Шәмші – элегия

0
200 қаралды

Есімін ауызға алғаннан-ақ ән болып төгіліп, құйылып кете беретін адамдар болады… Шәмші – сондай тұлға! Осы себептен болса керек, Астананың
Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасына ақын Серік Тұрғынбекұлының «Шәмші» элегиясы (қоюшы режиссер – Болат Ұзақов) шығады дегеннен-ақ, қойылым жанрын да, табиғатын да, жалпы, жаңа сахналық жұмыстың ерекшелігін де – әнге әкеліп телігеніміз…

Күткеніміз көп өзгере қоймапты. Пре­мьерада театр шымылдығын әр қазақтың құлағында жатталып қал­ған сұлу да сырлы Шәмші ән­дерімен түрдік. Сахна төрінен бізді актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Нүркен Өтеуілов Шәмші болып қарсы алды!
Әртіс әлемімен таныс кез-келген кө­рермен біледі, мойындайды: актер Нүркеннің шығармашылық қа­ры­мын, қиял мен талғам диапозонын… Нүр­кен – сыршыл да терең актер. Ак­тердің кейіптеуінде көрерменімен қауыш­қан Абай бейнесі – талғам мен парасат биігінің эталонындай. Өнер иесінің тыңғылықты ізденісінің нәтижесінде аталмыш рөл бүгінгі қа­зақ сахнасының шын мәніндегі Абайына айналып, кезіндегі Қ.Қуа­нышбаев, Қ.Бадыров, М.Сүртібаев, Ы.Ноғайбаев сынды майталмандар түз­ген бедерлі бейне галереясын та­бысты жалғады. Өткен ғасыр сахна қай­раткерлерінің өнер өнегесін бү­гінгі көрерменмен көркем сабақ­тас­тыр­ды. Бұдан бөлек, Нүркен Өтеуі­лов кейіптеуінде театрсүйер қауым көзайымына айналған: Әбутәліп (Ш.Айтматов,«Ғасырдан да ұзақ күн»), Скапен (Ж.Б.Мольер «Ска­пен­­нің айласы»), Сол Бозо – (Дж.Пат­рик «Қымбатты Памела»), Дон Жуан – (М.Фриш «Дон Жуанның ду­­маны»), Генрих – (И.Штраус «Жұ­байлар жұмбағы»), Гамлет (У.Шекс­пир – «Гамлет»), Марио (А.Вальехо «Күн сәулесі түспеген»), Король (Ж.Ануй «Жалын жұтқан Жанна д Арк»), Жарасбай (М.Әуезов, Қ.Ыс­қақ «Қараш-қараш» ) және тағы бас­қа да кейіпкерлерден түзілген маз­мұнды бейнелер шоқтығы ар­тис­тің ішкі көркемдік қуатын айқын та­н­ытады. Өнеріне бас игізеді. Оның үсті­не, сахнагердің жан дүниесінің ән әлемімен егіз өріліп жатуы да тұ­сауы кесілер «Шәмшіден» үлкен үміт күттірді.
Қойылым режиссері Болат Ұза­қов­тың бұл таңдауына қос қолы­мыз­ды көтере, нық сеніммен қуана ке­ліс­кенімізбен, біз білетін Нүркеннің шығармашылық мүмкіндігін сах­нада жарқырата көрсетуіне пье­са­ның драматургиялық олқылығы мұрсат бермей, актер қарымын жиі бөгей бергендей, тежей бер­­гендей әсерде қалдырды, өкі­ніш­ке қарай. Өнер иесі кермедегі жарау ат­тай кейіпкерінің ол жағына бір, бұл жағына бір шығып көріп, шын жүйріктерше жүйіткуге талпынып-ақ бақты. Бірақ, амал нешік, әдеби не­гіздің қайшылыққа, жанрлық көр­кемдікке кедейлігінің салда­ры­нан актер адымы тұсала берді.
Жалпы, соңғы кезде театр үр­ді­сінен жекелей тұлға табиғатын ашуға ба­ғытталған деректі-өмірбаяндық қойылымдардың сахналану тен­ден­циясын жиі байқауға болады. Бір ғана Қаллеки театрының сахнасында Мұ­қағали, Сәкен, Сара, Әміре, Зе­ре, енді бүгін, міне, Шәмші бей­не­сімен қауышуымыз – осы ойы­мыз­ды берік бекіте түседі. Ал «бұл жақ­сы ма, жаман ба?» деген сауалға кел­сек, әрине, тұлға табиғаты де­рек­тік баян­даудан алшақ кетіп, көр­кем­дік бейнелеу тұрғысынан сахнада ба­рынша сәтті бедерлене алса – сөз­сіз жетістік болады. Бірақ өкінішке қа­рай, көп жағдайда шығарманы де­ректі-құжаттық негізде, яғни шикі күйінде бере салу, драма заң­ды­лы­ғы­на сай толыққанды пісірмеу сал­дарынан көп тұлғаларымыздың сах­надағы бейнесі қарабайыр баян­даудың амплуасынан шыға алмай қа­лады. Осы талап тұрғысынан кел­генде, «Шәмшінің» барынша биог­рафиядан қашып, негізгі екпінді шы­ғармашылық адамының өнер ту­дырудағы ішкі қайшылығы мен жан дүние аңсарын, мұңы мен сыры, шы­быт шабысы мен адами сезім­дерін, арманын, жалпы өнер тудыру жолындағы ішкі психологиялық иірімдерін беруге деген талпынысын оң қабылдадық. Сыршыл сазгер (Нүркен Өтеуілов) мен оның Му­засының (Маржан-Нұр Мәкібаева) сах­надағы бейнелі