанған кезімнің де, қуарған кезімнің де куәсі» деген бір ауыз сөзінің қауы­зы­­на сан мағынаны сыйғызады. Ша­быт­қа мініп шырқаған зымыраны да, шын­жырға түсіп шерлеген зынданы да – сол шаһар болғандығын қапысыз бе­дерлеп береді. Әуезовке деген өзбек­тің қабырғалы қайраткер-қаламгері Шараф Рашидовтың ілтипаты, «іңірде шайтан көшіретін» құбылма, құлпырма бишісі Ғалия Измаилованың іңкәрлігі мен атақты академик-жазушысы Айбектің (Мұса Тәшмұхаммедовтің) меймандостық мойындауларынан бас­тап, ескі қаланың еңіреме қуысында қал­ған, бір кезде оң жағында – Жү­сіпбек Аймауытов, сол жағында – Сұл­танбек Қожанов, ортасында өзі отба­сымен тұрған үш есікті құлама қыш үйге бүркеме түрде барып, көне қайғы­дан көңілі құлазыған сәті… – мезгіл мен мекен аясындағы осындай күтпе­ген кереғарлық, кенет контраст шығар­ма желісін ширықтырып жіберген. Камерун жазушысы Бенжамин Ма­тип­пен әсерлі әңгімесі кезінде «Бо­дан­дық құрымай, бостандық болмай, өмір де, өнер де болмайды» деген сөздерімен отаршылдық жайындағы ойларын ал­ғаусыз айтқызған, нәзік нұсқатқан. Ғұламаның тағдыр-талайында атақ пен арпалыстың, құрмет пен қыз­ға­ныш­тың қашанда қапталдаса қонған­дығын, осы қарама-қайшылықтың өле-өлгенше өзегін өртегенін татаусыз мысалдармен тұспалдаған. Алексей Толстой, Леонид Леонов, Михаил Шо­лохов, Константин Федин, т.б. қуатты қа­ламгерлермен қарым-қатынасы, олар­дың кісілік болмысына, көркемдік бітіміне орай пікір-пайымдары ерекше сыр­баздықпен, салиқалықпен өріл­ген.
Сондай-ақ, роман-эссенің қай бе­ті­не үңілсеңіз де, Қабдоловтың қалам­гер­лігіне тән мінсіз шеберлік пен мүл­тіксіз шешендіктің өзара ұнасымын аң­ғарасыз. Осындай көркемдік келі­сім­ге баулыған, баптаған ұстазы бір кү­ні шәкірт-шырағына сауал, сауал бол­ғанда да мейлінше төте, мүлде то­сын сауал қоймасы бар ма?! Бұл ретте роман-эссенің өзін оқып көрелік:
«Мұхаң маған бір қиын сұрақ қой­ды:
– Өзің білесің, мен Құнанбайдың аузына «Адамның құны не болса, міні де сол болады» деген сөз салдым. Соң­ғы бірер жылда, әсіресе маған Лениндік сый­лық берілгелі өз елімізде де, шет­елдерде де тек қана менің шығар­ма­ларымның құны туралы айтылады, жазылады. Ал енді менің шығар­ма­ларым­ның міні, демек, суреткер ре­тінде менің өзімнің мінім туралы сен не айтар едің?».
Сонымен, талайдан індеткен іш пікірі болса да, жас жазушы бастапқыда алып тұлғаның алдында жалтақтай жү­рексініп, тұтыға тосылып қалады. «Ашық айт!» деген соң ғана ойында­ғысын жайып салады:
«Айтсам… Сіздің қазіргі мініңіз бі­реу-ақ. Жазарыңызды қолмен емес, ма­шинкаға айтып жаздырасыз. Менің ойым­ша, көркем шығарманы, орысша айт­қанда, «диктовкамен» жазуға бол­майды. Тек қана қолмен жазу керек».
Айтылған сөз – атылған оқ. Ны­са­насын іздеп кетті. Еркіндік пен ерсі­лік­ті шатастырдым деп қауіптенген шә­кірттің көкірек сарайы төңкеріліп түс­кен. Аңтарылған дүниесі алай-дү­лей. Бұлайша бүлдіріп алармын деп пе… Оны әрі-сәрі қалпынан ұстазы құт­қар­ды:
«Бәлі, сен батыл да айттың, батыл сөй­леп ақыл да айттың. Жалғыз-ақ со­ған өкінбе!».
Әрі қарай Қабдолов: «Мұхаңның мі­ні» туралы әңгіме осы арадан бас­тал­ды да кетті», – дейді.
Өкінішке қарай, бізге «Мұхаңның, Мұх­­тар Әуезовтің міні», яғни мақа­ла­ның басында меңзегеніміздей, «тәңі­рі­нің есебінен түгенделетін әлдебір ке­місі» туралы білу бұйырмапты. Өйт­кені, роман-эссе тап осы тұста, нақ осы сөйлеммен тоқтап қалған…
Ендеше, Әуезовтің өз аузымен ай­тылу­ға тиіс болған «Мұхаңның міні» – мәңгіліктің мұңы. Ол – АҒА ДОС, ІНІ ДОСҚА айналған ұстаз бен шәкірттің өздерімен ала кеткен құпиясы.
Сондықтан, бәлкім, «Менің Әуе­зо­вім»-нің» екінші кітабы осы бір «ақы­рына дейін айтылмағандығымен» (орысша – «недосказанность») құнды да қызықты шығар…
