Ғұлама
08.12.2017
1389
0

Әбіш Кекілбайұлы:

Жарықтық қазақ тілі Зейнолла Қабдоловтың көмейінен жақұттай болып, жарқылдай төгілгенде, ең бір топас құлақ­тарды да елеңдетіп, топас көкіректерді жарқыра­тып таң атқандай жайнатар еді-ау!..
Теңде­сі жоқ кемел суреткердің қаламынан аз да болса саз болып, қапысыз сомдалған, қыздың баласындай сүйкімді, Қызыр­дың алақаны сипағандай, жан-жүрегіңді елжіретіп қоя берер абзал да әсем прозалық шығармалары мына дүниеде талайды тамсантып, мәңгі қалмақ…


Зейнолла, сенің тілің босбелбеу емес, қол аяғы жеңіл, ширақ…
Мұхтар Әуезов.


Зейнолла Қабдолов әдебиет есігін сарт-сұрт еткізбей, онша сықырлатпай, үлкен әдеппен, ұяң мінезбен, жұмсақ лебізбен ашты.
Ілияс Омаров.


Зейнолла шәкірттің Әуезов ұстаз творчествосын зерттеудегі жаңа қыры мен ойлы пікірі, толғанысы сүйсіндіреді.
Ғабит Мүсірепов.


Сені әрқашан да заңғар биіктен, қазақ аспанының шоғыр жұлдыздарының арасынан көргім келеді.
Әбу Сәрсенбаев.


Мен үшін сен – біздің жаңалығы қанша зор болса, шырғалаңы сонша мол, қиын ғасырымыздың тарихта қалар таңбасысың.
Шыңғыс Айтматов.


Зейнолла Қабдолов – халық жазушысы, қазақ көркем сөз өнерін дамытудағы еңбегін ел таныған қарымды қаламгер. Ол – әдебиеттану ғылымына, оның ең бір қиын да күрделі, әлі жете зерттелмеген саласы әдебиет теориясына зор үлес қосқан ғалым-академик. Және, осыларға қоса, ол – жүздеген шәкірттеріне жоғары мамандық беруге аянбай ат салысып келе жатқан, шәкірттерінің көбі ғылым кандидаты, алды ғылым докторы, профессор дәрежесіне көтерілген өнегелі ұстаз.

Зәки Ахметов.


Жан аға, асыл ұстаз, ардақты есім,
Арманың кетті өмірдің шарлап төсін.
Қолымнан жетеледің жеткізем деп,
Айтайын мен оларды зарлап несін.

Шарладың дүниені құс-қанатпен,
Тұрмадық сол биікте ұстап, әттең.
Жүрдің сен кемеңгерлер қатарында,
Көрмедім сені олардан кем санап мен.

Өсірді баптап сені өрелі елің,
Ешкімге бөтені жоқ бөлек ерім.
Өзіңнен дәріс алған өмір бойы
Біздерге өте-мөте керек едің…

Тұманбай Молдағалиев.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір