Өзіңсіз талай тойлар өтер әлі
08.12.2017
1774
1

Ақселеудің рухымен сырласу

Сен де жетпіс бес дейтін белеске жеттің. Зайыбың Орал, ұл-қыздарың – Ернар, Салтанат, Перизат, Зерелер осынау мерейлі жасыңды өзіңмен жаны өзектес, мақсат-мүдделері мұраттас жолдас-жораңды, алыс-жақын ағайыныңды жинап атап өтті. Бұл жиынды «мерейтой» деп атауға ауыз бармайды. Өйткені, ортамызда өзің жоқсың, арадан уақыт көшінің сегіз жылы жылжып өтсе де, әсіресе, өзім үшін сенің жоқтығыңды, тарихтың тереңінен толғайтын әңгімелеріңді, жарасымды әзіл-қалжыңыңды, жазып бітірген еңбегіңнің несімен құнды екенін жүзің нұрлана отырып баяндайтыныңды, тіпті қара домбыраңды шаршаған кезіңде кеудеңе қысып бабалардан қалған күйлермен сырласатыныңды естіп, көре алмайтыныма көндіге алар емеспін. Содан ба екен, өзің бас болып, Оралхан, Кәрібай, Серік сынды жан достар түсіме жиі кіресіңдер. Тура күні кешегі тай-құлындай тебісіп, тәтті тіршіліктің қызық-шыжығын бірге көріп жүргендей түсімде болса да мәз болып қалатыным бар. Жуырда ғана тау жаққа серуендеп қайтуға шақырады екенсің деймін. Бір шаруамды айтып, бармай қалыппын. Әттең, тәтті тіршілік-ай десейші, шала ұйқы болып жатып, өз түсімді өзім жорып, серуендеуге ілеспегеніме қуанайын. Сол ұйқылы-ояу жатып: «Әй, Ақантай-ау, мені неге шақырасың? Бала-шағамның қызығын көре тұрайын. Әлде жаныңдағы үш досың аз болып жүр ме? Тіпті «ішің пісіп» жүрсе, «төрт қолдарың» түгел ғой. Картаны қатты қағаздан жасап алыңдар да, преферанс ойнаңдар» деп, тіршіліктегі түгел күйіміздей әзіл айтамын. Оянғаннан соң рухтарыңа арнап, құран дұғаларын бағыштаймын. Жарық дүниеде жүргендердің қолынан басқа не келер?..

Балалардан ұят болса да ай­тайын. Осы өткен түні тағы да түс көрейін. Баяғы сәркілдеген жігіт кезіміз екен деймін. ҚазМУ-дің жа­тақханасы-ау шамасы. Тура аңыз-ертегілердегідей бір аруға ға­шық болып қалыппын. Бірақ құ­дай ұрғанда, қызға сөз айтуға жү­регім дауаламай, мұңымды са­ған айтыппын, Ақантай. Сол күні-ақ қыз бен мені оңаша бір баққа ер­тіп апарып, екеуімізге өмір жай­лы, сезім жайлы майдалап сай­рай­ды екенсің. Мен туралы, оған ме­нің тым бұйығы ықылас-пейілім ту­ралы толғайсың. Не керек, сенің ар­қаңда сұлуыммен қол ұстасып қай­тыппыз. «Түрікмен қожа түсін­де байиды» (біздің ауылымызда ғана осы мәтел жиі айтылушы еді) де­геннің кебі келді. Жастық шақ­тың қайта оралған елесінде де жақ­сылығыңды көріп жүр екен­мін.