Қабдоловтың жазу үстелінде аяқ­тау­сыз қалған тағы бір сүбелі, сүйекті шы­­ғ­арма түзуден үмітті дүниесі – «Ма­хамбет» романының түйдек-түйдек фрагменттері негізінде де осыған ұқсас байлам жасауға болады.
Өзі «өмірдегі қасіреттің синонимі, өнер­дегі қасиеттің символы» деп баға­лаған Махамбет Өтемісұлы жайындағы толымды деректер мен тоқетер дәйек­терге, сонымен қатар ақын жырлары­ның ішкі сырлары, ілгешек сарында­ры­на барынша бойлай отырып, жа­зы­лашақ шығармаға автор алға­шын­да «Ақын ажалы» немесе «Ақын өлімі» деп ат қоймаққа ниеттеніпті. Бұ­ған қарағанда, бастапқыда хикаят ре­тінде ойластырылған туындыға Ма­хамбеттің өзінің – «Желпілдеген ала Ту// Жиырылып ойға түскен күн», Лер­монтовтың «Погиб поэт! – нево­ль­ник чести…» деген өлең жолдарын эпиг­раф етіп таңдауының астары ай­қын секілді. Ол – ең алдымен елдің «ар­дан туған, арман қуған» аяулы ақы­нын, бел буған батырын сатқындықпен, сұр­қиялықпен құрбандыққа қиған қор­қау, қаскөй, қайрансыз тірліктің тұң­ғиығын тексеру, қалтарысын қо­пару, төркінін таныту болса керек-ті. Бұл трагедияны түйсіндіріп, тереңнен теп­сінту үшін қаламгер қолайлы көр­кем­дік кілт тапқан. Өмірдің жақсысы мен жаманына, қызығы мен қияметіне әбден тойған, жаттың түткенінен, жа­қынның түрткенінен қажыған Ма­хам­беттің тұтқиылдан көрген таңғы түсін­де өз басы өз алдына келіп, кеудесіне бе­тін басқан, сәлем-сауқат сұраған сияқ­танады. Сөз жоқ, «өлім – хақтың» хабаршысы. Одан әрі… жапандағы жалғыздық, орам-орам ой, тарау-тарау тол­ғаныс, сары-сартап сағыныш… Ақыл­ды Бөкей, қазымыр Шығай, бек­зат Жәңгір, сұлу Фатима, бірбеткей Өтеміс, сергек Үсе, құзғын Қарауыл­қо­жа, сайын Исатай, қайратты Ұлту­ған, ұяң Ақборық, сымбатты Науша, аяр Баймағамбет, танық Ықлас бей­не­лері… Нарын, Тайсойған, Бекетай, Бүй­рек, Қарабау, Кеңқоқты, Замантау кө­ріністері… Жазушының сөзбен сал­ған пейзаждары, сомдаған портреттері соншалықты дәл, дөп; құдды сол орта­да отырғандай, сол күйді кешкендей, сол кісілермен көзбе-көз кездескендей әсерде қалдырады. Әсіресе, ақынның ақырғы қонысы – Қаройдың суретте­ме­лері қою, қалың, қанық. Жазушы тақап тұрған сұмдықты сезіну, қайсыбір қатерді аңдау мен аңғару күйлерін бесін ауа бергендегі көк жүзінің кел­бетін ажарлай кескіндеу арқылы ке­ре­мет ишаралаған. Көкжиекте қызғылт-са­ры кейіпте көлбеп, «будай бұр­қыраған немесе түбіттей түтілген» будақ-будақ бұлттардың алуан ай­шық­ты порым-пішіні ақын көзіне Жас­құс­тағы Орда шаһарын елестетеді. Оның ізінше: «Махамбет аспандағы бұлтқа тел­міріп ұзақ тұрды; қызыға қарап, қат­ты толқып ойланып тұрды: «Япыр­май, тіршілік түп-түгел жерден кетіп, аспанға көшкен бе, қалай?!». Сөйт­кенше болған жоқ, «сау желіп, суыт келе жатқан тосын тобырдан секем ала­ды». Баласына нұсқау береді. Қаруын сайлайды. Жеті жүргіншінің үшеуі – өзіне жақсы таныс Ықлас, Мұса, Жаңбырбай үйге қарай беттейді. Қалған төртеуінің өз арғымағының тұ­сауын ағытқан оқыс қимылын қа­періне алғанша, әлгі үштік «Ас­салау­малейкумдеп» ақжарқын амандасып, жа­нына жетіп барады. Құр қолдарына қарап, сәлемші екендеріне сеніп, «төрлетіңдер», – дейді.
«Бәрі үйге кіреді». Шығарманың соң­ғы сөйлемі – осы.
Сөйтіп, оқиға осы тұста түбегейлі аял тауып, Махамбеттің қалай мерті­ге­тіні жазушының жұмбағы қалпында қал­ған.
Бұған қарамастан, «Махамбет» ро­ма­нының біткен бөлігі – Қабдолов­тың қаламгерлік қуатының мән-ма­шы­ғын байқататын мұрасының бірі.
Асылы, жайсаң жазушы, ұлық ұстаз Зейнолла Қабдолов қалдырған дег­дар дүние – бүгіннен болашаққа ба­ра­тын мәйекті мұра.

Амантай ШӘРІП.

 

Пікір қосу