тандемі, Шәм­шінің әйгілі әндері арқылы өнер иесінің сезім сырларын, болмысын ба­рынша әсерлі жеткізуге бағыттал­ған ізденістері де көңілге құрмет ор­нықтырады. Әсіресе, көпшілік сах­надағы Қаллеки театры актер­ле­рі­нің хор мен хореография бірлігін сәт­ті қабыстыра отырып, тірі дауыста тұ­шымды өнер көрсетуі қойылымға өзінше өзгешелік үстейтіндей. Ре­жис­сер спектакль жанрын элегия деп анықтай отырып, сол бағытқа сай қойылым атмосферасын да тұр­мыстық қарабайырлықтан алшақ әке­тіп, барынша филосо­фия­лан­дыруға, барынша лирикалық сезім бе­дерін қалыңдатуға, барынша му­зы­ка-поэтикалық бояу үстеуге тал­пынған. Бұған театр оркестрінің орын­дауында ұсынылған жанды му­зыка мен актерлердің жекелей де, хор бірлігінде де тірі дауыста орын­даған Шәмшінің сырлы әндері сәтті үн­десіп, қойылымға ерекше рухани эсте­тика сыйлаған.
Ән қалай шығады?.. Өлмейтін өнер қалай туады?..
Міне, қойылым бойы осы сауал­дарға Шәмші әлемі арқылы барынша жауап іздеуге талпынды. Бұл тұрғы­дан келгенде, пьеса авторының саз­гер­­мен иық тірестіре жүріп сый­ласуы, сый­ласа жүріп, шығар­ма­шылық әлемін барынша байыптап, барлауы өз же­місін берген. Әйтсе де, бұл артық­шы­лықтар автордың сол естеліктер­ден ішкі һәм сыртқы қайшылыққа толы толыққанды драматургия
тү­зуіне негіз болды деуде аздап күміл­­жіп қалатынымыз және рас. Өйткені, спек­такль драма заңына сай бір­тұтас­тыққа жете алмады. Қойылым эпи­зодтары арасындағы дра­ма­тур­гия­лық линияның әлсіздігі, бір оқи­ғадан екінші оқиғаға ешбір логи­ка­лық қабысусыз оп-оңай ауы­сып кете салу, эпизодттар арасындағы ма­ғы­налық жүйеліліктің ескерілмеуі – спектакльдің мазмұндық қана емес, техникалық шашыраңқылы­ғына әке­ліп соққан. Соның салда­рынан да қойылым көркемдік біртұтастығын жоғалтқан. Бұған дейін «Мұқағали» драмасын көрерменмен қауыш­тыр­ған автор Серік Тұрғынбекұлы мен ре­жиссер Болат Ұзақовтың шығар­ма­шылық тандемі, өкінішке қарай, бұл жолы бізді таңдай қақтыра ал­мады.
Қойылымның осындай азды-көп­ті кемшіліктерін ескермегенде, жал­пы, режиссер ретінде Болат Ұза­қовтың әр қойылым сайын үнемі жаңалық іздеп, әр актердің ерек­шелігін көрсетуге мүмкіндік беретін жаңа рөлдер шығаруға ұмтылатынын театрсүйер қауым жақсы біледі. Мәселен, Д.Рамазанның «Кене­сары– Күнімжан» тарихи дра­ма­сын­да – актер Сырым Қашқабаевты (Ке­несары), «Абылай ханның арма­нын­да» – Қуандық Қыстықбаевты (Абы­лай хан), С.Тұрғынбекұлының «Мұқағалиында» – Жанқалдыбек Төлен­баевты (Мұқағали), міне, енді бүгін Шәмші бейнесі арқылы актер Нүркен Өтеуіловтің шығармашылық ерекшелігін, актерлік қарымын ба­рынша жан-жақты көрсетуге күш сал­ды. Осы қойылымда театрдың ка­мералық оркестрінің мүшесі,
ск­рипкашы Маржан-Нұр Мәкібаева­ны Муза ролімен актриса ретінде танып жатсақ, оны да режиссер еңбегінің же­місі деп бағалаймыз. «Шәмші» қойы­лымы арқылы біз Қаллеки теат­рының нағыз академия­лық му­зы­калық дәрежесіне лайық қарымын көрдік. Спектакльдің басынан ая­ғы­нан дейін хормейстер Амантай Жұ­машевтың жетекші­лігімен тірі дауыста жекелей де, хор арқылы да орын­далған Шәмші әндері көрер­ме­нін шын мәнінде рухани ләззатқа бөлегені сөзсіз. Жеке дауыста ән сал­ған театр артис­тері: Шах-Мұрат Орд­­абаев, Гауһар Жүсіпова, Жасұлан Ер­болаттың ізденісін де айрықша атап өткіміз келеді. Хореорграф Адыл Эркинбаев­тың шығарма­шы­лық ерек қолтаңба­сы да қойылымды көрік­ендіре түс­кендей. Сондай-ақ, бұл жолы біз театр актері Олжас Жа­қыпбекті му­зыкалық көркемдеуші ретінде жаңа қырынан таныдық. Де­мек, қойылым жаңалықсыз емес. Бас­тысы – талпы­ныс бар, ізденіс бар, еңбек бар!
Ал жалғыз аксиома – қазақтай ха­лық тірі тұрғанда Шәмші әндері ұмы­тылмақ емес! Замана алға жыл­жыған сайын көркемдігін кемел­ден­діріп, келешек ұрпақ көңіліне берік беки түседі. Қаллеки театры сахна­сын­да күні кеше ғана көрерменімен қауышқан «Шәмші» элегиясы – со­ның дәлелі!

Назерке ЖҰМАБАЙ.

Астана.

Пікір қосу