Сенің, Ақантай (бозбала шақ­тан бір-бірімізді «Кәріаға, Ораш, Ақан­тай, Секентай, Қуаға деп ер­ке­лете атаушы едік қой), халқың­ның алдындағы азаматтық па­ры­зың­ды қалай орындағаның – өзің ор­тамыздан аттанған уақыт ұзаған сайын айқындала түскендей. Со­нау студенттік жылдарда-ақ «Уа­қыт теперіші азғындатып-тоз­ғын­дату­мен келе жатқан жұртымның өз тағдырымызды ешкімге жал­тақ­тамай, ешкімнен қорқып-үрік­пей өзіміз шешеміз дейтін азат күн туар ма екен!» деп запар шегуші едің. Газет-журналдарда қызмет іс­теп жүрген кезіңде әр мақала-очерк­теріңде осы ойыңды сөз ара­сында болса да айта кетуді ұмыт­пас едің. Тіпті халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы, тіршілік-ты­нысы туралы этнографиялық та­нымдық еңбектеріңде біз тір­шілік етіп отырған социалистік өмір салтынан «феодалдық» деп ат қойып, айдар таққан халық та­ри­хымен бірге жасаса, біте қайнасқан бұрынғы кезеңнің артықшылығын айтып жазуыңда аңғартып жүрдің. Халық әлі жадынан жоғалтпаған кең сахарасында мыңдаған жыл өмір сүрген көшпелі өмір-сал­тының шет-жағасын көре қалған­дықтан соны ұмытпай жаңғыртуға барыңды салып бақтың. Әрине, социалистік жүйеге көңілі толмай жүретін өзің сияқты «әсіре ұлт­шыл­дар» ел тыныштығына жауап­ты қырағы көздердің назарынан қалай тыс қалсын. «Артыңа шала» байлап, «Сары ізіңе шөп салу­шы­лар» табылды. «Білім және еңбек» журналында бас редактор болып отырып, қоғамға барынша зиянды «топты ұйымдастырушылардың бі­рі» болыпсың. Тіпті, атақты 1986-дағы көтерілістің орын алуы­на сендер себепші болыпсыңдар. Мәскеудің тікелей бұйрығымен «Дат» дейтін қос тілде әзірленген фе­льетон партиялық аға газеттерге жарияланар алдында сенің ұлтың үшін отқа күйер қадіріңді бағалаған тағы бір ұлтжанды ағаңның бәйгеге басын тігіп, арашалап қалғаны да есте ғой, Ақантай. Егер ол фелье­тон басылса бар ма, басыңның к­е­тері сөзсіз еді. Қызметіңнен қуыл­дың. Бала-шағаңды аш қал­дырмау үшін Ш. Елеукенов сынды ағаларың әдебиет және өнер институтына тұяғыңды іліктіру үшін «еден сыпырушы» қызметіне қабылдаған болып, қатер бұлты сейіле бастағанда білім-білігіңе қа­рай жедел өсіргендері де ұмы­тылған жоқ.
Шертпе күйлердің шерін шы­ғара біраз бебеулетіп алып, өз өне­ріңе әбден көңілің толғандай: «До­сым-ау, күйдің мұң-зарын, қуа­ныштан шалқыған сәттерін дөп басып ұстайтын мына саусақ­тарым да топырақ астында қалар ма екен?» дер едің. Менің саусақта­рым­нан бір жарым есе, Қуанышбай досымыздың саусақтарынан екі еседей салалы саусақтарыңның то­пырақ астына түскен кезде қа­лам ұстаудан жауыр болғандай еді. Жур­налистік қызметте жүргенде де одан кейінгі әртүрлі қызметтте жүр­генде де оқумен, одан қалса жазу­мен ғұмырың өтіпті. Өзің де: «Осы бір жұмысты бітірсем жазуды тоқтатып, уақытымды оқу мен де­малуға ғана арнаймын. Әйтпесе, саусақтарым жауыр болды» дер едің. Қайда-а, досым? Басыңа лы­қа толып, сыртқа шығармасаң қауа­шағыңды жарып кетердей со­ны ойларыңды қағаз бетіне түсір­ме­сең тұра алмайтын күйге жетіп едің…
Сонау, өткен ғасырдың 60-жыл­дардың соңын ала қазір «жеті же­тім» (үнемі бірге жүретін, әке­ле­рін соғыс жалмаған шын жетім­дер мен демеуші, сүйеушілері жоқ, өздерін өздері сүйреп жүрген руха­ни жетімдерді Оралхан марқұм осы­лай атап еді) деп жоғарыда есім­дері аталғандарға қоса Бексұл­тан, Қуанышбай және осы рухың­мен сырласушы біз бар, журналис­ти­каның иін қандырмай жатып, көркем әдебиеттің ауылын торуыл­дай бастадық. Ойлап отырсам, дәл сол тұстағы «Лениншіл жастың» біз­ден басқа да Әнес Сараев, Тұт­қабай Иманбеков, Қалдарбек Найманбаев, Оразбек Сәрсенбаев, Ахат Жақсыбаев, Эрнест Төре­ханов, Төлен Қаупынбаев, Болат Бодаубаев, Мағира Қожахметова (бас редакторымыз Шерхан Мұр­таза мен Сейдахмет Бер­діқұлов­тарды айтпағанда) құдай-ау, бізден кейінгі Жарасхан, Кеңшілік, Әшірбек Көпіш, Жарылқап Бей­сенбай сынды жас толқындардың бәрі-бәрі де әдебиетіміздің сенімді сарбаздары болып шыққан екен-ау. Сенің сол кезде жазған «Тауға біткен жалбыз», «Тәтті тіршілік», «Рамазан мерген» сияқты кестелі тіл мен келісті ой айтумен ерекше­летін әңгімелеріңе бәріміз де «бә­ре­келді» дескенбіз. Қарағанды, Жез­қазған маңында газеттердің мен­шікті тілшісі бола жүріп, ал­ды­мен «Бір атым насыбайыңды», онан соң «Күзеуде» хикаяттарыңды әкеп оқыттың. Шығармаларыңның жі­лігін шағып, майын ішпесем де кө­біміз ұмыта алмай жүретін, ба­баларымыздың, аталарымыздың тір­шілік еткен мамырстан заманын аң­сау, соларша сөйлеп, соларша іс-әрекет ететін кейіпкерлерді сом­дау – бәрі-бәрі де жоғарыда ай­тып кеткетініміздей, көшпелі өмір салтының халықтың жан-дүниесіне тереңдеп сіңіп кеткен ерекшелігін дәріптеу екені айқын көрінер еді. Одан кейін едел-жедел жа­зылған «Ақиық», «Аққыз», «Ата­мекен» «Қыз ұзатқан» хи­каят­тарың мен «Қақпаншы», «Зерде», «Көңіл шіркін» әңгімелерің, бел­гілі әдебиет сыншылары оқиғаны құнарлы қазақы тілмен байыппен, бабымен оқырманына жеткізе бі­летін қарымды қаламгердің,
М.Әуе­зов, Ғ.Мүсірепов мектеп­те­рінің ісін жалғастырушы сал­мақты прозашының дүниеге кел­генін қуана жазған еді.
Студенттік жылдардың өзінде-ақ Ә.Марғұлан, Е.Бу­кетов, М.Ғабдуллин, Л.Н.Гу­милев, С.Қирабаев, бурят хал­қы­ның біртуар перзенті Д.А.Баль­буров сынды ғұламаларға бар­ғыш­тап, хат жазысып жүруші едің. Г.К.Бельгер, М.Әуезов, М.Тәтімов сынды жас зерттеу­ші­лермен ара­лас-құраласыңды көбейтіп едің, ақыры көркем әде­биеттен біржола ке­тіп, ғылымға толайым ден қойып едің. Оны өзің: «Әдебиет тұс­­палдап айтса, ғылым бұл­тарт­пай­тын турасын айтады. Қазір ұйқылы-ояу жүрген халқымыз үшін тұспалдан гөрі тура сөз ке­регірек» деп ақталар едің. Де­ге­ніңе жеттің. Менің көруге құ­мар­лығым аздау болса да, Қар­қаралыдағы Шо­лақ­бұлақ, Балқаш­тың солтүстігіндегі Бектауата, Ұлытау төңірегіндегі Аманның үңгірі, Шыңғыстаудағы Қоңыр әулие үңгірлерін көрсетіп, тари­хын, қайсысы табиғи, қай­сысы адам қолымен жасалғанын және оларда қандай атақты адам­дардың болғанын тәптіштегенің әлі есте. Қаракеңгір, Сарыкеңгір өзен­дері бойындағы Алашахан, Жо­шыхан мазарлары мен Дом­бауыл дыңы сынды тарихи ескерт­кіш­терді аралатып, ерінбей тас қашап, қалай салынғанын әңгі­ме­лер едің. Сөйтсем жазатын еңбек­те­ріңе даярлық, біраз деректерді жа­дыңда жаңғыртып жүреді екен­сің ғой. Отыра қалғанда көнекөз қарияларды әңгімеге тартып, жер та­рихы, ел тарихынан дерек жи­наушы едің. Қойын дәптеріңе көр­ген-білгеніңді, естігеніңді түр­т­іп алып, өзің де әр ән, әр күй та­ри­хы туралы әңгіме қозғап, ол ту­ралы білетіндердің сөздерін суы­рып алғандай болып отырушы едің.
Не дейін, Ақантай, арасында ау­дармаларыныңды да жасай жү­ріп, (Гомердің «Иллиадасы» мен «Одиссейін», И.Можейконың «7 және 37 кереметін», т.б.), «Кеніш», «Сер­пер», «Қазақтың әйгілі күй­ші­лері», «Ойтолғақ»», «Сонар», «Мың бір маржан», 2 кітаптық «Күй шежірең», т.б. әр тақырып, әр са­лаға арналған көптеген кітап­тарың түтін үзбей бірінен кейін бірі жарық көріп жатты. Шыны ке­рек, сенің қазақтың төл тари­хы­на, мәдени болмысына, фольк­лор­лық мол қазынасына ешбір этнос­қа ұқсамайтын бірегей этног­рафиясына қисынды ғылыми де­ректермен көпшілікке ұсынған ора­сан маңызды еңбек болған «Қа­зақ әлемі» кітабыңды жұрт қуа­на қарсы алды. Қазақтың эт­ногенезі мен этномәдени бол­мы­сының шежірелік айғақ, дерек­терде жатқанын «Қазақтың ауы­зша та­рихы» атты көлемді мо­ног­ра­фияң­да халқымыздың эт­нология­сына пайымды тұжы­рым­дар айта білдің. Біздің ру­лық-тайпалық жүйеміз шежірелерді негізге ала отырып, сараланды. Мен де осы кітаптардан соң сенің ғылымға толайымыңмен ден қойғаныңның дұрыстығын тұң­ғыш рет мойын­дағандаймын. Елің де, жұртың да мойындады. Орден, медальдарды айтпағанда, ең жоғарғы атақтарға да ие бол­дың.
«Ән болмас «Көгаршындай» қай­да барсаң» деп Жаяу Мұса айт­қандай, «Дәурен-ай», «Сарыарқа» сияқ­ты бес-алты әндеріңді Жәні­бек, Бекболаттардан кейін көп ән­ші жүректері дауалап, айта бер­мейді. Өйткені ол әндерің арқылы қа­зақтың дәстүрлі ән өнерінің қан­дай болатынының үлгісі етіп шы­ғарып едің.
* * *
Өзің жиі айтар едің: «Бұл қазақ – өлі жанмен ойнап, өлім-өмірді философиялық тұрғыдан біртұтас ұғым ретінде қабылдап өткен сон­шалықты оптимист халық» деуші едің. Мысал ретінде атақты актер Елубай Өмірзақов өмірден озғанда жан досы, әріптесі Серке Қожам­құлов оның мәйітін суға алып тұр­­­ғанда: «Қайын жұртыңа ұрын бара жатқандай неғып сіресіп қалдың?» деп әзілдескенін жиі ай­тар едің. Мен сенімен қазір әзіл­десетін ойым жоқ. Алайда, ақарлы-ша­қарлы күндердегі кей сәттерді еске алып, кәрілік атты ауылға бет ал­ған шақтағы жабырқау көңілді қай­тадан бір қунатқым келеді де…
Журналистика факультетіне түсуге талапкер көп, орын аз. Ем­тихандардан тәп-тәуір балл жи­на­ған үміткерлер қабылдайтын 25 орыннан екі есе көп. Қоржынымда жи­нағаным 13 балл – бір үштік, екі бестік. Екі жыл бұрын дәл осы бал­лмен түсе алмай, ауылға қайт­қанмын. Күдік басым. Ал сен, Ақан­тай, 15 балл – кілең бестік ба­ға алған адам ретінде тым маңғаз тұр­дың. Сол сәтте, бәлкім, қыз­ғаныш болар, «Сорайып алып, мы­наның пәлесін қарашы» деп, барын­ша ұнатпағаным рас. Құдай оң­дап, мен де 24-ші болып па, әйтеуір іліндім-ау. Сол кезде өзіңді қанша ұнатпасам да студенттік жылдарда бір бөлмеде табыстырған тағдырға ризамын. Бір кеңседегі қызмет, тіпті өзің Қарағандыдан көшіп келгенде екі отбасымыздың үш бөлмелі бір пәтерде ағайынды адамдардай, тіпті ұл-қыздарымыз еш-шәй деспей, тату-тәтті тұрға­ны­­мыз да есте. Тіпті, сен жарық жал­ғаннан көшкенше бір-бірімізге әзіл-қалжыңнан басқа «мұның қалай?» деп көрмеппіз. Өз пікіріңді дәлелдеген кезде ешкімнің пікірін мойындамай кететініңді білген­діктен, қарсы келе бермейтінмін. Тек соңында ғана: «Сен солай десең солай екенінде дау бар ма?!» дер едім сөзіме көп мағына беріп.
– Өй, оңбайтын сол, – дер едің дауға түспегеніме өкінгендей.
Тәуелсіздікке Алла жеткізген кездегі қуанышымыз кемерінен асып-тасып жатқан күндер. Бір-бірімізді құттықтап, мәре-сәреміз. «Енді өліп кетсем де арман жоқ» деп, балаша шаттанғаның-ай сонда. «Өліп кетудің мүлде қажеті жоқ. Тәуелсіз заманның рақатын көру керек» деймін оған.
Бұрынғы Дзержинский көше­сімен келе жатқанбыз. Феликстің сұсты ескерткішінің жанына өте бергенде, сен:
– Алдымен мына қаныпезердің ескерткішін қопарып тастау керек, – дедің.
– Жоқ, Ақантай, оған мен қар­сымын.
– Өй, сен де! – деп бетіме ожы­рая қарадың. – Халқыңның сорпа бе­тіне шығарларының көзін жой­ған сұмға неге бүйрегің бұра қал­ды?
– Жоқ, оған бүйрегім бұрып тұр­ған жоқ. Өзің дұрыстап қарашы. Шоқша сақалы, шаш қойысы – бәрі сенен айнымайды. Халқыңа бір­қыдыру еңбек сіңірдің ғой сен де. Сондықтан артық шығындал­май үстіндегі шекпенін шешіп, тұғыр тасқа «Ақселеу Сейдімбек» деп жаза салса болды.
– Өй, бір жөні түзу әңгіме ай­та­ды екен десем. – Дегенмен жаңа­ғы ашуың қайтып еді.
Иә, сені ел-жұртыңның қалай қадірлейтінін өзіңді соңғы сапарға шығарып салғанда көз жеткіздік. Өзің­мен қоштасуға келген қара­ғұрым жұрт университеттің іші-сыртына сыймай кетті. Елбасының өзі бас болып, барша билік өкілдері құрметті қарауылға тұрды. Хал­қың­мен қоштасу, туған жеріңе апа­рып жерлеу, басқа да рәсімді жұмылған жұмырықтай ғып өткізудегі Иманғали Тасмағамбетов ініңнің іскерлігіне қамқорлығына жұрт риза болды. Туған бауырдың қолынан келе бермес бүл қызметі рухани аға бола білген өз қадір-қасиетіңнің арқасы екені сөзсіз. Өзің дәріс оқыған Астанадағы Гумилев атындағы университеттегі бір аудиторияға есімің берілді. Осы қалада «Ақселеу» көшесі бар. Басқа да өзіңе арналған іс-шаралар жыл сайын өтіп тұрады.
Айтпақшы, жуырда ғана Алма­тының тау етегіндегі шағын аудан­дағы біз тұрып жатқан бір көшеге сенің есіміңді беру жөніндегі ше­шім шыққаны туралы хабарды естіп, қатты қуандым. «Ақселеу Сейдімбек» атындағы көшенің пәлен­байыншы үйінде тұрамын» деудің өзі-ақ атыңды ұмыттыр­май­тынын айтпағанның өзінде, есіміңді елің қадірлеп жатуы мақ­таныш әрі мәртебе емес пе?!
Өзің қатыса алмағаныңмен 80-ге, 90-ға, 100-ге, одан әрмен жа­сың небір дөңгелек сандарды тол­тырар. Өйткені, сен мәңгілік дей­тін ұғыммен ұштасып кеткен­сің. Халқын төбесіне көтерген өзің сияқты азаматын халқың да тө­бесіне көтере беруден жалықпас. Тек ел аман, жұрт тыныш болсын дейік­ші.

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

ПІКІРЛЕР1
Нұр-Айша 10.12.2017 | 14:09

Ақселеу ағамыз жайлы шынайы жазатын, бірге жүрген осындай ағалар аман болғай!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір